Мұғалжар ауданының күндері өтті

Аудан күндері
Еліміздің Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Туған елім — нұрлы елім» атты облыс аудандарының күндері акциясының аясында Ақтөбе қаласында Мұғалжар ауданының күндері өтті.
Мұғалжар ауданының күндерінің алғашқы қадамы С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханада өткен «Асқақ өлкем — қасиетті мекенімді жыр етемін» атты жергілікті ақын-жазушылармен кездесу кешінен басталды. Мұғалжар ауданында журналистік қызметін бастаған Жанғабыл Қабақбаев, айтыс ақыны Жұбаныш Көшербаев, аудандық оқу бөлімінде қызмет жасайтын жас ақын Нұрбол Ибраевтармен кездесу қызықты өтті. Ж.Қабақбаевтың журналистік жолы туралы, Жұбаныштың «Сен сөйле, қарт Мұғалжар қазыналы!» атты тарихи-деректі поэмасы туралы әңгімесі, Нұрболдың «ХХІІ ғасыр жыры» атты өлеңі оқырмандардың көңілдерінен шықты.
«Алақай» облыстық театрында Мұғалжар халықтық театрының С.Балғабаевтың «Құдағилар» қойылымы көптің назарына ұсынылды. Қойылым алдында Мұғалжар ауданының әкімі Серік Шаңғұтов сөз сөйлеп, ауданның қазіргі тыныс-тіршілігі, жетістіктері туралы қысқаша айтып өтті. Осы шараға келген ауданда қызмет істеген ардагерлерге, жалпы жиылған қауымға алғыс айтты. Соңынан аудан әкімі Мұғалжарда кен орындарының ашылуына атсалысқан геология саласының ардагері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ефим Иосифович Книжникке «Мұғалжар ауданының құрметті азаматы» атағының куәлігі мен төсбелгісін тапсырды.
Алдында ғана отағасына (Жолдас Баспаев) келінінің жоқытығына шағым айтып отырған Гүлрайхан (Айнагүл Мусина) аяқ астынан ұлы Мейрамғали (Алмат Сматов, бір қызды қолынан жетектеп ертіп әкеп: «Бұл сіздердің келініңіз» дегенде абдырап қалады. Құдалыққа барғандардың кәдесін місе тұтпаған, өзінің дүние байлығына мастанған қыздың шешесі Нәзипа құдағи (Нұршат Мұқашева) құдаларының үйіне келіп қиғылық салады. Кеудесіне нан піскен құдағиды бір танысына ұқсатқан Гүлрайхан өзінің бала кездегі құрбысы екенін танып қояды. Бүгінде үлде мен бүлдеге оранып, көзіне шел қаптаған Нәзипаның бір кезде өзінен сұрап киген көйлегін көз алдына әкеліп, сабасына түсіреді. «Аяз би, әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» деген тәмсілді еске салатын қойылым көрермендердің ықыласына бөленді.
Мұғалжар ауданының күндерінің екінші күні ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев атындағы орталық мәдени-демалыс саябағында жалғасты.
Бұл шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, облыс әкімінің орынбасары Асқар Шериязданов, Ақтөбе қаласының әкімі Бекбол Сағын, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ербол Нұрғалиевтар келді.
Мәдениет күндерінің ашылу салтанатында сахнада Мұғалжар халықтық ұлт аспаптар оркестрі мен халықтық атағы бар хор ұжымы тұрды, екі жүргізуші бағдарламаны облысымыздағы Мұғалжар сынды іргелі ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайы, осы киелі өңірден шыққан тарихи тұлғалары, батырлар мен бағыландары, жақсылары мен жайсаңдары, ауданның қазіргі жайы туралы толығырақ мәлімет бере отырып жүргізді.
Оркестр Ахмет Жұбановтың «Би күйін» орындады.
Одан кейін Мұғалжар ауданының әкімі Серік Шаңғұтов сөйледі:
— Құрметті қонақтар! Мұғалжар ауданының күндеріне қош келдіңіздер!
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай облыс әкімі Бердібек Машбекұлы облыс орталығында «Туған елім — нұрлы елім» атты аудандардың күндерін өткізу туралы бастама көтерген еді. Сол іс-шараны біздің Мұғалжар ауданы бастап отыр.
Мұғалжар — 70 мыңға тарта халқы бар, 3 қалалық, 12 ауылдық, 38 елді мекені бар аудан. Ауданымыздың елді мекендері 90 пайызы газбен қамтылды. Бұрынырақта ауданнан, ауылдан қалаға қоныс аударушылар көбейіп, елді мекендер қаңырап бос қалып жатты. Қазір керісінше, көшіп келушілер саны артуда. Әлеуметтік нысандар жаңартылды. Мәдениет үйлері 100 пайыз жұмыс істеп тұр.
Қазір ауданда 6 маусымнан 16 желтоқсанға дейін 25 екпінді апталық өткізуді қолға алып жатырмыз.
Аудан халқының жағдайы жақсы, ауызбірлігі мықты. Балабақша, мектеп, аурухана мәселелері шешімін тапқан. 7 ірі компания жұмыс жасайды, — дей келіп, бұрын Октябрь ауданының партия комитетінің бірінші хатшысы, кейін облыстық кеңес атқару комитетінің төрағасы болған Сапар Сағынтаев ақсақалды сахнаға шақырды, оған «Мұғалжар ауданының құрметті азаматы» атағының куәлігін тапсырып, өңіріне төсбелгі тақты.
Мұғалжар ауданынан келген өнерпаздар күні бойы Ақтөбе қаласының аспанын әнге бөлеп, күймен тербеп тұрды.
Саябақта мұғалжарлықтар тіккен іші қазақтың салт-дәстүріне сай безендірілген үш ақ шаңқан киіз үйде дастарқандар жайылып, үсті ұлттық тағамдардың түрлерінен қайысып тұрды.
Саябақтағы сахнаның екі жағына жағалай қойылған көрмелерде не жоқ дейсіз.
Ахмет Жұбановтың мемориалды мұражайының қорындағы құнды жәдігерлер, А.Жұбановтың дирижерлік фрагі, Ғазиза Жұбанованың сахналық көйлегі, 1936 жылғы Алматы филармониясының афишасы, тағы да басқа көрген кісіні еріксіз аялдататын заттар, аудандық өлкетану музейінің жәдігерлері, аудандағы, ауылдардағы қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан керемет дүниелер көз тартады.
Құмжарған ауылдық округінің ауылшаруашылық өнімдері қойылыпты, құрт, сүзбе, қатық, айран керек пе, бәрі бар. Ал Ақкемер ауылының қазақтың сүттен жасалған ұлттық тағамдары — жент, балқаймақ, сүзбе, ірімшік, қаймақ, құрт қойылған. «Қайнар» шаруа қожалығының картобы мен сәбізі қандай! Қ.Жұбанов ауылдық округінің «Асхат» шаруа қожалығы тары, жарма, құрт, жұмыртқа сияқты өнімдерін ұсыныпты.
Бұлақты ауылының шеберлерінің қолынан шыққан құрақ көрпелер, кәдесыйға ұсынылатын киіз үйлері керемет.
Көрмені аралап келе жатқан ҚР еңбек сіңірген қайраткері Света Айтбаева: «Мұғалжар ауданының күндеріне үлкен дайындықпен келгені көрініп тұр. Аудан өнерпаздарының концерті тамаша өтіп жатыр. Көрмелерінде небір заттар бар екен. Мысалы, бесіктегі сәбиге қажетті сүйектен жасалған шүмек көзіме ыстық көрінді. Бұрын осылай жасаушы еді, оның бала денсаулығына да зияны жоқ. Қазір ұмытылды. Сүйектен жасалған шақшаны, шоқпарды, аттың жалын тарайтын тарақты, садақ пен жебені көріп таңғалып тұрмын», — деді.
Сондай-ақ алтын рудасын өндіретін «Юбилейное», қиыршық тас өндіретін «Көктас», фосфор ұнын өндіретін «Темірсервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің де өнімдері, макеттері көрмеде тұр.
Осы шарамен қатар «Табыс» базарында мұғалжарлықтардың ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп жатты.
Кеңес Абдуллин, еңбек ардагері:
— Мұғалжар ауданының күндері өте сәтті ұйымдастырылды, барлық шаралар бірімен бірі жақсы үйлесім тауып жатты. Сол ауданнан шыққан адамдар үшін ғана емес, жалпы халық үшін мереке болды. Халықтық театрдың спектаклін көрермендер қызыға тамашалады. Ақтөбеде барлық аудандардың күндері өткізілетіні дұрыс болды. Бұл өте пайдалы шара. Ақтөбеліктер, оның ішінде жастар әрбір ауданның тарихымен, қазіргі тірлігімен жақын танысады, көп дүниеге көзі ашылады, өзінің туған жеріне деген сүйіспеншілігі артады. Әрбір ауданнан шыққан белгілі өнер адамдары туралы хабардар болады, ал аудандағы өнерпаздар кәсіби деңгейлерін өсіруге талпынады, — деді.
Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.





