Спорт

Пайдаланылмаған мүмкіндіктер

УЕФА

Ойынды шабуылмен бастаған венгрлердің 7-минутта шапшаң есеп ашып кеткені жерлестерімізді аса абыржытқан жоқ. Іле-шала он шақты минут шамасы бойына біздің жігіттер қарымта гол соғарлық бірнеше әрекеттер жасады. Бірақ қақпашы Лайош Хегедуш шебер қимылдады. Марат Ситдиков, Дидар Жалмұқан, Никита Бочаров, әттең, біздің футболшыларымыз ыңғайлы сәттерді тиімді пайдалана алмады. Жалпы бірінші тайм жерлестеріміздің мүмкіндіктерді қолдан сусытып алу қарекетіне толы болды.

Екінші таймда да осы көрініс қайталана берді. Егор Сорокин, Лассина Дао, алаңға 57-минутта шыққан Дмитрий Голубов, несін айтасыз, бұлар да ойынның бірінші бөлігіндегі секілді бірде нысананы дәл көздей алмай қалып жатса, басқа бір реттерде венгрлік қақпашы әбжілдік танытумен болды. Есеп теңесіп, ойын уақыты овертаймға жалғасып қалуы мүмкіндігі туралы үміт Еуропа чемпионатына қатысып келген Барнобаш Беше 84-минутта соққан голдан соң біржола үзіліп кетті. Әттең, қажет кезде қажет жерден табылып қажетті соққыны жасай алатын зерек шабуылшы болғанда «Ақтөбе» екінші іріктеу кезеңіне шығып та қалар еді.

Бұл бірінші іріктеу кезеңінің Ақтөбе қаласында 30 маусым күні өткен бірінші ойынында да екінші таймда айтарлықтай басымдылыққа ие бола жүріп тең түсуіміздің (1:1) басты себебі де осы еді-ау.

Өкінішке қарай, бұл кездесуге әуелде тізімде болмағандықтан командамызға жаңадан келген шабуылшы Алексей Щеткин қатыса алмады.

Сөйтіп, екі кездесудің қорытындысы бойынша келесі кезеңге венгрлік команда қадам басты. Қысқасы, өткен жылғы өкінішіміз биыл да қайталанды.

«МТК Будапешт» (Будапешт, Венгрия)-«Ақтөбе» (Ақтөбе, Қазақстан) — 2:0.
Гол авторлары: Дарко Никач, 7-минут (1:0); Барнобаш Беше, 84-минут (2:0).
«МТК Будапешт»: Лайош Хегедуш, Акош Баки, Мато Гргич, Дарко Никач (Адам Хрепко, 83-минут), Лоранд Сотмари (Балинт Борбей, 62-минут), Шандор Торгелле, Барнобаш Беше, Йожеф Конто (Давид Якоб, 90-минут), Патрик Поор, Даниэль Геро, Адам Вошш.
«Ақтөбе»: Самат Отарбаев, Марат Ситдиков, Куасси Куаджа, Бағдат Қайыров, Виктор Крюков, Дидар Жалмұқан, Сандро Цвейба, Вук Митошевич, Никита Бочаров, Лассина Дао (Дмитрий Голубов, 57-минут; Әбілхан Абдукаримов, 81-минут), Егор Сорокин.

Бас төреші: Николай Йорданов (Болгария)
шілде. Дьер. «Дьирмот» стадионы

(Бірінші ойын есебі — 1:1).

*   *   *

 «Ордабасы» командасының бұл кезеңнен өте алмайтыны бұдан бір апта бұрын белгілі болған. Олар 30 маусым күнгі бірінші ойында сырт алаңда Сербияның «Чукарички» командасынан 0:3 есебімен жеңілген болатын. Бұл жолы Шымкенттегі кездесу 3:3 есебімен аяқталды.

Ал «Қайрат» келесі кезеңге өтті. Олар Албанияның «Теута» командасын сырт алаңда 1:0 есебімен жеңсе, Алматыда 5:0 есебімен ұтып, келесі кезеңге қадам басты.

Алматылықтардың екінші іріктеу кезеңіндегі қарсыласы — «Маккаби» (Тель-Авив, Израиль). Спорт порталдарының мәліметінше, алматылық клубтың бағасы 17,13 млн евро болса, Словенияның «Горица» командасын еркін жеңген (3:0; 1:0) «Маккабидің» құны 18,9 млн евроға жетіп жығылады екен.

Алғашқы кездесу 14 шілдеде Алматыда, ал қарымта ойын сырт алаңда 21 шілдеде өтеді.

 Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button