Басты жаңалықтар

Суды қайдан ішесіз?

Су — тіршілік көзі. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, адамзат ауруының 90 пайызы сапасыз судың салдарынан туындайды екен. Жасуша ағзасына қорек заттарды (дәрумендер мен минерал тұздары) жеткізетін де, ағзаны лас заттардан тазартатын да — осы су. Сондықтан да ғалымдар әр адамға күніне 2-2,5 литр су ішу керектігін ұсынады. Біз бүгін осы ауызсу жайын таратып көрейік…

 

202 ауыл суды құдықтан тартып ішеді, тағы үшеуі тасып ішеді

Қазіргі таңда Ақтөбе облысында 375 елді мекен, оның ішінде 367 ауыл және 8 қала орналасқан. 170 елді мекеннің тұрғындары орталықтандырылған су жүйесімен қамтылған. Сондай-ақ, 202 ауылдың тұрғындары құдықтан су тартып ішсе, үш ауыл — Ырғыз ауданындағы Нұра мен Дүкен, Байғанин ауданындағы Қазақстан тұрғындары тасып ішіп отыр. Қалалар сапалы ауызсумен 100 пайыз қамтылса, облыс тұрғындарының сапалы ауызсумен қамтылу көрсеткіші 90,5 пайызға жетті. Бұл туралы бізге Ақтөбе облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Амантай Бекниязов айтып берді.

— 2011-2015 жылдар аралығында «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында жалпы соммасы 22,5 миллиард теңгеге 100 жоба жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде жалпы 1170 шақырым су және кәріз желілері қайта жарақталып, құрылыс жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 68 елді мекеннің 54 мыңнан астам тұрғыны сапалы ауызсумен қамтамасыз етілді, — дейді Амантай Бекниязов.

Кран суы — сапалы

 Өзге қалалармен салыстырғанда біздің өңір ауызсу үшін негізінен жерасты суларын пайдаланады. Жерасты сулары 20-260 метр тереңдіктен алынады екен. Ақтөбеліктер тұтынатын ауызсу негізінен Құндақтықыр, Тамды және төменгі Қарғалы су тоғандарынан алынады. Бұл туралы бізге «Ақбұлақ» акционерлік қоғамының бірінші вице-приезиденті-бас инженер Амангелді Боранқұлов айтып берді. Одан әрі ол:

— Біздің су тазарту стансамыз бар. Ол жерде арнайы аккредиттелген, жабдықталған зертхана жұмыс істейді. Зертхана бес жыл сайын аккредитациядан өтіп тұрады. Осы жерде арнайы технологиялар арқылы судың құрамы және сапасы зерттеледі. Темір, хром секілді металдардың судағы мөлшері анықталады, реттеледі.  Сондай-ақ, заманауи технологияға сай  тазалау, сүзгілеу секілді бірнеше процестерден өтіп барып, әр үйге жетеді. Краннан келіп тұрған судың сапасы жақсы деп толық айта аламын. Өзім де сол судан ішемін. Айтпақшы, жылына бір рет мамыр айында ауызсу залалсыздандырылады. Қай кезден де ауызсу сапасы үнемі қатаң бақылауда, қалалық тұтынушылар құқықтарын қорғау басқармасының мамандары үнемі қадағалап, арнайы жұмыс кестелеріне сай сынамалар алып, құрамын зерттеп отырады, — деді.

Бұлақ суын тасып ішетіндер бар

 Айта кетейік, көлігі бар ақтөбеліктердің кейбірі бұлақ суын тұтынады. Атап айтсақ, Қобда тасжолы бойындағы Маржанбұлақ селолық округі территориясында «Асыл су» бұлағы бар. Маржанбұлақ ауылының тұрғындары да, жолаушылар да осы тұстан өтіп бара жатып, бұлақ суынан қанып ішуге құмар-ақ. Кейде бұл жерде бұлақ суына кәдімгідей кезек күтіп тұратындар болады. Кейбірі арнайы апарған 10-20 шақты бес литрлік пластик құтыларына толтырып алып кетіп жатады.

Жол түскенде «Асыл су» бұлағынан біз де су іштік. Шіліңгір шілдеде шекеңнен шығатын бұлақ суы шөл қандырады. Білгеніміздей, жол шетінде орналасқан бұлақтың айналасын қоршап, абаттандырумен «Қазавтожол» мекемесі айналысқан, бұл жердегі үлкен қоқыс жәшігін де солар қойыпты. Ал Маржанбұлақ ауылының тұрғындары тазалықтың екі айлығында осы маңды қоқыстардан тазартып тұрыпты. Қазір де тұрғындар бұлақ маңы тазалығын қадағалап тұрады екен.

Ақтөбе қаласындағы Махамбет ауданының тұрғындары мен Қисық көл маңындағы бау-бақша егушілердің кейбірі осы маңдағы бір бұлақтан су тасып ішкенді ұнатады. Әрине, көлігі барлар. Бұл жерде бұлақ барын көп адам біле бермейді екен. Бұлақ басына баратындар бұл маңның таза екенін, ауасы мен суы керемет екенін айтады.

Қала тұрғыны Зәуреш Баетова үш жылдан бері бұлақ суын тұтынатынын айтады.

— Отбасымызбен бұлақ суын тұтынамыз. Екі жыл Маржанбұлақтағы «Асыл су» бұлағынан су тасып іштік. Қазір күйеуім, кейде ұлым суды Мәртөк ауданына бара жатқан жолдағы бір бұлақтан тасып әкеледі. Ауызсуды осы жерден ішіп жүргенімізге де бір жылдан асты. Бұл бұлақты тұрғындар «Ислам» бұлағы атап кеткен. Неге екенін білмеймін. Айтпақшы, екі бұлақтың суының дәмі екі түрлі. Ажыратуға болады. «Асыл су» бұлағының суы шөліңді қандырады, рахаттанып, қайта-қайта іше аласың, дәмі жақсы.  Ал «Ислам» бұлағының суы  да жақсы, жұмсақ болғандықтан ба, оны көп іше алмайсың, — дейді Зәуреш Баетова.

Тұрғындардың бірі суды кәдімгі үйге кіріп тұрған құбырдан тура ағызып алып ішсе, тағы бірі тұндырып, енді бірі қайнатып ішеді. Тіпті қазір үйдегі кран шүмегіне сүзгі қойып беретін компаниялар мен 19 литрлік құтыдағы суларды үйге не кеңсеге жеткізіп беретін шағын кәсіпорындар көбейді. Одан бөлек дүкен сөрелерінде суды тазартатын сүзгісі бар «Аквафор» маркалы ыдыстар да бар. Қаламыздағы кейбір дүкендерде арнайы аппараттар тұрғанын көріп жүрміз. Ол жерлерде таза судың бір литрін 10-15 теңгеден сатып алуға болады.

Сауалнама

Қандай су ішесіз?

 Камила НҰРЖАНОВА, 16 жаста:

— Мен 11-шағын ауданда тұрамын. Қазір қаланың біраз дүкендерінде арнайы аппараттар орнатылған. Үйге жақын жердегі «Азбука» дүкеніндегі сондай аппараттан 50 теңгеге 5 литр таза су сатып аламыз. Соны ішеміз. Дәмі жақсы. Рас болса, тұрғындар аппараттағы су 9 тазарту кезеңінен өтеді дейді.

 

Гүлназ АТАЛЫҚОВА, қаламыздағы медициналық жедел жәрдем ауруханасының кадр бөлімінің маманы:

— Махамбет ауданы жаққа қарай жүрсеңіз, Қисық көл маңында бір бұлақ бар. Сол жердің бұрынғы тұрғындары біледі. Үйдегі ұлдар ауызсуды сол бұлақтан пластик құтыларға толтырып, тасып әкеледі. Ал жуынып, кір жууға үйдегі кран суын пайдаланамыз. Негізі, ертеңгілік аш қарынға бір стақан бұлақ суын ішкен рахат қой. Ұйқың ашылып, бойың сергіп сала береді. Бұлақ суынан табиғи күш-қуат құйылады.  Ел арасында бұлақ туралы тек жақсы сөздер айтылады ғой. Сапасы нашар деп ешкімнен естімеппін. Сондықтан да бұлақ суын таза әрі сапалы деп есептеймін. Бұрын үлкен енем Родниковка ауылының суын мақтап, сосын бау-бақшаны бұлақтың суымен суарсаң, сапасы мықты болады деп айтып отырушы еді.

Жанар КӨПЖАНОВА, Оңтүстік-батыс-2 ауданының тұрғыны:

— Негізі балалар үшін дүкеннен бес литрлік құтыдағы сулардан сатып аламыз. Өзіміз краннан іше береміз. Бірде суға сүзгі орнататын компанияның өкілдері келді. Ішіп отырған суымызды көзімізше арнайы құралдарымен тексерді, судың түсі ақшыл сары болды. Сосын олар бізге ішіп отырған суымыздың салыстырмалы түрде таза екенін айтып, каталогтарынан қаланың басқа аудандарын тексергендегі нәтижелерін көрсетті. Ондағы суретте судың түсі қоңырлау шығыпты. Кім білген? Әзірге, крандағы судың сапасына өкпеміз жоқ.

P.S. Ғұлама Ибн Сина «Ауру көбіне ішкен астан, әсіресе, ауызсудан пайда болады» деп ескерткен. Таза су ішу — денсаулық кепілі. Сондықтан да халық үшін сапалы ауызсуға қолжетімділіктің маңызы өте зор.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button