Әлеумет

Терроризм — татулықтың жауы

Әлем

 Қазақ елі — дүниежүзіндегі бейбітшілікті, татулықты, тұрақтылықты қастерлейтін бірден-бір мемлекет, сондықтан да тәуелсіздік алған сәттен бастап бейбітшілікті ту етіп, әлемнің түкпір-түкпірімен саяси, мәдени, рухани, достық қарым-қатынас орнатты.

Сонымен қатар, жаңадан қалыптасқан мемлекет ретінде халықаралық ұйымдарға мүше атанып, еліміздің ұстанымын ашық білдірді. Оған дәлел — осы күннің маңызды мәселелерінің біріне қатысты Елбасымыз Н.Назарбаевтың БҰҰ-ның құрылғанына 70 жыл толуына арналған жиында айтқан ұтымды ойлары, оның шешу жолдарын ұсынуы. Мемлекет басшысы өз сөзінде кейбір елдерде болып жатқан өзара қақтығыстардың соңы халықаралық терроризмге ұласқанын айтты.

Шындығында да, террористік актілердің әлемнің қай түкпірінде немесе қай мемлекетте орын алатыны ешкімге беймәлім. Сондықтан да бүгінгі күні терроризм мәселесі әлем елдерін алаңдатуда.

Дінді желеу еткен экстремистік және террористік идеологияның таралу процесі соңғы уақытта іс жүзінде бүкіл әлемде ауқымды сипатқа ие болып отыр. Қазақстан әлемдегі сыртқы саяси ахуалдың өзгеруіне байланысты, өзінің геосаяси жағдайына қарай, Орталық Азия өңіріне географиялық жағынан жақын Таяу және Орта Шығыс елдеріндегі тұрақсыздыққа орай, халықаралық терроризмге қарсы күрестің негізгі бағыт аймақтарының бірінде қалып отыр. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы терроризм қатерінен қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларының жүйесін әзірледі, оның тиімділігі біртіндеп арттырылып жатыр.

Қазақстан Республикасы терроризмді болдырмау және алдын алу мақсатында бірнеше заңдар қабылдады. Атап айтсақ, 1999 жылғы 13 шілдеде «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» және 2005 жылғы 18 ақпанда «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» Заңдары қабылданды. Бұл заңдарда экстремизм мен терроризмнің алдын алу мен оған қарсы іс-қимылдың құқықтық негіздері белгіленген, негізгі ұғымдық анықтамалар мен осы бағыттағы мемлекеттік органдардың құзыреті, сондай-ақ осы саладағы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудің негізгі қағидаттары айқындалған. Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл бойынша мемлекеттік органдар қызметін ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету дамытылуда. Алдын алу, соның ішінде ақпараттық-түсіндіру қызметі саласындағы іс-шаралар өткізу тәжірибесі қалыптасқан. Экстремистік және террористік топтар мен ұйымдар қызметінің жолын кесу жөнінде арнаулы және терроризмге қарсы операциялар өткізудің белгілі бір практикалық тәжірибесі жинақталған.

Қазақстан терроризмге қарсы күрес саласындағы негізге алынатын барлық халықаралық әмбебап актілердің қатысушысы болып табылады. Арнаулы мемлекеттік қызметтер мен құқық қорғау органдары Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің Контртеррористік Комитетімен, Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымның Терроризмге қарсы бөлімшесімен, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Терроризмге қарсы орталығымен, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Өңірлік терроризмге қарсы құрылымымен белсенді түрде өзара іс-қимыл жасайды.

Соңғы кездері әлемге терроризмді ислам дінімен байланыстыратын жаңсақ пікірлер таралуда. Алайда бұл пікірлердің, әсіресе, ислам ғалымдары дұрыс еместігін айтып, дәлелдеуде.

Жоғарыда айтылған пікірмен Елбасы Н.Назарбаев та келіспейтіндігін айтып, өз ойын былай білдірген болатын: «Терроризм — әлемге, адамзатқа төнген қауіп! Адамзат осы қауіппен бірлесіп күресуі тиіс. Ислам дінінің терроризммен ешбір байланысы жоқ. Осыған байланысты, БҰҰ мінберінде «Ислам терроризмге қарсы» деген айдармен арнайы форум өткізуді де ұсынған болатынмын. Мұндай зұлымдықты біз тек бірлесіп жеңе аламыз. Терроризмнің не ұлты, не діні жоқ. Сондықтан да адамзат кеселмен бірлесіп күресуі тиіс».

Бүгінде терроризмге қарсы  әлемнің бірнеше мемлекеті мен халықаралық ұйымдар күресуде. Бұл, өз кезегінде, дендеп еніп бара жатқан терроризмнің алдын алуға, жол бермеуге  апаратын бірден-бір жол болып табылады.

 Нұрлыбек АБАТОВ,

Қазақ-орыс халықаралық университетінің магистранты.

Ақтөбе қаласы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button