Спорт

Еуропаның жаңа чемпионы

Бұл додада екі рет чемпиондық тәж киген Франция (1984, 2000) үшінші мәрте үздік атана алмады, Германия мен Испанияның қатарына қосыла алмады. 2004 жылы өз елінде өткен осы жарыста алғаш рет (жалғыз рет) финалға шығып, Грекиядан 0:1 есебімен ұтылған Португалия сол есеппен Францияны ұтты. Қарсыластар қақпасына құрамасы да ең көп (13) гол енгізген, жеке шабуылшысы да (Антуан Гризманн) ең көп (6) гол соққан алаң иелері екінші орынды еншілеуге мәжбүр болды.

№51. Португалияның тар жол, тайғақ кешуі

 Финал. Португалия-Франция — 1:0

Гол авторы: Эдер, 109-минут (1:0).

10 шілде. Сен-Дени. «Стад-де-Франс» стадионы.

Португалия расында да тар жол, тайғақ кешуден өтті.

Топтық кезеңде үш рет тең ойнап, үш ұпаймен, онда да доп айырмашылығының арқасында, келесі кезеңге әзер шықты.

1/8 финалда Хорватия қақпасына овертаймда, 117-минутта соғылған гол арқылы ғана жеңіске ие болды.

1/4 финалда Польшаны пенальтилер сериясы арқылы (1:1; пенальтилер бойынша 5:3) жеңді.

Тек жартылай финалда ғана Уэлсті негізгі уақытта ұтты (2:0).

Финалда да португалдықтар үздік ойын үлгісін көрсетті деу қиын. Ойынның алғашқы он минуты өтпей жатып Димитри Пайе Криштиану Роналдуды мықтап жарақаттады. Әрине, әдейі емес шығар. Дегенмен Роналду қанша тырысқанымен ойынды жалғастыра алмады. Бұл жағдай француздарға қосымша қуат бергені даусыз, бұлар қақпаға доп бағыттауды кәдімгідей ұлғайтты. Әйтсе де португалдықтар да қолды сақалдан беретіндердің санатынан емес екендігі аян еді. Олар екі тайм бойы қорғанысты да берік ұстады, шабуылдаудан да көш кейін қалмады. Қысқасы, француздардың қақпайлауына көнбей қойды. Екі команда сондай-ақ 90 минуттық негізгі ойын уақытынан соң қосылған овертаймда да мәселені «пенальтилер лотереясы» арқылы шешуге тіпті де ықыласты емес екендіктерін көрсетті. Француздар да, португалдар да қарсы жақтың қақпасын нысанаға алумен болды. Қос қақпашы Руй Патрисиу (Португалия) мен Уго Льорис (Франция) ең мықты шеберліктерін осы кездесуде жарқырата көрсетті. Дегенмен бақ құсы португалдықтардың басына қонды. Әуелі Рафаэл Геррейрудің соққан добы бағананы солқ еткізіп кері қайтты да, іле-шала Эдер (ойынға 77-минутта қосылған, үшінші кездесуге ғана қатысып отырған шабуылшы) 25 метр шамасынан көз ілеспес жылдамдықпен жойқын соққы жасап, Франция қақпасының сол жақ бүйірін бүлк еткізді. Бұдан соң француздар есе қайырмаққа талпынып бақты, португалдықтар қателеспеуге тырысты.

Осылайша Португалия бірінші рет Еуропа чемпионы атанды. Енді Әлем чемпионы атану жайын да ойластыруларына болады-ақ.

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button