Басты жаңалықтар

Олар — «ақтөбеліктер»

Серікқали БАЙМЕНШЕ, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшілігінің бірінші хатшысы.

Серікқали Байменше журналистік еңбек жолын «Ақтөбе» газетінде әдеби қызметшіліктен бастады. «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінің Қазақстанның батыс облыстары бойынша меншікті тілшісі, «Ақтөбе» газеті бас редакторының бірінші орынбасары жұмыстарын атқарған Серікқали аға ғылымнан да қол үзбеді. Бейімбет Майлиннің шығармашылығынан филология ғылымдарының кандидаттық, сосын докторлық диссертациясын қорғады. Жерлесіміз Жиенғали Тілепбергеновтің көркем-публицистикалық ғұмырнамасына арнап, «Елін сүйген ерек жан» атты зерттеу еңбегін жариялады. Сондай-ақ Серікқали Байменше әңгімелер жазып, көркем аудармамен айналысты. Әдебиетпен, ғылыммен шұғылдана жүріп, мемлекеттік деңгейдегі жоғары қызметтерде болды. Атап айтқанда, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті баспасөз секторының кеңесшісі, Қазақ КСР Сыртқы істер министрлігі ақпарат бөлімінің хатшысы, Парламент Сенаты аппаратында және басқа қызметтерде болды. Қазір Ресей Федерациясындағы Қазақстан елшілігінде жұмыс істейді.

Сексенбай Күлімбетов, облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы.

Әдетте «журналистен шенеунік шықпайды»  деп жатады. Бұл, сірә, қалам ұстаған қауымның еркін пікірді сүйетіндігіне байланысты айтылса керек. Бірақ журналистердің кез келген шаруаны дөңгелетіп әкететінін өмір көрсетіп отыр.

Мысалы, облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Сексенбай Күлімбетовті жаман шенеунік дей алмайсыз. Облыстық газеттегі қызметін корректорлықтан бастаған Секеңнің мықты жауапты хатшы болғанын да ел біледі. Содан кейін қалалық газеттің тізгінін ұстады. «Ана тілі газетінің» облыстағы меншікті тілшісі болды. Сол-ақ екен, басылымның облыстағы таралымы күрт көбейіп сала берді. Қазір облыста он мыңнан астам адам  «Ана тілін»  алып оқыса, Күлімбетовтің де еңбегі деп біліңіз.

Беріректе Ақпарат министрлігінің облыстағы басқармасын басқарды. Облыстан шығатын басылымдармен қоян-қолтық жұмыс істеді.

Облыстық тілдерді дамыту басқармасына жетекшілік еткелі бері тіл жанашырларының мерейі көтеріліп қалды. Өзі  батыр,  сөзі  батыл Секең ана тіліміз үшін тура жолдың үстінде келеді.

Жібі үзіліп қалған Қазақстан Журналистер Одағы Ақтөбе филиалының да жұмысы Секең қолға алғасын жанданып сала берді. Одаққа мүше журналистер туралы толық мағлұмат бар жинақ жарық көрді. Қаламы ұшқыр жас журналистер мүшелікке қабылданып жатыр.

Өзі журналист болғасын Секеңнің журналистерге деген ықыласы бөлек. Әсіресе,   «Ақтөбе» газетіне бүйрегі бұрып тұрады. Өйткені өзі ұшқан ұя ғой.

Раукен ОТЫНШИН, «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасының директоры.

Тағдыр кей адамдарға ылғи да  тосын сын әзірлеп отырады. Бұған  «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасын басқарып отырған Раукен Отыншиннің жүріп өткен жолы дәлел.

Мектепте қарапайым мұғалімдіктен оқу ісінің меңгерушісілігіне дейін көтеріліп, тәп-тәуір еңбек етіп жатқан Раукен аяқ астынан  ауырып, мамандығын ауыстыруға мәжбүр болады. Енді бәрін нөлден бастауға тура келеді. «Ақтөбе» газетіне корректор болып жұмысқа кірген ол өзінің ширақ қимылының арқасында  аз күнде ұжым қызметкерлері арасында зор беделге ие болып, жауапты хатшы қызметіне дейін көтеріледі.

Өзі мүлде білмейтін баспа саласына барғанда да, Рекең мүдірген жоқ. Аз уақытта баспаханадағы барлық машиналардың «тілін» меңгеріп, кәнігі маманға айналып шыға келді. Атыраудағы «Атырау-ақпарат» деп аталатын зәулім сарайдың құрылысынан бастап, онда ең озық үлгідегі баспа машиналарын орналастыруға дейінгі жұмыстың бәрі Отыншиннің қолынан өтті.

Әдетте газетте жұмыс істегендер ұңғыл-шұңғылы көп телевизияға беттей бермейтіні рас. Облыстық телевидениенің тізгінін қолға алған Раукен бұл саланы да тез меңгеріп алды. Қазір жұртшылық «Қазақстан-Ақтөбеден» тұшымды дүниелер көре бастадық десе, бұл ең алдымен телевидение басшысының арқасы!

Рекең өзі түлеп ұшқан «Ақтөбе» газетінің 85 жылдық мерейтойына 40 минуттық телефильм түсіртіп, үлкен сыйлық жасап отыр.

Амангелді МЕКТЕПБАЕВ, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының жауапты қызметкері.

Журналистерді кәдімгі патриоттықпен еңбек етіп, беріле жұмыс істейтін мамандық иелері деп айтуға болады. Тұрмыстық жағдайға қарамастан, жұмсаған жерге бара береді. Амангелді аға КазГУ-ді бітіргеннен кейін Ақтөбе телерадиокомпаниясына жұмысқа келеді. Сол жерде ұзақ жылдар еңбек етті. Компанияда түрлі жұмыстар жасады, бастықтың бірінші орынбасарына дейін көтерілді.

Амангелді ағамен амандасқанда інілері қысылып қалып жатады. Өйткені бұл кісінің амандасуы бөлек. Бала-шағаны кезек-кезек сұрап, асты-үстіңе түскенде ыңғайсызданып қалатынымыз рас.

Ал «Ақтөбе» газетінде жұмыс істеген кездер ауыр жылдар болатын. Қаражат жоқ, бюджеттен бөлінсе, қолма-қол ақша жоқ. Сондай ауыр жылдары Әбекең редакция үшін ақша табу, материалдық жағдайын үйлестіру жұмыстарында ұйымдастырушылық қабілетімен көрінді.

Сатыпалды СӘУІРБАЕВ, «Егемен Қазақстан» газетінің облыстағы меншікті тілшісі.

Саташ аталып кеткен Сатыбалды Сәуірбаев1980 жылы С.М. Киров атындағы КазГУ-дің журналистика факультетін бітіріп, асқақ арманмен Алматыдан Ақтөбеге келеді. Жастық жігермен дүниені қопарып тастайтындай болып келген ол газеттің ішкі әлемі басқаша екенін біледі. Бірақ тап аса қиындық көре қоймайды. Өйткені Нұрқайыр аға Телеуов басқаратын редакциядағы ағалары жастық жалынына жалын қосып, көмектерін тигізеді. Сәкең 1980 жылдан 2007 жылға дейін еңбек еткен жылдары облыстың шалғай ауылдарын түгелге жуық аралап шықса, газеттің арқасы.

Бір жылдан кейін шаңырақ көтеріп, отау құрғанда да ұжымның шапағатын көреді. Сол кезде редакция ұжымы тойын көтеріп, қолдау көрсетіпті. Алғаш бір бөлмелі, кейін үш бөлмелі пәтерді де «Ақтөбе» газетінде қызмет етіп жүргенде алған. Сондықтан Сатыпалды үшін газеттің орны ерекше.

Айдос ШӨКІШ, республикалық «Алтын Орда», «Заң» газеттерінің меншікті тілшісі.

Айекеңнің алтын қаламы өмірінде жорғасынан жаңылған емес. Оның қаламгерлік қадамының іздері Торғай облысында да қалды. Ақтөбедегі айшықты адымдары осы өңір тұрғындарының көз алдында. Бастапқы тұста Қобда ауданында қазақша газетке қанат бітірді.

Кейін бірсыпыра жыл облыстық газетте шолушы, жауапты хатшының орынбасары қызметтерін атқарғанда өзінің әмбебаптық алғырлығын сан қырынан танытты. Жалғыз өзі нардың жүгін көтергендей шаруалар да атқарып жүрген кезін көргендер бар. Оның ерекше қасиеті — тақырып таңдамайды, қай салаға салса да топты жарып өтер жүйріктей суырылып шыға береді. Тағы бір бөлекше мінезі — үлкенді де, кішіні де құрметтеп, ибалы қалпынан аумайтындығы.

Айекең — немерелерінің сүйікті атасы да. Соларды бірер мәрте құшағына қысып алады да, шаршамай-шалдықпай алға тарта береді. 

Мейрамгүл САТАЕВА, облыс әкімі баспасөз қызметінің бас маманы.

21 жасында жұмысқа келген Мейрамгүл Сатаева редакциядағы ең жас журналист болды. 2001-2009 жылдар аралығында «Ақтөбе» газетінде шығармашылықпен еңбек етіп, біршама табыстарға да жетті. Мәселен, азаматтардың құқығын қорғау тақырыбындағы мақалалар топтамасы үшін «Сорос» қорының грамотасына ие болды. Ал «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты атануы, Мейрамгүлдің шығармашылығының биік деңгейін көрсетсе керек. Ақтөбе облысы, қала әкімдерінің сыйлықтары өз алдына бір төбе.

Қашан да көңілді жүретін Мейрамгүл Рахатқызы бөлменің рахатты көңіл-күйін жасап отырды. Қалжыңы қалтасынан түспейтін Мейрамгүл Рахатқызы журналистіктен шенеуніктік қызметке барса да, мінезі әлі де сол — «рахатизм». Әрине, Мейрамгүл, өзіңнің сөзіңмен айтсақ, «көңілді болған жақсы ғой, көңілсіздіктің несі жақсы».

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ, «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасының редакторы.

Шалқардың ен даласындай кеудесі кең, жүрегі үлкен Жәкең қай адамға да жақсылық жасап, қуаныш сыйлауға дайын тұрады. Ақтөбе газетінің қай нөмірін алсаң да, Жанғабыл ағаның біреудің қайғысына ортақтасып, көңіл айтқанын немесе мерейтойымен, басқа да мерекемен құттықтауын көруге болады.

Ұзақ жылдар «Ақтөбенің» меншікті тілшісі қызметін атқарып, өте шапшаңдығымен, ұшқырлығымен беделді журналистердің қатарында болды. Ол жылдары жазған материалдарын пойыздың жолсеріктері немесе таныс жолаушылар арқылы жіберген күндерін ұмытпайды. Күтіп алатын адам іздеп, Ақтөбеге телефон шалу әлегі тағы барын айтсайшы. Қазір ғой, факс, компьютер, электронды пошта —бәрі бар. Жәкең кейін «Ақтөбе» газетінің аппаратына шақырылып, жауапты хатшы қызметін атқарды.

Қазір Жанғабыл Қабақбаев алшаң басып, телекомпанияның редакторлық қызметін абыроймен атқаруда. «Ақтөбе» газетін де ұмытпай, мақалаларын әкеліп тұрады.

Бауыржан ҚҰРМАНҚҰЛӘУЛЕТІ, ақын.

Бәукеңнің журналистігінен бұрын оның үлкен әріппен жазылатын азаматтығын, қазақ деген туған халқына адалдығын айтып өткен жөн. 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі кезінде жастарды қолдап, билікке наразылық білдіргендердің бірі —Бауыржан Құрманқұләулеті. Ал Бәукеңдей капитан шеніндегі басқа бір тексіз адам болса, тәуекелге бармаған болар еді. Бәукең осы оқиға кезінде тәуелсіздікті аңсаған қазақ жастарының жағында болды. Сондықтан да болашағы зор милиция қызметкері жұмыстан кетті.

Бұдан кейін Бәукең облыстық телерадио комитетінде қызмет етті. «Ақтөбе» газетінде жұмыс істеген кезінде ақын жүрегіндегі елге, халыққа деген өзінің жанашырлық ойы проблемалық мақалаларында көтерілді. Оның бәрі оқырман қауымның есінде қалған болар.

Ақын демекші, Бауыржан Құрманқұләулетінің алғашқы шығармалары «Балауса», «Рауан», «Баспалдақтар» атты жыр жинақтарына енді. Кейін «Кеш емес әлі», «Хат» атты жыр жинақтары «Жалын» баспасынан жарық көрді.

Серік Омаров, облыс әкімі аппаратының бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы.

Газет пен баспахана — егіз. Өйткені екі ұжымның жұмысы бір-бірімен тығыз байланысты. Сондықтан, әсіресе, бүгінгідей компьютер жоқ кезде редакция мен баспахана арасындағы жол сайрап жатты. Ал Серік Кәрімұлы газетке қатысты еңбек жолын алдымен баспаханадан бастады. Линотипте терілген газет материалдарын беттеп, қаттап, басу машинасына дайын қылатын. Бет шығару оңай іс емес, оған да шеберлік керек.

Осылайша баспаханада еңбек ете жүріп, КазГУ-дің журналистика факультетіне сырттай оқуға түсті. Газетте бұрын жұмыс істемей, күндізгі бөлімде оқып жатқан студенттер үшін, әсіресе безендіру іс пәніне келгенде қиын соғатыны рас. Ал Секең қиналмай-ақ оқып шықты. Оқу бітіргеннен кейін бұрынғы Октябрь аудандық (қазіргі Мұғалжар аудандық) «Октябрь туы» газетінде тілші болды. 1985 жылдан бастап «Ақтөбе» газетінде шығарушы, тілші, аға тілші болып жұмыс істеді. Секеңнің макет жасауға қабілетін аңғарған редакция басшылығы секретариатқа ауыстырды.

Кейін С.Омаров басқа қызметтерге ауысса да, оның негізгі жұмысы БАҚ-пен тығыз байланыста болды. Мәселен, облыстық мәслихаттта, облыстық әкімдікте баспасөз хатшысы ретінде журналистерден, оның ішінде «Ақтөбе» газетінен қол үзбеді.

Сағындық НИЯНҚҰЛОВ, тілдерді оқыту орталығының қызметкері.

Сәкең — КазГУ-дің журналистика факультетінің 1982 жылғы түлегі. Жоғары оқу орнын бітірген соң, шығармашылық жолын облыстық газетте бастады. Сырттай қарағанда сыпайы жігіт көрінгенімен, оны өзі ұстанған пікірінен ауытқыта қою қиын. Бастығына да тікелей айтып салатын турашыл мінезі бар. Сондайдан кейде біреуге жағып, біреуге жақпаса да, оған апшып жатқан бұл кісі көрінбейді. Ішіндегі көп ойын кейде өлең арқылы білдіреді.

Біраз жыл облыстық газетте қызмет атқарғанда ол қаламының желі бар тым тәуір журналист екендігін танытты. Қазір басқа салада жүрсе де, өз ұясын ұмытпайды, бір айналып соғып тұрады. Іс сапарға шығып жатса, қаламы қозғалып, жазған дүниелерін және әкеліп тастайды.

Сәкеңнің жұрт қызығарлық бір ерекшелігі, «жүз грамм» дегенге жолап көрген емес, темекі атаулыға турасынан жауыға қарайды.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА, Ақтөбе Мемлекеттік педагогикалық институтының «Хабаршы» ғылыми-әдістемелік журналының жауапты хатшысы.

Бір қарағанда Ардақты сықақшы деп ойлаудың өзі қиын. Әрине, жеңіл күлкі айтқандардың бәрі сықақшы емес. Ал мінезі салмақты, не нәрсеге де ойлы қалыппен қарайтын, бірақ тілінің уы садақтың жебесіндей Ардақтың сықақтары мен фельетондары, әсіресе, «Ара» журналында еңбек еткен кезде жиі жарияланды. Сондықтан оқырмандар Ардақты фельетоншы, сықақшы ретінде біледі. Ал оның әуелі Қазақстанның бірден-бір журналы — «Жаңа фильмде» журналистік еңбек жолын бастағанын айта кеткен жөн. Журналдағы жарияланған кино төңірегіндегі мақақалаларына, шолуларына мәскеулік азулары алты қарыс сыншылар да мін таға алмады. Бір жылдары «Мәдениет» журналында жұмыс істеді. «Елде болған қиыншылық уақытта үш журналды да жауып, Ақтөбеге келдім», — дейді Ардақ әзіл-қалжыңы аралас.

Ардақ «Ақтөбе» газетінде еңбек еткенде де оқырманға, жалпы халыққа керекті салмақты материалдар жазды. Келеңсіз жайттарды сын садағына алуды, әрине, ұмытқан емес.

Баян СӘРСЕМБИНА, «Жас Алаш» газетінің облыстағы меншікті тілшісі.

Қаламы қарымды, сөзі мірдің оғындай өткір Баян 1992-1998 жылдары Алматыда «Жас Алаш» газетінде жұмыс істеп жүрген кезінде журналист ретінде республикаға танылды. Елде жаппай ауырлық жайлап, оның үстіне шенеуніктердің өзі «жығылғанға — жұдырық» дегендей, жемқорлыққа барып жатқанда өткір-өткір мақалалар жазды. Оның материалдары жалпы оқырманға ұнағанымен, шенеунік ағаларына ұнамай, солардың қысымына ұшыраған кездері болды. Кейін отбасы Ақтөбеге қоныс аударды. «Ақтөбеде» жұмыс істеді. Мұнда да проблемалық мақалалар жазып, жұрттың көңілінен шықты. «Алтын Орда» газетінде де өзінің журналистік белсенділігін жоғарылата берді.

Зәуреш БАСЫҒАРАЕВА, «ҚазТрансОйл» АҚ Батыс филиалының Ақтөбе мұнай құбыры басқармасының маманы.

Зәуреш Ақтөбе педагогикалық училищесін тәмамдағаннан кейін білім алуды одан әрі жалғастырды. Бұл мұғалімдіктен қашқаннан емес. КазГУ-дің журналистика факультетін бітірсе де, ауылда ұстаздық етті. Сосын барып 1997 жылы «Ақтөбе» газетіне қызметке келді. 2001 жылға дейін құлаш-құлаш материалдар жазды. Жазғандарын бөлім меңгерушісі Амангелді Смағұлов үн-түнсіз алып қалады. Шықпай қала ма деп қорқады. Бірақ бірде-бірі жарақсыз болмай, шығып жатты. Зәурештің салмақты мақалалары оқырмандардың көңілінен шығып, биліктегілерге ой салатын еді. Мысал керек пе? Мәселен, бір ғана мақаласының тақырыбы: «Құлбазарда қажып жүр талай қазақ баласы…», Тақырыптың өзі мақаланың мазмұнын ашып тұр. Қызыға оқуға болады. Педучилищеде дәріс берген ұлағатты ұстазы Зоя Бралова туралы «Жаз ғұмырдың бесіні еді» атты эссе жазды. Газеттің әлеуметтік тақырыптарға арналған «Көзімнің қарасы», «Отбасы» беттерін шығарды. Зәуреш тек баспасөздің күнделікті күйбің тірлігінде қалып қоймай, әдемі-әдемі көркем әңгімелер де жазды.

Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ, «Ойыл» газетінің редакторы.

«Ойыл» газетінде, «Қазақстан-Ақтөбе» телекомпаниясында, «Ақтөбе» газетінде жұмыс істеген Серікбай туған өңір үшін еңбек етуге қайтадан Ойылға кетті. Жасында футболмен айналысқан Серікбай балаға жақын. Ақтөбе қаласының Қонаев көшесінде тұрғанында көше балаларын жинап, кәдімгідей команда құрды. Серікбайдың «серіктері» «Былғары доп» жүлдесі үшін қала біріншілігінде төртінші орынға жетті. Ал №8 футболдан олимпиадалық резервтер даярлайтын балалар мен жастар спорт мектебінде жаттықтырушы болған кезінде биыл Қазақстан чемпионы болған 1996 жылы туған балаларды жасақтады. Ол балалар алғашқы бапкеріміз Серікбай ағай деп мақтанышпен айтады. Сонымен Серікбай — газетке де, спортқа да керек маман.

Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН, «Екі езу» эстрадалық миниатюра театрының директоры.

«Ақтөбе» газетінде жүрген Нұрлыбекті бір ой мазалап, тыныштық бермеді. Сонау 1990 жылдардың ортасында, «өнерден өңеш озған жылдары», халыққа керегі рухани азық еді. Нұрлыбек ақыры өзінің дегеніне жетті: «Екі езу» театрын ашты. Халықтың екі езуін екі құлағына жеткізсем деген еді. Оған да жетті. Сықақ әңгімелер, интермедиялар жазды. Жазып қана қоймай, сол шығармалардың қоюшы-режиссері де, ара-арасында артисі де өзі болып жүр. Сонымен қатар ұйымдастыру жұмыстары тағы мойнында. Астананың, Алматының кең сахналарында өнер көрсетіп, Құдайберген Сұлтанбаевтан бата алды. Бата қабыл болды. Қарап жүрмей, «Ақтөбенің айтқыштары», «Айтқыштар — Ақтөбеде» атты аймақтық әзіл-сықақ байқауларын ұйымдастырып, «тілі мен жағына сүйенген» талай жастың тұсауын кесті, алғысын алды. Театр ұжымы 2002 жылы Алматыда өткен І республикалық әзіл-сықақ сайысында 2-орынды иеленсе, сол жылы Астана қаласында өткен V халықаралық «Шабыт» фестивалінде бас жүлдені жеңіп алды. Мәдениет министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Нұрлыбек Жұбатқан 2003 жылдың Ақтөбе облысы бойынша «Жыл адамы» атанды.

Нұрлыбек осылайша халыққа нұрлы күлкі сыйлап жүр.

Серік ӘБДІБЕК, «Рика-ТВ» телеарнасының журналисі.

Тарихшы болсам деген жас жігіттің көңілі университет қабырғасында жүргенде-ақ журналистикаға ауды. Солайша ол «Рика-ТВ» телеарнасына журналист болып орналасты. Кейін «Ақтөбе» газетіне келіп, экранды газетке алмастырды. Серік телеарнада да, газетте де өзінің ұшқырлығын, шеберлігін танытып келеді. Оның сараптама материалдары, репортаждары көрермендер мен оқырмандарға жақсы таныс. Қоғамның кез келген саласын ажырата білетін, оны талдап,талқылап жаза біледі. Серіктің тағы бір жұртқа керек қасиеті бар. Редакция ішіндегі ұжымдық шараларды өткізу, жолын табу мәселелері көбіне Серік арқылы шешіліп жататын. Ақ көңіл жігіт көмек сұрап келген адамдарға қол ұшын беруге қашан да даяр.

Ақбаян СҰЛТАНМҰРАТОВА, «СНПС Ақтөбемұнайгаз» АҚ баспасөз қызметінің маманы.

«Ақтөбе» газетіне бір жылдары кілең жастар келді. Жастар болғанда, қыз балалар. Мейрамгүл Сатаева, Гүлжайнар Қалдина, Арайлым Нұрбаева, Айнұр Жалмағамбетова, Гүлжан Базылқызы, Кәмшат Қопаева секілді жастар легі қаламдарын осы газетте ұштады. Қаламының желі бар Ақбаян «Ақтөбе» газетіндегі құрбылары арасында өзін көрсете білді. Қыз бала болса да редакция тапсырмасы бойынша кез келген ауылдарға шығып, тым жақсы материалдар ұйымдастырды. Сонымен қатар, газеттің «Жастар» және «Шаңырақ» атты қосымшалары шығып тұрды. Жастарға және өзге ұлт өкілдеріне арналған қосымшалардың белсенді шығарушысы болды.

Асқар АҚТІЛЕУОВ, «Рика-ТВ» телеарнасының журналисі.

Газетімізде еңбек еткен жастардың бірі — Асқар. Ұяң, артық-ауыз сөзі жоқ. Сұрасаң ғана жауап береді. Бірақ соншалықты томаға тұйық емес. Бұл — адами қасиеті. Ал оның журналистік шеберлігі — ақпарат көзін тапқыш: қай жерде нендей жиналыс немесе бір шара өтетінін біліп отырады. «Айқын» газетінде жұмыс істеген кезінде өңірдің жаңалықтарын республикаға таратып отырды. Қазір «Рика-ТВ» телеарнасында белді журналистердің бірі.

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button