ДенсаулықМереке

Эндоскопиялық ота жасайтын жалғыз маман

Соңғы жылдары облыс медицинасында эндоскопиялық ота жасау тәсілі жан-жақты дамып келеді. Бұл әдістің  басты ерекшелігі —  пышақ тигізбей-ақ ота жасауға болады. Аталған тәсілді еліміздің  батыс аймағы бойынша меңгерген жалғыз маман — жедел жәрдем ауруханасының  дәрігер хирургі, эндоскопист Арыстан Базарбаев.  Білікті  хирургтің басшылығымен соңғы бес жылда облыста бес жүзге жуық эндоскопиялық ота жасалған.

Эндоскопия — тіліксіз ота

Арыстан Базарбаевтың айтуынша, аталған әдіске көшудің алғы шарттары жедел жәрдем ауруханасында 2011 жылдан басталыпты. Ауруханадағы мамандар арнайы даярлықтан өтеді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев, хирургия бөлімінің меңгерушісі Жазылбек Әбдин, професссор Базылбек Жақиев секілді тәжірибелі дәрігерлердің ұсынысымен  Арыстан Базарбаев Ресейдің Самара қаласына аттанады. Бұл жерде осындағы облыстық аурухананың хирургі, осы саланың қыр-сырын жақсы меңгерген медицина ғылымының кандидаты Юрий Бектагировтен дәріс алады. Дәрігермен бірге отаға қатысып, эндоскопиялық операцияның түрлі қиындықтарын меңгереді. Қайта даярлықтан өткен соң, Ақтөбеде алғашқы отаны 2012 жылы жасайды. Ал бүгінге  дейін дәрігердің жетекшілігімен жедел жәрдем ауруханасында — 360, облыстық ауруханада жүзден аса ота жасалыпты.

Бұрын өт жолына тас байланған, бауыр және кеуде қуысы, ісік аурулары және түрлі  асқынуларға шалдыққан науқастарға ота ашық, яғни тілу арқылы жасалатын еді. Ауру асқынған қарт адамдарға бұндай ота ауыр тиетін. Ал қазіргі күні енгізілген  эндоскопиялық тәсіл кезінде бұндай науқастарға отаны жарақаттамай-ақ, сыртқы денесіне зақым келтірмей, арнайы эндовидеоаппарат арқылы жасауға болады. Мәселен, өт жолындағы, бауырдың іші немесе сыртындағы  тасты лапароскопиямен алуға болмайтын жағдай кезінде оған эндоскопиялық ота жасалады. Өңеш, асқазан және он екі елі ішек арқылы арнайы құралмен тасты алып шығамыз. Бұндай отадан кейін науқас сол күні немесе ертеңіне аяқтан тұрып кетеді, әрі кетсе бес күнде ауруханадан шығады. Қазіргі медицинаның басты мақсаты — осы, науқастарға неғұрлым жеңіл әрі тиімді болатын ем түрін қолдану. Әрине, науқас үшін тиімді болғанымен бұл дәрігер үшін өте күрделі, жауапкершілігі өте жоғары ота. Сондықтан көпшілігі эндоскопиялық  ота жасауға жүрексінеді. Дегенмен қазір жас мамандар келіп жатыр. Бар білгенімді соларға үйретемін. Облыстық ауруханада жасалатын отаға қатысамын, — дейді хирург.

Арыстан Базарбаев Ақтөбеден өзге, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Атырау, Қызылорда облыстарына шақырту бойынша  барып, шеберлік кластарын өткізеді. Науқастарға ота жасайды.  Ал былайғы күндері қаладағы жедел жәрдем ауруханасына шұғыл түрде түскен науқастарға көмек көрсетеді. Күніне үш-төрт отаға дейін жасайтын кездері болады.

Үздік хирург

Білікті хирург Ақтөбе өңірінде туса да, балалық шағы Қызылорда облысы Шиелі ауданында өтіпті. Әкесі Ахметолла Шиелі аудандық ауруханасында хирург, кейін бас дәрігер қызметін атқарса, анасы Айман терапевт болып еңбек етеді. Дәрігерлер отбасында дүниеге келген Арыстан да болашағын медицинамен байланыстырды. Алматыдағы С.Асфендияров атындағы университетке оқуға түсіп, 2004 жылы тәмамдайды. Сол жылдың күзінен Шиелі аудандық аруханасында алғашқы еңбек жолын бастады. Кейін  2007 жылы Ақтөбеге қоныс аударып, жедел жәрдем ауруханасында жұмысын жалғастырды. Медицинадағы негізгі тәжірибесі осы емдеу мекемесінде қалыптасты. Тәжірибелі маман болу үшін аянбай тер төкті. Өңірдегі білікті хирургтердің бірі атанды, әріптестерінің құрметіне бөленді. Еңбегі еленіп, биыл медицина қызметкерлері күні қарсаңында ұйымдастырылған «Жылдың үздік дәрігері» конкурсында «Адам өмірін сақтап қалған ерекше ота жасағаны үшін» номинациясының жеңімпазы атанды. Ақтөбеден шыққан еліміздің тұңғыш дәрігері Аққағаз Досжанова атындағы облыс әкімдігінің сыйлығын иеленді.

Мықты хирург болу үшін  ең алдымен адамгершілік қасиетің жоғары болуы керек. Көз өткір, қол батыр болуы тиіс. Қолың  ақылыңнан озбау керек. Осындай қасиеттер бойыңда болса ғана жанын шүберекке  түйіп келген науқасқа шипа сыйлай аласың, отаң сәтті жасалады. Ота жасау оңай емес. Психологиялық тұрғыдан өте ауыр. Кез келген ота түрінің  өзіндік  қиындығы бар. Адамның өмірі сенің қолыңда тұрғандай сезінесің. Сәл қателік кетсе, науқастың өміріне қауіп төндіруің мүмкін. Сондықтан отаға келгенде өте мұқият болуға тырысамын. Әр отаның алдында уайымдап, сәл қобалжитыным да бар. Отадан кейін науқастың денсаулығына алаңдап жүресің. Күтіп, жағдайын сұрап, әбден жазылғанша тыным таппайсың. Кейін алғысын айтып, батасын беріп жатқанда бұған дейінгі шаршағаның, уайымың, барлығы ұмытылып кетеді. Сауығып кеткен адамдарды көріп көңіліңе қуаныш ұялайды. Ал ауруы асқынып, соңғы сәтінде ғана ауруханаға табан тіреген немесе  қарт адамдарға  көмектесе алмаған кезіңде көңіліңді мұң басады, қай жерден қателік жібердім деп ойлайсың. Бірақ осындай қиындықтарға қарамастан өз кәсібімді жақсы көремін. Психологтардың пайымынша, «жұмысына қуанып келіп, қуанып шыққан адам бақытты» дейді ғой. Осы қағиданы ескерсем, мен бақытты адаммын, — дейді білікті  хирург.

Талай адамға екінші өмір сыйлаған тәжірибелі маман, жары Нұргүл екеуі  үш баланы тәрбиелеп отыр.  Қызы Ақбілек биыл он бірге толса, үлкен ұлы Ақарыс бірінші сыныпты бітіріпті. Ал мамыр айында кіші ұлы Жанарыс өмірге келіп, дәрігердің отбасына үлкен қуаныш сыйлады.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button