Астана ақтөбеліктердің көзімен…

«Астана» арнасы шақырып…
Астананы алғаш рет 2006 жылы көрдім. Ол кезде Ақтөбе теміржол көлігі колледжінде оқу бөлімінің диспетчері, қазақ тілінің оқытушысы және жергілікті «Рика-ТВ» телеарнасындағы түнгі жаңалықтар жүргізушісі едім. Астанадан жұмысқа шақыру келгенде, әрине, алдымен «бұл қалжың» деп ойладым. Қолыма ұшақтың билетін алған кезде ғана расымен де елімнің астанасын көретініме сендім. Қорқыныш та болды: «Астана үлкен қала шығар?», «Тума-туыс түгілі, танысым да жоқ, қалай өмір сүремін?» секілді сауал көп болды. Бірақ, сонда «Жұмыс істей аламын ба?», «Қолымнан келмесе қайтып келемін бе, не істеймін?» деген ой мүлдем болмады. Менде сол кезде жаңа нәрсені көруге қызығушылық басым болды. Солай 2006 жылдың күзінде республикалық «Астана» телеарнасының шақыруымен Елордаға келдім. Қазан айы еді. Мені алып кетуге келген көлік жүргізушісіне қойған бірінші сұрағым «Адамдар қайда?» болды. Расымен де көшеде бір адам жоқ (күндізгі уақыт еді), жаңбыр жауып тұр, қала кішкентай екенін бірден байқадым. Мен күткендей әсер болмады. Мүмкін, сол себепті көп жатырқаған жоқпын. Бірақ тумаларыма деген сағыныш қатты болды. Ол сезімді туыстарыңнан жыраққа кеткен кезде ғана түсінеді екенсің.
Аз ба, көп пе, Астанаға үш жылдай үйрендім?! Қазір Астана — менің сүйікті қалам, бұл жерден ешқайда кеткім келмейді! Әрине, Ақтөбе — туған қалам, оны ұмытпаймын. Бірақ Астана мен сияқты күн санап жетіліп келе жатыр. Дәл осылай астанаға арман қуып келген жастардың дені айта алады деп ойлаймын.
Мен келгенде желі қаттылау, бүгінде көз жауын алатын биік ғимараттар енді тұрғызылып жатқан кез еді. Оған да, міне, 10 жыл өтті. Осы аралықта Астана көп жетістікке жетті. Мен де кірпіш болып қаландым. Республикалық «Астана», «Қазақстан» арналарында тележүргізуші болдым, журналист ретінде жұмыс істедім. Бүгінде Президент орталығының ресми өкілімін. Қалыптасқан өз ортам бар. Бүгінде мен бақыттымын!
Астана күнде өзгеріп отырады. Сонысымен өте қызық. Ғимараттар қалай тез салынса, мәдени, ғылыми жағынан да қарыштап даму үстінде. Сол себепті қазақстандықтарды ғана емес, шетелдіктерді де қызықтырады.
Еңселі елордамыздың 18-ші туған күні ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Қазақстан үшін елеулі қос мейраммен баршаңызды құттықтаймын. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекетіміздің келешегі ғұмырлы болсын!
Астанамыз ажарлана берсін!
Оксана ЛОСКУТОВА,
«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасының кітапханасы» ММ жұртшылықпен байланыс қызметінің басшысы.
Көшкеніме өкінбеймін
Астана — болашақтың қаласы. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген жастар Астананы көркейтіп және оның болашақ тұрғындарының санын арттыруда. Қазір Астанада тұрмыс қымбат, баспана қолжетімсіз болғанымен келер ұрпақ үшін болашағы зор қала болмақ.
Жылдан-жылға көркейіп келе жатқан Астананың бұл өзгерісінде әр астаналықтың үлесі бар. Яғни қаланы барлығы бірге тұрғызуда, жаңа қала мәдениетін қалыптастыруда.
Астана — сондай-ақ, бірлік пен татулықтың қаласы. Жан-жақтан келген жаңа астаналықтар бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүруде. Аймаққа, руға, диалектіге бөліну жоқ. Ал кішкентай бүлдіршіндер — нағыз астаналықтар. Астананың болашағы да солар. Жұбайым Зәмзәгүл екеуміздің де Әмин, Әлижан, Әлинұр деген үш балапанымыз өсіп келеді. Соңғы екеуі — кішкентай астаналықтар.
Ал өзім Астанаға 2010 жылдың басында «Егемен Қазақстан» газетінің шақыруымен келдім. Астанаға көшкеніме өкінбеймін. Ақпарат саласына еркін кіріп кеттім, жаңа орта қалыптастырдық, кейін келгендерге орта дайындадық.
Астанаға келгелі өз ісімде даму бар деп есептеймін. Мұнда өзіне сенімді, өз ісінің үздіктері ғана келеді. Мықтылар ғана шыдап қала алады.
Әрине, астаналықтар, жалпы Қазақ елі үшін Астана күні — үлкен мейрам. Бірлік мейрамы, Татулық мейрамы, Болашақ мейрамы!
Аршат ОРАЗОВ,
jas.kz жаңалықтар сайтының бас редакторы.
Мұнда әр күн — мереке
Астанаға келгеніме үш жылдан асыпты. Астана аңыз ертегінің батырлары секілді. Жыл санап емес, күн санап өсіп келеді. Мен келген жылы өзімнің жұмыс орным орналасқан ғимараттың қасында құрылыс басталып жатқан. Ал қазір ол жерде зәулім, заманауи іскерлік орталығы бой көтерді. Аз уақыт ішінде алып ғимараттың қалай тез салынғанын байқамай да қалдық.
Астанада мен үнемі жаяу жүремін. Өйткені көшені безендіру, абаттандыру жұмыстары өте жоғары деңгейде, таңдай қақтырады. Көшеде келе жатқанда жан-жағыңдағы гүлдер көңілге қуаныш сыйлайды. Оларға тамсанбау мүмкін емес. Астанада әр күн — мереке. Түрлі шаралар, басқосулар жиі өтеді. Бұл — адамды шыңдайтын қала.
Әлия ТАЛАСОВА,
«Иман айнасы» бағдарламасының редакторы,
«Қазақстан» ұлттық телеарнасы.
Өз мүмкіндігіңді жүзеге асыратын қала
Астананы алғаш рет 2004 жылы көрдім. Сол уақыттан бастап ару қалаға келу арманым болды. Әрине, ол үшін бір нәрсені құрбандыққа шалу керек. 2009 жылы қыркүйекте «Рика» телеарнасындағы жайлы жұмысымнан шығып, Шалқардағы ата-анамның қасына барып, бір ай қара жұмыс істедім. Үйдегілерге көмектестім. Бірақ іштей Астанаға дайындалып жүргенімді ешкімге айтқаным жоқ. Себебі әке-шешенің барлығы баласының қасынан ұзамағанын жақсы көреді. Мектеп бітірген жылы Алматыға оқуға жібермей қойған. Сол себепті ешкімге тіс жармадым. Сөйтіп, бір айдан кейін билет алып, пойызға мініп кеттім. Ақтөбеден ұзағаннан кейін үйдегілерге хабарласып, кетіп бара жатқанымды айттым.
Астанада мені күтіп отырған ешкім жоқ. Әуелгі кезде қиналдым, бірақ ешнәрсеге мойымадым. «Астана маған не берді» деген сұраққа жауап берсем, арманымның көп бөлігі осы қалаға келген соң орындалды. Республикалық арнада жұмыс істегім келді, ол да бұйырды. Халықаралық журналистиканы, оның ішінде шетелден хабар таратсам деп армандадым. Оның да шет-жағасын көріп жатырмын. Парламент, Үкімет үйі, Президент пулында жұмыс істедім. Еліміздің алдыңғы қатарлы журналистерімен бірге ел өміріндегі маңызды жаңалықтарды таратуға өз үлесімді қостым. Франция, Германия секілді бірнеше Еуропа елдері мен Ресей және Қытайдың бас қалаларында болдым. Елбасымен бір ұшаққа отырып, сырт елге шықтым. Мына бір жағдай әлі есімнен кетпейді. Мемлекет басшысымен бірге Шанхайға бардық. Шанхайда ауа жоқ, қапырық, еркін тыныс алу мүмкін емес. Іссапар аяқталып, Астанаға келгеннен кейін, ұшақтан түсе сала Астананың ауасын аузыма толтырып жұтып, кеудемді желіне тостым. Сол сәтте өзімнің Қазақстан секілді кең, ауасы керемет елде тұрып жатқаныма шүкіршілік еттім. Бір кезде Президент ұшақтан түсетін болды. Біз заттарымызды алып жатқанбыз. Елбасын алып кетуге көлік келді. Бірақ Елбасы көлікке бірден мінбей, кең тыныстап, асықпай әуежайдың алдына барған соң ғана көлікке отырды. Сірә, Шанхайдың ауасы Елбасының да тынысын тартылтса керек.
Астана — жаңашылдықтың қаласы. Барлық ғылыми жетістіктер мен инновациялық жаңалықтар осы жерден басталады. Астанаға келген әрбір адам оның бірінші тұтынушысы болады. Әрине, Астана жаңадан келген адамға бірден құшағын аша қоймайды. Жан-жақтан жиналған адамдардың қазанында өзіңнің орныңды тапқанша текетіресесің. Кейде өзімнен кейінгі інілерім «Астанаға барғым келеді», «қалай болады» деп сұрап жатады. Менің айтарым, арманыңды жүзеге асыру үшін ештеңеден қорықпай Астанаға келу керек. Астанада барлық мүмкіндік бар. Әрине, қаланың қымбат екені рас. Бірақ бұл тек біздің елдің Астанасындағы жағдай емес, әлем елдерінің бас қалаларындағы ахуал осындай. Астанаға алғаш ала сөмке арқалап келгендердің барлығы, қазір өз орнын тапты.
Астана — өз мүмкіндігіңді жүзеге асыратын қала. Сондықтан жастар уақытын бос өткізбегені жөн. Бұл қалаға келген әрбір адамның өмірі ақ парақтан қайта басталады.
Ербол СЕЙІЛХАН,
«КТК» телеарнасының Астана қаласындағы бюросының шеф-редакторы.
Мен қалай елордалық атандым?
Астанаға 2013-ші жаз айында келдім. Шынымды айтсам, толағай мақсатым да болған жоқ. «Казконтент» АҚ-на жұмысқа тұрдым. Офис Министрліктер үйінде еді. 200 метр жерде Ақорда. Басында біраз қорықтым: білімім жетпей, ұятқа қалып жүрсем ше?! Бірақ бәрі мен ойлағаннан да оңай болып шықты: берілген тапсырмаларды оңай орындап жүрдім. Жалақым 180 000 теңге болды. Ақтөбеде елу мың теңгеге жұмыс жасап жүрген мен үшін бұл үлкен ақша еді. Бірақ қиындықтың алды да күтіп тұрғанын отбасымды көшіріп әкелгенде бір білдім. Сол жағалаудан 1 бөлмелі пәтерді айына 100 000 теңгеге жалдадым. Оның үстіне көлігімнің несиесі бар еді. …Басында қуантқан айлығым аздық ете бастады. Сегіз ай уақыт тез өте шықты. Айлығы жоғары басқа жұмысқа ауыстым, 270 000 теңге және еркін график.
Жалпы Астанада сапалы маманға жоғары айлық төлейтін жұмыс табу оңай, өйткені мұнда білімді мамандар тапшы. Онымен қоса үлкен жобаларда жұмыс жасайсың. Астанадағы ең басты қиыншылық — баспана. Мен танитындардың 90 пайызы жалдамалы пәтерде тұрады. Ал ай сайын 100 мыңдап пәтерақысын төлеп отыру қандай қиын.
Қаланың мен болған үш жылда қалай өзгергенін айту қиын, өйткені салынып жатқан құрылысты күнделікті көріп жүресің. Әйтеуір басында таңырқатқан жағдай көлік кептелісі еді. Әрине, Алматымен салыстыруға келмес, бірақ 15 минуттық жерге сағаттап жүресің. Тағы бір ерекшелігі — танымал жұлдыздарды көп кездестіресің. Біз үшін жұлдыз болғанымен, сөйлесе келе қаншалықты қарапайым екеніне көз жеткізесің. Сен одан қысылып тұрсаң, ол сенен қысылып тұрады. Қалада әртүрлі мақсаттағы шаралар өте жиі болып тұрады.
Климатына келер болсақ. Маған астаналық жаңа достарым елорданың қысын біраз суреттеп, бойыма жеңіл үрей салып қойған еді. Бірақ қыс келгенде Ақтөбенің қысынан аса қатты айырмашылықты байқамадым, сөйтсем, кезінде Астананың қысын әспеттеп суреттеген достарым еліміздің оңтүстігінен екеніне мән бермеген екенмін.
Мен Астанаға келгеніме өкінбеймін, өйткені мұнда көптеген қиындықтарды бастан өткізіп, біраз ысылып қалдым. Астанада тума-туысың болмағандықтан, әрине, қиын. Оның үстіне айналаңдағы адамдар да сен сияқты жағдайда өмір сүргесін, ешкімнен көмек күте алмайсың. Бірақ қай-қайсысы да қиын кезде қол ұшын созып, көмектесуге дайын, өйткені бірдей жағдайда өмір сүріп жатқасын, сенің жағдайыңды айналаңдағы достарыңнан басқа артық түсінетін ешкім жоқ.
Мұнда адамдар еліміздің әр қиырынан жиналған. Әрине, басында жөн сұрасып, ру сұрасып, жеріндегі ерекшеліктерді білу қызықты еді. Уақыт өте келе бұл маңызды болмай қалады екен.
Ең қызығы, мен Астанаға келгелі бері Ақтөбеге әлі бір рет те барып көрген жоқпын. Байқағаным, жалғыз мен емес екенмін, осында келгендердің көбісі солай: келгелі бері ауылдарына бармағандар көп. Себебін дөп басып айту қиын: мүмкін, жұмыс, мүмкін, қайнаған өмірден қалыс қалу қорқынышы ма, өйткені әйтеуір күнде бір оқиға, шара, жиын, бас қосу…
Қазір, шүкір, сол жағалауда бір бөлмелі пәтерім бар, бір компанияның IT бөлімінің жетекшісімін, ортам бар, отбасым қасымда. Астанадағы өмір — үлкен өмірлік сабақ дер едім. Өйткені мұнда сен сияқты арман қуып келгендер қаншама және бәсекелестікті жеңе біліп, қайсарлық көрсетпесең қиын болады. Мұндағы жалғыз тірек болатын нәрсе — ол сенің білімің, қолыңнан келетін бір ісіңнің болуы маңызды. Ерінбесең, негізгі жұмысыңнан бөлек бос уақытыңда қосымша жұмыс жасауға немесе тапсырыстар алуға болады.
Бала-шағам Астанаға әбден үйреніп қалды. Балаңызды мектепте болатын қандай үйірмеге қатыстырсаңыз да, бәрі республикалық деңгейдегі шараларға қатысады. Мысалы, қызымды биге бердім, бір жылдан соң эстрада жұлдыздарымен үлкен саханаларда өнер көрсетіп жүрді.
Қыдырып, бой жазатын жерлер өте көп, тек қалтаңа салмақ түсіретіні болмаса. Бірақ арзан орындар да баршылық. Жаздың күні тек жай ғана көшеде серуендегеннің өзі бір ғанибет. Қатты ыстық емес, самал жел соғып тұрады. Бурабай курорты 200 шақырым жерде, көлікпен жүрсең, автобан арқылы екі сағатта жетесің немесе 700 теңгелік электр пойызымен баруға болады.
Тамақ, киім-кешек қатты қымбат емес. Әрине қаланың сол жағалауындағы сауда орындарында қымбат, бірақ қаланың шетіндегі сауда нүктелерінен арзан жерлерді оңай табуға болады. Айтпақшы, мұнда да «Анвар» супермаркеті бар. Анда-санда келіншегім сонда сауда жасап, мауқын басып тұрады.
Қала таза, аяқ киімің шаң болмайды. Күнде көше тазалап жүрген бір адам. Көшедегі, ауладағы кемшіліктер тез түзетіледі. Көптеген үйлердің ауласында балаларға арналған ойын алаңдары бар. Тек қиыны көлік қоятын орын аз. Көлікті тұраққа қойғанда алдынан 4 елі, артынан 4 елі бос орын қалады.
Рымбек ІЗҒАЛИ,
«NM SIA»ЖШС-ның IT бөлімі жетекшісі.
Байғанин — Ақтөбе — Астана.






