АуылТәуелсіздіктің 25 жылдығы

Мөңке би ауылы — мерейлі мекен

Ширек ғасырдың шапағаты

 Тәуелсіздігімізге қол жеткеннен бергі 25 жыл аса көп уақыт емес. Алайда осы жылдар ішінде өңірімізде рухымызды көтеріп, абыройымызды асқақтататын көптеген игі шаралар жасалды. Сондай тағылымды жұмыстардың нәтижесінде ел аузында «мың жылдығын болжаған Мөңке әулие» деп аталып кеткен дала данышпаны, ойшыл, жырау, би Мөңке Тілеуұлының есімі ұлықталып, бұл күнде бүкіл қазақ білетін болды. Өз заманында Мөңке тек қазаққа ғана емес, алты алашқа танымал боп өткені белгілі. Міне, сол Мөңке баба ауылының тұрғындары тағы бір ізгілікті іс атқарып, ұрпаққа үлгі боларлық із тастады.

 Саябақ ашқандар — 1986,1996, 2006 жылдардағы түлектер

 Шалқар ауданының Мөңке би ауылындағы Мұхамбетқазы Тәжин атындағы орта мектептің 1986, 1996 және 2006 жылдардағы түлектері бас қосып, ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіне «Туған жерге тағзым!» акциясы аясында саябақ ашты.

Айта кету керек, бұдан бірнеше жыл бұрын облыстағы тірек ауылдардың бірі боп саналатын бұл мекенде саябақ ашу облыстық әкімдіктің жоспарында қаралып, комиссия отырысында белгіленіп те қойған. Алайда қаржы дағдарыстарына байланысты тоқтап қалған сыңайлы. Міне, осындай игі шараны қолға алған ауыл түлектері туған жерге, елге деген сүйіспеншілігін нақты іспен көрсете білді.

Саябақтың сырты мал кірмеуі үшін темірмен қоршалды. Үш жүз түптей түрлі ағаш көшеттері отырғызылды. Су құбыры тартылды. Таяу уақытта орындықтар қойылып, абаттандырылатын болады.

Ауыл адамдары үшін демалыс орнын ашу туралы бастама көтеріп, оны жүзеге асыру үшін істің басы-қасында жүрген «Ақтөбе Сәт» ЖШС директоры Марат Қансұлтановты сөзге тарттық.

— Биыл мектеп бітіргенімізге 30 жыл болып еді. Соның сылтауымен әр жылдары бас қосып, мәре-сәре болып қаламыз ғой, — дейді Марат Төлегенұлы. — Биыл ауыл тұрғындары үшін есте қалатын, кейінгі буынға үлгі-тәрбие болатын бір іс атқарайық деп ойласа келе саябақ ашуға тоқталдық. Біз, 1986 жылғы түлектер, осы ойымызды мектеп бітіргендеріне он жыл, жиырма жыл толып жатқан ауылдастарымызға айтып едік, олар бірден қостап кетті. Мұны естіген мектеп бітіргендеріне 40 жыл болған аға-апаларымыз келіп қосылды. Ал ауыл тұрғындарының жасы-кәрісі қуана құптап, олар да өз мүмкіндіктеріне қарай көмектесті. Осылайша, көптің күшімен шаруа оңтайымен шешіліп жатыр.

Соңғы қоңыраумен тұспа-тұс өткен саябақтың ашылу салтанаты ауыл тұрғындары үшін керемет мерекеге айналды. Әуезді музыка үні жиналғандардың көңілін көтере түсті. Тұрғындар атынан Қуат Төлегенов, ауыл әкімі Жәнібек Тілеубергенов, теміржолдың Шалқар байланыс және белгі беру дистанциясының басшысы Аманғазы Бақтыбаев жиналғандарды құттықтап, саябақ лентасын қиды. Алдағы уақытта саябақ ішінде Мөңке биге ескерткіш орнату үшін орын белгіленді. Асханада үлкен ас беріліп, о дүниелік болып кеткен жандарға Құран бағышталды.

Ауыл адамдары игі істің басынан табылған түрлі кәсіптің иелері Марат Қансұлтанов, Қолғанат Құдайбергенов, Темірхан Тілеубергенов, Талғат Жұмағазин, Борантай Әбілов, Беркінбай Қожагелдин, Игілік Князбаев, Нұрбек Берімбетов, Нұрлан Сатаев, Балдыбай Тоқтарбайұлы, Самғат Қуантайұлы, Бекболат Мырзабергенұлы сынды жігіттердің есімдерін ерекше ілтипатпен айтып жатты.

Кешегі оқушылар — бүгінгі ұшқыштар, шекарашылар…

 Ауыл мектебінің түлектері тәуелсіздік жылдарында салынған жаңа типті алтын ұяларына жиылып барып, ұстаздарына сәлем берді. Мектеп директоры Дархан Ысқақов биылғы жылы мектеп бітірушілердің арасында Нұрқанат Арынғазин, Лаура Жолдыбаева, Гаухар Қантөринаның «Алтын белгіден» үміткер екенін атап өтті.

Қонақтар сыныптарды аралап, заманауи жабдықталған кабинеттерді көрді.

Мектепке кіргенде алдымен шағын болса да көптеген тарихи сыр шертетін мұражай келген адамдарды бейжай қалдырмайды. Мұражай меңгерушісі Жанар Бектібаева 7 экпозициялық бұрыштан тұратын түрлі танымдық-тағылымдық бағыттарды таныстырып өтті. Мектеп қоғам қайраткері, ғалым Мұхамбетқазы Тәжин атында болғандықтан мұражай сұңғыла ағаның күнделікті тұтынған заттарымен, суреттерімен, ғылыми еңбектерімен толықтырылған. Әсіресе заңғар жазушы Ғабит Мүсіреповтың сыйлаған асатаяғы ерекше әсер қалдырады.

Отансүйгіштіктің ізгі жолы болып саналатын, ерлік пен ептілікке баулитын алғашқы әскери даярлық кабинетінің меңгерушісі Қайрат Малаев мектептен шыққан, бүгінгі күні елімізге қызмет етіп жатқан офицерлерді мақтанышпен айтып берді. Олар — шекарашы подполковник Мұрат Бисенбин, ішкі әскер подполковнигі Мамай Құрмантаев, ұшқыштар — майор Нұрбек Нұрғалиев, майор Әбдіқалық Сүйеумағанбетовтер.

Пәндік кабинеттермен қатар, интерактивті кабинет, спорт залы керекті құралдармен жабдықталған. Ауылда бокстан М.Тәжин атындағы жүлдені сарапқа салу турнирін өткізу дәстүрге айналды. Мектептің жас былғары қолғап шеберлері облыстық, республикалық жарыстардан жүлдемен оралып жүр. Бұл жерде бокс жаттықтырушысы Бекболат Бекжановтың тынымсыз еңбегін жерлестері ыстық ықыласпен айтып отырады.

Еңбек пәні бойынша сабақ беріп, қыз балаларды ісмерлікке тәрбиелеп жүрген тәжірибелі ұстаз Бакиза Кемалова туралы жылы лебіз естуге болады. Оқушылар қолымен тігіліп, әдіптелген ұлттық қолөнер бұйымдары түрлі деңгейдегі көрмелерге қойылып жүр.

ҚЫМБАТ ШАТЫР. ӘДЕМІ ҚАҚПА. БИІК ҮЙ

 Ауыл тұрғындары «Бізде бәрі бар» деп мақтанады. Мақтанса, мақтанғандай. Аудандағы ауылдардың арасында алғашқы болып көгілдір отынның қызығын көрді. Сонау патша заманында ауылдың үстінен зымырап пойыздар өтті. Жері шүйгін, суы мол. Су демекші, бастауын Мұғалжар тауынан алып, Шалқар көліне құятын Қауылжыр өзені ауыл іргесінен өтіп жатыр. Биыл балық көп дейді. «Көптігі сондай — қолмен ұстап жағаға лақтыра береміз», — дейді ауылдың айтқыштары.

Ауылда дүкендерінде қажетті заттың бәрі бар. Тұрғындардың түрлі тойлары үшін кәсіпкерлер Князбаевтардың кең тойханасы дайын. Қоғамдық монша тұрғызған Елеген Тасановқа тұрғындар дән риза. Монша қызметі зейнеткерлер үшін тегін. Б.Рымбердиеваның тігін цехы да көңілден шығып отыр.

Ауыл адамдарының тұрмыс жағдайының жақсарғандығының белгісі болар, қызыл, сары кірпіштерден биік үйлер салу, шатырларын қымбат қаңылтырлармен жабу, аулаларын түрлі түсті қаңылтырлармен қоршап, әдемі қақпалар орнату сәнге айналған.

Кітап оқитын ауыл

 Соңғы кездері кітап оқу қалып барады дегенді жиі естиміз. Бірақ бұл Мөңке би ауылының тұрғындары туралы емес. Өйткені ауылдағы жаңа модельді кітапхана тұрғындардың рухани серігі болып отыр.

Кітапхана меңгерушісі Балхия Жұмабаеваның айтуынша, 1400-ге жуық кітап қоры бар. Төрт жүздің үстіндегі тұрақты оқырманнан басқа, мектеп оқушылары да қажетті көркем шығармаларды іздеп келеді екен.

«Рухани әлемнің көшбасшысы — кітап», «Әлем таныған Қазақстан», «Ұлылар ұлағаты», «Оқитын өлке» және басқа түрлі акциялар, көрмелер ұйымдастырылады. Ақын-жазушылардың шығармаларына арналған іс-шараларға оқырмандар шын ниеттерімен қатысады.

Меңгеруші күміс алқалы ана Балхия Жұмабаева 2010 жылы ауданның «Жыл адамы» атағын алған. Аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның белсенді мүшесі.

Су бар! Су жоқ?..

 Жалпы Мөңке би ауылының географиялық орналасуы тұрғындардың тұрмыс-тіршілігіне өте қолайлы. Округ аумағында бірнеше кішігірім өзендер мен шағын көлдер бар. Мал өсіруге қолайлы. Ауыл әкімі Жәнібек Тілеубергеновтың айтуынша, ауыл еңбеккерлері артық шөптерін ауданның өзге ауылдарына сатады екен. Ал су мол болғандықтан, бұл ауылда картоп, көкөніс түрлерін өсіріп, қияр мен қызанақты өз бақшаларынан алып жейді. Ауызсудың сапасы Борсықтың суынан кем емес екені арнайы лабораторияда анықталған.

Алайда қазіргі кезде ауылдағы төрт скважинаның суы тек сағаттап беріледі. Соның кесірінен тұрғындар бау-бақша өсіруді ұмытты. Мұндай жағдайда көкөніспен өзін-өзі қамтамасыз ету туралы азық-түлік саясаты қалай жүзеге аспақ? Жасыл желекті ағаштар отырғызу дәстүрі де жоғалып барады.

«Қауылжыр, Тебен, Майлысай,

Үш Қарасай, Сырлыбай —

Атамның ескі жұрты екен…

…Тобылғысай, Сүттікөл

Қарайды ол да сыр тартып», — деп Сарышолақ шайыр жырлаған мекеннің тұрғындары бар судың рахатын көре алмай отыр.

Ауыл тұрғындары ауылда жолаушылар пойыздарының тоқтамайтынын да қынжыла айтты.

 Бердібай КЕМАЛ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

2 Comments

  1. Дурыс айтасыз Бердибай ага. Осы шаралардын ишинде болып козиммен корип кайттым. Бул аулымыз ушин куанарлык жагдай. Тек алдагы уакытта озиниз айткан су менен жолаушылар поезынын аулымызга токтауы шешимин тапса нур устине нур болар еди.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button