Басты жаңалықтар

Абыз

«Ақтөбе журналистикасының абызы» атанған Смағұл аға Мұқашев күні кешеге дейін ортамызда жүрді. Ол 93 жасқа келіп дүние салды. Смағұл Мұқашевтың өмір жолы — өзі айтқандай, бүкіл саналы ғұмырын сарп еткен облыстық газет тарихының бір бөлігі, біз әрдайым мақтаныш ететін шежіре.

Ол өз тұсындағы (ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарының соңы) — Ақтөбедегі жалғыз арнаулы оқу орны — педагогикалық техникумды бітірген. 1932 жылы редакцияға жұмысқа орналасады. Бұл — ел ішін аштық жайлаған қиын кез.

Смағұл ағадан қалған қымбат мұра — «Адам тозаққа да төзеді» атты естелік-кітапта былай делінген:

«Газет таратуға шыққанда көргенмін, қай ауылға келсең де сүлесоқ, түсініксіз бір тыныштық. Түтін шығып жатқан үйлер сирек. Қай үйге кірсең де шай орнына лаурынды немесе нанның күйігін аққұманға салып жатқанын көресің. Нанға не қосып пісіретінін түсініп болмайды, қап-қара, тастай қатты. Келесі ауылға жету үшін көлік жоқ. Табылса өгіз, болмаса сиыр жегіп береді. Осындай жоқшылықтың өзінде бір үй кет әрі демейді-ау! Мұндай шыдамды, мұндай төзімді халықтың садағасы кетпессің бе?».

Екінші жағынан, бұл — «…туған өлкемізде тау қопарып, тас жарып, Түрксибті салып жатқан, әуеде «Гәкку» қалықтап, жыр атасы — Жамбыл Сталиндей көсеміне теңеу таба алмай қиналған, Мырқымбай келіп темір тұлпардың тізгінін ұстаған — жаппай аттаныс, үлкен серпіліс» жылдары еді.

Жас журналист өмірдің ащы-тұщысын көре жүріп, қайткенде де өз халқына қызмет етуді мақсат қылды. «Қара қылды қақ жаратын әділдік тек бізде» дегенге ол шын сенді. Бүкіл ел сол әділдіктің жемісін тататын, рахатын көретін күн жақын деп сенді. Қалам құдіреті арқылы сол күнді жақындатуға өзі де үлес қоса алатынына сенді. Ал кейдегі бір келеңсіздіктерді «жоғары жақ білмейді» деп түсінді.

1937 жыл келді. Сол жылдың күзі еді. Нақ қазіргідей қазан айының соңы…

Смағұл аға былай деп еске алыпты:

«Ойымда еш нәрсе жоқ, күндегі әдетімше қызметтен келіп, беті-қолымды шайып, кешкі тамақты алдыма ала бергенде, әскери киімнің сыртынан күзгі пальто киген, аяғында құрым етігі бар бейтаныс жігіт кіріп келді. Қасында қақпа жақта тұратын көршіміз әрі біздің ағайынымыз Сейітқазы деген қарт. Ернінің ұшымен амандасқан болды да, босағада тұрған орындыққа отырып, «іше беріңіз» деген ишарат көрсетті. Бір сұмдықты сезгендей ішім мұздап, тұла бойым тітіркеніп кетті. Мұндайда тамағыңнан ас өте ме, қолымды сүрте бастадым. Дастархан басында шешем мен әйелім отыр еді. Қарасам, олардың да түсі бұзылған, сұп-сұр»…

Әскери киімді бейтаныс жігіт үй-ішін тінтіп шығып, жас журналисті алдына салып алып кетеді. Шеше, әйел, абыр-сабырдан оянған бесіктегі сәби бақырып қала береді.

Смағұлдың жүрегінде — үміт. «Басқа біреумен шатастырып алған шығар» — деп ойлайды. Өзінің еш кінәсі жоқ екенін біле тұра, басқа не ойласын? Бірақ… «…белгісіздік жан-дүниеңді жегідей жеп, тұңғиықтан шығудың жолын таппай булығатын шерлі күндердің алда тұрғанын кім сезген? Бұл кезең тек бір менің емес, қарапайым тілмен айтқанда, менің көкемдей адамдардың, тіпті есімдері ел аузында аңызға айналған небір асыл жандардың тағдырын тәлкек еткен үлкен зауал екенін кім түсінген!».

Жары сұр цемент, темір торлы шағын әйнегі бар тар камерада күндер өтіп жатты. «Кейде жел көшеде тартылған музыканың даусын жеткізеді. Мейрамға дайындық қой. Биыл — Ұлы Октябрьдің жиырма жылдығы».

Журналист Мұқашев алғашқы жауапқа қарашаның он үші күні ғана шақырылды.

Кейін ол естелігінде былай деп жазды:

— Қалай, ойландың ба? — болды тергеушінің алғашқы сұрағы.

Шағын бөлме. Төрде — стол, қарсысында, орта жерде — табуретка. Мен сонда отырмын. Тергеуші шешек тағы бар, ботқа бет, қысық көз жігіт. Жас шамасы менен үш-төрт жас үлкен болуы мүмкін. Алдында жатқан бірнеше бет машинкаға басылған қағазға көз жүгіртті де:

— Қане, жазуға қағаз-қалам берейін бе? — деп үстелінің тартпасын аша бастады.

— Не жазамын?

— Істеген ісіңді, қашан мүше болғаныңды, кім тартқанын.

— Ненің мүшесі?

— Өздеріңнің ұйымдарыңның.

— Қандай ұйым?

— Жігітім, қайда отырғаныңды білесің бе? Бұл сенің қылжағыңды көтеретін жер емес. Босқа уақыт алма, сенің контрреволюцияшыл-ұлтшыл ұйымның белсенді мүшесі екенің бізге мәлім. Соны мойындап, өз қолыңмен жазып бер: қашан кірдің, тағы кімдер бар, қандай тапсырма орындадың. Түсінікті ме? — деп тіктене бастады.

Өңім түгіл түсімде көрмеген, тіпті ойыма келмеген зат айтып отырғаны. Ондай пиғыл түгіл, біреудің өкіметке тіл тигізген сөзін естісем, жарылып кете жаздайтын кезім.

Смағұл аға сол орындықта ұйқы не тамақ жоқ, тапжылмастан бірнеше тәулік отырады.

Тағы да естеліктен үзінді ұсынсақ:

«…менен әл кетуге айналды. Тапжылмай отырғаныма үшінші тәулік. Үйдің іші буалдыр тартып, көзім еріксіз жұмыла береді. Жұмсам болды, алдыма тамақ келеді. Міне, жолдасым есіктен кіріп келеді, қолында бір табақ ет, буы бұрқырап, исі үйдің ішін алып барады. Бір жерде шешем  бауырсақ пісіріп жатыр. Әшейіндегідей кесемді ұстап, қасына барып, қызыл күрең бауырсақты уыстап сала бастаймын. Шіркін, дәмін!..

— Ей, аузыңды жап! Не шайнаңдап отырсың?

Көзімді ашып жіберсем, әлгінің бірі жоқ. Тек алдымдағы тергеуші аппақ сайкіге сары майды қалың жағып күйсеп отыр екен. Тамсанып, түкірігімді жұтамын. Кейде өз-өзімнен үрейленемін. «Жаңа қалғып кеткенде байқамай бір бәлеге қол қойып жіберген жоқпын ба» — деп зәрем ұшады».

Ұйқысыздық пен аштық, ауыр ойлар мен күдіктер құрсауында  бес күн, бес түн өтті. Тергеуші кабинетіне 13 қарашада кірген журналист Мұқашев тек 18 қарашада ғана шығады. Шыққанда — тіпті де бостандыққа емес. Керісінше…

Бұл жөнінде Смағұл ағаның естелігінде: «…мені ең үлкен бастығы Титовтың кабинетіне апарды. Полковник. Жанында — кішкентай браунинг, самайына ақ кірген сымбатты кісі. Бет-әлпеті татарға ұқсайды. Оның айтары қысқа болды. Алды да, қазақша сықпыртып боқтады, сөздігі жеткенше балағаттады.

— Қол қоймағанда, мойныңа алмағанда құтылып кетем деп ойлайсың ғой. Көрсетейін мен саған құтылғанды. Карцерге! — деп қолын бір сілтеді», — деп жазылыпты.

Ал кейін, арада ұзақ жылдар өткенде, нақ сол мекеме ғимараты облыстық газеттің редакциясына берілген. Міне, сол кезде жаңағы Титовтың кабинетіне Смағұл Мұқашев редактор ретінде енген.

Естелікте айтылады:

«Дүние — кезек» деген бар. Мен қазір осы кабинеттен мойныма тас байланғандай, еңсемді көтере алмай, тәлтіректеп зорға шығып бара жатсам, бірнеше жылдардан кейін, табалағаным емес, тағдырдың жазуы шығар — «өзі қазған орға өзі жығылып», сүйегі әлдеқайда қалатынын; ал мына кабинетке, кеңсе үйін алмастыруға байланысты, облыстық газеттің редакторы ретінде менің аяғымды нық басып келіп, төрдегі столға емін-еркін отыратынымды Титов ол кезде қайдан білсін?!».

Сонымен, тергеуші кабинетінен кейінгі күндер карцерде жалғасты. Журналист Мұқашев НКВД қызметкерлерінің қолында өзін қаралайтын ешқандай айғақ жоқ екенін, тек оны қажытып, еріксіз мойындатқылары келетінін түсінеді. Бірақ нені мойындамақ? «Ұйым болған соң оның мақсаты, мүшелері болуға тиіс. Бұған не деймін, кімдерді айтамын? Әттең, өзіммен қоса алып кететін қас дұшпандарым да жоқ екен», — деген секілді ұшы-қиыры жоқ ойлармен күн өтеді.

Естеліктен үзінді ұсынсақ:

«…бірде мені дауыстап шақырып карцерден алып шықты. Қақпадан көшеге шығып, ірге жолмен жүріп келеміз. Жан-жағыма қараймын. Дүние — қаз-қалпында. Әрлі-берлі ағылып жатқан жұрт. Көп үйлерден түтін шығады. Мына бұрыштағы биік ақ үй — «Актюбинская правда» газетінің редакциясы. Өзім күнде кіріп-шығып жүрген үйім. Ауласының ішінде жабық дүкен бар. Карточкамен тамақты содан алып тұратынбыз. Біздің кеңсе ар жағында, осыған жалғас үйде. Қазір кіріп барсам! Мені фотолабораторияға алып кірген екен. Сақал-мұртым бар, шаш өсіп кеткен. Өзім жүдеумін. Бірақ ерегесіп, әдейі күлімсіреп түстім».

Өзі күткендей сот болмаған. Сыртынан 10 жылға еңбекпен түзеу лагеріне жіберу жөнінде үкім шығарылыпты. Тағылған айып — Кеңес өкіметіне қарсы үгіт таратушы, революция жауы…

Смағұл Мұқашев «жазасын» Ресейдің Горький облысы аумағындағы НКВД-ның Унжа лагерінде өтеді. Алайда он жыл емес, өзінің еті тірілігі, тапқырлығы мен табандылығы арқасында үш жылда ақталып шықты.

Бірақ елге оралғаннан кейін көп ұзамай от пен оқтың арасына — майданға аттанды. Смағұл Мұқашев Бауыржан Момышұлы басқарған полктің 3-ротасында взвод командирі болған. Ұрыстардың бірінде ауыр жарақат алған. Сол жолы ол екінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденіне ұсынылады.

Соңынан Смағұл аға «Кездесу» очеркінде былай деп жазды:

«Міне, осы кезде ұсынылған награданы мен отыз жылдан астам уақыттан кейін алдым. Жоғалмаған екен. 43-армияның командашысы екінші дәрежелі Отан соғысы орденімен наградтаған. Әрине, армия басқарушысы қайдағы бір лейтенантты қайдан білсін, ұсынып жүрген полк командирі ғой, Баукең ғой. Баукең қандай ескерімді, ұмытпайтын, адамгершілік қасиеті мол адам еді. Алпысыншы жылдардың басында облыстық газеттің редакторы ретінде мен Қазақ КСР Жоғары Советі Президиумының указымен Құрмет грамотасымен наградталғанымда бұрынғы жауынгерін арнайы телеграммамен құттықтады».

Соғыстан кейін Смағұл аға үшін жайма-шуақ өмір басталды. Облыстық газетке қайта оралудың сәті түсті, ал кейін, газет редакторы болды, жоғарыда айтылғандай, бір кезде өзі жазықсыз жапа шеккен кабинетке аяғын нық басып еніп, төрдегі үстелде ұзақ жылдар бойы отырды.

1960 жылдары облыстық, аудандық газеттер беттерін ресми материалдар босатпайтын. Төрт бет түгел Хрущевтің сөзі болып кеткен нөмірлер де кездеседі. Әйткенмен, Смағұл Мұқашев басқарған «Социалистік жолда» әдебиет беті үзбей беріліп, газет оқырмандардың рухани сұранысын да қанағаттандыра алды. Ақтөбелік оқырмандар өз өңірімізден шыққан Тахауи Ахтанов, Қуандық Шаңғытбаев, Өтебай Қанахин сынды ақын-жазушылардың жаңа туындыларымен ең алғаш нақ осы облыстық газет арқылы танысты. Смағұл ағамыз Тахауи Ахтанов, Қуандық Шаңғытбаев сынды алыптармен достық қатынаста болған.

Иә, тағдырдың ауыр сындары артта қалған еді…

Сол сындардан қайыспай, абыроймен өткен Смағұл Мұқашев кейі-ін, өзі айтқандай, «базардан қайтып» келе жатқан шағында, құрылысшылардың баяғы НКВД үйін құлатып жатқанын көреді: «…сырттан суық жібермейтін, іштен дыбыс өткізбейтін метрге жуық қабырғаны шетінен қопарып, шаңын бұрқыратып машинаға тиейді.

— Талай жасырын қиянат істің, неше түрлі сұмдықтың тілсіз кәусі болған үй едің, барлық жамандық сенімен кетсін, — деп мен де сыңар уыс топырақ шаштым. Оқасы жоқ, сенің орныңа күні ертең осы жерге еңселі де сәулетті жаңа үй тұрады».

Расында да, бұрын Фрунзенің, қазір Жанқожа батыр есімін иемденген көше бойында орналасқан, 1937-де қасіретті мекенге айналғаныменен, беріде облыстық газет редакциясы болған бұл үйдің орнында ішкі істер саласы қызметкерлеріне арналған емхана тұр…

Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button