Әлеумет

«Жанарсыз да өмірім жалғасады…»

Менің кейіпкерім өзін осылай қамшылайды. Өйткені Мақсат Төлегенов туғаннан көз ауруымен күресіп келеді. Енді ғана 27 жасқа толатын жас жігіт —  І топ мүгедегі. Дегенмен ол қазір облыстық зағиптар мен нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапхананың тифлокітапханашысы боп жұмыс істеп жүр.

Мақсат Төлегенов — Амантай мен Күләштің көзінің қарашығындай екі баласының бірі. Туғаннан катаракта ауруы жабысқан сәбиін анасы Алматыдағы көз ауруларын емдейтін медициналық орталыққа бірнеше қайтара апарып емдетеді. Одан қалды, Мәскеудегі Федоров атындағы көз ауруларын емдейтін ірі орталыққа апарып, операция жасатады. Ондағы білікті дәрігерлер операциядан оң нәтиже болмайтынын бірден айтады. Алайда анасы үміттеніп, операция жасауларын өтінеді. Дәрігерлер айтқандай, баланың жағдайы оң өзгермей, ол орталықтан көңілдері түсіп қайтады.

Бірде ойын баласы Мақсатты аулада жүргенде көлік қағып кетіп, көз ауруының жаңа түрін қосып алады, яғни енді оның көзінің ішкі тор қабаты қабаттала (отслоение сетчатки) түсіп, Мақсат мүлдем көруден қалады. Бұған дейін де баласының тілеуін тілеген ата-ана енді тіпті не істерін, қайда барарын білмей қалады.

— Мен өзімді біреу қоғамнан оқшаулап тастағандай күй кештім. Томаға тұйық боп қалдым. Көзім көрмей қалғандағы менің күйімді ешкімнің басына бермесін, — дейді зағип жігіт. 

Мақсат үйінің қасындағы №35 орта мектепте бастауышты тәмамдағаннан кейін екі жыл денсаулығына байланысты үйде оқиды. Сосын ол 7-сыныптан бастап Орал қаласындағы облыстық зағип және нашар көретін балаларға арналған арнаулы мектеп-интернатта білім алады.

— Ақтөбеде көзі көрмейтін балаларға арналған мектеп-интернат жоқ. Мұндай балалардың білім алуы — өзекті мәселе. Бұрындары осындай арнаулы мектеп салу туралы хабар естіліп қалып еді, қазір тыныш, ондай әңгіме айтылмайды. Сондықтан да мен сияқты ата-аналар балаларын жетектеп, Алматы мен Оралға алып барады. Алматы бізге қашықтау. Сол себепті де мен Оралды таңдадым. Өзі көрмейтін баланы басқа қалаға жіберу қайдан оңайға соқсын? Олардың сабаққа дайындалып, жүріп-тұруы да қиын. Көпшілігі шыдай алмай қайтып келетіндіктен сауат ашпай қалады. Мен әр аптада екі рет барып тұрдым. Сосын каникул сайын үйге алып келеміз. Брайль қаріптерін мен де аздап үйрендім. Сөйтіп, ол күндер де артта қалды. Қазір, шүкір, балам өзін үйден оқытпай, сондай арнаулы мектеп-интернатта оқытқаным үшін рақметін айтады, — дейді Мақсаттың анасы.

Мақсат интернатта тәрбиеленгендіктен бе, өз бетімен өмір сүруге қалыптасқан екен. Бір байқағаным, оның үсті-басы — мұнтаздай таза. Оның өзі ұқыптылығын байқатады. «Мақсат тазалықты жақсы көреді және соған қатты мән береді. Өзі сондай ұқыпты. Үнемі киімдерін киерде, «Киімімді ластап алған жоқпын ба? Мынауым таза ма екен?» деп сұрап отырады. Сосын қазір үйрендік. Үйде оның заттарына тиіспейміз, өзі қойған жерден өзі алады», — дейді мамасы Күләш.

Жанарсыз жандардың тағы бір айтарлықтай мәселесі бар, ол — арнаулы мектеп-интернаттарды тәмамдаған түлектердің өзін жоғары оқу орындары әуре-сарсаңға салып, бірден қабылдамайтындығы. Ата заңымызда кемсітуге жол берілмейді. Сондай-ақ, «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Заңға сүйенетін болсақ, мүмкіндігі шектеулі жандардың дені сау адамдармен тең дәрежеде білім алуына құқы бар. Бірақ оқу орындарының бірі жауапкершіліктен қашса, тағы бірі арнайы оқыту әдістемесі жоқтығын алға тартады екен.

Менің кейіпкерім де дәл осындай жағдайды бастан кешкен. Сосын ол мүмкіндігіне қарап, Ақтөбедегі гуманитарлық колледжінің кітапхана ісі мамандығы бойынша білім алып шығады.

— Ең әуелі айтарым, осы уақыт аралығында менен гөрі ата-анама ауыртпалық көбірек түсті. Олар екі есе қиналды. Дегенмен, олар маған үнемі қолдау жасады. Оқуға апарып-алып келгеннен бөлек, мамам екеуміз оқуды да бірге оқыдық. Брайль қарпімен жазылған оқулықтар жоқ. Сондықтан мамам дауыстап оқып беріп отырды. Қазір бәрі артта қалды. Қазір мен Орал қаласындағы Батыс Қазақстан гуманитарлық академиясында өз мамандығым бойынша білім жетілдіріп, интернет арқылы қашықтан оқимын. Менің түсінгенім, зағип жандардың жоғары білім алуы үшін тифлокомпьютер мен тифлотехникалары, аудиокітаптар, алты нүктелі Луи Брайль қарпімен жазылған кітаптары болса, дені сау адамдармен бірге тең білім алуға мүмкіндігі бар, — дейді зағип жігіт Мақсаттың өзі.

Кітапханашы мамандығын алған Мақсат әуелі үш жылдай жастар тәжірибесі арқылы осы кітапхана жұмысына көмектесіп жүрді, бейімделді. Бұрынғы облыстық мәдениет және мұрағаттар басқармасының басшысы Нәзира Табылдинованың ықпалымен үш жылдан бері облыстық зағиптар мен нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапхананың білікті маманы. Облыстағы бірегей тифлокітапханашы. Ол заманауи үлгідегі тифлокомпьютерді, тифлотехникалар: сканері бар «Sara» оқу машинасын, тиломагнитофон немесе тифлофлешплейерді тәуір меңгерген. Осындай құрылғылардың тілін жақсы түсінеді.

Әріптесі Дәметкен Шынтаева Мақсаттың қоғамдық шараларға белсенді қатысатынын, кітаптарды «Sara» оқу машинасы арқылы нүктелі-бедерлі Брайль қарпіне аудару арқылы кітапхана ісіне көп көмегі барын айтып өтті.

Тифлокітапханашы кітап оқығанды жақсы көретінін, қазір Михаил Булгаковтың «Мастер и Маргарита» романын оқып жүргенін айтты. Айтпақшы, Мақсаттың жұмысқа апарып-алып қайтатын жеке көмекшісі — мамасы. Жеке көмекші болғаны үшін оған үкімет күніне төрт сағатқа төлемақы төлейді екен. Сағатына — 279 теңге 55 тиын.

Мақсаттың құрдастарының алды шаңырақ көтеріп, бөпе сүйіп жатыр. Келін алып, немере сүйгісі келетінін жиі айтатын ата-анасына Мақсат әзір асықпайтынын айтыпты. Әлбетте, жора-жолдастарымен бірге бас қосып, қыдырып тұратынын, қоғамдағы бойжеткендермен дос екенін, тіпті кейде Оралдағы бірге оқыған достарының да іздеп келетінін білдік.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

 

ВРЗ

Облыстық қазақ зағиптар қоғамының басшысы, І топ мүгедегі Гүлшара Жалғасованың айтуынша, қазір Ақтөбе облысында көзі көрмейтін 900-ден астам адам тұрады. «Соңғы айда қоғамдық көлікте І және ІІ топтағы көз мүгедектері тегін жүреді дегесін, қоғамға келіп, есепке тұрып жатқандар бар», — дейді.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button