Облыстық соттың төрағасы ауысты

Облыстық сот ғимаратында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы Қайрат Мәми, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен өткен кеңесте облыстық соттың жаңа төрағасын таныстыру рәсімі болды. Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, бұл қызметке Мұратғали Әкетай тағайындалды.
Отырыста алғаш боп сөз алған Қайрат Әбдіразақұлы:
— «Қазақстан Республикасы сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық Заңның талаптарына сәйкес, облыстық сот төрағасының мерзімдік уәкілдігі — 5 жыл. Яғни осында облыстық соттың төрағасы болып отырған Ерлан Айтжановтың 5 жылдық мерзімі аяқталды. Жоғарғы Сот кеңесінің келісімімен және Елбасының 2016 жылғы 20 маусымдағы Жарлығымен Ақтөбе облыстық сотының төрағасы болып Мұратғали Абрарұлы тағайындалды. Ол — сот жүйесінде белгілі тұлға. Соңғы үш жылда Солтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы қызметін атқарып келген жаңа басшы мұнда да абыройлы болады деп ойлаймын. Атқарушы билік өкілдері, құқық қорғау саласының басшылары сот төрелігін сапалы жүзеге асыруда жаңа төрағаға қолдау көрсетеді деп үміттенемін. Ал Ерлан Жұмаханұлы Елбасының Жарлығымен Солтүстік Қазақстан облысы сотының төрағасы қызметіне тағайындалды.
Мемлекет басшысы біздің алдымызға нақты мақсаттар қойды. Баршамызды Ұлт жоспарын практикалық тұрғыдан іске асырумен байланысты өте жауапты қызмет күтіп тұр. Сот жүйесін жаңғырту және заңнаманы жетілдіру шаралары бізден жұмысқа айрықша, неғұрлым жауапкершілікпен қарауды талап етеді. Облыстық соттың тұрғындар алдындағы жауапкершілігі бұрынғыдан да күшейді. Сондықтан сот практикасына тұрақты талдау жүргізіп, азаматтарды жеке қабылдаудың сапасына баса назар аудару керек, Мұратғали Абрарұлы. Судьялардың кәсіби деңгейін арттыру ісін де назардан тыс қалдырмаған жөн, — деді.
Одан соң облыс басшысы Бердібек Машбекұлы өңірдегі саяси-әлеуметтік жағдайдың тұрақты екенін, тұрғындардың бойында үрей сезімі жоқтығын айта келе, барлық жұмыстың бұрынғы жоспарға сай атқарылып жатқанын баян етті. Артынша екі облыстың жаңа сот төрағаларына қызметте табыс тіледі.
Осы орайда бір сағаттан артық уақытқа созылған жиынның соңында қызметке енді кіріскен Мұратғали Әкетай журналистерге аз-кем уақыт бөліп, алдағы уақытта ақпарат құралдары өкілдерімен тығыз байланыс орнататынын жеткізді. Сот жүйесінде басты назар неге аударылатынын сұрағанымызда: «Сөзсіз, ашықтық бірінші орында тұрады» — деген ол әр журналистің жеке-жеке қолын алып, бұл мұндай жылы жүздесулердің басы ғана екенін білдірді.
Айта кетейік, облыстық соттың баспасөз қызметінің таратқан мәліметіне сүйенсек, Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін тәмамдаған Мұратғали Әкетай — заң ғылымдарының кандидаты, доцент. Үйленген, отбасында 4 баланы тәрбиелеп отыр.
Айбек СЕРІКҰЛЫ.




