Басты жаңалықтар

Ақтөбеге Литвалық делегаттар келді

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Литва Республикасының Сыртқы істер вице-министрі Мантвидас Бекяшюс бастаған делегаттармен кездесті.

Делегация құрамында Литва Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Витаутас Наудужас, Литва Республикасы Елшілігінің үшінші хатшысы Давалга Адамос, сондай-ақ, Литваның Ақтөбе облысындағы Құрметті консулы, «Рамазан» ЖШС бас директоры Орынбасар Мусин болды.

Кездесу барысында Ақтөбе мен Литва Республикасы арасындағы сауда-экономикалық байланыс, гуманитарлық ынтымақтастық пен негізгі артықшылықтар әрі аймақтағы инвестициялық жобалардың жайы сөз болды.

Өз сөзінде Бердібек Сапарбаев қазақтар мен литвалықтар арасында сексен жылдан астам уақыттан бері достық қарым-қатынас барын, еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері екі ел арасындағы байланыс одан әрі нығая түскенін сөз етті.

— Бүгінгі күні Ақтөбе облысы мен Литва Республикасы арасында сауда-экономикалық байланыстың дамуы қалыпты деңгейде. Биыл өткен бес айдың қорытындысы бойынша  тауар айналымы шамамен 16,5 миллион долларға жетті. Литва Республикасының Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп тауар айналымы көлемін бұдан әрі де арттыруға болады. Әрине, бұл орайда екі ел арасында экономикалық байланысты ғана емес, сондай-ақ агроөнеркәсіп, мәдениет, медицина, білім, спорт салаларын да жетілдіруге толық мүмкіндік бар, — деді Бердібек Машбекұлы.

Өңір басшысы шетелдік делегация өкілдеріне Ақтөбенің индустриялды-аграрлық мүмкіншіліктерін, шикізат базасы бай өңір екенін атап, еліміздің, оның ішінде Ақтөбе облысында инвесторларды қолдауда барлық жағдайлар жасалып отырғанын айтты. «Әлеуетті инвесторларға облыста барлық жағдай жасалып отыр. Ақтөбе облысы индустриялды аймақ құру және инвесторларға қызмет көрсету бойынша Астана қаласынан кейінгі екінші орында тұр. Бүгінгі күні біздің аймақ әлемнің 100-ден астам елдерімен ынтымақтастықта жұмыс жасайды. Ақтөбенің өнімдері елуден астам мемлекеттің сұранысына ие», — деді облыс әкімі.

Бердібек Машбекұлы литвалық делегация өкілдерінің назарын аймақта етті қайта өңдеу ісін жандандыруға, медицина кластерін құруға, яғни атап айтқанда бірлесіп дәрі-дәрмек зауытын ашудың мүмкіндіктерін қарастыруға шақырды. Ең бастысы — Литва Республикасы арқылы тікелей Еуропаға шығудың мүмкіншілігін сөз етті.

Кездесу барысында Литва Республикасының Сыртқы істер вице-министрі Мантвидас Бекяшюс  облыс әкімінің екі ел арасында туризм, транспорт, медицина және өзге де салаларды жетілдіру бағытында бірлесіп жұмыс жасау турасындағы ұсынысын қабыл алды.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button