Мораторийге қатысты пікірлер

МӘСЕЛЕНІҢ МӘНІСІ
Ата-бабаларымыз қасық қаны қалғанша қорғап келген жер дауы — күрделі мәселе. Ел ішінде орын алған бейбіт шерулер де — соның айқын көрінісі. Оның үстіне, ел ішіндегі экономикалық ахуал да мәз емес. Дағдарыс бұқара халықты бір бүйірден түйреп тұр.
Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жер кодексінің қоғамдық резонанс тудырған бірқатар нормалары, нақты айтсақ, былтыр енгізілген төрт норманы күшіне енгізуге келесі жылға дейін мораторий жариялады.
«Алдымен жағдайды егжей-тегжейлi қарап, халыққа түсiндiрiп, парламентпен бiрге шешiп, келiсiмге келсеңдер, мораторийдi түсiремiз, болмаса түсiрмеймiз», — дедi Президент Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл туралы барлық бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет сайттары, әлеуметтік желілер жарыса жазды.
Бірнеше уақыттан бері халықты алаңдатқан өзекті мәселе ушыға бастағанда қабылданған ұтымды шешім қазақтың ертеңгі күніне де оң ықпалын тигізер деп ойлаймын.
Жер халықтікі! Кешегі үлкен отырыста Елбасының өзі «Халыққа ұнамайтын заңның керегі жоқ бізге» деді. Енді Жер кодексіне енгізілген өзгерістерге қатысты Үкімет жанынан арнайы комиссия құрылатын болды.
Ауыл шаруашылығын заманауи технологиялармен дамытуға көңіл бөлу көптеген әлеуметтік мәселелерді оң шешуге ықпал етер еді. Мысалы, жиырма бес жыл бойы ауылдан кәсіп іздеп қалаға ағылған миллиондар легі сап тыйылмағанмен, толастар еді.
Исламғали БІТІК,
Ақтөбе қаласының тұрғыны.
МОРАТОРИЙ МҮМКІНДІККЕ ЖОЛ АШАДЫ
Елбасының Жер туралы Заңға мораторий жариялауы дер кезінде қабылданған шешім деп ойлаймын. Президент Заңдағы халықтың келіспейтін тұстарымен санасып, Парламент пен Үкіметке осы кодекстің күмән тудыратын баптарын тағы бір мәрте пысықтап, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу, бұл орайда бұқараның пікірін ескеру мәселесінде мүмкіндік берді.
Жер — өте өзекті әрі күрделі мәселе. Бұл тұрғыда халықпен ақылдасып, көптің пікіріне құлақ асқан жөн. Жерді игеру, оның ел экономикасына әкелетін пайдасы, жерді тиімді пайдалану арқылы ауыл шаруашылығы саласын дамытудың мол мүмкіндіктерін жан-жақты зерттеп, зерделеуден өткен құжаттың әзірленетініне сенімім мол. Өйткені бұл мәселені жан-жақты қарастырып, ойлануға уақыт бар.
Нұржан ШАҢҒЫТБАЕВ,
Ақтөбе политехникалық колледжі
«Жасыл ел» құрылыс отрядының комиссары.
ЖЕР ДАУЫ ӨРШІМЕДІ
Бабаларымыз ғасырлар бойы білектің күші, найзаның ұшымен қорғап, ұрпаққа мирас еткен қазақтың дарқан даласы қазіргі таңда да жат жұрттан қызғыштай қорғайтын дүниесіне айналып отыр. Оның үстіне елдегі экономикалық дағдарыс та халықтың жан алқымынан қысып, мазасын алып тұр.
Бірқатар облыста орын алған кешегі бейбіт шерулер — отансүйгіш қазақ халқының жер дауына немқұрайлы қарамайтындығының, қысылған шақта «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара алатын» ауызбіршілігі барының дәлелі.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елдегі орын алған жағдайларды бөтен жұрт пайдаланып кетпей тұрғанда, одан әрі ушықтырмай дер кезінде тоқтата білді.
Ел ішінде наразылық тудырған Жер Кодексінің бірқатар нормалары, нақты айтсақ, былтыр енгізілген төрт норманы күшіне енгізуге келесі жылға дейін мораторий жариялады. Бірнеше уақыттан бері халықты алаңдатқан жер дауы өршімей тұрғанда қабылданған шешім ұтымдылығымен құнды. Дегбірі қашып, бойын ашу-ыза кернеген жұрт әп-сәтте көңіл күйі бірленіп шыға келді. Қуанған жұрт кәдімгідей бір-бірінен сүйінші сұрап жатты. Интернеттегі әлеуметтік желілерге де тыным болмады.
Елбасының өзі «Жер халықтыкі! Халыққа ұнамайтын заңның керегі жоқ бізге» — деп нығыздап айтты. Енді Жер Кодексіне енгізілген өзгерістерге қатысты Үкімет жанынан арнайы комиссия құрылатын болды.
Бәріміз де ауылда туып-өстік. Мал баққан елміз. Жусан исі бұрқырап жататын қазақтың жері табиғатынан төрт түлік мал өсіруге сұранып тұр емес пе. «Алтын дән — даласы» егін шаруашылығына арналғандай. Басқа мақсатта пайдалану мүмкін емес секілді. Ендеше, Үкімет тарапынан ауыл шаруашылығын дамытуға айтарлықтай көңіл бөлінсе, әлеуметтік бірқатар мәселе шешімін тауып қалар еді.
Әлішер САДЫҚ,
ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша жастар ісі жөніндегі өкілі.
ДҰРЫС ШЕШІМ БОЛДЫ
Соңғы кезде жердің жалға берілетіні, сатылатыны жөнінде түрлі пікір айтылып, халықтың алаңдағаны рас. Себебі қазақ үшін әу бастан даудың ең үлкені — жер дауы, жесір дауы. Халық бар байлықты жерден алып отыр. Ата-бабадан қалған жердің келешек тағдырына алаңдамай тұра алмайды.
Жерге қатысты дау әсіресе әлеуметтік желіде жиі талқыланды. Әркім өз ойын ашық айтып жатты. Оның ішінде өнер иелері бар. Халық танымал адамдардың пікірін күтті. Ал пікір айту үшін өзің сол саланы жетік білуің керек. Қазір барлығы сауатты, біреудің әңгімесіне еріп, ойыңа келгенді айта алмайсың. Шын мәнінде барлығымыз да жердің тағдырына алаңдап, қатты қиналдық. Елбасының осындай қиын кезеңде мораторий жариялау оң шешім болды. Бұл бір жағынан көңілінде күдігі көп халықтың мәселені егжей-тегжейлі талқылауына тағы бір мүмкіндік берді. Жер Кодексін күшіне енгізу мерзіміне мораторий жариялағанда қуанышымызда шек болмады. Тіпті достарымыз, әріптестеріміз бір-бірін құшақтап, құттықтап жатты.
Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН,
Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театр директоры.
ЖЕРДІ КӨЗДІҢ ҚАРАШЫҒЫНДАЙ САҚТАУ КЕРЕК
Елбасымыздың ел-жұрттың жерге қатысты наразылығына түсіністікпен қарап, олардың пікірімен есептесіп, Жер Кодексіне енгізілген өзгерістерге дер кезінде мораторий жариялағаны көптің көңіліндегі күдікті сейілтті. Бұл әділетті шешім болды. Және осы мәселеде асығыстық жасауға болмайды, жеті рет өлшеп, бір рет кесетін тұс осы.
Қазақтың жанды жері — ата-бабадан мирасқа қалған жері. Ұлан-байтақ жерімізді бабаларымыз білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап келгені тарихтан аян. Сондықтан жерді қатты қадірлейміз, оның тағдырына немкетті қарай алмаймыз. Мал бағып, егін салып, тіршілік жасап қара жерді еміп отырған халық тарапынан Жер Кодексіне енгізіліп жатқан өзгерістерге наразылық тууы заңды деп есептеймін өз басым. Шетелдіктерге жерді ұзақ мерзімге жалға бергенде, оның арты қалай болады, жеріміздің тоз-тозын шығармай ма және одан әрі солардың иелігіне өтіп кетпей ме деген күдік көкейімізде тұр. Әрі жалға алған жеріне жауапкершілікпен қарай ма, осы жағы басты уайымымыз. Оның бер жағында өз еліміздің азаматтары өздеріне тиесілі 10 сотық жерге кезекке тұрып, 10-20 жылдап қол жеткізе алмай жүр. Өзім үй салу үшін жердің кезегін 14 жыл күттім.
Меніңше, өз азаматтарымызға күттірмей-ақ тиесілі үлесін уақытында берсе, үй салам, саяжай салам, егін егем, мал бағам деп жер сұрағандардың да сұранысын қанағаттандырса, қазақтың жері бос жатпас еді.
Рысжан ІЛИЯСОВА,
Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері.
ЖЕР МӘСЕЛЕСІНДЕ ХАЛЫҚПЕН АҚЫЛДАСПАУҒА БОЛМАЙДЫ
Қай ел, қай халық үшін де жер — өте маңызды, нәзік мәселе. Өткен жылы Ресейдің Забайкалье өлкесінің губернаторы Константин Ильковский қытайларға 49 жылға жалға жер береміз дегенде, Ресей жұрты оған қатты қарсылық білдіріп, ақыры келісім жасалмай қалғаны есімізде. Ильковский айтқан жердің көлемі Забайкалье өлкесі аумағының 0,25 пайызы ғана екен. Қуатты Ресейдің азаматтарының алақандай ғана жер үшін сонша қауіп айтқанына куә болдық. «Бөтен елді жаулап алу үшін соғыс ашудың қажеті жоқ, күніне 1 сантиметр алға жылжып отыру жеткілікті» санайтын Қытайға алып мемлекеттердің өзі соншалықты сақтықпен қараса, қазаққа екі есе сақтық керек емес пе? Сондықтан халқымыздың өз жерін қорғаймын деп шырылдауы орынды. Көпшілік Парламент қандай заң шығарып жатыр деп күнбе-күн бақылап отырмайды. Бұрынғы Ұлттық экономика министрi Ерболат Досаев «жер аукцион арқылы сатылымға шығарылады» — деп, заң нормаларының күшіне енетінін хабарлағаннан кейін ғана, жұрт ұйқыдан оянғандай болды. Жерге, тілге қатысты маңызды мәселелерге келгенде, халықпен алдын ала ақылдасу, көпшілікті алдын ала хабардар ету, түсіндіру жұмыстарын алдын ала жүргізу керектігі осы тұста айқын сезілді.
Екінші жағынан, бейбіт митингіге шығудың өзінің тәртібі, заңы бар. Оның нақты ұйымдастырушылары болады, олар тәртіп мәселесін өз жауапкершіліктеріне алады, қойылатын талап та алдын ала айқындалады, ал басқа тақырыпты қозғау заңды бұзу болып табылады. Нақты ұйымдастырушысы жоқ жиындардың жауапкершілігін кім мойнына алады, ондай жиындардың соңы неге ұласарын кім біледі?! Сонымен бірге, сақтық керектігі түсінікті, бірақ солай екен деп, қытайға қатысты қорқыныш отын үрлей беруге болмайды. Кейбіреулердің «китаяфобия», яғни барлық қытай атаулыға жек көрініш сезімін қалыптастыру ниеті мені қатты алаңдатады. «Қытайды көргім келмейді, турист болып та келмесін» — дейтін пікірлер мен түрлі қауесеттер тарату — нағыз арандатушылық. Қытай — біздің көршіміз. Көршімен жаулықтың соңы жақсылыққа апармайды. Түптеп келгенде, өз еліміздің тәуелсіздігіне қатер төнуі мүмкін екендігін ұмытпағанымыз абзал.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев жер туралы заңнаманың дау туғызған нормаларына мораторий жариялады. Бұл — дұрыс шешім. Алдағы уақытта мәселенің оңды шешілуі үшін комиссия құру тапсырылды. Комиссия құрамына қоғамдық бірлестіктер өкілдері, заңгерлер, ауыл шаруашылығы саласының мамандары енуі тиіс, солар арқылы ортақ ұстаным табылады деп күтеміз.
Естай ЖАЙЛЫБАЙ,
Ақтөбе қаласы.
ХАЛЫҚҚА ЕЛ МҮДДЕСІН КӨЗДЕЙТІН ЗАҢ ҚАЖЕТ
Жер — ата-бабадан қалған басты байлық, халықтың мәңгілік мұрасы. Сондықтан оған жеңіл-желпі қарауға болмайды. Жасыратыны жоқ, елімізде жерге қатысты мәселе көтерілгеннен бастап халық қобалжулы болды. Бағымызға қарай, Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің халық жағында екенін тағы бір мәрте дәлелдеп, Жер Кодексінің кейбір нормаларының күшіне енуіне мораторий жариялады.
Елбасымыздың бұл шешімі оның көрегендігін, өз халқын қадірлейтінін білдіреді. Елбасының жерге қатысты айтқан нанымды сөздері бәріміздің ойымызға ой салды. Ата-бабадан қалған байтақ еліміз бен аманаттап қалған жерімізді қорғау, оны ұлықтау — біздің міндетіміз. Сол үшін бізге ең алдымен бейбіт өмір, елімізде тұрақтылық пен бірлік, тыныштық керек.
Бұған дейін еліміздің түкпір-түкпірінде орын алған жағдайлар өзара түсініспеушіліктің салдарынан болды деп ойлаймын. Алайда бүгінгі күні жұрт көңілге кірбің түсірген жайларды ақылмен шешіп, бәрі өз орнына келді.
Елбасының өзі айтқандай, қазіргі кезде халыққа жағымды, солардың мүддесін көздейтін, қарапайым халықты қорғайтын заңдар ғана қажет. Сонда ғана ешқандай реніш, негізсіз әңгіме болмайды.
Ең бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болса, бізге одан артық байлық жоқ. Қашанда қазақ елінің татулығы — өзгелерге үлгі. Сондықтан еліміздің бірлігі мен тұрақтылығы мәңгі болсын!
Анара КӨШКІНБАЕВА,
аудандық №2 соттың қызметкері.
Мұғалжар ауданы.
ЖЕРДІ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНДА ЕҢБЕК ЕТЕТІНДЕРГЕ ҒАНА ТАПСЫРУ КЕРЕК
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жер Кодексінің 4 нормасын күшіне енгізуге мораторий жариялады. Мұны қуана құптаймыз.
«Степное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі — облыстағы ең ірі шаруашылықтардың бірі. 65 мың гектар жеріміз бар. Оның 35-40 мың гектарына егін егеміз. 2500 ірі қара, 800-ден астам жылқы бар. Шұжық, кондитер цехтары, элеватор жұмыс істейді.
Шаруашылықтың басында жүргендіктен нәсібін жерден тапқан шаруаның ой-пікірін жақсы білемін. Негізі заңда көп қайшылық жоқ. Дегенмен, өзгерту енгізетін тұстары бар. Жақында маған жас жігіт келіп, өз ойын айтты. «Шаруашылық құрғым келеді. 50-60 ірі қара сатып алдым. Жайылым керек. Дегенмен, 1 шілдеден бастап күшіне енетін Жер Кодексіне сәйкес, жерді аукционда сатып алу керек екен. Шамамен 100 гектар жердің әр гектарын 20 мың теңгеден сатып алу үшін 2 миллион теңге қаражат керек. Бұл — көп қаржы. Шаруасын енді бастаған адамда ондай қаржы қайдан болсын» деді. Менің пікірімше, кәсібін енді ғана қолға алған шаруа ісін жүргізгенше 5 жылға жеңілдік берілгені дұрыс, жерді 5 жылға жалға беру керек. Одан кейін кәсіпкердің жағдайын түзеуге, жер сатып алуға мүмкіндігі болады. Сол себепті, бастапқыда жеңілдік беру, жалға беру жағы қаралса екен. Бұл — бір.
Екіншіден, кезінде жерді пайға алған шаруалардың меншік құқығын қайта қарау керек. 2002 жылы шыққан заңда пайға қатысты «субаренда» мәселесі айтылмаған. Сол үшін пай үлескерлерін құрылтайшы етіп кіргіздік. Дегенмен, олар бізбен бірге егін егіп, мал өсірмейді. Кейбірі ауылдан көшіп кетті. Сонда да олар үлестерін алады, жем-шөбі біздің мойнымызда тұр. Жер солардың құқында қалды.
Жаңа Жер Кодексіне сәйкес, оларға сату құқы берілген. Мұндай мүмкіндік берілген соң олар жерді қалаған адамына сатады ғой. Міне, осы мәселеге қатысты құжатқа өзгеріс енгізілсе, дұрыс болар еді. Жерді ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететіндерге ғана тапсыру керек.
Аманғос ТӨЛЕУОВ,
«Степное» ЖШС директоры.
Қарғалы ауданы.
МОРАТОРИЙДІҢ ЖАРИЯЛАНУЫ — ЖАҚСЫЛЫҚТЫҢ БАСЫ
«Сауатсыз десек те ата-бабаларымыздың бізге үлгі боларлық екі қасиеті бар», — депті ұлы Абай. Сол екі қасиеттің бірі — намысқойлық болса, екіншісі — ел басқарған адамға тағдырын сеніп тапсыру. Рас, жер — қазақтың жаны, бары. Бірақ ең алдымен, ел аман болуы керек қой? Кешегі күндері көңілде жұрт көшеге шықса, соңы тәртіпсіздікке ұласып кетпей ме деген үлкен уайым болды. Сондықтан Елбасымыздың шешіміне қатты қуандық. Енді сол алаңға жүгірген жұрт іске — жерге сән беріп, бағын ашып, мал өсіріп, егін егіп, еңбектенуге жүгірсе, шіркін.
Алаңдағы у-шуға қарап отырсам; қалқанның арғы жағында да, бергі жағында да — қазақ. Өзіңе өзің егеспе, оқы, кәсіп қыл, жерді солай қорға дегің келеді. Жайқалтып гүл ексек, Голландиядан неге тасимыз? Мөңіретіп сиыр саусақ, Ресей мен Қырғызстанның сүті ашып кетер деп қорқамыз ба? Одан да намысқа тырысып, қайла-күрегімізді алып, Жер-Анаға жақындайық. Газет-теледидардан үнемі іс бастаған жандарды көрсетіп, үлгі етіп жатады. Ол да — қазақ қызықсын, қозғалсын деген пиғыл, жанашырлық.
Озық жұрттармен иық теңестіру үшін, айқай-шу емес, ес керек. Солардың білгенін білу керек. Жерге істеген ісін істеу керек. Біз жыл сайын өзбек үйімізді салғанша, кəріс қарбыз пісіргенше, күтетініміз рас қой. Той тойлап жүре берсек, замана көшінен кейін қаламыз.
Өз басым үшін елді 25 жылда адастырмаған Елбасы — ең сенімді тұлға. Мораторийдің жариялануы жақсылықтың басы деп білемін.
Гүлімай ӘБІШҚЫЗЫ,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
ЕЛБАСЫМЫЗ ДАНАЛЫҚ ТАНЫТТЫ
Елбасы кейінгі кезде ел ішінде үлкен дүрбелең тудырған жер заңнамасының кейбір нормаларын қолдануға мораторий енгізу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл өте дұрыс шешім болды деп есептеймін. Президенттің Үкіметтің кеңейтілген кеңесінде атап көрсеткеніндей, халыққа ұнамайтын заң қабылдануға тиіс емес. Мұндай ел тағдырына қатысты мәселені халыққа түсіндірмей, дұрыстығына әбден көз жеткізбей жеңіл-желпі шешуге болмайды. Себебі, жердің иесі — халық. Ол бізге бабаларымыздан мәңгілік мұра болып қалды. Тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетпей, халқымыздың байлығы — жер әрі қарай да ұрпақтан- ұрпаққа жалғасуға тиіс.
Осы таяу күндерде ауданның Степное, Желтау округтерінде болған кездесулерде де тұрғындар осындай берік ұстанымдарын білдірді. Әсіресе жермен айналысатын шаруалар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға жалдау шарттары мен уақытша жер құқығын беруге қатты алаңдаулы. Мұндай қадамдар түптің түбінде жерден айрылып қалуға соқтырмай ма деген қауіп айтады. Расында да, бұл — ойланатын мәселе. Жалпы мемлекеттік меншіктегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жекеменшікке беруге асықпаған жөн, мұны шешу үшін он ойланып, тоғыз толғану керек, уақыт қажет. Еліміздің жарты халқының ауылда тұратынын, олардың тіршілігінің жермен байланыстылығын естен шығаруға болмайды.
Әрине, халқымыздың тағдырына байланысты талай күрделі мәселелерді байыппен салихалы шешіп, небір тар жол, тайғақ кешуден аман-сау алып шыққан Елбасымыз бұл жолы да даналық танытты.
Жұмабек ҚОЛЖАНОВ,
Қарғалы аудандық мәслихатының депутаты.
ЖЕР — ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ
Елбасымыздың Жер кодексін күшіне енгізу мерзіміне мораторий жариялауы «бұл қалай болар екен» деп толқып жүрген халықтың, оның ішінде жастардың көңілін орнына түсірді. Және бір жағынан осы мәселені егжей-тегжейлі талқылауға тағы бір мүмкіндік берген оң шешім болды.
Қай уақытта да қазақ халқы үшін жер — ең өзекті мәселе. Өйткені халық ен байлықтың барлығын осы жерден алып отыр. Осы мәселеге келгенде халықтың алаңдамай тұра алмайтыны анық. Сондықтан жерді тиімді пайдаланудың маңыздылығын көпшілікке түсіндірген жөн секілді. Жерге қатысты дау туындағанда менің де көңілімде күдік болды. Интернет арқылы Еуропа елдерінің жерге қатысты реформаларын оқып, қарадым. Бір байқағаным, Германия секілді дамыған елдер ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беріп, тәуір пайда тауып отыр екен. Ал біздің еліміздегі жағдай да осыған саяды. Сондықтан бұл мәселе әлі де қаралып, жан-жақты талқылауға түсуі керек деп ойлаймын.
Ербол ШЫМА,
«Ақтөбе жастары» мемлекеттік мекемесінің басшысы.
ЖЕРДІ ПАЙДАЛАНУ – ЖЕТІСТІГІМІЗДІҢ КЕПІЛІ
Ата-бабаларымыздың білегінің күшімен, найзасының ұшымен ұрпағына аманаттап кеткен еліміздің ұлан-ғайыр жері қаншалықты байлыққа толы болса, соншалықты оған қызыға қараушылар да көп екені баршамызға белгілі. Қазіргі қоғамда үлкен пікірталас тудырып жатқан жер сату мәселесі кім-кімді де бей жай қалдырмасы анық. Бұл мәселеге соңғы нүктені Елбасымыз Н.Назарбаев қойды. Ол ҚР Жер кодексіне енгізілген толықтырулардың күшіне енуін тоқтатты. Сонымен қатар үкімет жанынан Жер реформасын жүзеге асыру туралы комиссия құруға тапсырма берді. Н.Назарбаев Астанада Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы біртұтас ұлт» атауымен өткен XXIV сессиясында да «Мен азаматтарымыздың осы мәселені көтергеніне қуаныштымын. Егер жерге дәл осылай көңіл бөлінетін болса, бұл біздің халқымыз өз жерін қасық қаны қалғанша қорғайтынын көрсетеді», — деп, ризашылыққа толы тұжырымын айтқан еді.
«Жері байдың елі бай» демекші, жерді тиімді пайдаланып, игілікті іс жасап отырған азаматтар біздің ауданымызда да жетерлік. Еңбек етіп ертеңіңді болжай білсең, жетістікке жетерің де анық. 1996 жылы бауырларыммен бірігіп «Қуан» шаруа қожалығын құрдық. Алғашында, әрине, қиындықтар да болды. Қазіргі күні, құдайға шүкір, шаруамызды тіктедік. Бұл еңбек пен ертеңгі күнге деген сеніммен қатар, мемлекетіміз көрсетіп отырған қолдаудың нәтижесі деп білемін. Малдың басы мен ауыл шаруашылығы техникаларына берілетін арзан несие мен субсидия шаруаңды дөңгелентуге мол мүмкіндік береді.
Октябрь НҰРМАҒАНБЕТ,
Ырғыз аудандық мәслихатының депутаты,
«Қуан» шаруа қожалығының басшысы.
ТҮСІНІСТІК ТУРА ЖОЛҒА БАСТАЙДЫ
Елбасының «Жер заңнамасының кейбір нормаларын қолдануға мораторий енгізу туралы» Жарлыққа қол қоюын біз қанағаттанғандық сезіммен қарсы алдық.
Әдетте жерге қатысты қандайда әртүрлі пайымдаулар, оның ішінде түсініспеушіліктер қоғамда келеңсіз жағдайларға жол ашатыны мәлім. Сондықтан бұл мәселеде ең алдымен салқынқандылық, сабырлылық танытқан жөн. Екіншіден, көңілге кірбің түсіретін жайлардың өзін ақылмен, екі жақты келісіммен шешуге болады ғой деп ойлаймын.
Мен өз басым соңғы он жылдай уақыт бойы «Невада-Семей» халықаралық қозғалысының мүшесі ретінде Қазақстанның көптеген жерлерінде болдым, халықпен талай сөйлесіп, пікірлесіп, олардың жерге қатысты көзқарастарын, жанайқайларын жақсы сезініп жүрген адаммын.
Мемлекет басшысы Жер Кодексіне енгізілген өзгерістерге қатысты Үкімет жанынан комиссия құруды тапсырды. Комиссияны бірінші вице-премьер Бақытжан Сағынтаев басқаратынын білдік. Мен өз басым қоғамдық қозғалыс мүшесі ретінде осындай комиссия құрамында жұмыс істеуге дайын екенімді білдіргім келеді.
Қазақта жер дауы бұрыннан бар екені белгілі. Бірақ бүгінгі даудың бізге ешқандай қажеті жоқ. Өйткені біздің тәуелсіз мемлекетіміз ғаламдық деңгейге танылды. Осындай сәтте өз-өзімізбен пікір қақтығысын өрістетіп, болмайтын істі қудалап жүргеніміз жақсылық әкелмейді.
Ең бастысы, Елбасымыз елді мазасыздандырған мәселелерге қатысты нақты жауап берді, басшылардың қоғамға жақын болуын, ел-жұртпен етене араласуын тапсырды. Мен осыған қуандым. Жеріміз елдің игілігіне, халықтың пайдасына жарап жатса, ал азаматтарымыз сырттай бақылаушы болып қоймай, өздері сол жерді игеруге белсенділік танытса, артық әңгіме туындамайтынына сенімдімін.
Ізімғали КӨБЕНОВ,
«Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысы Қазақстанның батыс аймағы бойынша басшысы.





