ДенсаулықМереке

«Денсаулық» бағдарламасы және жаңа қадам

Биыл елімізде 2016-2019 жылдарға арналған  «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Бағдарлама аясында өңірде  жаңа нысандар бой көтеріп, медицинаның кейбір саласына  өзгерістер енеді. Сонымен..

Жаңа перинаталды орталыққа жер телімі бөлінді

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтың айтуынша,  қазіргі күні аймақта «Денсаулық» бағдарламасы бойынша тұрақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Медицинаның әр бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынды. Оның ішінде ана мен бала денсаулығын жақсарту мақсатындағы жұмыстарға баса көңіл бөлініп отыр. Соңғы жылдары осы бағыттағы оң көрсеткіштер өсіп келеді. Мәселен, бес айдың қорытындысы бойынша облыста 8174 сәби дүниеге келген. Ал өткен жылы осы уақытта 8027 бала дүние есігін ашыпты.

Біздің облыс республикада бала туу көрсеткіші жоғары алғашқы бес өңірдің қатарында. Жүргізілген жұмыстың нәтижесі болар, жыл сайын ана мен бала өлімінің көрсеткіші азайып келеді. Мәселен, былтыр бес айда мың балаға шаққанда бала өлімінің көрсеткіші 9,8 болса, биыл осы уақыт ішінде 8,7, яғни  12,2 пайызға төмендеді. Ал бала туу көрсеткіші осы кезеңмен салыстырғанда 1,2 пайызға артық. Осындай көрсеткішке қарап, жаңа  облыстық перинаталды орталық салу жоспарланып отыр. Әрине, қазіргі күні облыстық перинаталды орталықтағы, облыстық аурухана мен Қарғалы қалалық ауруханасының перзентхана бөліміндегі кереует саны жеткілікті, ешқандай тапшылық жоқ. Бірақ алдағы екі-үш жылдықта көрсеткіш осы қарқынмен өсе берсе, кереует жетіспеушілігі орын алуы мүмкін. Сондай-ақ кейінгі кезде қала халқының саны өсіп жатыр, әрі медициналық кластер құрылатынын ескерсек, жаңа ғимарат қажет-ақ. Сондықтан осыларды ескеріп, Оңтүстік-батыс ауданындағы облыстық балалар ауруханасының жанынан құрылысқа жер телімі берілді. Облыстық мәслихат депутаттарының шешімімен жобалық-сметалық құжатқа қаржы бөлінді. Келер жылы 200 кереуеттік орталықтың құрылысы басталады, — дейді басқарма басшысы.

Сондай-ақ қазан айында экстракорпоральды ұрықтандыру орталығы ашылады.  Қазір бюджеттен қаржы бөлініп, қажетті құрал-жабдықтар әкелініп жатыр..

— Облыстағы  демографиялық ахуал тұрақты. Бала туу көрсеткіші жыл санап өсіп келеді. Алайда бір перзентке зар болып жүргендердің қатары да жыл сайын артып барады. Қазіргі күні өңірде сәби сүйе алмай жүрген 500-ден аса жұп тіркеуде тұр. Жыл сайын солардың ішінен 40 отбасыға  экстракорпоральды ұрықтандыру орталығына квота береміз. Енді медицинаның осы мүмкіндігін  өзіміздің өңірде  жүзеге асыру үшін жұмыс жүргізіп жатырмыз, — дейді Әсет Қалиев.

 Фтизиатрлар емханаға көшеді

 Соңғы бес айдың көрсеткіші бойынша, облыстың емдеу мекемелеріне 47 мың 947  науқас емделген. Жоғары мамандандырылған медициналық көмек 336 науқасқа көрсетілген.  Ал емханаға осы уақыт ішінде 2 миллион  755 501 адам қаралған. Өткен жылы бұл көрсеткіш 2 93 543 болса,  яғни биыл 46,6 пайызға өсіп тұр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының стандарты бойынша, алдағы уақытта емханаға түсетін салмақ көбейеді.

— Аурудың алдын алу, профилактикалық жұмыстарға баса назар аударылады. Ауруды анықтау жұмыстары емханада жүргізіледі. Мәселен, жаңа бағдарламаға сәйкес, туберкулезді емдеуде үлкен  реформа жүргізіледі, яғни горизонталды және вертикалды интеграция болады. Бұрын ауру анықталғаннан кейін, науқас бірден тубдиспансерге жіберіліп, барлық ем-дом сол жерде жасалатын еді. Енді жаңа құрылым бойынша учаскелік  фтизиатрлар емханаға ауысады.  Егер науқас туберкулездің бактерия таратпайтын түріне шалдықса, амбулаторлы түрде ем алады. Ал жұқпалы түрімен ауырса, диспансерге жатып, толық ем қабылдайды. Қыркүйектен бастап  фтизиатрлар тұрғындарды учаскелік емханада қабылдайтын болады, — дейді басқарма басшысы.

Сондай-ақ бұндай өзгеріс психотрия және наркология қызметінде де жүргізіледі. Келер жылдың бірінші қаңтарынан бастап, екі мамандық біріктіріліп, психонаркологтар жұмыс істейді. Олар бұрынғыдай диспансерде емес, енді  емханада қызмет көрсетеді.

 Бес медициналық бекет салынады

Биыл облыс орталығында жедел жәрдем бекеті мен офтальмологиялық клиниканың және  Маресьев көшесінде медицина қызметкерлеріне арналған тұрғын үйдің құрылысы басталды. Бұндай шаруалар аудандарда да жүргізіледі. Биыл аудандарда бес медициналық пункт салынады. Олар — Мұғалжарда Құмсай ауылы, Ырғызда — Телман, Жаныс би, Әйтеке биде — Милы, Алға ауданында Көптоғай  ауылы.

Сондай-ақ маусымның  жиырмасынан кейін тағы бір бауыр ауыстыру отасы жасалады. Қазір науқас пен донорды медициналық тексеруден өткізіп, дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұған дейін ота жасаған екі науқас қазір дәрігерлердің бақылауында. Әсет Қалиевтың айтуынша, бауыр ауыстырған алғашқы науқастың денсаулығы жақсы, ал екінші ота жасаған науқаста асқынулар пайда болып, қазір ол ем алу үстінде. Ал бауырын берген азаматтардың денсаулығында ешқандай ақау жоқ.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button