Әлеумет

Тіл — халықтың қазынасы

Қазақ тілі — халқымыздың рухани байлығы, атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан баға жетпес асыл мұрасы.

Сондықтан ана тіліміздің қасиеті туралы қанша айтсақ та артық болмайды. Қазақтың біртуар ақыны Мағжан Жұмабаев: «Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмақ емес, бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмыс-тіршілігі, мінезі айқын көрініп тұрады» — деген. Демек, қай салада қызмет етсек те, қандай тілді үйренсек те біздің басты байлығымыз қазақ тілі болмақ. Тіл байлығы — әрбір ұлттың мақтанышы. Әр азамат өзінің ана тілін көзінің қарашығындай сақтап, оның орынсыз шұбарлануына қарсы тұруы тиіс. Бүгінгі күні күнделікті ауызекі сөйлесудің өзінде туған тілімізді шұбарлап, орыс тілінде сөйлесетіндерді жиі кездестіреміз. Басқаларды айтпағанда, өз ішіміздегі қазақ ұлтының өкілдері қазіргі күні орысшаға көп көңіл аударады. Әсіресе жастар қазақ тілінде сөйлесуден гөрі орыс тілінде қарым-қатынас жасағанды «сән» көреді. Туған тілден безінген азаматтарды көргенде орыс жазушысы К.Паустовский «Туған тіліне жаны ашымаған адам — жәндік»  деп ашына айтқаны ойға оралады.

Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында әрбір қазақстандықтың өміріндегі үштілділіктің маңыздылығы туралы айта келіп: «Орыс тіліне және кириллицаға біз қазақ тіліне қандай қамқорлықпен қарасақ, сондай қамқорлықпен қарауымыз керек. Орыс тілін білу — біздің ұлтымыздың тарихи артықшылығы екені баршаға белгілі. Дәл осы орыс тілі арқылы қазақстандықтар бірнеше ғасыр бойы қосымша білім алып, ел ішінде де, шет жерлерде де өз дүниетанымдары мен араласатын ортасын кеңейтіп келе жатқанын жоққа шығармауға тиіспіз» деген еді.

Қазақстан әлемдегі ең мықты, бәсекеге қабілетті отыз елдің қатарына ену үшін қазақ тілін жоғары мәртебеде ұстауымыз керек деп ойлаймын. Ол үшін ата-бабаларымыздың өсиеті мен өнегесін, дәстүрі мен тағылымын, тілге, ділге деген құрметін қастерлеп, содан үлгі алуымыз керек. Тіл тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ол — ұлттық діліміздің көрініс
табатын әлеуметтік құбылысы, мәдениетіміздің биік тұғыры. Сондықтан барлық замандас қандастарыма қазақ тілімізді аялап, құрметтейік дегім келеді.

 А.ҚАЛЖАНОВА,

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік

корпорациясы» КЕ АҚ Ақтөбе облысы бойынша

филиалы «Халыққа қызмет көрсету орталығы»

 департаментінің Ақтөбе қалалық

 №2 бөлімінің инспекторы.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button