«Қолың қарап отырмасын…»

Ісмер
Ел ішінде он саусағынан өнері төгілген небір шеберлер бар. Бүгінгі кейіпкеріміз — 8 перзент сүйген алтын құрсақты ана Зәмзәгүл Достиева. Қазақтың санын көбейтіп қана қоймай, жұбайы Жарылқасын Сұлтанов екеуі бір кезде Ырғыз ауданының «Нұра» кеңшарында жас шопандарға тәлім-тәрбие берген. Зәмзәгүлдің күніне 100 қойды бір өзі қырыққаны бір бәс, ол жапқан қазанжаппайдың дәмін татқандардың әлі күнге ауызының суы құриды. Оған қоса өзі іс тігу мен тоқыма тоқудың нағыз шебері. «Асыл әжелер» ансамблін детабиғи таза дауысымен тәнті еткен әнші әжелердің бірі де осы кісі.
Бір басында осынша өнер тоқайласқан Кеңес Нокин ауылында тұратын Зәмзәгүл Достиеваны іздеушілер көп. Өйткені оның қолынан келмейтіні жоқ, түбіті бұрқыраған қардай аппақ шәліні иығына жамылғысы келетін аналар ешкінің түбітінен шәлі тоқытқысы келеді, оны көріп қызыққан екіншісі тағы тапсырыс береді. Бірі түбітін әкеп берсе, бірі иірулі жібін әкеп қолқа салады, қалғанын Зәмзәгүлдің өзі қатырады, Сөйтіп, үйде отырып-ақ шаруасын бітіріп отырған Зәмзәгүлді енесі марқұм: «Қолың қарап отырмасын, қалт еткенде шарқат тоқы» деп баулыған екен. Тіпті бір кісіге үлкендігі кішігірім алашадай шарқат тоқыпты. Қазір оған қоса жемпір, жеңсіз, тіпті көйлек тоқытып алатындар көп. Қолынан қысы-жазы сым темірі түспейді. Бір өзі шағын кәсіпорынның міндетін атқарып отыр деуге болады.
Зәмзәгүл апай: «Анам Бәтима марқұм қолының місекері бар адам болатын. Бала күнімнен кәмпиттің қағаздарынан түрлі нәрселер жасап, үйдің қабырғасына іліп қоятынмын. Ол кезде халық бәрін қолдан тігуші еді ғой, 8-9-сыныпта оқып жүргенде іс тігетін мәшіңкемен белін қылтитып көйлек тігіп киетінмін. Ауылда көрпе тікпейтін, алаша тоқымайтын, сырмақ сырмайтын әйел заты жоқ болатын. Соның арқасында ауылда өскен балалар өмірге икемді болып өсті», — дейді.
Бүгінде қолы ұсынақты шебер ұзатылатын қыздың жасауын келістіріп жасайды, көздің жауын алатындай түрлі құрақ көрпе, шай көрпе сияқты көрпе-төсекті дайындауға келгенде дамыл таппайды, жаз бойы сол іспен айналысудан қолы босамайды.
Ырғыз ауданының «Нұра» кеңшарында озат механизатор болған жолдасы Жарылқасын Сұлтанов екеуі кезінде «Алға» жас шопандар бригадасында тәлімгер болыпты. Олармен бірге мал бағып, 4 жылда 3 бригаданың жастары тәжірибеден өтіп, еңбекте шыңдалыпты.
17 жасында Жарылқасын деген азаматтың етегінен ұстап, кеңшардың тірлігіне бір адамдай атсалысқан Зәмзәгүл апай жас күнінде әнші болуды армандапты: «Адам арманын жоғалтпау керек екен, ақыры сол арманым орындалып, 8 жылдан бері «Асыл әжелер» ансамблінде ән айтып жүрмін», — дейді.
Ендігі арманы — өзінің шағын кәсібін ашу. Бұрыннан екі іс тігетін мәшіңкесі бар шебер 130 мың теңге тұратын мүмкіндігі өте жоғары әрі сапалы іс мәшіңкесін несиеге алыпты.
Ел Тәуелсіздік алғаннан кейін «Батыр Ана» атағын алған Зәмзәгүл апай 1998 жылдары Ақтөбеге көшіп келгеннен кейін ержетіп, отау құрған екі ұлынан бірдей айырылып қалды. Анаға бауыр еті балаларының қайғысы оңай тимеген.
— Алланың жазуы шығар, екі ұлдан қапияда көз жазып қалдық. Шүкір дейміз ғой, біреуінен — екі, екіншісінен бір тұяқ қалды артында. Осы қасіретті жеңілдетуге құдайдың берген өнері сеп болды. Әлі күнге балаларым еске түскенде ұйқым шайдай ашылып кетеді, содан таң атқанша тоқуымды тоқып отырамын, іс тігемін. Басында базарға әр барғанда жарты метрден мата алып, содан көрпенің тыстарын құрастырып жүрдім, бірден кірісіп кететіндей мүмкіндік болған жоқ. Жалпы бір іске бел шешіп кіріссең ғана нәтиже шығады екен. Біртіндеп іс тігудің қызығына түстім, қолым да жүрді, шаруам да дөңгеленді.
Шебердің бойында шыдамдылық, табандылық сияқты қасиеттерді шыңдайтын іс қой бұл. Күтіп тұрған шаруаң болғасын, бір мезгіл күйбең тірлікпен алданасың. Азаматымның арқасында сүйген ісімммен айналысып, үш ұл, үш қызымыздың, немерелеріміздің амандығын тілеп отырамын, — дейді.
Бойындағы өнердің құдіреті Зәмзәгүл апайдың көңіліндегі шерді бірде әсерлі әнмен тарқатуға мүмкіндік берсе, енді бірде тынымсыз еңбек арқылы дүниені ұмыттыратындай. Әлі күнге жас баладай армандайтын, бір жерге барғанда көзіне ерекше ою-өрнек, тоқыманың жаңа түрі түссе, бірден көңіліне тоқып ала қоятын, жақсы ән естісе, бірден қағып алатын құйма құлақ Зәмзәгүл апайдың өмірге деген құштарлығы керемет. Шағын кәсібін кеңейтіп, оны болашақта келістіріп әкететініне күмән жоқ.
Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.



