Әлеумет

Қазақстан — ядролық қаруды таратпау жаршысы

Әлем. XX ғасыр

 Елбасының қияннан болжайтын сындарлы саясатының нәтижесінде алыстағы Америка Қазақстанды стратегиялық және сенімді әріптесіміз деп санайды. Бұған Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттарының ядролық қаруды таратпау және ядролық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы бірлескен мәлімдемесі (Вашингтон, 2016 жылғы 31 наурыз) дәлел. Бұған қоса АҚШ астанасы Вашингтон қаласында өткен ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Әлем. ХХ ғасыр» манифесін жариялап, жер жүзі мемлекеттерінің, халықтарының назарын Ұлы дала еліне аударды.

Қазақстан — әлемде бірінші болып ядролық қарудан бас тартқан ел. 1991 жылдың 29 тамызында Нұрсұлтан Назарбаев арнайы Жарлығымен Семей полигонын жапты. 2009 жылы Мемлекет басшысы 29 тамызды Ядролық қарудан бас тартудың бүкіләлемдік күні деп жариялау жөнінде бастама көтерді. Ұсыныс БҰҰ тарапынан қолдауға ие болды.

Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит АҚШ Президенті Барак Обаманың бастауымен 2010 жылдан бері өткізіліп келеді. Қазақстан лидері саммиттердің бәріне қатысты. 2010 жылдың 12-13 сәуірінде Нұрсұлтан Назарбаев Вашингтонда ядролық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ғаламдық саммитте АҚШ Президенті Барак Обамамен оңаша әңгімелесіп, одан кейін қатысушылардың алдыңғы қатарында сөз сөйлеуі Қазақстан ұлттық лидеріне көрсетілген ерекше құрмет белгісі еді.

АҚШ Президенті Барак Обама: «Президент Назарбаев ядролық қаруларды таратпау және ядролық қауіпсіздік мәселелерінде әлемде үлгі тұтарлық көшбасшылардың бірі болып табылады. Қазақстан — ядролық қарудан бас тартып, қауіпсіздік пен экономикалық гүлденуге қалай қол жеткізуге болатындығын көрсеткен елдің тамаша үлгісі» деп аса ризалығын білдірді. Енді алып Америка басшысының бұлай деуінің мәнін ашып көрсетейік.

1991 жылғы 16 желтоқсанда Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңға қол қойды. Ертеңіне Американың Мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкер Алматыға жедел ұшып жетіп, Нұрсұлтан Назарбаевпен 2 сағаттан астам уақыт әңгімелесті.

Қазақстан басшысы мұның алында Ресей, Украина және Беларусь лидерлеріне қолдағы атом арсеналын бір орталықтан басқарып, әлемдік қоғамдық пікірді тыныштандыру қажеттігін ұсынған болатын. Қазақстан сол шақта ядролық қару қуаты жағынан жаһандағы төртінші мемлекет екенін ескерсек, бұл өте көреген, оң шешім еді.

Америка неден қауіптенді? Сарапшылардың деректері бойынша, Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін әскери кезекшілігінде ядролық оқтұмсықтары 100-ден астам зымыран қалғандықтан Қазақстан бір сәтте ядролық державаға айналды. Оның үстіне зымырандармен бірге біздің жерімізде 1040 құрлықаралық баллистикалық зымырандарға арналған 370 оқтұмсық сақталды. Оларды күтіп ұстау үшін орасан зор қаржы және білікті мамандар қажет болатын. Ядролық державалар Қазақстанға үркектеп қарады. Ядролық қаруды сақтау керек пе, әлде жою керек пе? Мәселе осыған тірелді.

1992 жылы 18 мамырда Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ Президенті Дж.Буштың шақыруымен Америка Құрама Штаттарына ресми сапармен келіп, әуелі ескі таныс АҚШ Мемлекеттік хатшысы Дж. Бейкермен бірнеше рет кездесіп, содан соң Дж. Бушпен әңгімелесті. Екі ел басшысы «елдер арасындағы жаңа қарым-қатынас дәуірі басталғанын» атап көрсетті. Талдаушылар ядролық қаруды таратпау және бақылау жөніндегі келісімінің Қазақстан үшін өте пайдалы болғанын айтады. Қазақстан өзінің бейбіт өміріне толық кепілдік алды. Сол кездесудегі байланыс одан әрі тереңдеп, АҚШ Қазақстанға үнемі қолдау көрсетіп келеді.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев жаппай қырып-жоятын қару түрлерін таратпау жөнінде 25 жылдан бері бүкіләлемге бастама көтеріп келе жатқаны белгілі. 2010 жылдың 6-7 сәуірінде БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун бұрынғы Семей полигонын көріп, Арал теңізінің үстімен ұшып өтіп, ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан Қазақстан үлгісіне әлемді шақырамын деп мәлімдеді. Оның Қазақстанға ат басын тіреген тұңғыш БҰҰ Бас хатшысы екенін де ерекше атаған жөн.

Вашингтонда өткен IV ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитке қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев: Мен елдердің көшбасшыларын, әсіресе, Орталық ядросыз аймағының кепілі саналатын бес державаның басшыларын, сондай-ақ ядролық жойылудың суицидтік қатерін болдырмау жөніндегі әлемдік мақсатты құптайтын мемлекеттердің мәртебелі делегацияларын Полигон жабылуының 25 жылдығына арналған еске алу шарасына шақырамын, —деді. — Қазақстанның осындай іс-шара өткізуге моралдық құқығы бар деп ойлаймын. Ол полигонын жауып, әлемдегі төртінші ядролық қару арсеналынан бас тартқан елге деген ризашылықтың белгісі болар еді».

«Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін жариялап, қарусыздану мәселесін көтерген Қазақстан Президентінің бейбітшілікке үндеген бастамасы әлемдік қоғамдастық тарапынан қолдау тауып отырғаны бұған толық айғақ болып табылады.

 

                                                                                      Айдос ШӨКІШҰЛЫ,

                                                                                                 Қазақстан Журналистер 

                                                                                                 одағының мүшесі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button