Әлеумет

Бұқара

  • Лебіз

ӘНІМЕН ЕЛДІ ТЕРБЕГЕН

«Өнер – таусылмас азық, жұтамас байлық». Ал «ел іші – алтын бесік». Халқымыз өнер адамдарын ерекше сыйлап, жоғары бағалаған. Халықтың өнерге, оның ішінде өлең-жыр мен ән-күйге деген шынайы да құрметті сезімін қастерлей білген, ән-күйге әуестік бойына табиғаттан дарыған, тума таланттар тұғырынан танылған тұлғалар қатарына композитор Қайырғали Қожанбаевты жатқызар едік.

Қазақ музыкасының құлагері, жерлесіміз, бүгінгі күні мектебіміз есімін иеленіп отырған, халқымыздың өнер әлеміндегі біртуар азаматы, академик Ахмет ата Жұбановтың дарынды шәкірттерінің бірі Қайырғали аға қандай құрметке де лайық азамат деп білеміз. Жұбановтар отбасының туған жері, өзіміздің Орқаш өңірі қасиетті де киелі, «оттан да ыстық». Қайырғали аға осы өңірдің шаруашылығын өркендету жолында үлкен жігермен қажырлы еңбек еткен халық қалаулысы, республикаға танымал тұлға Ағлен Ермағамбетоваға «Ағлен» күйін арнапты. Ауылымызда қонақ болып, өз өнеріне халықты тәнті қылып, ән-күйлерімен көпшілікті баурап, тебіренткен ағамызды ауыл тұрғындары қошеметтеп қарсы алды. Ауылға келген кезекті бір сапарында ауылдың іші мен мектебін, сыртқы әсем табиғатын, қарағайлы орманын үнсіз аралап, терең ойда болған ағамыз кетер  кезінде мектебімізге «Орқаш мектебінің әні» атты туындысын сыйға тартып кетті. Бұл шығарма – сол сәттен мектебіміздің әнұранына айналып, қазір барлық оқушыларымыз қосыла шырқайтын сүйікті әніміз.

Қайырғали ағамыз 70 жасқа толды. А.Жұбанов атындағы орта мектебінің ұжымы композитор ағаны мерейтойымен құттықтап, зор денсаулық, шығармашылық өрлеу тілейді.

Алик МИРМАНОВ,

Қаракөл ауылы,

Мұғалжар ауданы.

Тағзым

ҰСТАЗДЫҚ ШАПАҒАТЫ

Шалқар өңірінде Байсановтар әулеті туралы сөз бола қалса, нағашылы-жиенділер өңіне қан жүгіріп:

– О, бұларды бір мекенге жинақтаса, үлкен поселке болып шығады, – дейтіні бар.

Айтса айтқандай, өсіп-өнген әулет.

Орта бойлы, жүріс-тұрысынан мәдениеттілік айқын көрініп тұратын Әбекең өзі туралы айтуға сараң еді. Біздің білетініміз – ұстаздығы, Шалқарда білімнің қара шаңырағы атанған №1 орта мектеп директорлығынан қалалық кеңес атқару комитетінің аппаратына, кейін аудандық партия комитетіне жауапты қызметке келуі болды. Бірде ағамыз көңілденіп отырып, сырын ақтарды.

Әбекең де Ұлы Отан соғысының отты жылдарында орта мектеп бітірген түлектердің бірі. Уақыттың ызғары сол кезеңдегі буынды ерте есейткендей болды. Қараңыз, кейіпкеріміз мектептің соңғы сыныбында оқып жүріп, локомотив депосының жанында ашылған ФЗО мектебін тәмәмдайды, кейін кәмелеттік аттестат алысымен теміржолдың №67 бекетінде табель жүргізуші қызметіне орналасады. Жұмыстан қол үзбей Сызрань теміржол техникумын бітіргені тағы бар. 1948 жылы Ленинград қаласында Герцен атындағы шетел тілдері институтына оқуға қабылданады, кейін институттың Алматы филиалында оқуын жалғастырады.

Ауылдың ешқайда ұзап шықпаған баласы өзіне ұстаздық қызметтің құпиясын жалықпай үйреткен алғашқы топтың санатында кураторы Эльза Добаны ауызға алар еді. Бұл Лондон қаласында университет бітірген, әйгілі Пол Робсонмен бірге оқыпты, өзі орыс тілін білмейді. Ұстаздың айтқан мына кеңесі еңбек еткен жылдарында санасына мықтап орнықты: «Әрбір сабағыңның тақырыбын ғылым дәрежесінде білмейінше, балалардың пәнге деген қызығушылығын арттыра алмайсың, терең де тиянақты білім беру мүмкін болмайды. Қажет болса әрбір сабақты жаттап ал. Шәкірттеріңнің көзінше сабақ жоспарына немесе оқу құралдарына көз жүгіртіп тұрсаң, беделің түседі». Сол ақылмен үйінде жеке кітапхана жинақтаған Әбдуәли Смағұлұлы қай жерде жұмыс істесе де биік беделдің адамы болды. Алғырлығы емес пе, екінші курста оқып жүргенде лекциядан кейін Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің мектебінде дәріс береді, университет филиалы жанындағы парсы тілін үйрететін курс тыңдаушысы болып арабша оқу-жазуды, намаз сабақтарын меңгереді.

Аудандық халық ағарту бөліміндегі инспектор ағасы Байеділ мұның жолдамамен Батыс Қазақстан облысына барып, жұмыс істеуіне қарсы болды. Уәжі – «Жоғары білім алған екенсің, білгеніңді туған өлкең Шалқардың балаларына үйрет».

Бұл күнде алды зейнет демалысындағы, соңы алпыс жасты иектеген бірнеше буын өкілдері Әбекеңнің тағылымын тебірене еске алады.

1960 жылдың қаңтар айы. Әбдуәли Смағұлұлы №496 орта мектепте мұғалім. Уақыттың заңы ма, ағылшын тілі пәні ауысымдағы сабақ кестесінің соңғы жағына қойылатын. Ағамыз алтыншы сабағын өткізуге сынып бөлмесіне бет алады, қасында оқу ісінің меңгерушісі Сапа Жездібаев бар. Сыныпқа жақындай берсе, есік аузында екі орыс қызы тұр екен. Бірі бауырына сынып журналын қысып алған. Мұғалімнің сабағына қатысып, қалай өткізетінін байқамақ. Меңгерушінің «бүгін кірмей-ақ қойыңыздар, ертеңгі сабақты көрейік» деген әңгімесіне бой берер түрі жоқ. Әбекең әріптесі Сападан қыздармен бірге сабаққа қатысуды өтінеді. Үшеуі кейінгі парталардың бірінен орын алады. Мұғалім еш абыржымастан тақтаға бүгінгі тақырыпты – «My family» – «Менің отбасым» деп жазады. Балалар болса талдау барысында ерекше көзге түсті. Үнемі дайындықта жүріп, кезекті сабағын жоғары деңгейде өткізген ұстаз әлгі тексерушілерге өзін еріксіз осылай мойындатады.

Шалқарда білімнің қара шаңырағы атанған №1 орта мектеп директорлығына келуі Әбекеңнің танылуына септігін тигізді. Негізгі оқу корпусы қалада, одан өзге Жангелдин поселкесінде бастауыш сыныптар бөлімшесі бар. Әр сыныпта – қырықтан астам оқушы. Қуаныштысы – директордың орынбасарларынан бастап пән мұғалімдері кәсібіне мейлінше адал, тәжірибелі болып кезікті.

Жаңа басшының қолға алуымен пәндік кабинеттер жасақтала бастады. Мектеп жанындағы шеберхана жұмысы жандандырылды, тәжірибе учаскесі ұйымдастырылды. Кейін Әбекең өздерінің әрбір ісіне аудан орталығындағы мекемелер басшылығының тұрақты қолдау жасағанын ризалықпен айтып жүрді. Мүмкіндікті ұтымды пайдаланып, тынбай қимылдау нәтижесінде Жангелдин поселкесіндегі бастауыш мектеп ұлғайтылып, орталау мектепке айналдырылды, оның алғашқы оқу корпусын шаруашылық әдіспен салған да Әбекең басқарған ұжым еді.

Ғұмырының соңғы жылдарында Талғат Бигелдинов атындағы Ақтөбе әскери авиация институтында аудармашы болып қызмет істеген Байсанов діни ұстанымдарға беріктік көрсетті. Тірлігінде кісіге қатты сөз айтып көрмеген азаматтың бойында ерекше қасиеттердің бірі аңшылыққа, балықшылыққа құмарлығы болды. Ол бар білімін, қабілетін жастарға үйретуден еш жалықпай, алғыс алумен дүниеден озды…

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,

журналист.

Ақтөбе қаласы.

  • Тәрбие

БАТАСЫ «ТОСТ» СӨЗІНДЕЙ БОЛМАСЫН ДЕП…

Халқымыз ақ тілеумен айтылған батаға айрықша мән берген. Батаны халқымыз киелі тілеу деп бағалайды. Оған дәлел –  «Бата – сөздің анасы», «Атаңнан бота алма, бата ал, бота бір жұтта өліп қалады, батамен Алла қаласа, бағың жанады», «Баталы ер арымас, батасыз ер жарымас» деген секілді аталы сөздің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқандығы.

Егер бір батаны үлкеннің кішіге айтқан көл-көсір тілеуі ғана деп ұқсақ, онда сөз мәнісіне, сөз киесіне тайыз баға берген болып шығар едік.

Ең бастысы, батаның тәрбиелік мәнінің тереңде жатқанын бағалай білуіміз қажет.

Аузында дуа, сөзінде де кие бар данагөйлеріміз елге пана, халыққа қорған болар небір нар тұлғалы азаматтарды тәрбиелеуде батаның орнын аса жоғары бағалаған. «Батаменен ер көгереді, жауынменен жер көгереді» деген аталы сөз осы орайда айтылса керек. Соған орай «боламын, толамын»  деген әр жас қыран қияға ұшарында, әлгіндей данагөйлердің батасынсыз қадам баспапты десек, асыра дәріптегендік емес.

Жоғарыда айтылғандарды еске алып, зейнеткерлікке шыққаннан кейін ретті орында, «ата, бата беріңіз» дегенде өз мүмкіндігімше отырыстың ретіне қарай тілегімді білдірдім. Оқығанымнан, естігенімнен осы отырысқа осы лайықты дегендерді алып, кейбір сөздерді қысқартып болмаса сөз қосып, осы заманымызға, осылай айтылған үйлесімді бола ма екен деген оймен өзімше айтамын.

«Адам өлген күні өлмейді, аты аталмай қалған уақытта өледі» деген бар. «Құдайдан артыма ұрпақ қалдыра гөр» деп тілегендегі тілегі атым өшпей, ұрпағым жалғасса дегені болар.

Жасым сексенге келді, алдағы уақыт белгісіз. Сондықтан қажет санаса, ұрпақтарым «атаның сөзі еді» деп керегін пайдаланып, мені естеріне алар деп жазып отырмын.

Халқымызда «Қартайғанда бақытты даладан іздеме, баладан ізде» деген сөз бар.  Аллаға шүкір, ұл-қыздарым адам болды. Бір данышпанға: «Бала байлық, бақ дейміз, осыған қалай жауап бересің?» – дегенде:

– Бала – өміріңді жалғастыратын із,

Байлық – қолға ұстаған мұз, еріп кетеді.

Бақ – құс, үнемі қолға тұрмайды, бір күні ұшып кетеді, – депті.

Ұлтымыздың бір ұлылығы – бата. Өкініштісі, қазір бабалар берген ақ бата, киелі сөз ұмытылып, бір сарынды, мағынасыз болып, тіпті, «тост» сөздеріне ұқсап барады. Жастары егде азаматтарға «ал бата бер» дегенде, абдырап, жан-жағына алақтап қалатынын қайтерсің. Батаның балаларға, асқа, садақаға, дастарқанға, жас жұбайларға, немерелерге, нәрестелерге, әскерге баратын бозбалаға, тума-туыстарға, баршаға арналған түрлері бар. Ұлыс күнінің батасы – үлкен бата.

Сексеннің сеңгіріне шыққасын, артыңда қалып түтініңді түтетіп, ізіңді жалғастыратын ұрпағың болса, өмірдің мағынасы сол деп, баршаларыңа тату-тәтті тірлік, бір атаның баласындай бірлік тілеймін! Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан батаны қастерлеп, оның киелі сөзі жастар жадында жатталып, өмірлеріне шұғыла шашсын!

Қуандық ата,

Хромтау ауданы.

ЕКІ ЖАҒДАЙДЫ ЕСКЕРСЕ…

Өткен 2008 жыл Ақтөбе халқы үшін жаңалықтарымен есте қалды. Қаламыз көркейіп, жолдар түзетіліп, көпір, балабақша, мешіт, сауда орындары салынып, үлкен өзгерістер болды. Бар өзгерістің бәрінің де облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың басқаруымен болғанын халық жақсы түсінді. Жаңа жылға аман-есен, бар жаңалығымызбен ендік, пендешілігіміз бе, сонда да көңілде жүрген бір-екі жайды айтып кеткім келеді.

Біріншісі, Ақтөбе қаласындағы тұрғындар қалашығындағы базар алдында алаң бар, сол алаңға төрт жағынан да кіретін көліктер еңкейген кәріге де, мектептен келе жатқан не жолдан өтіп бара жатқан балаға да қарамайды. Себебі бұл жерде еш белгі (знак) қойылмаған (тек бір бұрышта (-) деген белгі тұр), бағдаршам жоқ, жаяу адам өтетін жол да жоқ. Сан қилы автобус, жүздеген жеңіл көліктер төрт жағынан жүйткіп өтіп жатады. Жол полициясы қызметкерлерін де көре бермейсің. Өзім осы ауданда тұратын болғандықтан, немерелерім үшін қиналамын.

Екінші айтар жай, қазір жастарымыздың көбі имандылыққа бет бұрып, парыздарын өтеп, мешітке баратындықтары көңілге қуаныш ұялатады. Жаңа жыл алдында Қандыағаш қаласына жол түсіп, мешітке соға кетуді жөн көрдім. Мешітте қуанарлық көрініске куә болдым, жастар намаз оқып жатыр екен.

Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын қаланың көркі, мұсылмандардың ордасы болған, қазір азып-тозып, сырты құлап, іші қаңырап тұрған мешітті көргенде, ренжіп қалдым. Өкпе-назымды айтатын бір жан жоқ, тек қараумен ғана болдым.

«Имамға еңбекақы төленбеген соң жұмыстан шықты, ремонтты Құрманалин деген кісі істеу керек дейді, біз білмейміз», – деді. Қала ортасындағы мұсылмандардың ордасы – (қалада басқа жастар барар ешқандай орталық жоқ) бір мешітке ие бола алмай отырғанымызды қалай түсінуге болады?

Әрине, көптің бірі боп мән бермеуге болады, бірақ көп мешіттің алды болған орданың құлап тұрған түрін көргенде азаматтық арым жібермей, қағазға түсіруді жөн санадым.

Айсара ЕЛЕУҚЫЗЫ,

Ақтөбе қаласы.

  • Құрмет

Биыл сатирик қаламгер Сейіт Кенжеахметовтің мерейлі 70 жасқа толуына орай газетіміздің осы жылғы №3-4 номерінде «Сатираның сардары» атты мақала жарық көрген болатын.

Осы мақалаға орай Қазақ гуманитарлық заң университетінің Ақтөбедегі институт филиалының оқытушысы Кенжетай Әлиев сатирикпен қалай танысқанын жазып жіберіпті. Әлқисса…

САТИРАНЫҢ САРДАРЫН ТАНИМЫН

Сейіт ағамен бірінші рет кездесуіміз Арқалық педагогикалық институтының  спортзалында болды. Мен онда екінші курс студентімін, ұмытпасам, 1977 жылдың қыс мезгілі. Ол кезде институт ректоры Мырзағали Төлегенов еді. Сол кісінің шақыруымен біздер, студенттер, қаламгер Сейіт Кенжеахметовпен кездестік.

Кездесуде асықпай байыппен сөйлеген сатирик: «Ертеде айтатын еді, өлгелі жатқан тұлпарды тұрғызу үшін қасынан бір үйір жылқы шауып өту керек деп. Мен де төсекте тұмауратып жатыр едім, бірақ осында ақындар айтысы болады, жас өрендер келеді дегесін, өзімді осында болу керек деп шештім», – деп кіріспе сөзден кейін сұрақтарға жауап берді, студенттер айтысын жан-тәнімен тыңдады, рахмет айтты. Қазақтың исін білдіретін айтыс өнеріне сүйіспеншілігін бізге солай танытты.

Келесі бір тамаша кездесу Арқалық ауданының «Братолюбовский» кеңшарында болды. Бұл кеңшарда біздің студенттердің құрылыс отряды үй салумен айналысты. Сейіт ағаның жанында «Қыран қазасы қияда» кітабының авторы Мұқан Жұмағұлов, қаламгер Галина Черноголовина болды.

Кездесіп қалғанда сәлем беріп өту біздің кішілік міндет қой. Сейіт аға туралы әңгіме болса, құлағымды түріп жүремін. Осыдан жиырма жыл бұрын Қостанай қаласының үлкен Мәдениет сарайында Сейіт ағаның 50 жылдығы атап өтілді. Сол мерекеге мен де қатыстым. Кеште сатирик қаламгердің жарық көрген кітаптарынан көрме ұйымдастырылды және «40 ауру» сатиралық өлеңінің тұсаукесері болды.

Арада 20 жыл өтсе де ол кісі сатиралық тағынан түспегендігін дәлелдеп келе жатыр. Тілі уытты жазушы ағаға зор денсаулық тілеймін.

Кенжетай ӘЛИЕВ,

Қазақ гуманитарлық заң университетінің

Ақтөбедегі институт филиалының оқытушысы.

  • Естелік

ӨНЕГЕЛІ ӨМІР ӨРНЕГІ

«Әр адамның маңдайына жазылған тағдыр талайы болады» деп айтылып жатады. Дегенмен таудай талап болмаса, көздеген мақсатыңа жету де оңай болмаса керек.

Марат Қоспанұлы Айтановтың өмір жолдарына ой жүгірткенде, оның алдына азаматтық үлкен мақсаттар қойғаны, сол жолда жалықпай-талмай ұмтылыстар жасағаны байқалып тұрады.

Темір қаласындағы орта мектепті бітірген соң еңбек жолын автокөлік жүргізушісі болып бастаған ол үш жыл әскер қатарында шыңдалады. Одан кейін де еңбек жолын жалғастырып, бухгалтерлік оқуға талап қылады. Сөйтіп, оны бітірген соң сол кездегі Октябрь ауданының «Пролетар» кеңшарында қолына есепшот ұстап, маман ретінде таныла бастайды. Кейін өзі туып-өскен Темір қаласындағы совхоз-техникумда бас бухгалтердің орынбасары, бас экономист, бөлімше меңгерушісі, кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметтерін атқарады. Ал 1986 жылдан бастап қаланы басқару қызметі тізгінін қолға алады. Алпыс үш жасқа жетер-жетпестен өмірден өткенше осы шаруаны дөңгелетіп ұстады.

Енді ол туралы замандастары естеліктер ғана айтады. «Жақсының жақсылығын айт»  деген сөз осы азаматқа – Марат Қоспанұлына сәйкес келетін сияқты. Мұны біз «Атадан ұл тумас па, ата жолын қумас па?!» деп аталатын жинақты қолға алғанда айқын сезіндік.

Естеліктер кітабында Марат Айтановтың көзі тірісіндегі өмір, тіршілік туралы өз жазбалары, сондай-ақ дуалы шешен, ел басқарған көсем әрі батыр Сәңкібай баба туралы толғамдар, ата-баба шежіресі берілген.

Ал бір бөлім тұтасынан Марат Қоспанұлының бала кезден бірге өскен, сонымен бірге қызметтес болған, басқа да аралас-құраласы бар адамдардың азамат туралы естелігіне арналады.

М.Айтанов Темір қаласын жаңа экономикалық өзгерістер кезеңінде басқарды. Қиындықтар болмай қалған жоқ, тығырыққа тірелетін сәттер де кездесті. Соның бәрінде ол өзінің азаматтық қалпын жоғалтпай, жігерлілік таныта  білді. Қиналған елге қуат берді, ең бастысы, өз қиналысын көпшілікке білдірмеді. Осы бағыттағы атқарылған жанкешті жұмыстардың нәтижесі болар, Темір қаласы кейбір елді мекендер секілді азып-тозып кете қойған жоқ.

Марат Қоспанұлы тарихи шежіресі мол қаланың тағдырына бейжай қарай алмады. Бәлкім, осының өзі оның күш-жігерін сарқып, денсаулығына салқынын тигізді ме екен..

Иә, енді өнегелі өмір өрнегін оның ұрпақтары жалғастыруда. Балалары әке есімін жаңғырту үшін жинақ шығарыпты. Оны журналист Серік Омаров әдеби өңдеп, баспадан шығаруға жәрдемдесті.

Н.ӘБЕНОВ.

Алғыс

ӘДІЛЕТСІЗДІКТЕН ҚОРҒАДЫ

Өзімнің 30 жылдан асатын еңбек жолымда тұңғыш рет әділетсіздікке тап болып, заңды білетін және сыйлайтын азаматтардың көмегімен жеңіске жеттім.

1980 жылдан Ақтөбе облысының спорт саласында еңбек етіп келемін. Ал 2007 жылдан бері Ақтөбе қаласындағы балалар мен жасөспірімдердің №4 облыстық мамандандырылған олимпиада ізбасарларын даярлау мектебінің әдіскерімін және 0,5 пайыздық ставкамен дзю-до күресінің бапкерімін. Оған қосымша мектептің кәсіподақ ұйымының төрағасымын.

Соңғы аталған кәсіподақтағы қызметіме байланысты мектеп директоры Қ.Сауанаевпен арамызда түсініспестік туындап, ол менің бапкерлік жұмысымды заңсыз түрде қысқартып тастаған еді. Бұл әділетсіздікке қанағаттанбауым себепті Қ.Сауанаевтың заңсыз әрекеті туралы облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасы мен білім және ғылым саласы қызметкерлерінің кәсіподақ комитетіне шағымданған болатынмын.

Менің шағымымның негізінде тексеру жүргізген облыстық кәсіподақ комитетінің мамандары Қ. Сауанаевтың ҚР «Еңбек туралы» Заңның талаптарын бұзғандығын дәлелдеді және Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің Ақтөбе облысы бойынша еңбек инспекторының көмегімен жұмысқа қайта қабылдатты.

Сондықтан да менің мұңыма құлақ түріп, уақытында тиісті шара қабылдаған Мемлекеттік еңбек инспекциясы бастығының орынбасары М.Ғабидуллинге, еңбек инспекторы И. Жаңабаевқа және білім саласы кәсіподақ ұйымының төрайымы А.Мұқашеваға облыстық «Ақтөбе» газеті арқылы алғыс білдіргім келеді.

Болат ӘШІРБЕКОВ,

әдіскер-ұстаз.

Ақтөбе қаласы.

Жаңғырық

ДИРЕКТОР ДӨРЕКІ ЕМЕС

Құрметті редакция!

«Ақтөбе» газетінің 5 ақпан күнгі санында «Дөрекі директордың қылығы» деген мақалаға орай біздер – Алға ауданы, Бестамақ ауылының бір топ ата-аналары атынан жауап жазып отырмыз.

Қазіргі директор Гүлшат Аймұқанова келгелі мектептің іші таза, гүлдендірілді, қай жағынан алсақ та жақсы жақтары байқалады. Ата-аналар жиналысы да бір сарында өтпейді, түрлі өзекті тақырыптарды талқылаумен өтеді.  Мектеп ұжымына талап күшейтілгені де байқалады. Оқушылар бірдей мектеп формасын киеді. Директордың заңға қайшы келетін, артық қылықтарын байқамадық. Жұмысқа қабылданған адамдардан пара алады дегенді де естіген жоқпыз. Мұғалім жұмыстан қысқарды, шығып қалды дегенді де естімеппіз.

Ал елу теңгеден шырша думанына жинаған ақшаның орынды жұмсалғанын мектепке балаларымыздың шыршасына барғанда көзімізбен көрдік. Арамызда елу теңгені балаларына бермеген ата-аналар да болды. Шырша мектепте үш күн болды, таңертеңгі сағат оннан кешкі сағат сегізге дейін. Себебі сынып та, оқушы да көп.

Мектепке мерекелерді өткізуге арнайы ақша бөлінеді деп естімедік, сондықтан жылына бір болатын мерекені неге атап өтпеске? Ауылымызда әр түрлі ұлт өкілдері тұрады. Мерекелерге барлық жерде ақша жинайды, тек біздің мектеп емес.

Тестке ақша жинаса, ол – жоғарғы жақтан келген бұйрық. Барлық жерде ол тест туралы, оған қанша жиналатындығы туралы жиналыстарда оқушыларға да, ата-аналарға да айтылып жүр.

Мектептің іске қосылғанына – 32 жыл. Осы уақыт ішінде тек өткінші жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Үкімет шатырын алмастырды, жылу жүйесін жөндеді. Күрделі жөндеу жұмысына қаражат бөлінбегендіктен, ата-аналар оқу жылының аяғында, яғни каникулда өзіміздің балаларымыз оқитын кабинеттерге жөндеу жүргіземіз, терезе жапқыштарын алып береміз. Жинайтын ақшамыздың көлемі – 250-500 теңге, себебі сынып көп. Бір кабинетте екі сынып оқиды.

Мұғалімдер балаларымыздың соңына түспейді, түсінген ата-анаға қайта телефонмен немесе өздері үйге келіп оқуы, тәртіптері туралы айтып кетеді. Бәріміз де мұғалімнен білім алдық, түсінген адамға мұғалімнің еңбегі ұшан-теңіз.

Бестамақ ауылының тұрғындары.

Сондай-ақ, осы мағыналас хат мектеп ұжымынан да түсті. Біз хаттың түйінін ұсынып отырмыз:

«Ұжымымыз ұйымшыл, Алға ауданындағы мақтаулы мектептердің біріміз. Барлық комиссия соның ішінде, жоғарғы жақтан келетіндерді қоссақ, барлығы да біздің мектепке соқпай кетпейді, өйткені біз Есет атаның жанындамыз.

Директорымыз қатал, талапты қоя біледі, бірақ ешқандай мұғалімді орынсыз жұмыстан босатқан емес.

Бестамақ орта мектебінің ұжымы».

БІЗГЕ ЖАЛА ЖАБЫЛДЫ

Облыстық «Ақтөбе» газетінің осы жылғы №6 номерінде жарияланған «Шыдамның да шегі бар» атты мақалаға орай біздің ұжымға аудандық білім бөлімінің әдіскері А.Елубаева бастаған комиссия келді.

Комиссия құрамында аудандық кәсіподақ ұйымының төрайымы Р.Қожахметова, аудандық білім бөлімінің есепшісі А.Тындыбаева болды. Сол мақалада айтылған фактілердің ешбіреуі де дәлелденген жоқ, тіпті, кейбір сөздері ұжым мүшелерінің наразылығын тудырды. Себебі есепшіге қойып отырған кінәнің бәрі жала. Өйткені ұжым мүшелері, біздер, ай сайынғы еңбек жалақыларымызды уақытында алып отырмыз. Ал зейнетақы жинақтаушы қорына ай сайынғы салымымыз да кешікпей түсіп отырғанын дәлелдей аламыз. «Қазақстан халық банкінің» жинақтаушы зейнетақы қорынан жылдық жинақ анықтамасынан ақпараттандыру күнтізбесін алып отырмыз (пошта арқылы).

Бұл  мақаланы шығармашылық орталығының жұмысының жақсы жүріп жатқандығын көре алмай, қалай да ұжымға кедергі келтіру мақсатында арам пиғылды адамның іс-әрекеті деп білеміз.

Шығармашылық орталығымыздың қайта ашылғанына екі жыл болса да біраз жетістіктерге жетті. Орталықта аудандық, қалалық іс-шаралар өткізіліп, онда тәрбиеленіп жатқан шәкірттер аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық, аймақтық байқаулар, сайыстар мен фестивальдарға қатысып, жүлделі орындар алып, көзге түсіп келеді. Атап айтсақ, екі жыл қатарынан балаларымыз Алматы қаласында өткен IV-V республикалық «Ақ көгершін» байқауында, сонымен қатар өткен жылғы наурызда Орал, шілдеде аймақтық Шымкент қалаларында өткен байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болды.

Шілдеде оқушыларымыз Астана қаласының туған күніне байланысты гала-концертке қатысты. Одан басқа да халықаралық «Бозторғай» (Алматы), «Ақ көгершін» (Астана), «Все краски танца» (Байқоңыр) байқауларындағы жетістіктерімізді айтуға болады.

Көптеген байқаулар мен сайыстарға, көрмелерге қатысып, жүлделі орын алған дарынды балаларымыздың арқасында орталықтың, оның ішінде ұжым мүшелерінің мерейі үстем болып отыр.

Осы ұжымды көп жылдан бері (1978) басқарып келе жатқан Күләш Төлеубаеваны айтып кету артық болмас. Еңбек жолы барысында өзін ізденуші, қойылған мақсаттарды толығымен орындайтын басшы ретінде өзін-өзі көрсетіп, үздіксіз еңбек етіп келеді. Өз жұмысына сын көзбен қарап қоймай, сол қойылған талаптарын іс жүзінде қалыптастыра біледі.

Біз облыстық «Ақтөбе» газетіне ұжым болып жазыламыз және сүйіп оқимыз.

Өзіміздің газетімізге біздің ұжымның атынан өтініш – ұжым жұмысына кедергі келтіретін, ешқандай дәлелсіз адамды қаралайтын жасырын жіберілген хаттарды жарияламауыңызды сұраймыз.

Мұғалжар аудандық оқушылар

шығармашылығын дамыту орталығының ұжымы.

ҒАЛЫМЖАН МОЛДА АЙТАДЫ

Газетіміздің №16-17 сандарында «Бұқара» бетінде Алға ауданы Үшқұдық селосының тұрғыны Досмырза Қармановтың «Дұрысын кім айтады?» атты хатын оқыған боларсыздар.

Редакциямызға сол хатта айтылатын молда Ғалымжан ақсақалдың өзі келді. Ендігі сөз кезегін молданың өзіне берейік:

Мен Ешнияз ишанның немересімін. Біздің мешітіміз – Ойылдың бұрынғы «Амангелді» кеңшарының Аққұдық деген жерінде. Кеңес өкіметі уақытында дінге қатыстылығымыз үшін көрмеген қорлығымыз, баспаған тауымыз жоқ. Көрші елдерге асып кеттік. 1956 жылы тың игеру кезінде қайтадан елге оралдық.

Өткеннің бәрі өтті ғой, енді хатқа қатысты жайды баяндайын. Хатта айтылғандай, қайтыс болған марқұмның діни рәсімдерін жасауға бардым. Содан жаназасында әр адамға екі жүз теңгеден підия берілді. Досмырза шал соны «алмаймын» деді. Ал мен оған: «Тәкәппарсынып, неге алмайсың, бұл марқұмның ұстамаған оразасы үшін, оқымаған намазы үшін берілетін підия, қандай байлығың болса да, оны алуың керек. Байлығың болса, боталы інгенді босағаға әкел, ат-айғырды белдеуге байла», – дедім. Осы сөзге шамданып, мені газетке беріп қойған. Шалмен шатасқанымыз осылай болды.

Мен кітаптан, Құраннан оқығанымды айтамын. Жанымнан шариғат шығармаймын. Осы підия рәсіміне қатысты (қойнынан кітап алып шығып) шариғатта былай делінген: «Бір кісі ажалы жетіп, дүниеден өтсе, мойнында көп намаздар қалса, сол намаздардың підиясы үшін дүние беруді өсиет етсе, оның мирасқоры әр намаз, үтір-намазы үшін, оразасы қалған болса, әр күнгі оразасы үшін підия береді. Марқұм кісі өсиет етпеген болса да мирасқорларының осылай істегені дұрыс». Мен осыны айттым.

Марқұм болған кісінің үйіне барғанымда, жаназасын шығарып, құран оқыдым. Бастан-аяқ діни рәсімін толық орындап кеттім. Хатта Досмырза шал: «Елу мың теңгені азсынып, ақша сұрады», – деп жазыпты. Бердім деген кісіні маған әкеліп көрсетсін. Қалай берді, қашан берді екен? Ақтөбеде байлардың өзі марқұмды шығарып салу рәсіміне елу мың теңге бермейді. Мен ондайды көрген жоқпын. Дүниеқор, зинақор, жалақор дегендер бар, соның бәрін жеңетін – имандылық. Имандылығың болмаса, нәпсінің соңына ердің, құрыдың.

Мен «Нұрдәулет» мешіті ашылғанда келіп, мұнда төрт жыл істедім. Кейін 2003 жылы қаладағы ескі мешітте шатақ шығып, бес молда емтиханнан өтпей қалып, соның орнына біздерді – Аягөз, мен, Қорғанбай, Нарымбет және Бақыт – бес молданы жіберді. Содан мен былтырға дейін ескі мешітте істедім. Бердияр имамға: «Ендігі жерде мен Новыйдан қатынамаймын. Көлік күтуші көбейіп кетті. Мынау – сегіз жылдан бергі мешітке тапсырған ақшаның түбіртегі, мынау – кілемдердің түбіртегі. Ендігі жерде қатынамаймын. Телефон соғып тұр, ондық алқа мүшесі десең, ақылымды аямаймын», – дедім.

Балаларымның бәрі де қызметте, газеттен осы хатты көрген олар маған ренжіп жатыр, мені қинайтыны – осы.

Оқырман хаттарын топтастырған Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button