АуылБасты жаңалықтар

Орман алқабы 25 жылда 50 пайызға өсті

Құрылғанына жарты ғасырдан астам уақыт өткен Ойыл орман шаруашылығы бүгінде іргелі мекемелердің қатарында. Шаруашылықтың тәлім бағында өсірілген ағаш көшеттерін берісі Байғанин мен Темір аудандарынан, әрісі Атыраудың Миялы, Батыс Қазақстанның Қаратөбе аудандарынан арнайы келіп сатып алады.

— Ойыл орман шаруашылығы сонау 1950 жылы Темір орман шаруашылығының бөлімшесі ретінде құрылды. Бастапқы мақсат — ауданда топырақты эрозияға ұшыраудан қорғау үшін тал, ағаш егу жұмыстарын қолға алу болатын, — дейді Ойыл орман шаруашылығының директоры Серік Мусин.

Орман шаруашылығының қарамағында 28 мың гектар жер бар. Оның 17 мың гектары — Барқын құмы. Барқын құмы Ойыл және Темір аудандарының, яғни екі ауданның аумағына созылып жатыр.

Жыл сайын Ойыл орман шаруашылығының тәлім бағында қарағаш, жиде ағашы, үйеңкі, шаған, терек, долана ағаштарының көшеттері егіледі. Бұл көшеттер аудандағы елді мекендерді көгалдандыру жұмыстарына пайдаланылады.

— Біздің көшеттерімізге сұраныс тәуір. Өзіміздің елді мекендерден бөлек Байғанин, Темір аудандары мен Атыраудың Миялы, Батыс Қазақстанның Қаратөбе аудандарынан арнайы келіп, біз өсірген көшеттерді сатып алады. Жыл сайын жалпы саны 5 мыңға тарта көшет сатамыз, — дейді шаруашылықтың директоры.

Тәлім бағының жұмыстарына биыл «Жасыл ел» бағдарламасы аясында жазғы демалыстағы жоғары сынып оқушылары мен студенттер тартылыпты. Үш ай бойына барлығы 40-қа тарта жас әрі ағаш егудің қыр-сырын үйренеді, әрі нәпақа тауып, отбасылық бюджетке қаржылық қолдау көрсетеді.

Шаруашылық аудандағы орманды жерлерді көбейту бағытында да жұмыстар жасауда. Мекеме басшысының айтуынша, жыл сайын негізінен автокөлік жолдарының бойына 100-120 гектардай жерге ағаш егіледі.

Мекемеде бүгінгі күні барлығы 47 адам еңбек етеді. Олар: қорықшылар, орман шеберлері, көлік жүргізушілер және т.б. Қажетті техникалары да бар.

Серік Мусин орман шаруашылығына қарасты аумақтағы орманды алқаптың жыл сайын өсіп келе жатқанын айтады.

— 90-шы жылдары жүргізілген санақ кезінде ағашы бар алқап 6 мың гектар болса, қазір оның аумағы 9 мың гектарға жетті. Өткен 25 жылдың ішінде орманды алқабымыз 50 пайыз мөлшерінде өскен. Бұл аз көрсеткіш емес, — дейді ол.

Осы жерде Ойыл ауданының ғана емес, облысымыздың мақтанышы — Барқын құмындағы қарағай орманын айта кеткен жөн. Барқын құмындағы қарағай орманының аумағы тәуелсіздік жылдарында 298 гектардан 1000 гектарға дейін ұлғайған.

— Енді осы Барқын құмындағы қарағай орманын табиғи резерватқа айналдырып, оны мемлекеттік дәрежеде қорғауға алу керек. Ен даладағы бұл орман — баға жетпес байлығымыз! — дейді Ойыл орман шаруашылығының директоры Серік Мусин.

 Қуат АҚМЫРЗАҰЛЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button