БілімБасты жаңалықтар

Биыл бірыңғай мектеп формасын 1-сынып оқушылары киеді

Сейсенбі күні Ақтөбе қаласындағы №8 орта мектепте оқушылардың мектеп формасына қатысты жиын өтті.

Жиынға облыс әкімінің орынбасары А.Шериязданов, аудан әкімдерінің орынбасарлары, аудандық білім бөлімінің басшылары, Ақтөбе қаласы және аудан мектептерінің басшылары қатысты.

Басқосуда қалалық білім бөлімінің басшысы Ләззат Оразбаева  бірыңғай мектеп формасы жайлы баяндап берді.

  • Биыл «Білім туралы» Заңға өзгерістер еніп, онда оқушылардың мектеп формасына қойылатын талаптар туралы арнаулы пункттер енгізілді. Бүгінгі күнге дейін еліміздің барлық өңірінде осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілді. Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес мектеп формасына қатысты жұмыстар 25 мамырға дейін толық аяқталуы тиіс еді. Алайда бұл мәселе әлі талқыланып жатыр.

Мамыр айында Ақтөбе қаласы бойынша ата-аналар конференциясы өткізіліп, сол жиынға мектеп басшылары, ата-аналар, шеберхана меңгерушілері мен дизайнерлер қатысып, үлкен талқылау өткізілген болатын. Сол талқылаудың қорытындысы бойынша биыл мектеп формасының үлгісі мен түсі анықталып, 1-сынып оқушыларына енгізіліп отыр. Білім және ғылым министрлігінің талабына сәйкес қала мектептерінде оқушы формасының сапалық құрамы, түсі, өлшемі белгіленіп, бір шешімге келіп отырмыз, — деді Л.Оразбаева.

Сөз арасында ол Ақтөбе қаласындағы №55, 32, 21, 56, 10 және Новый орта мектебі оқушыларының мектеп формасының үлгілерін атап өтті. Аталған мектеп оқушылары ортаға шығып, жергілікті жеке кәсіпкерлердің еңбегімен жүзеге асырылған мектеп формаларынан жиналғандарға дефиле ұсынды.

Бұдан кейін қалалық білім бөлімінің басшысы көпшіліктің қолдауымен талапқа сай деп ұсынылған мектеп формасының үлгісі мен түсін көрсетіп, олардың ерекшеліктеріне тоқталып өтті.

Бүгінгі күні Ақтөбе қаласында 71 мектеп бар, оның 69-ы — жалпы білім беретін орта мектептер. Осы білім ордаларында қазіргі күні 60 мыңға жуық оқушы білім алуда. Соның ішінде 35 мектепте өздерінің ата-аналар кеңесімен келісіліп, арнайы тіктірген мектеп формасы бар. Алайда алдағы оқу жылында бұл формалардың бәрі бірыңғай болуы керек. Биыл 1-сынып оқушыларына жүн матадан тігілген қою жасыл түсті мектеп формасын кию ұсынылады. Ер балалар жакет пен костюм, ал қыз балалар жакет пен белдемше немесе сарафан киеді. Жакет пен белдемше қызыл, қара және жасыл түсті тор көзден тұрады. Ал ата-аналар ер балаларға ақ жейде мен шалбарды, сондай-ақ қыздарға блузканы сатып алады, — деді Л.Оразбаева.

Сондай-ақ ол мектеп формасының түсі баланың психологиясына, оқу зейініне әсер етпеу керектігін, матасы 45 пайызға дейін жүннен жасалуы тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, оқушылар киетін жейденің матасы құрамындағы синтетикалық талшық 35 пайыздан аспау керек.

Жиында аудандық бөлім басшылары да өз пікірлерін білдіріп, аудан, ауыл мектептеріндегі оқушы формаларына қатысты ұсыныстарын жеткізді. Олардың айтуынша, ауыл мектептерінің көпшілігі талапқа сай бекітілген мектеп формасын тіктіруге дайын емес.

Шара соңында облыс әкімінің басшысы Асқар Шериязданов жиынды қорытындылап, қалалық, аудандық білім бөлімінің басшыларына аталған бағыт бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп, бірыңғай мектеп формасын даярлауға белсенді түрде атсалысуларын тапсырды.

  • Барлығыңыз білімді, білікті, жан-жақты мамансыздар. Сондықтан осы бағытта бірлесіп жұмыс жасаңыздар. Аудандық, ауылдық мектептерде форма мәселесін бір жүйеге келтіріп, ұйымдастырыңыздар, — деді ол.

Айта кету керек, бірыңғай мектеп формасы биылғы оқу жылында 1-сынып, келер жылы 4, 7-сынып оқушыларына тігіледі. Ал олардың бағасы 14-15 мың теңге тұрады.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button