Әлеумет

«Қасқырлардың» «көкелері» мықты

Сондықтан «киік бизнесі» тоқтамай отыр

«Браконьерлерлерді тәубесіне түсіру үшін заң талаптарын күшейту керек. Әйтпесе, киіктің аталығын аулағандығына төленетін 200 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұл, яғни 259 200 теңге қаскөйлер үшін түк емес», — дейді «Ырғыз-Торғай» мемлекеттік табиғи резерватының бастығы Нұрқасым Сәрсенбайұлы.

Бейресми деректерге сүйенсек, резерваттан киік аулағандар киік мүйізінің келісін (4 мүйіз —  1 килограмм) Қызылорданың Аралына апарып 40 мың теңгеге тапсырады екен. Ал  Қызылордада жас мүйіздің келісі — 80 мың, Алматыда — 120 мың теңге тұратын көрінеді.

Қазір жұмыссыздықты желеу етіп, ескі мүйіз іздеп, ел кезетіндер де бар. Олар мол олжаға кенелу үшін жер өртеуден де тайынбайды екен. Ал ескі мүйіз жинаушылар үшін заңда шара қолдану көрсетілмеген.

Жақында Ырғыз ауданындағы «Ырғыз-Торғай» мемлекеттік табиғи резерватының мамандармен киіктердің тірлігі, қорғалуы туралы сөйлескен едік. Сонымен…

45 мың киік жортып жүр

«Ырғыз-Торғай» табиғи резерватын құрудағы негізгі мақсат — киік санын көбейту. Резерват ашылған кезде, яғни 2007 жылы осы аумақта 7 мыңға жуық киік болған.

Бұдан екі жыл бұрын республика бойынша 47 мың киік бар деп айтылған еді. Биыл 90 мың болыпты. Оның 45 мыңы біздің резерватта. Бұлай деуіме негіз бар. Көктемде ұшақ арқылы жалпы қанша киік бар екендігін анықтап, картаға түсірген едік. Сонда бізге тиесілі аумақта 45 мыңға жуық киік бар екендігі белгілі болды.  Осы қалпында тұрса, таяу жылдары жақсы өсім береді. Ал дәл қазір біздің территориямызда 15 мыңға жуық  киік бар. Қалғаны солтүстік өңірде жүр. Нақтырақ айтқанда, киіктердің көп шоғырланған тобы — Қостанай облысының Ақкөл, Южный, Айырқұм, Ақкұм селолық оуругтері маңында. Күзде 70 мың бас киік келеді деп шамалап отырмыз. Себебі, киік егіз туады. Олардың лағы жалғыз болуы өте сирек.

Сәйкестік пе, әлде дағдылары солай ма, 2008 жылы қаңтардың 3-і күні, биыл қаңтардың 5-і күні киіктер оңтүстікке кетті. Сол кездері боран болған-ды. Киіктер бір түнде кетіп болды.

Жалпы, Ырғыз өңірін Бетпақдаланың киіктері паналайды. Қазан айынан бастап қырдағы, ойдағы бөкендердің көпшілігі осында келеді. Атанбасы, Қосбүйрек, Сұңқарқия тауларының етегінде жайылады. Сонымен қатар, Қыземшек, Айырмола, Теңгелбай қыраттары мен Жыңғылды өзек, Тегененің бойын мекендейді. Бұл жерлердің шөбі шүйгін. Қара жусан мен киікоты көп.

Күз  бен көктемде жоғарыда аталған жерлерде күзетті күшейтеміз. Инспекторлар 10 күн сайын алмасып тұрады, — дейді резерват директоры Нұрқасым Сәрсенбайұлы.

Мамандар киікті бақылау қыста қиын болатындығын айтады. Әсіресе, қар қалың түскенде резерваттың шалғайдағы аумағына бару оңай емес. Мұның себебін мекеме басшысы былай түсіндіреді:

Резерват территориясына тиесілі кейбір жерлерде арнайы жол жоқ. Жазда «УАЗдың» күшімен жолсызбен жүреміз. Қар қалың болғанда «УАЗдар» жүре алмайды. Былтыр қыс ерте түсті. Қар қалың жауып, қатып қалды. Жолсызбен жүре беретін  қуатты техника болмағандықтан резерваттың алыстағы бөлімшелеріне бара алмадық. Мұздақ болғанда киіктерге де қиын. Аяқтарын қиып кетеді. Қарға омбылап жүре алмайды. Осындай кезде бөкендердің қорегін тауып жеу қиынға түседі. Жайылулары үшін шөпті көрсетіп, қар аршу керек. Бірақ оған да техниканың жоқтығы қолбайлау болып отыр. Былтыр 60 тоннаға жуық шөп дайындағанбыз. Бірақ киіктер дайын шөпті жемейді екен. Шөптің үстінен әрлі-берлі өткені болмаса, ауыздарына алмаған. Өсіп тұрған шөптердің басын ғана жейді.

Инспекторлар киіктің мықты жануар екендігін айтады. Аяғының сүйегіне дейін көрініп жүрген кейбір киіктер сол сүйретілген күйлерінде қыстан аман шығыпты. Сақ  жануар дыбыс естіліп, қара көрінсе қаша жөнеледі екен. Сосын аяққа күш түседі.

Киіктің басты жауы — қасқыр. Ал жыртқыштарды мүлдем құртуға болмайды. Инспекторлар қасқыр тым көбейіп кеткен жағдайда ғана оларды шектейді екен.

Киік ерекше жануар. Оңайлықпен жыртқыштарға жем болмайды. Сақтығы мен жүйріктігінің арқасында қасқырлардың құрығынан құтылады.

Бөкендер судың қайда екенін жақсы біледі. Табиғаттың жаратылыстары бір-бірі үшін серік болуға, бірін-бірі қорғау үшін жаратылатын сияқты. Мысалы,  түйежапырақ киіктер лақтайтын кезде, мамыр айында өседі. Оның үстіне түйежапырақ жазық  жерлерде өседі. Ал жазық жер киіктерге өте қолайлы аймақ. Жаудан қорғану үшін бөкендер шөбі аласа жерлерде жүреді. Киіктер лақтарын түйежапырақтың астына жасырады. Жапырағының көлемі үлкен осы өсімдік лақтар жетілгенше өсу үшін жаратылғандай. Құралайлар әбден жетілген соң қурап  қалады.  Лақтардың жауы — жыртқыш құстар. Көздерін шұқып тастайды. Бір апта, 10 күннен соң лақ аяғына тұрып кетеді, одан соң оған жету мүмкін емес, — дейді жедел топтың басшысы Әлібек Айтбай.

Қауіп қайдан?

Резерват территориясы географиялық ерекшелігіне байланысты екі учаскеге бөлінген. Олар: «Атанбасы» және «Алакөл» жүйелері. «Атанбасы» жүйесі тоғыз жолдың торабында орналасқан. Оңтүстігі Қызылорда, шығысы Қарағанды, солтүстігі Қостанай облыстарымен шектеседі.

«Атанбасы» жүйесіне қарайтын Ыстықатпадан 150-200 метр жерде айырық жол бар. Оңтүстік-батыстағы Арал ауданының, оңтүстік-шығыстағы Қазалы ауданының жолдары осы жерге келіп түйіседі. Солтүстікте — Қостанайдың жолы. Бізге қауіптісі — оңтүстіктегі жол. Себебі, браконьерлердің көпшілігі Қызылорда облысының тұрғындары. Сондықтан, осыдан екі ай бұрын Ыстықатпаның жанынан үй салдық. Үйдің өзі — ес. Браконьерлер аяқтарын абайлап басады.

Қызылордалықтар резерват ашылғанға дейін осы маңды емін-еркін жайлап, киікті қынаша қырған. Қазір олардың қатары сиреді. Аяқтарын аңдап басатын болды. Дегенмен, бұл маңда киіктер көп шоғырланатындықтан әрі шекарадағы аймақ болғандықтан күзет күшті.

Ыстықатпадан 69 шақырым қашықтықта Қарағандының Қосбармақ деген жері басталады. Соған таяу жерде Қоскөл деген селолық округі бар. Ыстықатпаның  оңтүстігінен 40 шақырым жерде  — Қызылорданың территориясы. Қаңтарбай қыратынан қашық емес жерде Қостанайдың Кішікөл деген фермасы орналасқан.

Арал ауданының Көкқабақ деген бөлімшесі бар. Сондағы бір адам осында мал іздеген болып, жиі келеді. Мұнда келетіндердің психологиясын жақсы білеміз. Әлгі адамның мақсаты расында мал іздеу емес. Инспекторлар бар ма, олар қай жерлерде жүр екендігін барлап кету. Сосын тапсырыс берген адамдарына хабар айтады«Жоқ» деп айтса, браконьерлер осы жақты бетке алуға әзір тұратыны анық, — дейді табиғи кешенді қорғау бөлімінің бастығы Омар Сақтағанұлы.

Резерват шекарасына 7 шақырым сайын арнайы белгі қойылған. Онда ««Ырғыз-Торғай» мемлекеттік табиғи резерваты — ерекше қорғалатын аймақ. Кіруге тыйым салынған» деп жазылған. Омар Сақтағанұлы браконьерлерге сес көрсету үшін, киіктерді қорғау үшін резерват шекараларына әр 30 шақырым сайын жертөле салу керектігін айтады.

Сонда аңшыларды бақылау қиынға түспейтін еді. Оларды ұстау да оңай болады. Инспекторлар бір-біріне рация арқылы браконьерлердің қай бағытқа қарай кетіп бара жатқандығын айтып, ұстау үшін әрекет жасар еді, — дейді табиғи кешенді қорғау бөлімінің бастығы.

Ескі мүйіз де құнды

Біздің жұмысымыз қырағылықты қажет етеді. Екі айға жуық уақыт бұрын біздің жедел топ Нұра бағытына барды. Ұрысайдан киіктерді бақылап келе жатқанымызда Қамыстықияқ деген жерден төрт адамды ұстадық. Олардың екеуі атқа, екеуі түйеге мінген. Жөн сұрағанымызда жылқы іздеп жүргендіктерін айтты. Біз резерват аумағында жүрген адамдардың психологиясын жақсы білеміз. Мұнда келген адамдардың киімдеріне қарап біраз жайтты аңғаруға болады. Мал іздеген адам жолға көп азық-түлік алмайды. Малға жүкті көп артпайды. Мал іздеушілердің көпшілігі малды қона жатып іздемейді. Әлгі адамдар өздерінің «Тәуіп» ауылында тұратындықтарын айтты. Тәуіп Нұра бағытына қашық: 150 шақырым. Соншалықты алыс жерден мал іздеулері мүмкін емес. Олардың заттарына қарап жолға дайындалып шыққандарын білдік. Ескі мүйіз іздеушілер екендігін топшыладық. Біз мүйізшілерге жетеміз дегенше олар мүйіздерді тығып үлгерген. Іздегенмен таба алмадық. Олар түсі ақ қапшық ұстамайды. Жасыруға ыңғайлы болатындықтан кенептер, жер түстес қапшықтар алып жүреді. Мүйіз іздеушілер қона жатып мүйіз іздей береді. Мүйіз табу қиынға түсетін болса да, ерінбейді, шыдап бағады.

Олар сөздерін ұстатпай, түлкібұлаңға салды. «Шекарадан өтіп кеткендіктеріңіз үшін айыппұл төлейсіздер.  Сіздер кіруге тыйым салған жерде, яғни резерваттың территориясында  тұрсыздар» деп хаттама толтырдық. Шекарадан 3 шақырымдай өтіп кеткен. Олар шекарадан өткендіктерін біледі. Себебі, резерватқа тиесілі жерлердің шекарасы соқамен жыртылған әрі ескерту белгілері тұр.

Шекарадан өткендіктері үшін салынатын айыппұл мөлшері аз: адам басына — 2592 теңге. Яғни, екі айлық есептік көрсеткіш. Төртеуіне 10 мың теңгеден сәл асады. Оларға бұл айыппұл түк емес.  1 келі ескі мүйіздің құны — 4,5-5 мың теңге. 4 адам 2 келіден шығарса, жетіп жатыр.

Ескі мүйіз жинаушылар үшін заңда шара қолдану керектігі көрсетілмеген. Мүйізді жас күйінде ұстаған жағдайдың өзінде біз оны дәлелдеуіміз керек. Яғни, мүйізде кеппеген қан болуы керек. Күдіктіде мүйізді кескен ара, киікті атқан мылтық болуы тиіс, — дейді жедел топ басшысы Әлібек Айтбай.

Ә. Айтбай мүйіз іздеушілер табиғатқа зиян келтіріп жатқандығын айтады. Олар олжаға кенелу үшін жер өртейтін көрінеді.

—  Қиын тиетіні, мүйіз іздеушілер жерді өртеп кетеді. Қаншама көлемдегі жерлер өртке оранады. От қамысқа тисе, тіпті қиын: шошқа, торай, құстардың балапандары бәрі өртенді дей беріңіз.

Өртеудің себебі: тақыр жерде мүйіздер тез көрінеді. Мүйіз аппақ болып, төңкеріліп жатады.

Бір теке өлген жерде екінші киіктің мүйізі табылады. Себебі, қыста бір емес, бірнеше киік өледі. Ажалы келген соң өледі. Бұл — табиғаттың заңы. Сонымен қатар, қасқырдың құрығына түскен киіктер де кездеседі. Ал киіктің  жас мүйізіне кезіксе, 45-50 мың теңге тапты дей беріңіз.

Мүйізшілердің малдары ұзақ жолға  әбден машықтанып алған: шөлге төзімді. Түйемен жолға шығатындар қамыр илеп, түйеге береді екен. Өзегі талмас үшін солай ететін көрінеді. Білуімізше, мүйіз іздеушілер жолға шыққанда нан алмайды. Нанды жолда пісіреді. Оның да үстінен түскен кезіміз болды.  Соңғы кездері ескі мүйіз жинау бизнеске айналды. Мүйіз ізеушілер 10 күн, тіпті айлап жатып мүйіз іздейді. Олар үшін мүйіз — күн көріс көзі. Мүйіз іздеушілер: «Отбасымызды асырауымыз керек» деп жұмыссыздықты желеу етеді. Мүйіз тапсырудан табыс көп түседі. Естуімізше, олар бір жолға шыққанда кем дегенде 70-80 мың теңге табады екен.

Мүйіз терушілердің көпшілігі Тәуіп пен Жайсаңбай селолық округтерінің тұрғындары.

Заңда мүйіз терушілерге шара қолдану туралы көрсетілмегендіктен, әрекеттерін тоқтатпайды. Олар қарап жүрмей, әрекеттерін біреуге айтады. Одан басқалар да құлағдар болып, мүйіз іздеушілердің қатары көбейетіні сөзсіз. Ал одан соң  адамдардың резерват жақты бетке алмайтынына, резерват  территориясына кірмейтініне кім кепіл? Олар жолда кездескен киіктерді өлтіруден де тайынбайды. Себебі, киіктің жас мүйізінің құны тіпті қымбат, — дейді Әлібек Айтбай.

Омар Сақтағанұлы жас мүйіздің қанша тұратындығы жөнінде былай дейді:

Жалпы біздің инспекторлар мүйіз іздеушілер жинаған  40-тан астам ескі мүйізді аудандық ішкі істер бөліміне  тапсырды.

Білуімізше, осы жерден киіктің жас мүйізін жинағандар келісін  40 мың теңгеге тапсырады екен. Ал   Қызылордада — 80 мың, Алматыда — 120 мың теңге тұратын көрінеді. 4 мүйіз  — 1 келі.

Әлібек мүйіз іздеушілер, киік аулаушылар туралы ел ішіндегі табиғатқа жанашыр адамдардың көмегі арқылы ақпарат жинайтындығын жасырмады:

Ауыл тұрғындарымен әңгімелесу арқылы біз біраз жайды білдік. Олар бізге естіген жайттарын жасырмай айтады. Және ақпарат айтқандығы үшін ақша талап етпейді. Сол адамдардың көмегімен біз кейбір жерлерді мүйіз іздеушілердің өртейтіндігін анықтадық. Дала өрті дер кезінде сөндіріп үлгермесең, біраз жерді алып кететіні белгілі. Оны сөндіру үшін күш бізге түседі. Кейде өрт көлге барып тіреледі. Мүйіз іздеушілер шөп шабатын жерді де, малдың өрісін де, өртей салады. Олар өртеген  жерлеріне өрт әбден басылған соң, 3-4 күннен кейін келіп, мүйіз тереді екен.

Жаза жеңіл, айыппұл мөлшері аз

Резерват директоры осылай дейді. Оның пікірінше, киіктің аталығына төленетін 200 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі  айыппұл, яғни  259 200 теңге аз.

— Заң әлсіз. Меніңше, расында киікті қорғайтын болсақ, онда заң талабын күшейтуіміз керек. Заңсыз  аңшылыққа әуестенбейтіндей жағдай жасау керек. Резерват маңына қайтадан жоламайтындай етіп жазалаған дұрыс. Мүйізге айыппұл мүлдем жоқ. Жас мүйіз екендігі дәлелденген жағдайда ғана шара қолданылады. Мол табыс тауып жүргендерге 200 мың теңге ақша емес.

Менің ойымша, қазір тірегі, сүйенетін адамы жоқ қарапайым тұрғындар киік аулауға шықпайды. Себебі, аудан тұрғындары мен қызылордалықтар резерваттың құрылғанын, инспекторлардың қолына түссе, заң алдында жауап беретіндіктерін жақсы біледі.  Браконьерлердің «көкелері» мықты. Бұлай деуіме негіз бар. 2007 жылы ұсталғандардың басым бөлігі — полиция қызметкерлері. Араларында Арал ауданының МАИ бастығы да бар. Күз бойы сот болды. Олар жеңіл-желпі жазамен құтылды.

Соңғы кезде браконьерлер мынадай айла тауыпты. Естуімше, қаскөйлер ауыл тұрғындарын жалдайтын көрінеді. Кейбірі инспекторлар бар-жоғын анықтау үшін резерват территориясына адам жұмсаса,  енді бірі ауыл адамдарының өзіне аулатады екен. Мол олжа тапқандарға көлік алып береді деген әңгімелер бар. Өздері сыртта жүреді. Былтыр ұсталған жігіттер сондай шамасы. Алакөл жүйесінен 62  жас мүйізбен қызылордалық төрт жігітті ұстаған едік. Мүйіздердің қаны қатып та үлгермеген. Көліктерінде аң аулауға шыққандықтарын дәлелдейтін заттар жетеді. Үстеріндегі киімдеріне дейін арнайы дайындықпен шыққандықтарын көрсетеді. Олар мінген «Land Cruуzer» көлігін тексеру барысында 2 келі киік етін, 4 пышақ, палатка, 4 дана мотоцикл дөңгелегінің камерасын таптық. Сонымен қатар көлікте далалық жағдайдағы ыдыс-аяқ, төсек орындар, қуған машинаның дөңгелегіне лақтыратын ұшты темірлер бар. Өздерінің айтуынша, біздің көлікке де сол темірлерді лақтырыпты. Қашып келе жатқан соң, абдырып тура лақтыра алмаған ғой шамасы, дөңгелегіміз жарылған жоқ.

Қалталарында «Турай» телефоны жүр. Біздің инспекторларда ондай телефон жоқ. Мекемеде бар болғаны екі-ақ «Турай». Тіпті, көліктерінде екі нөмер: джиптің алдында Алматының, артында Қарағандының нөмері бар. Көлік біреудікі, сенімхатпен жүргізіп жүрген. Заң бойынша, егер біреудің мүлкі болса, тәркіленбейді екен. Сондықтан, сенімхатпен жүргізулері алдын ала барлығын ойластырғандығын білдіреді. Сол қаскөйлер ақыры киік аулауға шыққандарын мойындаған жоқ. «Тауып алдық» деп құтылды. «Қостанайға барып едік. Инспекторлар қуған соң қорқып қаштық» деді. Мүйіздерді тауып алдық деген адам жазасын 1 жыл шартты түрде өтеуде. 62 мүйіз үшін айыппұл төлеген жоқ. Олардың тіректері күшті болмағанда, заңға мойынсұнатын  еді.

Бөкендер Қазақстан, Өзбекстан, Түркменстанда көп кездеседі. Сонымен бірге ауғанстан, Әзірбайжан, Иран, Ирак, Армения, Грузия жерлерінде де бар. Мәліметтерге сүйенсек, қазір Қырғызстан мен Тәжікстанның әрқайсысында 100 шақты ғана киік қалған.

****

Табиғатты қорғау халықаралық одағы, антилоптарды қорғау тобының наурыздың 4-і күні жариялаған баяндамасында, әлемдегі 91-дей антилоптар түрінің 25-ке жуығы жойылып кету алдында тұрғаны жазылған. Оның ішінде Орта Азияны мекендейтін бөкен мен еліктер де бар. Азия құрлығында бөкендердің шамамен 75 пайызына қатер төнуде.
Бөкендер Қазақстан, Өзбекстан, Түркменстанда көп кездеседі. С
онымен бірге Ауғанстан, Әзірбайжан, Иран, Ирак, Армения, Грузия жерлерінде де бар. Мәліметтерге сүйенсек, қазір Қырғызстан мен Тәжікстанның әрқайсысында 100 шақты ғана киік қалған.

****

Құралайдың салқыны

Көктемнің үшінші айы — мамырдың аяғына қарай, қатты суық жел тұрады. Ол жерді біршама кептіргенімен, оны қатты суытып жібереді. Осы кезде киіктер лақтап болып, құралайын суық жерден тұрғызып, жүгіртіп өргізеді. Киіктердің төлдеуі 2-3 күнге ғана созылады және де олар енесі өлген басқа лақтарды да емізе береді. Сонымен қатар мыңдаған лақтардың ішінен өз баласын адаспай табады.

Мамыр айының аяғында болатын осындай суық күндерді «құралайдың салқыны» деп атайды. Қазақтар құралайдың салқынын күтіп, одан да сақтанады.

P.S. Сонымен, киікті қорғауға алынғалы бергі оның өсімі тым тәуір. Бірақ мақтануға әлі ерте. Мамандар мұның екі түрлі себебін айтады. Біріншісі, заңды күшейту керек. Табиғат жанашырлары: «Қоршаған ортаға, жаратылыс иелеріне келтірген зияны үшін қаскөйлер темір торға қамалмаса да, өмірлік сабақ болардай тақсірет тартуы керек» деп отыр. Әйтпесе, қолданыстағы айыппұл мөлшері заңсыз аңшылықпен айналысуға жол бермеу үшін негіз бола алмайды. Екіншісі, заң саласында қызмет ететін мамандар «сатылмауы» тиіс. Сонда ғана мамандардың маңдай тері зая кетпейді. Әрі киік бизнесі тоқтап, киік саны артады.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Бірінші сақшылардың санын, сонан соң айып пұл мөлшерін 1 басқа жынысы мен жас мөлшеріне қарай 1-3 миллион теңге аралығында қою қажет. Аңға кім шығады? Қарапайым адамның аңға шығуға мұрсаты не мүмкіншілігі жоқ. Яғни, аң аулау қалталы, не болмаса осы кәсіптен қомақы пайда көріп отырғандардың кәсібі. Бүгінде ар-намысыма тиді дегендер ар-намысы алтын – алмаспен қапталғандай әкесінің құнынан жоғары көтеріп 300 млн. теңге талап етіп жатқандар да бар емес пе.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button