ДенсаулықМереке

Тынымсыз күндер

Адам өмірінің арашасы болар ақ халатты жандардың  еңбегі қашанда құрметке лайық. Оның ішінде науқастарды ажал аузынан алып қалатын хирургтердің күнделікті еңбегі ерлікке тең. Күніге бірнеше ота жасап, науқастарға шипа сыйлап жүрген осындай дәрігердің бірі —  жедел жәрдем ауруханасының хирургі Нұрболат Өтеулин.

Нұрболат Есенғалиұлының осы салада еңбек еткеніне сегіз жылдан асыпты. М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетін аяқтап,  2007 жылы жедел жәрдем ауруханасына жұмысқа орналасады. Еңбекке құлшына кіріскен жас маман тәжірибелі дәрігерлермен бірге оталарға қатысып, шыңдала түсті.

— Бұл аурухана — тәжірибе жинақтау орталығы. Өйткені науқастардың ағымы мен жасалатын отаның көлемі көп. Ерінбеген жас маман дәрігерлерден көп нәрсені үйренеді. Әрине, алғашқы кезде жастарға күрделі отаны сеніп тапсырмайды. Бірақ дәрігерлердің қасында жүріп-ақ біраз дүниені меңгеруге болады, — дейді Нұрболат.

Білімі мен еңбекке деген құлшынысының арқасында Нұрболат 2011 жылы қан- тамыр хирургиясы бойынша қайта даярлау курсынан өтіп, қан-тамыр хирургі мамандығын алып шықты. Қазір осы бағыт бойынша облыстағы білікті маман. Күндіз жедел жәрдем ауруханасына түскен науқастарға ота жасаса, кешкілік облыстық аурухананың қан-тамыр хирургиясы бөлімінде кезекшілік атқарып, көмек көрсетеді.

Қан-тамыр аурулары — хирургияның күрделі саласы. Әсіресе күретамырға ота жасау өте қиын. Бірақ соңғы жылдары ақтөбелік дәрігерлер бұл отаны да  меңгеріп жатыр.  Денсаулық сақтау басқармасы тарапынан осы  бағытқа  баса назар аударылуда. Жыл басында жедел жәрдем ауруханасының хирургия бөлімінің ішінен бес кереует ашылды. Қазір бұл жерде жүрек, қолқа және аяқ тамырларының бұзылуынан болатын ауру түрлеріне және мойын, жүрек тұсы мен қолқадағы күретамырларға ота жасаймыз. Инсульт орталығына түскен науқастарға да көмек көрсетеміз,— дейді хирург.

Хирургияның бар мүмкіндігін меңгеруге тырысқан дәрігер біліктілігін жетілдіруге де ерекше күш салды. Ресейдің Новосибирск қаласында арнайы оқудан өтсе, Алматы, Астана қалаларындағы курстарда білімін толықтырды.  Еңбек өтілінің  он жылға жетпейтініне қарамастан облыстағы  білікті маманға айналды. Еңбегі ескеріліп, биыл «Жылдың үздік дәрігері» байқауында «Жастық. Жаңашылдық. Талант» номинациясын жеңіп алды. Аққағаз Досжанова атындағы облыс әкімдігінің сыйлығын иеленді.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button