Құқық

«Сот кабинеті» — жаңа бағдарлама

Бүгінгі таңда  уақыт талабына сай еліміздің сот жүйесінде «Сот кабинеті» электронды сервисі жүйелі түрде іске асырылуда.

«Сот кабинеті» — сот органдарының онлайн сервистері мен қызметтерін қолдануға мүмкіндік беретін біртұтас терезе, ол арқылы азаматтар, олардың өкілдері немесе адвокаттары ғаламтордың көмегімен өтініштері мен арыздарын электронды түрде жібере алады. Сонымен бірге, мемлекеттік бажды онлайн режимінде төлеу, сот құжаттарын қарау, істің тарихымен танысу мүмкіндіктері де қарастырылған. Жаңадан енгізілген аталмыш қызмет түрлері мүдделі тұлғаларға істің қаралу мерзімдерін бақылап отыруға пайдасын тигізеді.

Заманауи ақпараттық технологияларды қолдану сот қызметінің қолжетімділігі, ашықтығы мен тиімділігі тәсілдерінің бірі болып табылады.

Сондай-ақ, ақпараттық сервистерді қолдану сот кеңсесі қызметкерлерінің ғана емес, сотқа жүгінетін адамдардың да уақытын үнемдейді. Азаматтар үйлерінен шықпай-ақ сотқа жүгініп, Жоғарғы Соттың ресми сайты арқылы өз құжаттарын бере алады.

«Сот кабинеті» сервисі электронды өзара іс-қимыл арқылы сот өндірісін жеңілдетуге, сондай-ақ сот жүйесінің жеделдігін, қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған. «Сот кабинеті» арқылы өтініш, арыз, шағым және электрондық түрдегі өтінімдерді әзірлеу және беру, мемлекеттік алымдарды онлайн түрінде төлеу, деректерді сақтау мен біріктірудің қауіпсіздігі сияқты жұмыстарды іске асыруға болатындығы айтылды.

Еліміздің сот жүйесі жылдан-жылға жаңа бағдарламаларды тәжірибеге енгізіп келеді. Мұның бәрі халықтың игілігі және қарапайым жандардың жағдайы үшін жасалып жатқан істер.

«Сот кабинеті» — жаңа бағдарлама, керек бағдарлама.

Сондай-ақ, тұтынушы өзіне ыңғайлы кез келген уақытта сот құжатын қарап, істің тарихымен танысып, сот актісін басып шығара алады.

Сот отырысы хаттамасының сапасын арттыру мақсатында барлық соттарда сот процесін аудио-бейне тіркеу жүйесі енгізілуде. Қазіргі технологиялар негізінде сот процестерін электрондық хаттамаға түсіруге мүмкіндік беретін жүйе өз кезегінде «Сот кабинеті» арқылы сот процесіне қатысушыларға қолжетімді болып табылады. Аудио-бейне тіркеу шеңберінде шет мемлекеттердің тәжірибесіне сүйене отырып, сот залдарын бейнеконференц жүйесімен жабдықтау арқылы сот төрелігін қашықтықтан жүзеге асыру мүмкіндігі артады. Осы жобаның іске асуы қылмыстық атқару жүйесін сотталушыны алып жүру жүктемесінен босатуға, ал сотталушының бейнеконференц арқылы ұсталған жерінде айғақ беруіне мүмкіндік береді. Заманауи технологияларды сот жүйесінде қолдану ел тұрғындары үшін сот жүйесінің барынша ашық әрі қолжетімді бола түсуіне ықпал етеді.

 Бақытбек ОМАРОВ,

Ақтөбе гарнизоны

әскери сотының кеңсе меңгерушісі.

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button