Ауыл

Көненің көзі

«ЭКСПО-2017»

 Астана қаласында өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне қатысуға дайындық мақсатында қазақтың ұлттық тағамдары мен киім үлгілеріне байланысты республикалық байқау өтпек. Үш кезең бойынша өткізілетін  бұл байқау қазір аудандық деңгейде ұйымдастырылуда. Жақында ұлттық құндылықтарымыздың байқауы саналатын осы шара Темір ауданында өтті.

Байқауға қатысушылар бірінші кезекте қазылар алқасы алдына ұлттық асханада дайындалған тағамдарын ұсынды. Олардың негізгі мақсаты —халқымыздың кейінгі дәуірлерде ұмыт қалған тағамдарын көрсету болды.

Әрбір қатысушы дастарқан  басында өздері жасаған тағамдарын таныстырды. Алтықарасулық  Роза Қабидоллақызы наурыз көже,  құйрық-бауыр, құрт, айран, балқаймақ, жент тағамдарын  ұсынды. Сонымен қоса  бұл тағамдардың жасалу жолдары  жайлы жасақталған  альбомын  көрсетті.  Кеңқияқ өңірінен келген Нұржамал Ұлықпанқызы бауырсақ, жұмсақ нан, тары, жарма, айран, қаймақ, құрт, ірімшік, қазы-қарта алып келген. Әсіресе,  аудандық  мәдениет бөлімі атынан жайылған  дастарқан  ерекше көрінді. Өйткені  мұнда  күнделікті  дастарқан басында  бола  бермейтін ұлттық  тағамдар  тұрды. Соның бірі — үлпершек. Ол ұсақтап туралған  қойдың  іш майын және бауыр  етін  қосып,  турап, дәміне қарай  тұз, бұрыш  қосып,  жүрекке  орап жасалған тағам. Екінші тамақтың түрі — мипалау. Тіпті сирек дайындалатын тағам түрлері қарын-бөртпе, жаубүйрек те қойылды дастарқанға.  Бұл тағамдардың бәрінен  байқауға қатысқандар ауыз тиді.

Ұлттық тағамдар әзірлеуі бойынша     бірінші  орынды  аудандық  мәдениет бөлімі  қанжығасына  байласа, екінші  орынды аудандық  орталық  аурухана  ұжымы иеленді. Ал үшінші  орын кеңқияқтық Нұржамал Қалниязоваға бұйырды. Тасқопадан келген Айна Сәкебаева мен алтықарасулық Роза  Бәйдішеваға  Алғыс хат тапсырылды.

Көне киім үлгілерін жаңашаландырып, қазіргі  кездегі қолдануға лайықтау, яғни нео-фольклор  ұлттық  киімдер байқауы бойынша бірінші орынды Римма Омарова иеленді. Екінші орын Абай атындағы орта мектертен қатысқан А.Мұстафинаға берілді.   Үшінші орынды Кеңқияқтан келген Муслима Дүйсебаева алды. Шұбарқұдық гимназиясы, аудандық Оқушылар үйі, Шұбарши орта мектебі атынан көрсетілген киім үлгілері, алтықарасулық Жамал Бақтығұлованың, Қопа орта мектебінен Р.Балмұханованың  дүниелері  үздік  деп танылып,  облыстық байқауға жіберілді.

 

                                                                                Гүлжамал КӨБЕЕВА,

                                                                                                    Темір ауданы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button