Ауыл

Айтқанға сенбе, көргенге сен…

Шығанақтың тарысы қайтып орала ма?

 Негізінен жартылай шөл, шөлейт аймаққа жататын Ойыл ауданы халқының жауыннан мезі болғаны біртүрлі таң көрінеді. Көктем шыққалы толастамаған сол күнде жауыннан безердей болып, енді ашық күн тілеп отыр екен. Біздің келуімізбен күн де шайдай ашылып, шаруа баққан адамдар көңілденіп сала берді. Көктем аудан, ауыл үшін қат-қабат шаруаның өрістеген шағы. Мал төлдеп, ауыл-аймақ қыстайғы күл-қоқыстарынан тазартылып, тал егіліп, абаттандырылып жатыр. Жауынның бөгеуімен кешеуілдеген көктемгі егіс жұмыстары асықтыруда. Маусым болса, есік қағып тұр.

Осындай шақта, Елбасы саясатының, мемлекеттік бағдарламалардың, облыс әкімінің тапсырмаларының орындалуы басшылардың да, қосшылардың да жарғақ құлағын жастыққа тигізбей, жауапкершілік сезіндіре бастағанын аңғардық.

Ойыл халқы осы күзде 25 жыл толғалы отырған Тәуелсіздігіміздің тағы бір үлкен игілігін көріп, зор қуаныш үстінде екен. Байғанин ауданының орталығы Қарауылкелдіден тартылған газ құбыры Ойыл селосының іргесіне жеткен. Қазір газ құрылысының ауылішілік жұмыстары басталып, көшелерге жерасты құбырлары тартылып жатыр. Мұнан әр үйге кіндік шығарылып, одан әрі тұрғындардың өз қаржысына газ кіргізіледі.

— Ойылға газ құбырын тартумен тендер бойынша 780 миллион теңгені ұтып алған алматылық фирма айналысуда. Қазіргі таңда 6 бригада жұмыс істеп жатыр. Барлығы 56 адам жұмысқа тартылған, оның 12 адамы біздің ауданның жұмыспен қамту бөлімі бойынша қосылып отыр. Газ баратын барлық көшелерді анықтап болдық, құрылыстың қарқыны жоғары.  Осы жылдың қазан айының аяғында құрылыс аяқталып, газ әр үйге кіріп болады, — дейді аудан әкімінің міндетін атқарушы Шоқан Тілеумағанбетов.

Жас басшы ауданда атқарылып жатқан жұмыстардың қатаң бақылауда екенін айтып, сенімді баяндады.

— Қазір ауданның орталығында болсын не ауылдарда болсын, атқарылды деген жұмыстарды өзім барып қарайтын болдым. Жасыратыны жоқ, бұрын мәліметін алатын едік. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ауданға бір келген сапарында өзі тарапынан берілген тапсырмалардың орындалуы туралы сұрап: «Осы атқарылды деген жұмыстарды өзің көзіңмен көрдің бе?», — деді. Мен тосылып қалдым. «Егер өзің көрмесең, оның несін айтып отырсың?!», — деді облыс әкімі.

Бұл маған жақсы сабақ болды. Қазір алыс-жақын демей, облыс әкімінің тапсырмасы бойынша аудан көлеміндегі жасалып жатқан жұмыстарды өзім тікелей барып, көзіммен көремін. Сіздерге — бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне де осылай жасауды ұсынамын, — деді.

Облыс әкімінің аудандарға жүктеп отырған тапсырмаларының маңыздылары көп екен. Соның ішінде  суармалы жерлерді игеру, тары егісін ұлғайту, көкөніс, бау-бақша салуды жолға қою бірінші кезектегі іс. Біз аудандағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысуды осы саладан бастадық. Кезінде Шығанақ Берсиевтің атымен әлемге танылған бұл аудан біраздан бері диқаншылық кәсіптен қол үзген болатын. Биыл облыс әкімінің қамшылауымен осы кәсіптің қайта қолға алынып жатқанының куәсі болдық. Аудан осы көктемде 610 гектарға егіс егуді мойнына алған. Оның 200 гектары — қырлық тары, қалған 410 гектары — суармалы жерлер. Биыл көп жылдардан бері алғаш рет аудан бойынша 75 гектар суармалы жерге тары егілуде.

Суармалы тары егісі — Ойыл, Қиыл өзендерінің бойындағы Қарасу, Көптоғай, Саралжын, Жекенді қарасуындағы Сарбие жерінде. Біз Сарбиедегі «Жақып» шаруа қожалығында болған кезде, Жекенді бойындағы суармалы тары егісін көрдік. Қырлық тары егетін шаруа қожалығының басшысы Жұмабай Жақып 100 гектар қырлық тарыны Шорман алқабына мамыр айының басында егіп тастаған екен, қазір көктеп, үш құлақ беріп тұр. Мұнан бөлек су бойына биыл тұңғыш рет 14 мың гектар тың жерден суармалық егістік дайындаған. Осының 10 гектарына тары, 4 гектарына көкөніс, бау-бақша егу жұмыстарын бастап кеткен. Шаруа қожалығына «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында мемлекеттік грант беріліп, 2,7 млн теңгеге суару техникалары мен тары өнімін қаптамалайтын арнаулы аппарат алуына қолдау көрсетілген. Ендігі жерде кәсіпкердің тары өнімін тұтынушылар арнаулы қаптамасымен сатып алады. Кәсіпкер өз ауылын қысы-жазы көкөністің сәбіз, қызылша, қырыққабат сынды түрлерімен қамтамасыз етуді мақсат етеді. Ал жаз айында қызанақ, қияр, қарбыз-қауын болатынын айтады.

Омарта әкелінді, құлпынай егілді

Ал Саралжын ауылының тұсындағы Қиыл бойына соңғы үш-төрт жылдан бері бау-бақша егуді кәсіпке айналдырған «Спарта» шаруа қожалығының басшысы Спартак Төремұратов биыл бау-бақша, көкөніс көлемін 16 гектарға жеткізген. Қазірдің өзінде қарбыз-қауын, қияр дақылдарын егіп, суару жұмыстарын бастап кеткен. Соның өзінде толассыз жауынның салдарынан жылдағыдан 17 күнге кешіктім деп, қиналысын білдірді. Бұл шаруа қожалығында да биыл осы жерден 10 гектар жерге суармалы тары егісі салынып отыр.

Облыс басшысы ауыл шаруашылығының түрлі кәсібін қолға алуды, оның ішінде балық, құс, омарталықты дамытуды, әр ауданда қымыз дайындауды міндеттегені белгілі. Осымен байланысты ойылдықтар биыл Ойыл орманына бір омарта шаруашылығын көшіріп әкелген. Осындағы Екпетал  елді мекенінде құлпынай өсіретін Р. Ерсеитов өткен жылы «Ойыл-Құлпынай» ЖШС болып тіркеліп, өз жұмысын жалғастыруда. Оның пайдалануында 4 гектар суармалы жер бар. Қазір құлпынай егу жұмыстары жүргізілуде.

«Құлан» бағдарламасы бойынша меншігінде 300-дей жылқыға иелік етіп отырған «Рахым» шаруа қожалығының басшысы Әділбек Рахимов бие байлап, қымыз дайындайды. Алдағы жылдары қымыз цехын  ашуды жоспарлап отыр.

Ойыл ауданының орталығында бөлек-бөлек саябақтар, гүлзарлар, спорт алаңдары көбейген. Бұлар негізінен соңғы жылдары өткен «Көркейе бер, туған жер!», «Туған жерге тағзым» акциялары бойынша жекелеген кәсіпкерлердің қаржы салуымен, тікелей көмегімен дүниеге келген еді. Содықтан да ойылдықтар оларды есімдері көпшілікке белгілі кәсіпкерлермен байланыстыра айтады. Әрине, қалталы перзенттері болып, туған жердің оларға сүйенгені жақсы. Әйтсе де, ондай игілікті жұмыстарды өзгеге қол жаймай, өздері атқара алса, нағыз оңды іс сол емес пе? Биылғы көктемде ойылдықтар 9 мәрте сенбілік ұйымдастырған. Соның арқасында 4745 түп ағаш көшеттері егіліп, оларды күтіп-баптайтын мекемелер мен ұйымдар бекітілген. Ағаш егудің жоспары асыра орындалып,1295 түп ағаш биыл артық егілген. Қарағай, қайың, терек, жиде, шаған, үйеңкі сынды ағаштың түрлері де көбейген.

Ойыл өзені үстіндегі көпірден өткеннен кейін селоға жеткенше біраз жер бар. Осы жолдың екі қапталын қоршап, ойылдықтар биыл 900 түп терек еккен екен. Биіктігі екі метр теректер тез көктеп, құлпырып тұр. Күнбе-күн теректердің ортасымен арнаулы машина жүріп, ағаштарды суарып отырады. Амандық болса, алдағы жылдары жолдың бұл екі беті жалаңаштықтан құтылады. Ойыл селосына жолаушылар екі қапталындағы теректерге тамашалап қарап кіретін болады.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button