АуылБасты жаңалықтар

Байғанин ауданының күндері басталды

Кеше Ақтөбе қаласында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Туған жерім —нұрлы елім» атты аудан күндері аясында Байғанин ауданының күндері басталды.

Байғанин ауданы күндері Ақтөбе қаласындағы Сәңкібай батыр, Алтай батыр, Бөкенбай батыр, Асау-Барақ, Қожабай Жазықов, Сәрсенғали Ешбаев, Сағи Жиенбаев, Бәкір Тәжібаев, Сақтаған Бәйішев, Төлеген Айбергенов атындағы көшелерде орналасқан мемориалды тақта жанына гүл шоқтарын қоюдан басталды.

Түстен кейін С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебеп-ғылыми кітапханасында «Самғатқан сан қыранды туған өлкем» атты кездесу кеші өтті. Басқосуға Байғанин өңірінен шыққан ақын-жазушылар, зерттеуші-ғалымдар, өнер және әдебиет саласының майталмандары мен оқырмандар қатысты.

Шарада педагогика ғылымдарының кандидаты, белгілі ғалым Ниетжан Берікұлы,

Байғанин аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ардагер ұстаз, өлкетанушы Ибрагим Ермекбаев,  журналист, ақын Жақсылық Айжан, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің проректоры, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Мұхтар Миров, сазгер, әнші Орал Байсеңгіров өз шығармашылықтары мен өнер, әдебиет салаларындағы жетістіктерін айтып, ауданның бүгінгі келбеті жайлы жүрекжарды лебіздерін білдірді.

  • Байғанин өңірі — ақындар мен батырлардың өлкесі. Ноғайлының дәуірінен бастап қазақ әдебиетінің тарихын зерттеген Әуелбек Қоңыратбаевтың жазуы бойынша, Қадырғали Жалаиридың кітабынан алынған Асан қайғыны біздің Сағыздың бойында дүниеге келген деп айтады. Олай болса, қазақтың әдебиеті Жалаири дәуірінен басталатын болса, сол Асан қайғыдан бастап бері қарай Байғанин өңірінде талай ақындар мен жазушылар дүниеге келді. Одан бергі заманда да осы киелі жерден талай шайырлар, ағартушы-ұстаздар, күйшілер мен жыршылар шықты. Бұл өлкеде қазақ халқының салт-дәстүрінен сыр шертетін, тарихы мен табиғаты туралы сөз қозғайтын орындар өте көп. Қазір елімнің, жерімнің табиғатын тамашалаймын деп, шетел аспай, өз еліне саяхат жасайтын азаматтар да бар, — деді Ибрагим Ермекбаев.

Бұл күні облыстық «Алақай»  қуыршақ театрында Оймауыт халық театры Бәкір Тәжібаевтың «Ана жүрегі» қойылымын көптің назарына ұсынды. Сондай-ақ театрдың кең сахнасында ақын, сазгер Бәкір Тәжібаевтың әндері шырқалды. Ауданнан келген өнерпаздар сазгердің сырлы саздарын әуелетіп, көрермендерге көңілді кеш сыйлады.

(Бүгін, сенбі күні жалғасын табатын Байғанин ауданы күндері туралы толық материал газетіміздің келесі нөмірінде ұсынылады).

 

 

Д.ҚАЗИХАН.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button