Құқық

9 айдың қорытындысы: қылмыс азайды. бірақ…

Ақтөбеде қылмыс азайды. Бұл — полицияның нақты дерегі мен дәйегі. Қалалық ішкі істер басқармасының бастығы Есен Есмахановтың пікірінше, өткен жылдың тоғыз айын биылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда жалпы қылмыстың 8,5 пайызға кемігендігі — тынымсыз тірлік пен өлшеусіз еңбектің нәтижесі.

Алайда соңғы айларда жастар арасында орын алған бірнеше қарулы қақтығыс ресми статистиканы барынша бүлдіргені рас. Бірақ кісі өлімімен аяқталған ол қылмыстардың ізі суымай ашылып, жазықтылар жазаланар күн жақын. Осы мәселеде таяқтың бір ұшы тиген оқу орындары басшылығы арасында да сілкініс туып, етек-жеңдерін жия бастады. Бұрын бетімен кеткен оқушыларын түгендеп, студенттердің тұрақты мекендері есепке алынып жатыр.

Біз тілдескен полиция басшысынан алдымен еліміздің болашағына баланатын жастардың арасындағы басбұзарлар туралы сұраған едік. Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік тақырыбы да осы сұхбаттан тысқары қалған жоқ.

Бала тәрбиесі… полицияның ғана міндеті ме?

— Есен Бимәліұлы, қарулы қақтығыс кезінде екі бірдей жас жігіттің көз жұмғаны кеше. Елді дүрліктірген қылмыстық оқиғаның екеуінде де мылтық атылғаны белгілі. Осы жап-жас жігіттер қаруды біреуге қарсы шабуылдау үшін алып жүре ме, әлде, қорғану үшін ұстай ма? Ал енді қылмыстың алдын алуға жауапты полиция қызметкерлері оларға көше бойында қару тағынуға қалайша жол берген?

— Полиция қызметкерлері қандай да қылмыстық оқиғаларға қарсы тұруға қашан да дайын. Оларға күнделікті берілетін тапсырманың төркіні де, дайындықтағы тәрбиесі де осыған саяды. Ең бастысы, хабар уақытында жетсе болғаны, шұғыл тобымыз күні-түні кезекшілікте тұр.

Ал енді жастар мәселесіне тоқталар болсақ, бүгінде кәсіптік немесе арнаулы орта білім беретін оқу орындарындағы оқушылардың жағдайы алаңдатып отыр. Тіпті, оқу орындарының басшылығы мен педагогикалық құрамы оқушыларының сабаққа қатысып-қатыспайтындығы туралы мардымды мәлімет бере алмайтындығын қалай түсінеміз?

Бұл жерде жастардың демалыс уақытын тиімді өткізуін ұйымдастыру мәселесін айтпай-ақ қоялық. Балалардың ауыл-ауылдағы ата-аналары ұл-қыздарының сабаққа барып-бармайтындығынан, сабақтан тыс уақытын қалай өткізетіндігінен мүлдем бейхабар. Сонда, жасөспірімдердің тәртібі мен тәрбиесін бақылау біздің ғана міндетіміз бе?

Енді, сауалыңның төркініне үңілсек, еркектер арасында жерлестікке жіктеліп, топ-топ болып төбелесу — ерте замандардан бар әдет. Халқымыз «Ер шекіспей, бекіспейді» демей ме… Алайда қазір осы ғибратты сөздің мағынасын теріс түсінетіндер көп. Өйткені қазіргі шетелдің қаныпезер фильмдерімен сусындап өскен ұрпақтың төбелесін бұрынғы «шекісулермен» салыстыруға болмайды. Бұрындары бірінің мұрны қанаған соң тарқасатын болса, қазір біреуді майып қылғанша, жер жастандырғанша тоқтайтын бала жоқ. Оның үстіне қолына қару алған адам оны міндетті түрде біреуге қарсы қолданады. Әрине, біздің құрығымызға ілінгеннен кейін мылтықты тауып алғанын немесе қорғануға алғандығын айтып, қылмыстық жауапкершіліктен жалтаруға тырысады. Бірақ бұл уақытта барлығы кеш болады. Мысалы, жақында ғана Мәртөк ауданынан жеке көліктерімен келген 17,18,19 жастағы үш баланы ұстадық. Қолдарында — шолақ мылтық. Олардың мақсаттары түсінікті: көздеген адамдарын қорқытып-үркіту немесе өлтіру.

Ал жуырда көршілес Атырау облысынан келген кәмелеттік жасқа толмаған үш бала назарға ілікті. Қалталарында алты-жеті ұялы телефоннан бөлек, 100 мың теңгеден аса қаржылары бар. Өздерінің айтуларынша, олар — саудагерлер, қалта телефонының алыпсатарлары. Атыраудағы кәсіптік білім беретін оқу орнының шәкірттері. Ақтөбеде пәтер жалдап тұрған. Сонда оларды ата-аналары, оқу орны іздемей ме?

Мен жақында ғана қала әкімінің орынбасары Сәния Қалдығұлованың басшылығымен өткен жиында пәтерлерін сағаттап, тәуліктеп жалға беретіндерді реттеу керектігі жөнінде ұсыныс жасадым. Салық комитеті заңсыз кәсіпкерлікті анықтап, жауапкершіліктерін бекітсе, кім көрінген ондай пәтерлерді паналамас еді. Құрығанда, газет бетіндегі жарнама иелерімен жұмыс жасасын. Сондай пәтерлерде қанша қылмыскердің бой тасалап жүргендігін кім білсін? Сондықтан да, қылмыспен күресті бөліп жармай, алдын алуға үлес қосу — әркімнің азаматтық парызы. Осыны жете түсінгенде ғана өткендегідей оқиға қайталанбасы анық.

Көшеде сыра ішпейсің, темекі тартпайсың…

— Елімізде қоғамдық орындарда сыра ішуге тыйым салынғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Нәтижесі де жаман емес сияқты: қазір бөтелкені «еміп» жүретіндердің азайғаны көрініп тұр. Алайда көпшіліктің үйреншікті әдетіне кесе көлденең тұрған полицияға деген теріс көзқарас қалыптасып қалған жоқ па?

— Заң күшіне енген уақыттары тұрғындарға ескерту берумен шектелгеніміз рас. Бұл өзі жойқын суға көлденең тұрғанмен бірдей ғой. Алайда ағарту, түсінік жұмыстары сауатты жүргізіліп, айыпкерлерге шара қолданыла бастағаннан кейін көше бойында, аялдамаларда сыраны суша сіміретіндер қатары азайды.

Бірақ бір нәрсені айтпай кетуге болмас. Мысалы, заңның талабын түсіндіріп, ортақ тәртіпті ұғындыратын полиция қызметкерлерін қоғамда жау көретін пиғыл басым. Құқық қорғаушылардың болмашы кемшілігі байқалса, олар да пенде ғой, бөріктерін аспанға атып қуанып жүретіндерге не дерсің?

Күні кеше «алтыншы» түрменің түбінде қырық шақты баланың жиналып тұрғандығы туралы ақпарат алдық. Содан полиция қызметкерлі орта мектептер мен колледждердің 39 баласын сол жерден Зауыт полиция бөліміне жеткізіп, ата-аналарын шақырдық. Ұстаздары да келді. Ақыр соңында бұрын-соңды адам аяғы баспайтын жерде «футбол ойнағысы» келген балаларды тексергеніміз үшін ата-аналарынан сөз естідік. Ал төтенше оқиға болып, жазатайым біреулері мерт болса, бізді тағы кінәлайды. Өз балаларына ие бола алмай отырып, жүгенсіздерді тәртіпке шақырғандарды жазғыруға дайын тұратын ересектерді тіпті түсінбеймін.

Қазір біздің тарапымыздан оқу орындарына жақын дүкендерден, дәмханалардан спиртті ішімдіктер сатқызбау мәселесі төтесінен қойылып отыр. Олардың лицензияларын қайтарып алу турасында облыстық әкімдікке хат әзірлеп қойдық. Тағы бір айта кетерлігі, қазір саудада алкогольсыз сыра болғандықтан, полиция қызметкерлері әрбір жүргіншінің шөлмегін иіскеп жүрмейді ғой. Сондықтан да барлығына бірдей тыйым салғаннан кейін тұрғындар бастапқыда аздап босаңсыса да, қазір тәртіпке мойынсұнды.

— Ал тоғызыншы қазаннан бастап қоғамдық орындарда темекі шегуге де тыйым салынды емес пе. Осы қоғамдық орындар нақты белгіленді ме?

— Көшенің бойы — қоғамдық орын. Біздің қолымызда Бас прокуратурада бектілген қоғамдық орындардың анықтамасы бар. Мысалы, ол тізімге аялдамалар, қоғамдық көліктер, түнгі клубтар, дәмхана-мейрамханалар, ғимараттар және т.б. нысандар енгізілген.

Қазір әңгіменің шыны керек, көше бойында темекісінің түтінін будақтатып жүретіндер қарасы азайды. Көпшілік адамдар темекі тұқылдарын арнайы жәшіктер мен контейнерлерге салуды үйреніп келеді. Ал осы тәртіпті бұзғандарға алғашқыда ескерту жасалса, екінші қайтара ұсталғанда айыппұл салынады.

Соғым кезінде мал ұрлығы өседі…

— Биыл өткен жылмен салыстырғанда жетістіктеріңіз қомақты: қылмыстың көптеген түрі азайған. Алайда соғым уақыты басталмай жатып-ақ мал ұрлығының 25 пайызға өскендігі байқалады. Бұған не айтар едіңіз?

— Мал ұрлығының үлес салмағы қалаға жақын Заречный, Жаңақоныс, Қурайлы, Сазды селоларында басым. Бұл ауылдар барымташылар үшін әлі де қолайлы болып тұр. Мал иелерінің бейқамдығын, салғырттығын пайдаланған ұрылардың пайдаға кенеліп жатқандығында дау жоқ. Полиция тарапынан соғым уақытында арнайы шаралардың өткізілетіндігін білетін баукеспелер — әккі қылмыскерлер десек, артық айтқандық емес. Олар ұрлыққа кез келген уақытта шыға береді. Біздің тараптан тосқауыл күшті болса да, бір ғана ұрлықтың кезінде отар-отар қойдың, үйір-үйір жылқының қолды болуы бек мүмкін. Осыған байланысты мал базарларын нысанаға алғанымызбен, нәтижесі көңіл көншітерлік емес. Өйткені қазақ малды базарға шығармай-ақ, ағайындарына жіліктеп сата береді. Жеке аулаларда сойылған малдың құжатын сұрап жатқан да ешкім жоқ. Ал базарларда етті қабылдау тәртібі қатаң. Құжатсыз малдың өнімі сөреге жіберілген емес. Біздің де жиі-жиі тексеруіміз нәтижесіз деп айтуға болмас. Мысалы, осыдан екі жыл бұрын әдеттегі тексеру кезінде Орталық базардағы ет павильонына әкелінген өнімге аулынан берілген құжатқа бұрынғы Ақтөбе ауданының мөрі басылыпты. Ондай ауданның таратылғанына көп уақыт өтсе де, ветеринарлық инспектор салғырттық жасаған.

Қазір мал басы көбейді, еттің бағасы да қымбат. Халықтың қырағылығы қазіргідей сәтте ауадай қажет.

Бұл мәселе автокөлік иелеріне де қатысты. Мәселен, қазір көлікті ұрлаушылар мен тонаушылар да азаяр емес. Бәріне кінәлі — тағы да сол салғырттық. Ондаған мың АҚШ долларына алған көліктерін қараусыз қалдырып, ертеңіне аттандайтындарды түсінбеймін. Мысалы, күнделікті бір аулаға 30-40 көлік қойылатындығын ескерсек, көлік иелері бірлесіп күзетші жалдаса несі артық? Есесіне, ұйқың тыныш болады. Бүгінге дейін көлік ұрлығына байланысты мұғалжарлық және ақтөбелік топтасқан қылмыскерлерді құрықтағанымызбен, оңай олжаға қызғушылар саны әлі көп.

Бейберекет сауданы жою керек!

— Сіз қалалық әкімдікте өтетін мәжілістерде бейберекет сауданың басты жауы ретінде көрініп жүрсіз. Бірақ іс жүзінде көше бойындағы саудаға тосқауыл қоя алдыңыздар ма?

— Біздің шаһарымызда бейберекет саудаға жол жоқ. Бұл пікірімді әлі де сан мәрте қайталап айтуға дайынмын және ол ойымды жүзеге асыру үшін күш-жігерімді аяған емеспін. Қала басшысы да көшедегі сауданы тоқтату турасында құзырлы орындардың құлағына құйып отырады. Әрине, санитарлық қызметтің саудагерлерге салып жатқан айыппұлдарына күмән келтіре алмаспын. Алайда ол қаражатты өндіре алмаған соң не пайда? Мысалы, жыл басынан бері полиция қызметкерлері кез келген жерде сауда жасауға байланысты 432 деректі анықтады. Айыптыларға 391 мың теңге көлемінде айыппұл салдық. Бұл келеңсіздікпен күреске табиғатты қорғау полициясы да, учаскелік инспекторлар да жұмылдырылған. Қоғамда тәртіп бұзушылықтың үлкен-кішісі жоқ. Заң қатал, бірақ орындау керек. Ал тәртіп бұзғандарға кешірім болмауы тиіс. Бұл қағиданы саудагерлер де түсініп, ортақ талапқа бағынғандары жөн. Мысалы, тегін коммуналдық базарлар солар үшін салынды емес пе? Біздің тарапымыздан он шақты адамның күн көрісі үшін 400 мың тұрғынның шырқын бұзып, берекетін кетіруге жол берілмейді және берілген де емес.

— Қылмыспен күреске материалдық-техникалық жағдайларыңыз мүмкіндік бере ме?

— Жергілікті әкімдік құқық қорғаушылардан көмегін аяған емес. Мысалы, аздаған қаражаттың жетіспеушілігі болмаса, қала сыртында Зауыт полициясы бөлімінің заманауи ғимараты аяқталар еді. Ал оңтүстік-батыс ауданда учаскелік инспекторға лайықталған кеңсесі мен тұрғын үйі бар жаңа ғимарат пайдалануға берілді. Дегенмен, күндіз-түнгі жүріске қызметтік көліктеріміз шақ келер емес. Көпшілігі тозып, пайдаланудан шығып қалғалы тұр. Азын-аулақ қиындықтарға қарамастан, тәулігіне қала көшелеріне үш ауысыммен 350 қызметкер шығып, қалалықтардың тыныштығын қорғайды. Сондықтан тұрғындар тарапынан да полицияға сыйлы көзқарас пен серіктестік қажет.

Әңгімелескен Д.ҮМІТБАЕВ.

Біздің дерек

Ақтөбе қаласында қаңтар-қыркүйек айларында: ауыр қылмыстар — 30,5, арақ ішіп жасалған қылмыстар — 6,1, кісі өлімі — 33,3, зорлау — 25, қарақшылық — 17,6 және ұрлық — 18,5 пайызға азайды.

***

Ал денсаулыққа қасақана зиян келтіру — 2,8 және мал ұрлығы 25 пайызға көбейді.

***

Тоғыз айда арнаулы есептегі 1126 маскүнемнің 200-і мәжбүрлеп емдеуге жіберілді.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button