«Жойылсын жалғыз сөз соғыс деген…»

Тағзым
Осыдан 75 жыл бұрын 22 маусымда Ұлы Отан соғысы басталды. Сәрсенбіде осы атаулы күнге орай «Даңқ обелискісі» мемориалдық кешенінде «Сұрапыл соғыстың ызғары» атты әдеби-музыкалық кеш өтті.
Қалалық Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен кештің мазмұны атасы мен немересінің тарих жайында, оның ішінде соғыс туралы айтқан әңгімесі арқылы ашылды. Олар осы алаңда орналасқан тұлғалы жауынгер кейпіндегі ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Кешқұрым өткен әдеби-сазды әуен жақын маңдағы үйлерге естіліп тұрды. Қала тұрғындары әп-сәтте алаңға толды.
Левитанның соғыс басталғандығы туралы хабарлаған дауысы естілген соң, эстрадалық-үрлемелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен камералық хордың орындауында «Священная война», «В землянке», «Темная ночь», «Эх, дороги» әндері шырқалды. Осы әндер шырқалып жатқанда тақырыпқа сай соғысқа шығарып салу, алау жанындағы жауынгерлердің өзара әңгімелесуі, Әлия Молдағұлованың хат жазып отыруы, пошташының хат таратуы секілді көріністер қойылды. Одан соң пошташы қаралы қағаз әкелген сәтте Нұржан Қаражановтың орындауында «Ана туралы баллада» әні шырқалды.
Сосын әскери әндер шырқалып, үш батыр қыз — Әлия, Мәншүк, Хиуазды сомдаған актрисалар алаңға шығып, өз сөздерін айтты. Нұргүл Рамазанова батыр аруларға арналған әнді орындады. Эстрадалық-үрлемелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен Гүлсім Юсупова «Әлия» әніне салды. Олжас Науанов «Журавли» әнін орындаған сәтте «Самұрық» эстрадалық балет өнерпаздары өнерлерін көрсетті. Ләззат Медетова кешті «Жер Ана» әнімен түйіндеп, шараға қатысушылар одан әрі «Майшам жақ!» патриоттық акциясын қыздырды.
— Бұл күн — тарихи маңызы бар атаулы күн. Әрбір қазақ отбасына, қазақстандыққа қасірет төндірген соғыстың зардабын айтып тауысу мүмкін емес. Бүгін сол соғысқа қатысқан әр ер азаматты еске алып, олардың рухына, ерлігіне тағзым етіп, бас иетін күн. Сол үшін де осындай кеш пен «Майшам жақ!» патриоттық акциясын ұйымдастырып отырмыз. Шараға қатысқандардың әрқайсысы соғысқа кеткен аталарын, ағаларын еске алып, ескерткішке гүл шоқтарын қойып, алаңда майшамдарын жақты. Қолында майшамы жоқтары жақын жердегі «Анвар» дүкенінен алып келіп жатыр, — дейді қалалық мәдениет бөлімінің басшысы Маржан Қорғанбаева.
Кештің ең әдемі де әсерлі тұсы — бес жұлдыз бейнесі мен «75» санын майшаммен жазу болды. Сол күні аспан да халықпен бірге мұңайғандай түнеріп тұрды. Бейбіт тұрғындардың тілегі «Жойылсын жалғыз сөз соғыс деген…» әнімен үндесіп жатты.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.




