Құқық

Саудаға түскен әскери билет

Сот

Халықаралық сарапшылардың бағасы бойынша Қазақстандағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама қазіргі таңда ең тиімділердің бірі деп танылған. Елімізде жемқорлықпен күрес қарқыны жоғары, дегенмен, он саусақ бірдей емес, қылмыстық әрекеттер де көрініс беруде. Қылмыстық жауапкершілікке тартылғандар арасында, өкінішке қарай, жай қызметшілер де кездесіп жатады.

Иә, бұл жалған өмірде дүние, мал-мүлікке кім тойған десеңізші?.. Ақша қолдың кірі десек те нарық заманында адамды қызықтырмай тұрмайды. Біреулер адал еңбегімен, маңдай терімен мал тапса, енді біреулері тілі майда, сөзі тәтті, жеңіл жолмен жан қинамай ақша жасауға болатынын байқап, ебін тауып екі асамақ болады. Осындай жаман әдеттің шырмауына түсіп, оңай пайда табу мақсатында тура жолдан тайғандар бірінен соң бірі темір тордың арғы жағына тоғытылуда. Ақшаға құнығып, ақыры абыройынан, қызметінен айырылған ерлі-зайыптылардың бірі — жас отбасы иелері Нұрлан мен Лаура (кейіпкерлердің аты-жөні өзгертілді — авт.).

Олар өзгелер сияқты жарасымды отбасы болуды, үбірлі-шүбірлі боп, бақытты өмір кешуді ойлаған. Екеуі де жоғары білімді, елгезек, қатарларының алды болатын. Отағасы Нұрлан қаладағы бір серіктестіктің жұмысшысы болса, тумысынан еті тірі, сөзі өтімді Лаура облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментте бөлім бастығының көмекшісі еді. Бастарында баспанасы бар, ағайын-туыс, дос-жаранның ортасында сыйлы бола білген Нұрлан мен Лаураның шаңырағында дүниеге келген үш қыз баланың алды мектеп жасына жеткен. Осылайша сүттей ұйып отырған отбасындағы отағасының пиғыл, ниеті аяқ асты өзгереді. Бірде Нұрлан жұмыстасы Коляның мерзімді әскери қызметке шақырту құжат алып, көңілсіз жүргенін байқайды. Жеңіл жолмен келетін ақшамен банк алдындағы несиесін жабуды ойлаған Нұрлан мән-жайды әйеліне айтады. Ерлі-зайыптылар бұл мүмкіндікті пайдаланып қалуды көздеп, өзара келісімге келеді. Содан Нұрлан Коляға «қалың орамалыңды» берсең, әскери комиссариатта жұмыс жасайтын әйелім арқылы оның бастығы мен әскери-дәрігерлік комиссия мүшелеріне ақша беріп, «әскери қызметке жарамсыз» деп танылған әскери билет алып беруге көмектесемін дегенді айтады.  Арада көп уақыт өтпей ерлі-зайыптылар Коляға бірнеше рет телефон шалып, «ақшаны қашан алып келесің, әйтпесе бастық кетіп қалады, сосын бәрі кеш болады» деп оны пара бергізуге, алаяқтық жолмен алдап мәжбүрлеген. Алайда, ерлі-зайыптылардың жеңіл жолмен мол табысқа кенелсек деген жоспары жүзеге аспады. Қаржы полициясының қызметкерлері жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент ғимаратының алдында 480 000 теңге пара алу үстінде аталған мекеменің қызметшісі Лаура мен оның жолдасы Нұрланды  ұстап, олардың үстінен қылмыстық іс қозғалады. Тергеу амалдары жүргізіліп, уақытында қылмыстық іс айыптау қорытындысымен сотқа жолданады. Нәтижесінде Ақтау гарнизоны әскери сотының үкімімен пара беруге азғыру және алаяқтық қылмыстары үшін мүліктері тәркіленіп, Нұрлан 7 жыл 6 айға, ал зайыбы Лаура 7 жылға бас бостандықтарынан айырылады. Сөйтіп ерлі-зайыптылардың екеуі де сот залынан қамауға алынды. Олардың артында көз жасын сығып ата-анасы, балалары қалды. Иә, ауыздарынан ана сүті кеппеген бүлдіршіндерінің үлкені — 7 жаста, кенжесі — 3 жаста.

Ал, соңы осылай боларын кім ойлаған? Шайтан жолдан тайдырмағанда, жас отбасы осылай тағдыр тәлкегіне түспес еді.

Бекболат ТАЖМҰХАН,     

Ақтөбе гарнизоны әскери сотының судьясы.                                                        

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button