Әлеумет

Ораза

 Оқырмандар сауалдарына Ақтөбе қалалық орталық мешітінің бас имамы Серікжан ЕНШІБАЙҰЛЫ жауап береді

 

Сәресіде берекет бар

— Ораза кезінде сәресіне тұру міндетті ме? Сәресі кезінде ұйықтап қалсам, парызымды өтеуіме байланысты қандай да бір қателік бола ма?

— Егер, сіз сәресіне ұйықтап қалған болсаңыз, оразаңызды жалғастыра аласыз. Ең бастысы, ауызашарға дейін ешнәрсе ішіп-жемесеңіз болғаны. Бірақ, сәресіні жіберіп алмағаныңыз дұрыс. Сәресі ішу адамға күш береді, күндізгі жұмыстарын тыңғылықты атқаруға, ғибадаттарын кемшіліксіз орындауға көмектеседі. Бұған қоса, сәресіге тұрған кісіге сүннет сауабы жазылады. Себебі, сәресіге тұру — Пайғамбарымыздың сүннеті.

Ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: «Сәресі ішіңдер, себебі сәресіде берекет бар. Бір жұтым су ішсеңдер де, сәресіні тастамаңдар. Себебі, сәресіге тұрғандарға Алла Тағала рақым етіп, періштелер кешірім тілейді», — делінген.

 Оразаның дәрежелері

— Оразаның дәрежелері бар деп есіттім. Осы жөнінде айтсаңыздар?

— Иә, оразаның қалай ұсталғанына байланысты бірнеше дәрежесі бар. Мысалы, кей адамдар тек сусын ішу мен тамақтанудан ғана тыйылады. Бұл — оразаның ең төменгі дәрежесі. Екінші топтағы адамдар — ішіп-жеуден бөлек, жаман әрекет пен жаман сөзден тыйылатындар. Бұл — бірінші топтан жоғары тұратын дәреже. Ең жақсысы, ас пен судан, жағымсыз іс-әрекет, жаман сөздерден тыйылумен қатар, жүректегі құмарлыққа және жаман ойларға жол бермейтіндер оразасы. Бұл — оразаның ең жоғары сатысы.

Имам Ғазали да өз еңбегінде оразаны үш дәрежеге бөледі:

  1. Жалпының оразасы. Қарын мен жыныс мүшені ас және құмарлықтан тыю;
  2. Арнайылардың оразасы. Құлақ, көз, тіл, қол, аяқ және басқа да мүшелерін күнәдан тыю;
  3. Арнайының арнайысы. Ол — жүректі дүние уайымы мен дүниелік тіршіліктен тыю. Былайша айтқанда, жүректі Аллаға құлшылық етуден басқа нәрседен тыю.

 

Иғтикаф деген не?

— Иғтикаф дегеніміз не?

— Иғтикаф дегеніміз — бес уақыт намаз оқылатын мешіттерде ниет етіп, белгілі бір уақыт құлшылық жасауға қалу. Ол Рамазан айының соңғы онкүндігінің ішінде жасалатындықтан, оразамен байланысты құлшылық түрі болып саналады. Әйел адамдар иғтикафты үйінің намаз оқуға арналған жерінде жасайды. Алайда, әйел баласы нәзір етілген уәжіп иғтикаф болса да, күйеуінің рұқсатынсыз жасай алмайды.

 

Ішіп-жеуден ғана тыйылмаңыз…

— «Рамазанда барлық ағзалар ораза ұстауы керек» — дегенді есіттім. Осыны түсіндірсеңіз екен?

— «Рамазанда барлық ағзалар ораза ұстауы керек» деген сөз ораза ұстаудың түп мақсаты тек ішіп-жеуден тыйылу емес, Алла разы болмайтын барлық істерден, сөздер мен қылықтардан тыйылып, тек қана ізгілікке бет бұру, яғни барлық жаман іс-әрекеттерден бүтін ағзаларымызды сақтау екенін білдіреді.

Осы орайда ислам тарихындағы мынадай оқиға еске оралады. «Пайғамбардың (с.ғ.с.) заманында екі әйел ораза ұстапты. Күн батуға таяп қалған уақытта ол екеуінің қарындары ашып, шөл қысады. Сөйтіп, Алланың елшісінен (с.ғ.с.) ауыз ашуға рұқсат сұрайды. Алланың елшісі екеуіне бір шыны ыдыс беріп:

— Мынаған жегендеріңді құсыңдар, — дейді.

Әйелдің біреуі қою қан мен ет құсады, екіншісі де сонша құсып, ыдысты толтырады. Мұны көрген адамдар аң-таң болады. Алланың елшісі (с.ғ.с):

— Бұл екеуі Алла адал қылған нәрсемен ауыз бекітіп, арам қылған нәрсемен ауыз ашты. Бірі екіншісіне барып, адамдарды ғайбаттады. Мынау —  сендер ғайбаттаған адамдардың еті, біреуді сыртынан ғайбаттау олардың етін жеумен бірдей, — деген екен».

Ораза дегеніміз — барлық жаман нәрседен сақтану, Алла мүмкіндік ретінде берген бір айда жыл бойына жасаған күнәлар үшін шынайы тәубе қылып, құлшылық жасау. Алланың Құраны түсіп, періштелер қарша жауған қасиетті айда тек қана жақсылық жасауға асыққанымыз жөн.

 «Өздеріңді қауіп-қатерге итермелемеңдер»

— Менің құрбыма дәрігер дертіне байланысты ашығуға тыйым салды. Соған қарамастан ол ораза ұстамақшы. Бірақ екінші бір құрбым: «Денсаулығыңа зиян екенін біле тұрып ораза ұстау сауапқа жазылмайды, керісінше, күнә болып табылады» — деп, онымен дауласып жүр. Осының ақ-қарасы қайсы?

— Алла Тағала жаратқан құлына тек күші жететін нәрсесін ғана міндеттейді. Ұлы Жаратушы иеміз бізге ауырлық емес, жеңілдік қалайды. Сондықтан Алла ауырған адамның ораза тұтпауына рұқсат берген.

Бұл жайында Құранда былай делінген: «Рамазан айы туғанын көрсеңдер ауыздарыңды бекітіңдер. Ал кімде-кім, сырқаттанса немесе жолға шықса (аузын ашуына рұқсат) басқа күндері қаза етсін. Алла сендерге ауырлық емес, жеңілдік тілейді!». Тағы бір аятта: «Өздеріңді қауіп-қатерге итермелемеңдер», — дейді.

Осы және басқа аяттарды негізге ала отырып ғалымдар: «Науқас кісінің ораза тұтпауы кейде уәжіп, кейде мубах/рұқсат болады. Егер науқас кісінің ораза ұстауы өлімге соқтырар болса, бұл адамның ораза ұстамауы — уәжіп (міндет). Ал егер ауыз бекітуі сырқатын арттырар болса немесе жазылуын баяулатар болса, бұл жағдайда ораза ұстамауына рұқсат», — деп үкім шығарған. Ендеше, ораза ұстай алмайтындай сырқат болса, ораза ұстау міндетті емес. Бірақ науқасынан айығып, ауыз бекітуге шамасы келген кезде, тұтпаған күндерінің қазасын өтейді.

 Қазақша айтуға бола ма?

— Сәресі мен ауызашар кезіндегі дұғаларды міндетті түрде араб тілінде айту керек пе? Өз тілімізде айтуға бола ма?

— Ұлы Жаратушы барлық ұлттардың тілімен қоса, адамдардың іштей айтылмаған тілектерін де біледі. Сондықтан ауыз бекіту дұғасы мен ауызашар дұғаларын арабша айту шарт емес, әр адам өз туған тілінде айтса да болады.

 ОРАЗА — АДАМ ҮШІН ЕҢ КЕРЕКТІ ДӘРІ!

Ораза ішек ауруларының, іш қатудың алдын алуға, кейбір тері ауруларының жақсаруына көмектеседі. Ораза ұстаған адамның ішкі мүшелеріне жиналатын майларды ерітіп, метоболизмды (зат алмасуы) жандандырады. Бүйрек, бауыр, қуық, сусамыр, жүрек пен тамыр ауруларына қарсы төзімділікті арттырады. Ол үшін сәресі мен ауызашар уақытында тым көп ас жемеу керек. Оразаның пайдасы туралы доктор Алекс Каррел былай дейді: «Тамақ ішпеу әуелі аштықты ұғындырады. Алайда, ең маңыздысы — бауырдағы шекерлерді, тері астындағы май қыртыстарын, бұлшық ет, без, көк бауыр жасушаларындағы протеиндердің қимылын арттырады. Міне, осылайша ораза тканьдарымызды тазалап, өзгертіп отырады».

Ораза кезінде күндізгі уақыттарда қандағы холестерин деңгейі төмендейді. Тамырдың жақтауларында бірігіп қалған ескі холестерин қалдықтары бірте-бірте қан айналымына араласып, қаттылығын жоғалтады. Осыдан барып ең бір қорқынышты ауру «атеросклероз» (жүректің қысылуы және сал болу себептері) жойылады.

Жүрекке кері әсер ететін үш фактор бар: тамырдың қаттылығы, жүйкенің шаршауы, асқазанға ылғи да қысым түсетіндігі. Ораза ұстаған адам осының үшеуінен де зиян шекпейді.

Көп ас ішкеннен кейін денедегі бүкіл мүшелермен қатар, жүрек те шаршай бастайды. Бұндай жағдайда қан ми мен орталық жүйке жүйесінің жасушаларына толықтай жете алмайды. Жүрек мамандары көп тамақтану мен жүрек талмасы арасында байланыс бар екенін айтуда.

Батыс Германияның Нордхейм Вестфален қаласындағы қатерлі ісік аурулары институтының маманы, профессор Дж. Л. Паул арнайы зерттеу нәтижесінде оразаның рак ауруынан сақтайтындығын жариялады. Профессор Требтің медицина әлемінде айтулы бағаға ие мәліметіне сүйенсек, ораза ұстаған адамда «адреналин және кортизон» деп аталатын гормондар көп мөлшерде қанға араласады. Дененің ең кіші жасушаларының азайып-көбеюін қамтамасыз ететін бұл гормондар жасушалардың рак ауруына шалдықпауын қамтамасыз етеді.

Ораза дененің бүкіл ағзаларына әсер етіп, денсаулығын арттыратын қасиетке ие. Алайда тек денсаулықты жақсарту ниетімен ораза ұстау дұрыс емес. Ораза ұстаудағы басты ниет — Алланың әмірін орындау болуы керек. Орзаларыңыз қабыл болсын!

 муслим. кз сайтынан.

 

МҰХАММЕД ПАЙҒАМБАРДЫҢ ХАДИСТЕРІ:

 Әрдайым Алланың қайырымдылығын тілеңдер! Алла Тағала өзіне жалбарынғанды ұнатады, ал Аллаға жалбарынудың үлкені — оның рақымын күту.

 

***

Құдай атымен жасаған игілігіңізді шын жүректен жасаңыз, себебі Алла Тағала жалған сый мен жылтырақ ілтипатты қабылдамайды.

 

***

Егер сізге біреу арнайы ат басын бұрып келсе, оған сый-сияпат жасаңыз.

 

***

Егер сіз бір адамның Алла алдындағы бағасын білмек болсаңыз, онда ол туралы халықтың пікіріне құлақ түріңіз.

 

***

Сен өзіңнің жақсы істеріңе қуанып, келеңсіз істеріңе қайғыратын болсаң, дінге сенетін адам болғаның.

 

***

Параны алған да, берген де отқа күйеді.

 

***

Өзара сенімдеріңді жоғалту — дінсіздіктің бір бөлшегі.

 

***

Біреу қорқынышты түс көрсе, оны өзгеге айтпасын.

 

***

Екі әйелі бар адам ол екеуінің арасында әділеттілік сақтамаса, ақырет күніне жарты тәнімен ғана жетеді.

 

***

Алланың шексіз қаһарына жолығатын жан — арам пиғылды ғұлама дін иесі.

 

***

Адамдарға қиындық тудырып жүретін жан Алланың ең күшті қаһарына ұшырайды.

 

***

Адамдарға тәуелді болмауға, тіс тазартқыштың қалдығын да сұрамауға тырыс.

 

***

Алла Тағала сенің сырт келбетің мен байлығыңа қарамайды, жан дүниең мен іс-әрекетіңе қарайды.

 

***

Кімде-кімнің мінез-құлқы жақсы болса, нағыз мұсылман сол.

 Әзірлеген И.Жаймағамбетова.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button