Әлеумет

Ақтөбеде аула клубы біреу-ақ. қашан көбейеді?

Көктем мезгілі ортасынан ауып барады, балалардың жазғы демалысқа шығатын уақыты жақындады. Осындайда әр ата-ананың ұл-қызын қайда апарарын білмей, біраз әуре-сарсаңға түсетіні бар. Лагерьлер көп — ондағы бағалар да арзан емес… Ал аула клубтары ше? Жалпы, олар Ақтөбеде жұмыс істей ме?

 «Ақтөбе жастары» шақырады!

 Биыл ғана облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен құрылған «Ақтөбе жастары» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басты мақсаты —жеткіншектердің бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасау. Осыдан бір ай жарым бұрын аталған мекеменің жанынан ашылған аула клубы қызметкерлерінің жұмыс жоспары да жоғарыдағы ой-ниетпен тақылеттес.

— Бұл аула клубын ашу туралы идея Ақтөбе қаласының әкімі Бекбол Сағынға тиесілі. Шаһар басшысы «Неліктен басқа қалалардағыдай аула клубтарын ашпасқа? Мұндай орталықтарда жастар спортпен шұғылданып, өнерге де бет бұратын еді», — деп бізге үлкен ой салды. Сөйтіп, бұл іске кіріспестен бұрын Астанадағы аула клубтарының жай-күйімен танысып, олардың жұмыс істеу құрылымын біліп қайттым. Көп ұзамай өзім басқаратын мекеме жанынан Ақтөбедегі алғашқы аула клубының жұмысын бастап кеттік. Бұл — мемлекеттің өскелең ұрпаққа жасап отырған қамқорлығы. Өйткені мұнда бәрі ақысыз, келушілерде ниет болса жеткілікті, — дейді «Ақтөбе жастары» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Ербол Шыма.

Оның айтуынша, кез келген жасөспірімнің жан-жақты дамуына күш салатын аталмыш орталыққа тіркелу оңай. Ол үшін 16 жастан асқан өреннің төлқұжаты және медициналық анықтамасы болса жетіп жатыр. Ал мектеп жасындағы оқушылардың әке-шешесімен арнайы келіп, арызын толтыруы шарт. Кейін келушінің қай салаға бейімді екенін анықтай келе, оны белгілі бір секция немесе үйірмеге қабылдайды. Бұның бәрі толықтай тегін екенін айта кету керек.

130 жас һәм 8 маман

19 наурыздан пайдалануға берілген аула клубына бүгінге дейін 130-дан астам ақтөбелік жазылған. Олардың ең жасы 5-тегі балдырған болса, ең үлкені — орда бұзар азамат. 30 жасқа дейінгі қала тұрғындарына қызмет ететін мемлекеттің қарамағындағы орталықта әзірге 7 секция бар: хореография, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, дойбы, шахмат, бейнелеу өнері және фитнес залы.

— Жасыратыны жоқ, жас болса да, семіздікке шалдыққандар арамызда көп. Олар артық салмақтан арылғысы келгенмен, арнайы залдарға баруға қаражат тапшы болып жатады. Ал өздігінен спортпен айналысуға мүмкіндіктері, әйтпесе қарым-қабілеті, тіпті уақыты жоқ. Енді не істеу керек? Ондай жағдайда бізге келіп, жазылса, аз уақытта-ақ бұл мәселені шешуге болады. Ол мақсатта арнайы білімі бар, тәжірибесі зор жаттықтырушыларымыз көмекке келеді. Сондай-ақ, бос уақытта не істерін білмей, күн ұзағына ұялы телефонға телміріп отыратын жастарымыз да баршылық. Одан да денесін шынықтырып, билесе болады емес пе? Кішкентай суретшілер үшін де үйірме ашып қойдық. Және ешқайсысынан бір тиын да алмаймыз. Жалпы, аула клубына келушілерге бүгінде 8 маман қызмет етеді, — дейді Е.Шыма.

Алдағы уақытта балаларды мектепке даярлауды, оқушыларды домбырада ойнауды үйретуді жоспарлап отырған орталықтағылар күн санап олардың ісіне қызығушылық танытушылардың артып жатқанын тілге тиек етеді. Жұртшылықтың сұранысына сай жұмыс істейтін аула клубының есігі таңғы сағат 9-дан кешкі 8-ге дейін ашық.

Осы орайда орталық өкілі балалардың зейінін тек спортқа ғана емес, шығармашылыққа да теңдей аударатынын айтады. Яғни мұнда концерттер мен түрлі танымдық шаралар да өткізіліп тұрады.

—  Аз уақыттың ішінде бірнеше шараларды ұйымдастырып үлгердік. Мәселен, жуырда ауған соғысының ардагерімен кездесу өтті. Сондай-ақ, аула клубындағылар үшін Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен сыр-сұхбат құру жоспарда бар. 7 мамыр — Отан қорғаушылар күні қарсаңында шахмат пен дойбыдан сайыс өтеді деп күтілуде. Бұның барлығы жастарға патриоттық тәрбие беру, олардың өзара тату, дос болуы үшін ұйымдастырылып жатыр. Өйткені біздер олардың уақытын нәтижелі өткізіп қана қоймай, қолдан келгенше тәлім-тәрбие де берсек дейміз, — деп атап өтті Ербол.

«Бұйымтайымыз бар…»

— Әлгінде ғана аула клубын ашпастан бұрын бас қаланың бұл саладағы тыныс-тіршілігімен танысып қайтқанымды айттым. Білесіз бе, ол жақта әрбір екінші үйдің жертөлесінде аула клубтары бар екен. Және мұндай орталықты тұрғындар өз күшімен ашып, құзырлы органдардан аптаның белгілі бір күндерінде жауапты маманды ғана жіберуді сұраған. Сол арқылы олар басқалардың да жұмысын жеңілдетіп отыр әрі балалары үшін де алаңдамайды. Елордадан бөлек, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында да бұл іс жақсы жолға қойылған. Ал бізде аула клубтары енді ғана ашылып жатыр…  Бірақ болашақта біз де осындай деңгейге жетеміз деп сенемін. Себебі, балалар — біздің болашағымыз.

Осы орайда жергілікті кәсіпкерлерге айтарым бар. Әсіресе, көп қабатты үйлер салумен айналысатын азаматтар өздері құрылыс жүргізген нысанның жертөлесін бізге берсе, үлкен қолдау болар еді деп ойлаймын. Неге десеңіз, мұндай клубтар әр шағын ауданда болуы керек, — деп ойымен бөлісті Ербол.

Айта кетейік, жоспар бойынша облыс орталығында жыл соңына дейін тағы екі аула клубы ашылмақ. Оның біреуі 11-шағын ауданда болса, екіншісі «Нұр Ақтөбе» ауданында іске қосылады деп күтілуде.

P.S. Ақтөбедегі әзірге жалғыз аула клубы Батыс-2 шағын ауданындағы  «Степной» тұрғын үй кешені, №6 «г» үйде орналасқан. Орталықтағылар кез келген ақтөбелікті қабылдауға дайын.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Суреттерді түсірген автор.

 

 «Ақтөбе жастары» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жанынан құрылған аула клубында бүгінгі таңда 7 секция жұмыс істейді. Оның бәрі де ақысыз негізде.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button