Соғылды соңғы қоңырау

Биыл облыс бойынша 294 мектепті 6510 түлек бітіреді.
59 АРМАН
№30 орта мектепте соңғы қоңырау рәсімі өтті. Салтанатты жиын «Жаса, жайна, асыл мекен — Қазақстан!» тақырыбымен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды.
Салтанатты шараның шымылдығы еліміздің Әнұранымен ашылды. Одан кейін мектеп директоры Жанар Терекова оқушылар мен ұстаздарды мерекелерімен құттықтап, мектеп бітіруші түлектерге ақ тілегін жеткізді.
Аяқталғалы отырған оқу жылы біздің мектебіміз үшін де жемісті жыл болды. Біздің оқушыларымыз биылғы оқу жылында 65 пайыз білім сапасын көрсетті. Яғни 1059 оқушының 312-сі үздік, 688-і оқу екпіндісі атанып отыр. Бұл — біздің ұстаздарымыз бен оқушыларымыздың талмай еткен еңбектерінің жемісі.
Еліміздің болашағы — сіздердің қолдарыңызда. Сондықтан әр кезде терең білім алу жолында жалықпай, талмай, ізденіп, ел тізгінін ұстайтын азамат болуларыңыздыі тілеймін. — деді мектеп басшысы түлектерге.
Шара барысында мектеп директоры биылғы оқу жылында ғылыми жарыстарға, спорттық шараларға, сондай-ақ, халықаралық конференцияларға қатысқан ұстаздар мен оқушыларға дипломдар мен Алғыс хаттар тапсырды.
Жиында түлектер ұстаздарына жүрекжарды өлеңдерін арнап, әсем әндерін жолдап, естелік кітаптарын табыстады. Ал мектеп бітіруші түлектердің ата-аналары атынан Бауыржан Өтеулиев мектеп басшылығы мен ұстаздарға ризашылығын білдіріп, түлектерге ақ тілегін жолдады.
- Ұлы Абай атамыз: «Баламды медресеге біл деп бердім» дейді. Осыдан 11 жыл бұрын біз де баламызды осы мектепке біл деп бердік, сеніп бердік, ең таңдаулы мектептің бірі деп тапсырдық. Аллаға шүкір, сеніміміз алдаған жоқ.
Осыдан 11 жыл бұрын кішкентай болып осы мектепке келген балапандар қазір, міне, әдемі жігіттер мен қыздар болып өсті. Түлектер, сіздерді осындай деңгейге жеткізген ұстаздарыңызға мың алғыс! Сіздерді ата-аналар атынан бүгінгі мерекелеріңізбен құттықтап, Ұлттық бірыңғай тестілеуде жақсы баға алуларыңызға тілектестік білдіремін, — деді ол.
Соңғы қоңырауды 11-сынып оқушысы Әкежан Жолдыбаев пен 1-сынып оқушысы Жанерке Әбдірахманова соқты.
Шара соңында мектептің өнерлі оқушылары патриоттық әндер орындап, түлектер ақ көгершін ұшырды.
Айта кету керек, биыл мектепті 59 түлек бітіріп отыр. Оның бесеуі — үздік аттестатқа үміткер.
Данагүл ҚАЗИХАН.
ЖОЛЫҢ БОЛСЫН, ЖАС ТҮЛЕК!
Биыл қала мектептерінде 2551 түлекке соңғы қоңырау соғылды. Ақтөбе қаласының әкімі бұл күні №21 мектеп-гимназиясына барып, салтанатты жиынға қатысты.
Салтанатты шарада көпшілік мектеп бітіруші 70 түлекті қол соғып қарсы алды.
Жиында мектеп-гимназия директоры Маржангүл Тойшыманова ұстаздар мен оқушыларды оқу жылының аяқталуымен құттықтады.
- Биылғы жыл — еліміз үшін ерекше жыл. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын тойлаймыз. Сондай-ақ, биыл біздің мектебімізге 25 жыл толды. Бұл — біз үшін үлкен мереке.
Біздің мектеп-гимназиямыз үш тілде білім береді. Биылғы оқу жылында 1670 оқушының 497-сі үздік, 278-і республикалық, облыстық, қалалық олимпиадалардың жүлдегері атанып отыр. Біздің жетістіктеріміз — еліміздің жетістігі, ұстаздар еңбегінің жемісі, — деді М.Тойшыманова.
Шарада қала әкімі Бекбол Сағын мектеп ұжымы мен оқушыларды мерекемен құттықтап, Елбасының үнемі білім беру саласына ерекше көңіл бөлетінін айтты. Өз сөзінде шаһар басшысы биылғы жылы қаламызда 3 мектептің бой көтеретінін, қала мектептерін жөндеуге 600 миллион, оқушыларды оқулықтармен қамтуға 400 миллион теңге бөлінгенін атап өтті. Сондай-ақ, ол биылғы мектеп бітіруші 2551 түлектің 150-і «Алтын белгі» мен «Үздік аттестатқа» үміткер екенін жеткізді.
- Бүгінгі мектеп бітіруші түлектер, алдағы ұлттық бірыңғай тестілеуде жақсы баға алып, ойлаған мақсаттарыңыз бен тілектеріңіз орындалсын! Еліміздің абыройлы азаматтары болыңыздар! — деді Б.Сағын.
Салтанатты жиында түлектер вальс билеп, ұстаздар қауымы тілектерін жолдады.
Шара соңында соңғы қоңырау соғылып, түрлі түсті шарлар мен ақ көгершіндер ұшырылды.
Гүлсім НАЗАРБАЕВА.
ҮЛПІЛДЕГЕН ҮКІЛІ ҮМІТТЕР
М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатта «Сыңғырла, соңғы Қоңырау!» атты салтанатты жиын өтті.
Білім ордасындағы кезекті оқу жылын биыл 459 оқушы аяқтаса, оның 111-і — оқу озаттары. Ал 35 түлек — бір-бір үйдің үкілі үміті үлкен өмірге аттанғалы отыр. Соңғы аталғандардың 8-і «Алтын белгіге», 2-і үздік аттестатқа үмітті оқушылар.
— Сондай-ақ, үш түлегіміз — әртүрлі деңгейдегі халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар қорғау жарыстарының жеңімпазы, біреуі — «Қытай тілі көпірі» атты жарыстың республикалық кезеңінен I орынға ие болып, жартыжылдық гранттың иегері атанып отыр. Тағы бір түлегіміз Мәскеу қаласында өткен XI халықаралық «Математика және жобалау» сайысына қатысып келді. Ал Жақсылық Әлихан — республикалық «Жыр алыбы — Жамбыл» атты жас ақындар айтысынан I орын, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған жас ақындар айтысының бас жүлдесін алған.
Өткен оқу жылында мектеп-интернат түлектері ҰБТ қорытындысы бойынша орташа 99,2 балл жинаған еді, осы жылдан да күтер жақсылығымыз көп. Мектеп бітірушілерге сәттілік тілеп отырмыз, — дейді мектеп-интернаттың директоры Гүлнар Тәжіғалиева.
Салтанатты шараның соңында түлектер аспанға ой-тілектері жазылған шарлар мен көгершіндерді ұшырып, вальс биледі.
Айбек СЕРІКҰЛЫ.
СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ СОҒЫЛДЫ
Облыстағы 294 мектепте 6510 түлекке арналып соңғы қоңырау соғылды.
Жалпы облыстағы 422 мектепте 123 940 оқушы бар. 10 591 оқушы 9-сыныпты бітіреді. Бастауыш сыныпта білім алған 69 244 баланың 12 782-сі бастауыш сыныппен қоштасты. Биылғы оқу жылында мектеп табалдырығын аттаған 15 мыңнан астам балдырған алғаш рет соңғы қоңырау рәсіміне куә болды.
— Сәрсенбі күні облыстағы барлық мектепте соңғы қоңырау рәсімі салтанатты түрде өтті. Бұл күні салтанатты жиындар, мерекелік концерттер, тал отырғызу акциясы, Ашық есіктер күні, мектеп бітірушілер мен білім беру ұйымдарының жетістіктерін жариялайтын кездесулер ұйымдастырылды. Салтанатты жиынның басты тақырыбы — ел Тәуелсіздігің 25 жылдығына арналды, — дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлжан Құлыбекова.
6510 түлектің 4820-сы (77 пайызы) ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға ниет білдіріпті. Олар 3-6 маусымда ҰБТ өткізілетін 15 пунктте тестілеу тапсырады. Түлектердің 355-і — «Алтын белгіден» үміткер. Бұл оқушылардың 104-і — Ақтөбе қаласындағы мектептердің түлектері.
Түлектердің мектеп бітіру кештері маусымның 17-сі күні ұйымдастырылады.
Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.
ТҮЛЕКТЕР МЕКТЕПКЕ СЫЙЛЫҚ ЖАСАДЫ
Хромтау ауданындағы Никельтау ауылының түлектері мектепке 200 мың теңгедей қаражатқа қажетті жабдықтар алып берді.
Бүгін «Соңғы қоңырау» салтанаты кезінде Никельтаудан бір кездері арман қуып, алысқа аттанған бұрынғы түлектер мен биылғы мектеп бітірушілер бас қосты. Олар «Туған жерге тағзым» акциясы аясында мектепке естелік ретінде лайт-тобло, дыбыс күшейткіш және микрофон сияқты музыкалық аппаратура жабдықтарын сыйға тартты.
— Біз осы «Туған жерге тағзым» акциясына қатысу үшін жан-жақта жүрген түлектерімізді шақырып, ауылға бет бұрыңдар деп жатырмыз. Мектеп қана емес, ауылдың басқа да проблемаларына қол ұшын беруге түлектер емес, қайта өздері іздеп келетіндер бар, — дейді Никельтау ауылдық округінің әкімі Нұрлан Әлмұратов.
Л.ӘБДІРОВА.








