ЖаңалықтарЭкономика

«MINTECH-АҚТӨБЕМҰНАЙХИМ-2016»: халықаралық көрме қанат жайды

«MinTech-АқтөбеМұнайХим-2016» тау-кен ісі, металлургия, энергетика және мұнай химиясы жөніндегі халықаралық көрме кеше Ақтөбе қаласындағы «Қоныс» спорт сарайында көпшілікке есігін ашты. Бұл көрме облыс әкімдігінің, жергілікті кәсіпкерлер одағының, сондай-ақ аймақтағы ең ірі өнеркәсіптік кәсіпорын — «Қазхром» ТҰК» АҚ қолдауымен өтуде. Сонымен бірге, ұйымдастырушы әріптестер қатарында «Орталық Азия тау-кен өнеркәсіп одағы», «Глобал-Арнайы киім» компаниялары да бар.

Көрменің салтанатты ашылуы рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Ғали Есқалиев сөз сөйлеп, «Біздің облысымыз Қазақстандағы ірі өнеркәсіпті өңірлердің бірі болып табылады. Оның ішінде тау-кен өндірісінің үлесі айрықша. Біздер мұнай-газ бағытында да ауқымды шараларды жүзеге асырудамыз. Сондықтан осы салаларға қатысты бүгінгі ұйымдастырылып отырған көрме ілгері дамуымызға септігін тигізеді, жан-жақты өзара тиімді байланыстарды өрістетуге мүмкіндік береді деп ойлаймыз», — деп атап көрсетті.

Одан кейін «Қазхром» трансұлттық компаниясы» АҚ вице-президенті Олег Привалов жиналғандарға компанияның қызметіне қатысты сипаттама берді.

— «Қазхром» қазіргі уақытта ферроқорытпа өндірісінің барлық тізбегін біріктіретін бірегей компания ретінде танылды, — деді ол. — Бізде қазбаларды барлау, өнім өндіру, байыту сияқты жұмыстар жүйелілікпен атқарылып, нәтижесінде жоғары сапалы қорытпа шығарылады. Бүгінде әлемдік нарықта жетекші орынды иеленіп отырған өндіріс орнында 18 мыңнан астам адам еңбек етеді. Компанияның табыстылығы — халықаралық талаптарға сәйкес келетін бірегей технологиямен жұмыс істеуінде.

Жалпы көрме өткізу тізгінін ұстап жүрген «ҚАЗЭКСПО» халықаралық көрме компаниясы бұған дейінгі уақытта мұндай ірі шараны Қазақстан бойынша Өскеменде, Қарағандыда және Павлодарда ұйымдастырыпты. Бұл көрмеге әлемнің Ресей, Германия, Швеция, Швейцария, Украина, Қытай, Түркия, Қырғызстан сияқты елдерінен қазіргі заманғы технологиялар мен жабдықтарды өндіруші 70 шақты жетекші компаниялар қатысты.

Көрменің қатысушылары өнеркәсіптің тау-кен ісі, металлургия, мұнай-химия және энергетика салаларына арналған жаңа жабдықтар мен технологияларды ұсынды. Олардың арасында кен байыту жабдықтары, инновациялық өндірістік шырақтар, тау-кен және өндіруші өнеркәсіптегі әрқилы бекіткіш бұйымдары, төменгі вольтты электр жабдықтары, мұнай өңдеу жабдықтары, таразылар мен таразы жүйелері, арнайы киім, т.б. көптеген өнімдер бар.

Ақтөбеліктер сырттан келген қонақтарға көптеген жергілікті өнім түрлерін ұсынды. Мәселен, «Ақтөбе хром қосындылары зауыты» жоғары сапалы хром қосылыстарының өндірушісі ретінде өздерін таныстырса, «Восход» тобының кәсіпорындары хром кен орындарын игеру, ұқсату мен байыту бағытында көрінді. «Восход-Трейдинг» ЖШС тауар өнімдерін тиеп жөнелту мен өткеру жөнінде ұсыныстарын білдірді. «Ақтөбе рельс-арқалық зауыты» жылдамдығы жоғары теміржол магистральдарын салуға арналған өндірісті ұйымдастыру, сондай-ақ кәсіпорындарды әлемдік стандарттарға жауап беретін сапалы өнімдермен қамтамасыз етуге қатысты белсенділік танытты.

Көрмеге қатысуға келген «Каспий плюс» ЖШС-ның инженері Санжар Жабаев «ЦНС-180» деп аталатын мұнай қабатынан су соратын ерекше қондырғыға мұнайшылар тарапынан сұраныс мол екендігін мақтанышпен айтты. Ол мұнайлы өңірлердің өкілдеріне өз өнімдерінің ерекшелігін, соның ішіндегі өндірістік тиімділігін түсіндіріп жатты.

Қазақстан-Қырғызстан біріккен «Тансу-Қордай» кәсіпорны әртүрлі бу, жылыту, су қыздырғыш және мұнай өңдеу жабдықтарын жасау жөніндегі жетістіктерімен көрінуде. Ал швейцариялық «ALFLET Engineering AG» компаниясы жону, кеней жону, ажарлау арқылы өңдеу саласындағы өлшеу техникасы жабдықтарының жетекші өндірушілерін таныстырды. Түркиялықтар кен байыту жабдықтарын, сондай-ақ көлік таспаларын, шахтылық оқпанның бекітпе тәжін көпшілік назарына ұсынды.

Ресейліктер де бұл көрмеге мол дайындықпен келіпті. Олардың әртүрлі электр приборлары, техникалық және технологиялық қауіпсіздік жүйелері аппаратуралары, Украинаның өлшеу мен бақылауды автоматтандыру жүйелері көпшіліктің қызығушылығын туғызды.

Астанадан келген «МиМ ltd» өндірістік-коммерциялық фирмасының директоры Сергей Майоров өздерінің Швеция, Германия, Чехия, Испания, АҚШ, Ресеймен тығыз байланыста жұмыс істейтінін, сол жерлерде өндірілетін заманауи өндірістік өнімдерді өткізу, тұтынушыға жеткізу тұрғысындағы тәжірибесімен бөлісті.

Қытайдағы Харбин халықаралық механикалық компаниясының сату жөніндегі менеджері Мария Зимина Ақтөбедегі бұл көрменің халықаралық байланыстарды нығайта түсуге мол ықпал ететін білдірді.

Көрме жұмысы бүгін де жалғасады. Жан-жақтан келген қонақтар облыстың  өнеркәсіп кәсіпорындарында болып, жергілікті өнімдердің шығарылу процесімен танысады.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button