Ауыл

Алматы ғалымдары Ойылға келді

Меморандум

Биылғы жылдың наурыз айының аяғында Ақтөбе ауылшаруашылық колледжінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры Тілектес Есполов кездесу өткізіп, аталған білім ордасы мен облыстың арасында әріптестік байланысты нығайтуға байланысты бірқатар шаралар қабылдаған еді. Осы кездесу барысында Ақтөбеде ауыл шаруашылығы өндірістік ғылыми-консультатция орталығы ашылып, облыс әкімдігі мен Қазақ ұлттық аграрлық университеті арасында ғылыми жобаларды енгізу, білікті жоғары  мамандарды даярлау жұмыстарын үйлестіру және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын.

Қазір осы қабылданған маңызды  құжат бойынша облыс пен университет арасында мақсатты жұмыстар жүріп жатыр.

Алдыңғы күні аталған университеттің  проректоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ауыл шаруашылығы академиясының академигі Әділхан Сәмбетбаев бастаған осы оқу орнының бір топ ғалымдары мен оқытушылары Ойыл ауданына барды.

Мұнда олар аудандағы аграрлық колледжді биыл бітіретін түлектермен кездесу өткізіп, өздерінің оқу орындары туралы толық түсінік берді. Ауыл шаруашылығы мамандарын даярлаудағы соңғы жаңалықтар мен өзгешеліктерге, Ақтөбеде ашылған ауыл шаруашылығы өндірістік ғылыми-консультация орталығында жүргізіліп отырған жұмыстарға тоқталды.

— Екі жақты қабылданған маңызды құжаттарға байланысты басым бағыттар белгіленді. Сол бойынша біз қазір Ақтөбе өңірінде жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бірінші басымдылық — ауыл шаруашылығына жәрдем көрсету, көмек беруді көздейді. Осы талапқа сәйкес біз облыс аумағындағы жекелеген фермерлерге тікелей барып, қолма-қол жәрдем беруді бастап кеттік. Елбасының оқу мен өндірісті ұшастыру талабын орындап, өндіріске студенттерді тарту, оларды жергілікті жерге — аймақтағы ауыл шаруашылығы салаларына практикаға жіберу жұмыстарын жүзеге асырмақпыз. Тәжірибемен ұштаспаса, теория  нәтиже бермейді. Қазір ауыл шаруашылығына жаңа технологиялар, оның ішінде озық инновациялық технологиялар енгізілуде. Ауыл шаруашылығы  маманы болмақ әр жас мұны жақсы білу керек. Осындай мамандарды даярлайтын біздің университет бүгінгі заман талабынан қалмау үшін көп жұмыс жасап жатыр, — деп мәлімдеді проректор.

Проректор және одан кейін сөз алған ғалымдар жастарды ғылым мен білімнің қарашаңырағы саналатын аталған университеттен білім алуға шақырды. Әрине, таңдау жастардың өз еркінде, өз қалауында екенін де айтты.

Кездесуде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Құсайын Сәрсенбаев,  Ойыл ауданы әкімінің міндетін атқарушы Шоқан Тілеумағамбетов, аграрлық колледждің директоры Серік Займолдин ауылда тұратын жастардың ауыл шаруашылығы мамандықтарын таңдауының аудан үшін де, талапкердің өзі үшін де тиімді болатынын алға тартты. Жұмыс сұрап өтініш білдіретін көпшілік жастардың мамандығының жергілікті кәсіптерге тартуға сәйкес келе бермейтініне мысалдар келтірді.

Бұған дейін университет делегациясы Алға, Қобда аудандарында болған. Ойылдан кейін сапар Байғанин ауданына жалғаспақ. Өздері болған жерлерде университет ғалымдары мен оқытушылары көптеген ауыл шаруашылығы мамандарының жетіспейтіндігін жиі аңғарған. Соның бір ғана мысалы — өткен жылы іске қосылған Алғаның ет комбинатында технолог жоқ, маманды Петербургтен алдырып отыр.

Сондай-ақ, университет мамандары тағы бір жағымды жаңалық ала келді. Ауыл шаруашылығы мамандығын қалаған талапкер еліміздің ішіндегі өзге қалаларға құжат тапсыруға барамын деп әуреге түспеуіне, шығын шығармауына болады. Оны аталған университеттің мамандары Ақтөбе аграрлық колледжіндегі ғылыми-консультациялық орталығында ұйымдастырып отыр. Мұнда 20 маусымнан 10 шілдеге дейін құжат қабылдау, тегін кеңес беру жұмыстары жүргізіледі.

Кездесуден соң ұлттық аграрарлық университет делегациясы жергілікті фермер Ұлан Шыңбаевтың Талдықұмсайдағы жазғы жайлауында болды. Мұнда Ұлан Қуанышұлы «Толғанай» шаруа қожалығын құрып, асылтұқымды еділбай қойын өсіріп отыр. Ол асылтұқымды малды 2001 жылы Батыс Қазақстан облысының «Бірлік» шаруашылығынан сатып алған. Қазір оның саны — 1020 бастың үстінде.  Мұнымен бірге, ол былтырдан бастап қазақтың асылтұқымды ақбас сиырын өсіруді де қолға алған.

— Сондай асылтұқымды 50 бас сиыр алдым. Бұған қоса, Ресейден 8 бас сүтті қара ала сиыр әкелдім. Маған асылтұқымды қой өсіргенім үшін субсидия төленеді. Осы қаржыны мен енді асылтұқымды сиыр табынын құруға жұмсап отырмын. Таяу арада ірі қара санын 200 басқа жеткізсем деген ойым бар, — дейді фермер Ұлан Қуанышұлы.

Бұл асылтұқымды қой өсіретін шаруашылық соңғы бірнеше жылдан бері қойды қолдан ұрықтандырумен де айналысады. Университет ғалымдары осында — озат фермердің базасында малды қолдан ұрықтандыру сынды ғылымның озық жетістігін пайдалану жөнінде ауданның асылтұқымды мал өсіретін 8 шаруашылығы басшыларын жинап, семинар-кеңес өткізді.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ,

Ойыл ауданы. 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button