Басты жаңалықтар

Одақ және облыстық газет

Жиырмасыншы ғасырдың басында Петербор мен Мәскеуде ерекше дүмпу алған революциялық қозғалыстардың ақыры бұрын Жер бетінде болып көрмеген жаңа мемлекет орнатумен аяқталды. Капитализмді аттап өту мен социалистік мемлекет құру дегеннің қандай болатынын көзбен көрдік. Қазіргідей ілім-білім жан-жақты жетілген шақта, Ленин мен оның рухани ұстазы Марксті қалай төпелесең де, ешкім ештеңе дей алмайтын мына кезеңде, сол социализмнің дұрыс-бұрысын қалауыңша аударып-төңкеріп көруіңе болады. Бірақ бұл ісіңіз жау кеткен соң, қылышыңды тасқа шабу болып қала береді.

Әңгімеміз қаламгерлер туралы болғандықтан, осы социалистік қоғамның қазақ даласының кей ауылдарына қалай келгенін өз тілімен көркем суреттеген жазушы Дулат Исабековтің «Бонапарттың үйленуі» әңгімесінен үзінді келтіре кеткенді жөн көрдік: «…Жалпы, бұл ауылға жаңалық біткен жұрттың ең соңынан жететін әдеті, тіпті, совет үкіметі де Сырдан кешіп өтіп, алланың уысындағы алыс ауылды табамын дегенше де екі жыл жүрген. Совет үкіметі дегенді бұл ауыл кенеттен естіді. Бес қанат қара үйдің алдында қатпа қара кемпір жайбарақат жабағы жазып отырған, екі атты жерден шыққандай табан асты сау ете қалды. Сау ете қалды да, ал кеп бұның аты-жөнін, әкесінің атын, қайдан шыққанын, кімнен туғанын, кіммен тұратынын, саяси көзқарасын, бала-шағасын түп-түгел сұрап шықты. Сұрап болған соң: «енді сіз совет адамы боласыз» деді де, аттарына отырып басқа үйлерге кетті. Қара кемпір түкке түсінбей қалды. Феодализм кезінде түткен жүнін социализм кезінде де жалғастырып, қаннен-қаперсіз отыра берді. Бүтін бір дәуірден, бүтін бір дәуірге жүн түтіп отырып-ақ, аттап кеткенін ол ойлаған да жоқ…»

Ал кей ауылдарға солайша келген жаңа өкіметтің қазақ даласына әкелген бір жаңалығы — қылыш орнына енді қаламсап пен қағаз ұстатуға көшкендігі еді. Ақтар жойылып, қызылдар қыр басына шыққаннан кейінгі алғашқы шаруалардың қатарына елді сауаттандыру, соның ішінде газет сөзі арқылы тәрбиелеу, сара бағыт беру мәселесі мықтап қойылды.

85 жылдығын тойлап жатқан «Ақтөбе» газеті сол жиырмасыншы жылдары сондай талаптармен дүниеге келген, әуелі «Кедей» деп аталған төлдердің бірі еді.

Газет пен журналдың ісіне қашанда ақын-жазушылар тартылатыны белгілі. Қазан төңкерісіне дейін де солай болған, одан кейін де солай болды. Рас, ол кезде түрлі жағдайда өзгелерден озықтау білім алған ақын-жазушы атаулы астаналарда — әуелі Орынборда, кейін Қызылордада, сосын Алматыда жүргені белгілі. Қазір де Алматы мен Астанада жүрген қаламгердің барлығы дерлік әлдебір облыстың әлдебір ауданындағы әлдебір аулында дүниеге келгендер. Түрлі себептермен қалың елдің ортасында жүргендер ол кезде де болған, қазір де, шүкір, бар.

* * *

1924 жылы шыға бастаған «Кедей» газетінің алғашқы нөмірлерінің біріне редактор ретінде қол қойған Абдулла Құлыбеков (1903-1953) сондай қаламгерлердің бірі еді. Ырғызда кедей-шаруа отбасында туып, кеңес өкіметі тұсында орта дәрежелі білім алған, 1924 жылы коммунистер партиясы қатарына өткен ол Ақтөбенің облыстық газетінде қызмет еткен ең алғашқы КСРО Жазушылар одағының мүшесі.

А.Құлыбековтың одан арғы өмірбаяны «Советтік Қазақстан жазушылары» («Жазушы», 1987 жыл) кітабында былай баяндалады:

«1924 жылдан 1937 жылға дейін партия және совет органдарында түрлі басшы қызметте болды. 1937 жылдан өмірінің соңына дейін ол Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті жанындағы Маркс — Энгельс — Ленин институтының қазақ филиалында редактор және Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасында аға редактор болып қызмет істеді. А.Құлыбеков марксизм-ленинизм классиктерінің шығармаларын аударуға белсене қатысқан. Сондай-ақ ол орыс және дүниежүзілік классикалық көркем әдебиеттің таңдаулы дегендерін қазақ тіліне аударушылардың бірі ретінде белгілі».

Осы анықтамалық кітаптың ақпарына көз жүгірте отырып, біз А.Құлыбеков, мысалы, Даниэл Дефоның «Робинзон Крузосын», Сервантестің «Дон Кихотын», Стивенсонның «Қазына аралын» қазақ тіліне алғашқы аударушылардың бірі болғанын білдік.

* * *

ХХ ғасырдың басында қазақтың талай тарлан боздары тәлім алған Уфадағы «Ғалия» медресесін 1918 жылы тауысқан, сол медреседе 1915-1918 жылдар аралығында қазақ балалары шығарып тұрған «Садақ» қолжазба журналына әйгілі Бейімбет Майлиннен кейінгі редактор болған шәкірт —  Жиенғали Тілепбергенов (1895-1933) еді.

Әуелде өз аулындағы бастауыш мектепте, Орынборда оқыған ол енді медресе бітірген 1918 жылдан бастап, Қонжар, Қандыағашта мұғалім, Темірде оқу бөлімінің инспекторы, меңгерушісі болып келді де, 1925 жылы жаңа заманның жаршысы — «Кедей» газеті редакторының орынбасары болды.

Ал Петропавлдағы «Бостандық туы» газетінің редакторы (1927-1928), Қызылордадағы ағарту институтының оқу-тәрбие жұмысын басқарушы (1929), «Сыр бойы» газеті редакторының орынбасары, Алматыда Қазақ мемлекеттік баспасының (1931), Темірде «Социалистік майдан» газетінің редакторы (1932-1933) болғаны, көріп отырғанымыздай, кейінгі өмір сораптары.

Ол журналистиканың бар жанрында жазды, әсіресе, сатиралық суреттемелер мен фельетондары уыттылығымен және тартымдылығымен көзге түсті. 1930 жылы жазылған «Таңбалылар» повесі Жиенғалидың өзіндік стилі бар жазушы екендігін айқын танытқан туынды болды. Жазушы қазақ прозасының қалыптасуына үлкен үлесін қосты. Қалқаман есімді кейіпкерді он шақты әңгімесінде әр түрлі өмір өткелінен өткізе суреттеп, Мырқымбайдың інісіне айналдырды.

Осы арада айта кеткен жөн, ұзақ жылдар бойы шығармалары көзден де, көңілден де таса болып кеткен қаламгердің шығармаларын қазіргі көрнекті ғалымдардың бірі, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішев құрастырып, алғы сөзін жазып, 1969 жылы «Жазушы» баспасынан «Ізбасар» деген атпен жариялаған еді.

Жазушының драматургия саласында да өнімді еңбек еткені белгілі. Т.Ахтанов атындағы қазақ драма театры оның «Перизат — Рамазан» пьесасын сахналады. Жазушының шығармашылығы жөнінде кандидаттық диссертация қорғалды. Ақтөбе қаласының бір көшесіне оның есімі берілді.

* * *

«Ақтөбе» газетінде ізі қалған көрнекті тұлғалардың бірі — Қазақстанның халық жазушысы Қуандық Шаңғытбаев (1925-2001).

1945 жылы жиырма жастағы жас жігіттің алғашқы жыр жинағы жарыққа шықты. Шыққанда қандай, жинаққа алғы сөзді сол кездегі қазақ әдебиетінің тірі классигі Мұхтар Әуезов жазған болатын. Рас, бұл жинақ көп ұзамай солақай сынға ілікті. Бұл туралы 1995 жылы «Мэтр» деген мақаласында қазіргі классиктеріміздің бірі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Есенғали Раушанов былай деп жазғаны бар:

«…Мұхаң кезінде Қуан-ағаның «Ар» жинағына алғы сөз жазған. Алғы сөздің соңы — үлкен дау-шарға ұласып, екеуіне де «ұлтшыл» деген айып тағылғанға ұқсайды. Бұл уақиғалар туралы Қуан-ағаң әңгіме айтпайды. Біз қайта-қайта сұраймыз, ағекеміз үндемей қалады да, «қой, одан да өлең оқылық» деп, немесе «Мұхаң сұлу кісі еді ғой» деп, ат басын ақ бас шыңға бұра кетеді. Дұрыс. Айтпаса айтпасын. Айтқысы келмейтін шығар. Ол даудың басы-қасында біз жоқпыз. Біздікі — долбар. Долбарымызша, цензура қалыптастырған қасаң тіл әдебиетті шырмап тұрған шақта, таудан ескен самалдай жан жадыратар жаңа леп боп келген қазақы әдемі тіл, сұлу тіркестер үкімет пен партияға жаға қоймаған болар. Жақпайтын себебі — әдемі тілдің астарында ұлттың рухы жатты. Өлмес, өшпес рух! Күшті рух! Бүткіл айла-шарғысы сол рухты әуелі жүгендеп, кейін шідерлеп, ақыр соңы пышаққа жығуға бағышталған партия оны неге кешірсін…»

Сол сынның әсері болды ма, әлде басқалай себептер табылды ма, әйтеуір кейін ақын біраз уақыт Ақтөбеге қоныс тепті. Ақтөбе педагогикалық институтында кафедра меңгерушісі, облыстық «Социалистік жол» және «Ақтөбе правдасы» газеттерінде бөлім меңгерушісі болды. Бұл қалада біраз ат шалдырған соң, ол Алматыға қайта оралып, қазақ жұртына өзінің жаңа мектеп қалыптастырған сұлу жырларын ұсынуға кірісті.

Ақын қаламынан әр жылдары «»Аққу әні», «Ар ма, республикам», «Лирика», «Гүлтолқын», «Саршатамыз», «Жыл құсы», «Махаббат пен ғадауат» тәрізді тамсандырар жыр жинақтары туындады, «Беу, қыздар-ай», «Ой, жігіттер-ай» пьесаларын, «Алтын таулар», «Айсұлу» операларының либреттосын жазды.

Ақынның аудармашылық шеберлігі де ерекше еді. Ол А.С.Пушкиннің «Евгений Онегин» романын, Омар Хайямның рубаяттарын, Роберт Бернстің, Гетенің, М.Ю.Лермонтовтың шығармаларын қазақ тіліне сән-салтанатымен аударып берді.

Аудармашылық қызметі үшін ақынға Халықаралық Пушкин сыйлығы берілді.

* * *

Әдебиеттен хабары бар жұрт әуелі «Мен туыппын ақпандатқан боранда» деп аталатын өлеңін еске түсіретін көрнекті ақын Ізтай Мәмбетов (1929-1974) біздің облыстық газетте бір жыл шамасы ғана қызмет етті.

Отбасы жағдайына қарайлап келген ақынды дүбірі мол Алматы жақын тарта берді. Сол дүбірге қайтадан қосылған Ізтай ақынның да тұлпары көсіле шапты.

Алғашқы өлеңдер жинағы «Тұңғыш» деген атпен 1955 жылы жарық көрген соң, ақын «Табантал», «Жол ұзақ», «Тарланбоз», «»Жылы жел» тәрізді оншақты жыр кітаптарын ұсынды.

Оқырмандарды тақырып кеңдігімен де, көркемдігімен де риза еткен «Жыр — Жәмила», «Пушкин мен Әміржан», «Пугачев нөкері», «Тұңғыш Тоқай», «Сал Сары» поэмаларын жазды.

Пушкин, Лермонтов, Брюсов, Блок, Байрон, Петефи жырларын қазақ тіліне аударуға ат салысты.

Өзі өмірден өткен соң, екі рет таңдамалы шығармалары (1976, 1983) жарық көрді.

* * *

Облыстық газетке ақын, «Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі» Мұхтар Құрманалин Қарабұтақтың Бөгетсайында мұғалім болып жүрген кезінде, 1958 жылы шақырылып еді. Содан 1971 жылы Қазақстан Жазушылар одағы өзінің Ақтөбе облысаралық бөлімшесінің әдеби кеңесшісі қызметіне қалап алғанға дейін мәдениет және өнер бөлімін басқарды, журналистиканың ащысын да, тұщысын да татты. Кезінде «Қайнар» баспасынан жарық көрген «Жұлдызды сауыншы» және «Жылқылы ауылдың жігіттері» атты очерктер жинақтары — сол кезеңнің жемістері.

Мұқаң газеттің күнделікті күйбеңіне байланып қалған жоқ, Алматыдан «Әткеншек», «Шалқар теңіз», «Аспан», «Көңілімде бір күй бар», «Мөлдір моншақтар», «Алыстағы найзағай», «Сәлем», «Домбыра сазы», «Ашық сабақ», «Көңіл күнделігі», «Қағаз қайық», мәскеулік ақын Владимир Савельевтің аударуымен орыс тілінде «Вечный огонь» жыр жинақтары шықты, «Жалын», «Балауса» баспалары жариялаған жабық конкурстардың екі дүркін жүлдегері болды.

«Ақтөбе облысына еңбегі сіңген қайраткер» атанған Мұқаң 80 жасқа толғанда жазған мақаласын қаламдас інісі Мейірхан Ақдәулетұлы «Патриарх» деп атаған болатын. Сол лебіз — Мұқаңа берілген өте әділ баға.

* * *

Облыстық газет қызметкерлері құрамына танымал қаламгер ретінде келіп қосылғандардың бірі жазушы Тобық Жармағамбетов (1934-1973) еді.

КазГУ-дің филология факультетін үздік бітірген ол әуелі өзінің туған аулы Жарқамыстағы орта мектепте, Байғанин аудандық «Жаңа өмір» газетінде, Ақтөбеде жаңадан ашылған телевизия студиясында қызмет атқарған соң, облыстық газетке келген еді. Кейін облыстық мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамына төрағаның орынбасары қызметіне ауысқанға дейін Тоқаң да газеттің жұмысына мол еңбек сіңірді.

Қай қызметте жүрсе де, қолынан қаламы түспеген талантты тұлғаның «Жазушы» баспасынан «Нәзік бұлттар», «Екі жүрек», «Сентябрь түні» деген атаулармен повесть, әңгімелер жинақтары шығып жатты.

Ал қолжазба күйінде қалған «Соңғы хатты» және «Ақ жауын» атты бір томдық таңдамалыны осы баспа оқырмандарға жазушы өмірден өткен соң ұсынды. 2002 жылы «Раритет» баспасынан жазушының жанашыр шәкірті ақын Есенбай Дүйсенбайұлының құрастыруымен «Отамалы» деген атпен повестер мен әңгімелер жинағы шықты.

Биыл, 15 қазанда туғанына 75 жыл толған Тоқаңның ғұмыры 39 жаспен шектелді, көкірегіндегі көптеген шырайлы шығармалары жазылмай қалғаны үлкен өкініш болды.

* * *

Соғыстан соңғы жетімдік дәмін татқан, соның салдарынан орта мектептің сегізінші класын бітірген соң, әуелі колхозшы, соңынан он шақты жыл бойы туған жерінде — Ойыл ауданының шалғай аулында механизатор болған Құрал Тоқмырзаұлы облыстық басылымға аудандық «Ойыл» газеті арқылы қаламы қалыптасқан шақта келіп еді.

Кейін оқудың да орнын толтырды, сырттай оқып Гурьев педагогикалық институтын, Алматыға барып Жоғары партия мектебін бітірді, қазақ жұртына жақсы мәлім «Қазақстан», «Жалын», «Жазушы» баспаларында редакторлық қызметтер атқарды.

Алғашқы әңгімелері республикалық баспасөзде 1965 жылдан бастап жарияланған оның жазушылық қадамы да құтты болды, «Сыбызғы сыры», «Оқшау отау», «Үш кие», «Үзеңгі достар», «Байтақ» (роман), «Әулие Әжібай би немесе Дала данышпандары», «Ақ күмбез», «Тәуекел» тәрізді кітаптары жарияланды.

Соңғы жылдары қазақ ұлт-азаттық көтерілісі және сол көтерілістің ірі тұлғаларының бірі Есет батыр туралы романының ізденіске толы екі кітабын жазды. Биыл жазушыға «Ойыл ауданының құрметті азаматы» атағы берілуі лайықты көрсетілген құрмет болды.

* * *

«Облыстық газет ұжымына мен 1971 жылы келіп қосылып, табан аудармай жеті жыл еңбек етіппін.  Жастық желік жақсы өмірім осы арада өтіпті. «Ақынға ақыл көп керек, жындылық керек аздаған» деп Қадыр жырлағандай, байырқаламас жасаңдығымыз да, бас білмес асаулығымыз да жетіп артылатын. Алайда аңқау әрі сенгіш, бірақ ар жағында кек сақтар арамдықтан ада, азамат-басшы Нұрқайыр Телеуов басқарған облыстық газет өзім үшін үлкен тәлім-тәрбие, тұлға ретінде шыңдалу, тағылымдану мектебі қызметін атқарғаны ақиқат», — деп жазды бірде ел шайыры Есенбай Дүйсенбайұлы.

Ақтөбеде жүріп «Бозала таң мен бозторғай», «Ақпейіл», «Ұланғайыр», «Ашық аспан» жыр жинақтарын шығарған Ес-ағаң кейін бұл тізімге «Ақ желкенді ағыстар», «Біздің толқын», «Ашық хат», «Таң торғайы», «Үшбұлақ», «Жаңбыр әні», «Пешене» тәрізді көптеген жинақтарын қосты.

2002 жылы бір томдық таңдамалы жырлары жарық көрсе, қазір «Жазушы» баспасынан екі томдық таңдамалысы шығып жатыр.

1998 жылы ол қазақ тіліне аударған Қожа Ахмет Йассауи хикметтерінің көркем аудармасы Түркияның Измир қаласында жеке кітап болып шықты.

Есенбай Дүйсенбайұлы — Ұлы Абайдың 150 жылдығы құрметіне өткізілген республикалық жазба ақындар мүшәйрасы Бас жүлдесінің иегері, Қазақстан Жазушылар одағының Ілияс Жансүгіров атындағы және Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты, ҚР Мәдениет қайраткері, Ақтөбе қаласының және Байғанин ауданының құрметті азаматы.

* * *

1965 жылы КазГУ-дің филология факультетін үздік бітіргеннен кейінгі еңбек жолын біздің облыстық радио және телевизия комитетінде, сосын облыстық газетте жалғастырған Қажығали Мұқамбетқалиұлы одан арғы сапарын Алматыға бағыттап еді.

Жазушының 1972 жылы жарық көрген «Жұлдызды түндер» әңгімелер жинағы кейін оқырман қауым мен әдеби сынның жылы көзқарасына бөленген «Тоғай сыбдыры», «Жаңғырық», «Қайдасың сен, махаббат», орыс тіліне аударылған «Старые друзья», «Дороги жизни» тәрізді кітаптарға жалғасты.

Ол Р.Акутагава, С.Моэм, П.Мэриме, С.Чубек, Л.Хонвано, Дж.Одинаев, т.б. жазушылардың жекеленген әңгімелерін, орыс жазушысы Л.Скалонның «Бақыттың алтайы түлкісі» атты әңгімелер мен повестер жинағын, түркімен жазушысы Т.Жұмагелдиновтің «Егес» атты кітабын  қазақ тіліне аударды. Өзінің де бірқатар әңгімелері шетелдерде жарияланған ұжымдық жинақтарда жарияланды.

Жазушы қазір ұзақ жылдар бойы  зерттеп, зерделеп келген, қазақ өміріндегі қасіретті кезеңдердің бірін суреттейтін Сырым батыр туралы романының нүктесін қоюға тақау.

Қ.Мұқамбетқалиұлы — Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері.

* * *

«Шамшырақ Ақтөбе» ЖШС директоры Мейірхан Ақдәулетұлы —  белгілі ақын, көсемсөз шебері, аудармашы, мәдениеттанушы.

«Бастау», «Шырақ-ғұмыр», «Жалғыз досым — жүрегім», «Дәруішнама» жыр жинақтарының авторы. Т.Буркхардтың «Шығыс пен Батыстың киелі өнері», «Э.Фроммның «Психоанализ және дзен-буддизм», Ф.Шюонның «Исламды ұғыну», М.Аджидің «Қыпшақ Даласының жусаны» кітаптарының, А.Вознесенский, А.Ахматова, А.Блок өлеңдерінің аудармашысы. «Алтын Орда» газетінің тұңғыш құрушысы және бас редакторы. «Ақ желкен», «Арай» журналдарында, «Қазақ әдебиеті» газетінде жұмыс істеген.

Баспасөз саласындағы Президент сыйлығының иегері.

М.Ақдәулетұлының көсем сөздегі шығармашылығы Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғалы бергі дәуірде ерекше биікке көтеріліп, қоғамдық пікірдің оң қалыптасуына үлкен үлес қосты.

* * *

Қазақстан Жазушылар одағының Шәкәрім Құдайбердіұлы атындағы және Қазақстан Журналистер одағының Төлеубай Ыдырысов атындағы сыйлықтарының лауреаты, балалар мен жасөспірімдерге арналған үздік шығармалардың республикалық жабық конкурсының төрт дүркін жүлдегері Ертай Ашықбаев облыстық газетке 1983 жылы ҚазМУ-дың журналистика факультетінің жолдамасымен келген еді.

Содан бері оның «Қос мең», «Жақсы баға», «Ұя», «Ашық сабақ», «Ғашықтар мектебі», «Қаңтардағы құс», «Қобыландының қонысы» жыр жинақтары жарық көрді. Бас редактордың орынбасары болып қызмет істейтін ол өткен жылы ғана Қазақ радиосы, «Қазақстан» телекорпорациясы және  «Қазақ әдебиеті» газеті бірігіп ұйымдастырған «Бір өлең — бір әлем» атты республикалық жыр мүшәйрасының да, «Қазақмыс» корпорациясы және Жезқазған қалалық әкімдігі жариялаған «Қазыналы Қарсақпай» атты республикалық жыр мүшәйрасының да бірінші орын иегері атанды.

* * *

Былтыр Қазақстанда алғаш рет жыл сайын қазақ және орыс тілді басылымдардың бас редакторларына ғана берілетін Геннадий Толмачев атындағы екі сыйлық тағайындалған болатын.

Міне, сол сыйлықты көрнекті ақын және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің қолынан республикадағы қазақ басылымдарының арасынан бірінші болып, «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы алғаны облысымыз үшін үлкен мерей болды.

Қаламы ұшқыр журналист, талғампаз редактор Бауыржан Бабажанұлын республиканың әдеби қауымы мен оқырмандар талантты ақын ретінде қадірлейді. Ол халықаралық «Шабыт» фестивалінің поэзия номинациясы бойынша Бас жүлде иегері, қалың жұртшылықтың жылы ықыласына бөленген «Аспан мен жердің арасы» және «Уәде» жыр жинақтарының авторы.

…Газетіміздің сөзін түзеуге әр кезде үлес қосқан әр қаламгер туралы қысқаша арнайы сөз етіп отырған себебіміз бар.

Биыл Қазақстан Жазушылар одағы да бір үлкен белеске шықты.

1934 жылы 12-18 маусым аралығында Алматы қаласында тікелей Сәкен Сейфуллиннің басшылығымен өтіп, алғашқы Төрағалық міндетті Ілияс Жансүгіровтің қолына тапсырған Қазақстан Жазушылар одағының І съезі өткелі де биыл, міне, 75 жылдың жүзі болыпты.

Сол Жазушылар одағының мүшесі ретінде біздің облыстық газетте әр жылдары қызмет еткен қалам иелері де оқырмандардың жылы ықыласына бөленген, әдеби сынның назарын аударған талай туындыларын дүниеге әкеліпті.

Газеттің 85 жылдық тойы тұсында бұл тарапқа да осылайша бір сәт назар аударып отырған ретіміз бар.

Материалды әзірлеуге «Советтік Қазақстан жазушылары. Био-библиографиялық анықтамалық» («Жазушы» баспасы», Алматы, 1987 жыл, 736 бет), «Қазақстан жазушылары. ХХ ғасыр. Анықтамалық» («Ана тілі» баспасы, Алматы, 2004 жыл, 392 бет), «Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық», «Аруна» баспасы, Алматы, 2005 жыл, 576 бет) кітаптары пайдаланылды.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button