Басты жаңалықтар

Біздің редакторлар

Құбаш Қожамұратов

Облыстық газеттің тарихына көз салғанда Құбаш Қожамұратов есімі айбынданып алдыңыздан шығар еді. Ол осы басылымды үздіксіз он сегіз жыл басқарған.

Бұл он сегіз жылдың мәні ерекше. Өйткені ол редактор болған тұста отыз жетінің қуғын-сүргіні, екінші дүниежүзілік соғыс, қанды қырғыннан кейінгі елді қалпына келтіру, тың игеру майданы сияқты аты шулы оқиғалар орын алған еді. Осының қай-қайсысында да сол кездегі «Социалистік жол» газеті тізгінін ұстаған Құбаш Қожамұратовтың күн сайын алдынан шығатын қыл көпірден тайып кетпеуіне ешкім де кепілдік бере алмайтын еді.

Бірақ «от ішінде де мақтаны сақтайды» екен.

Ол өзіне сеніп тапсырылған қызметті барынша адалдықпен атқарып, шығармашылық топтың еңбегін уақыт талабына сай ұйымдастыра білді, ал ол редактор болған газет дәуір үні, аймақ шежіресі талабынан шыға білді.

Құбаш ақсақал алпыс төрт жасқа дейін газет қызметінде істеді. Оны білетіндер бұл кісінің адамгершілігін, көпке жаққан қадір-қасиетін, ерекше сыпа-тазалығын, өз кәсібіне адалдығын, қабілет-қарымының қуаттылығын ерекше бөлектеп айтады.

Тоқсан үш жасында дүниеден өткен абыз ақсақал өмірінің соңғы сәттеріне дейін өзі ұзақ жыл қызмет атқарған облыстық газет ұжымымен байланысын үзген жоқ. Кейінгі буын інілері де ол кісіге хабарласып, хал-жағдайын біліп тұрды.

Нұрқайыр Телеуов

«Ақтөбе» газеті тарихында ең ұзақ уақыт бас редакторлық қызмет атқарған адам. КСРО Журналистер одағының анықтамалығын ақтарсақ, бұрынғы Одақ бойынша үлкен газетте 27 жыл редактор болған адам екеу-ақ екен, сол екеудің бірі — Нұрқайыр Телеуов.  Оның тұсында облыстық газет «Құрмет белгісі» орденімен (1971 жыл) марапатталды, үш рет (1970, 1973 және 1983 жылдары) КСРО Халық шаруашылығы көрмесінің жеңімпазы атанды, КСРО Журналистер одағы мен «Журналист» журналының бірінші дәрежелі сыйлығымен марапатталды. Осы жылдардың ішінде Нұрқайыр Телеуовтің өзі де төрт орденмен марапатталыпты: екі рет «Еңбек Қызыл Ту» және екі рет «Құрмет белгісі». Кеңес Одағы бойынша төрт орден иегері болған жалғыз редактор да — Нұрқайыр Телеуов.

Ерекше айтатын жайт, Нұрқайыр Телеуовке дейін облыстық газет тарихы 1932 жылдан есептелген. Ал шындығында бұл — «Социалдық жол» болып газеттің аты ғана  жаңарған жыл. Облыстық газеттердің көпшілігі 1920-1925 жылдардан бастап шыққанын жақсы білетін редактор Телеуов Алматы, Мәскеу мұрағаттарына  қайта-қайта хат жолдап, ақыры Ленинградтағы (қазір — Санкт-Петербург)

Салтыков-Щедрин атындағы кітапханадан «Кедей» газетінің алғашқы нөмірін тапты. Газетіміздің тарихы, міне, осы кісінің арқасында бүтінделген еді…

Идош Асқар

ҚазМУ-дың журналистика бөлімін бітірген. Еңбек жолын Алға аудандық газетінде бастаған. Одан соң ұзақ жылдар Ойыл аудандық газетінде еңбек етті. Осы газетте Сәрсен Жұмағалиев, Құрал Тоқмырзин, Табыл Құлиясов, Сырым Бақтыгереев, Аманқос Орынғалиев сынды қаламгерлермен қызметтес болды. Ал облыстық газетте отыз жыл уақыт еңбек етті. Мұнда ол қарапайым тілші болып бастап, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары, редактор болды. «Ақтөбе» газетін 1996-2000 жылдар аралығында басқарды. Кеңес дәуірінен кейін экономика күйреп, құндылықтар алмасып, қай салада да реформалар жүріп, «ел жаңарып, қазан жаңарып» жатқан қиын тұста қаржы тапшылығы, қағаз жетіспеушілігі, басқа да толып жатқан қиындықтарға қарамастан, газет ұжымы оқырмандарға — қалың жұртқа «төртінші билік» ретінде үлкен тірек бола білді, көптеген жаңалықтар ұсынды. Бұл тұста басты тақырып — ел мүддесі, мұң-мұқтажы, әл-ауқаты болды, газет бетінде әлеуметтік өткір мәселелер жиі көтерілді.

Кейінгі жылдары әйгілі диқан Шығанақ Берсеев жөнінде, қазақ тарихының ұмыт қалған тұстарына қатысты зерттеулер жүргізді. Осы зерттеулер нәтижесінде Алматыдағы «Жазушы» баспасынан 2005 және 2008 жылдары «Шығанақ. Қазақ елінің еңбек паспорты», «Әзберген. Рухтың оянуы» атты кітаптары жарыққа шықты.

Әмір Оралбай

Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде оқып жүргенде-ақ республикалық басылымдарға мақалалары жиі басылып, қалың жұртшылыққа кеңінен танылған Әмірдің Алматыда қалуға мүмкіндігі бар-ақ еді. Бірақ ол елде қызмет істегенді қалады. Онда да облыс орталығында қалмай, ауданға жол тартты.

Мұғалжар өңірінде аудандық газеттің бүкіл сатысынан өтіп барып, облыстық газетке келді. Онда да шақыртумен. Мұнда ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі болған ол іс сапапарларға жиі шығып, экономика тақырыбын тереңнен қозғай бастады.

Әмірдің ең бір жалынды, қызу шақтары республикалық «Лениншіл жас», «Егемен Қазақстан» газеттерінде өтті. Ол меншікті тілші бола жүріп, талай-талай жауапты тапсырмаларды тап-тұйнақтай етіп орындағанына куә болдық. Күн сайын дерлік жарық көретін бұл басылымдардың өз тілшілеріне деген талаптары да қатты болатын. Соның бәрінде ол қатарының алдыңғы легінде жүрді.

Әмір Оралбай бір кездері өзі қызмет еткен «Ақтөбе» газетіне 2004 жылы бас редактор болып оралды. Сол жылы газеттің 80 жылдық мерекесін жоғары деңгейде атап өтуге ұйытқы болды.

Ол осы лауазымда құлашын кең жайып, мүмкіндігін терең танытатындай мерзім жұмыс істей алған жоқ. Өйткені оған басқа қызметтерге барудың реті туындады. Бірақ Әмір соның қай-қайсысында да өзінің адамды сыйлау, кішіпейілділік мінезінен танған жоқ.

Журналистика саласы бойынша филология ғылымдарының кандидаты атағын қорғап, енді Ақтөбе өңірінде журналист кадрларын даярлау ісін түбегейлі қолға аламын деп отырғанда, одан көз жазып қалдық.

Бірақ Әмір Оралбай қысқа ғұмырда «Ақтөбе» газетінде айшықты қолтаңбасын қалдырып үлгерді.

Қуаныш Тектіғұл

Редакторлық міндетті газетке ширек ғасырдан астам басшылық жасаған Нұрқайыр Телеуовтен қабылдап алған Қуаныш Тектіғұл 1992-1996 жылдары ерекше шабытпен, бар күшін сарқып жұмыс жасады. Бұл кейін «өтпелі кезең» деген атпен тарихта қалған ауыр жылдар еді. Осындай қиын шақта газеттің басшылығына, ұжымның бақытына қарай, екі бірдей оқу жоғары орнын: ҚазМУ мен Алматы жоғарғы партия мектебін бітірген, газетте ұзақ жылдардан бері жұмыс жасайтын сыралғы, кісілігі мен азаматтығы  жоғары үлкен азаматтың, білікті маманның келуі  зор абырой болды. Сірә, облыстық қазақ газетінің тарихында ұжым үшін Қуаныш Орынбасарұлындай жайлы редактор, жайсаң басшы сирек болған шығар. Ол екі қоғам ауысқан қиын шақта әр журналиске қамқор, жанашыр болумен бірге, шығармашылық жағынан да қатты өсірді. Сондай кезеңнің өзінде әр қызметкердің Алматы қаласынан білімін жетілдіруіне, тек облыс ішінде емес, еліміздің тысқары аймақтарында да іс сапарда болып, танымдық материалдар жазуына қаржы  тапты. Өзі де қаламы қарымды білікті редактор редакция ішіндегі байырғы қызметкерлерді орын-орнына жұмсап, аз жылда газетті оқырмандардың сүйікті басылымына айналдырды. Жас журналистерді тәрбиелеп, өсіріп отырды. Қуекең шебер редактор болумен бірге, ұжымның үлкен-кішісінің тілін білетін алды кең жақсы басшы болды.

Қасымжан Байсадақов

Бала кезінен жазу-сызуға жаны жақын Қасымжан Байсадақовтың алғашқы тырнақ алдысы сонау 1975 жылы 3-класс оқып жүргенде «Қазақстан пионері» газетінде жарияланған екен. Оқушылардың бас газеті «Қазақстан пионері» қанат берді ме, бұдан кейін жазуды көбейтті. Мектеп, ауыл өмірінен жазған хабарлары Қарабұтақ аудандық «Жаңа өмір» газетінде күн құрғатпай шығып тұрды десе де болады.

Осылайша Қасекең журналистикаға шындап мойын бұра берді. Ақтөбе ауыл шаруашылығы техникумында оқып жүргенде, оқу орнының қабырға газетін шығаруға ат салысты. Венгрияда жауынгерлік қызметін атқарған жылдары «Жауынгерлік беттің» белсенді тілшісі болды.

Ол Қарабұтақ аудандық комсомол комитетінде қызметте жүргенде де газеттен қол үзбеді. Аудандық газеттің жастарға арналған бетін ұйымдастырушы да, шығарушы да өзі болды. Кейін аудандық «Жаңа өмір» газетіне жұмысқа ауысып, 1993-96 жылдары редакторлық етті.

1996 жылы Хромтау аудандық газетіне редактор болып барды. Аудан аудан болғалы аудандық газет тек бір тілде — орыс тілінде «Красное знамя» деген атпен шығып келген. Қасымжан Тахауұлы газеттің «Хромтау» деп атын ғана өзгертіп қоймай, затын да өзгертті. Яғни газет қазақ және орыс тілінде шығатын болды.

Кейін Ақтөбе қаласына қоныс аударғаннан кейін облыстық мәслихаттың депутаты Қасымжан Байсадақовты депутаттар корпусы облыстық мәслихаттың хатшысы етіп сайлады. Ал 2004 жылы «Ақтөбе» газетінің редакторы болып тағайындалып, бұрынғы басшылық тәжірибесін байыта түсті.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button