Мемлекеттік қызмет көрсету және қоғамдық бақылау
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан — 2050» Стратегиясында, сонымен бірге Қазақстан халқына арналған жыл сайынғы Жолдауларында адамның барлық өмір тіршілігі кезеңдерін және барлық салаларды қамтитын мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыруға ерекше көңіл аударады.
Біздің елімізде және шетелде мемлекеттік қызмет көрсету мемлекеттік қызметпен тығыз байланыста. Бұл кездейсоқ емес, себебі мемлекет қызметті мемлекеттік органдар, сонымен бірге жеке және заңды тұлғалар арқылы көрсетеді. Сондықтан Қазақстан Республикасында мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын басқару мәселелерін зерттеу кезіндегі негізгі қиындық «мемлекеттік функциялар» мен «мемлекеттік көрсетілетін қызметтер» ұғымдарының арасын нақтырақ бөлу қажеттілігінде, сонымен қатар мемлекеттік қызметтердің орны мен рөлін және олардың сапалы орындалуын анықтау болып тұр. Содан кейін мемлекеттік орган және мемлекеттік қызметші жұмыстарының тиімділігін анықтауға бағытталған қоғамдық бақылаудың кері байланысы қажеттілік ретінде маңызды.
Қоғамдық бақылауды жүргізу қоғаммен бірге мемлекеттік билікке де пайдалы. Расымен де, бұл жұмыс мемлекетті жауапты болуға, заң талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге, адамның құқығы мен бостандығын қорғауға және сыйлауға, жалпы айтқанда ортақ игілігінің тиімділігіне әрекет етуге міндеттейді.
Мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын бағалаудағы қоғамдық бақылаудың негізгі мақсаты — мемлекеттік органдар жұмыстарының кері байланысын қамтамасыз ету. Бұл құрал сол немесе басқа да қызметтердің мақсаттылығы мен қажеттілігін және де оларды көрсету әдістерінің тиімділігін анықтауға септігін тигізеді. Тек қана қоғамдық бақылау арқылы мемлекет қоғам және нәтиже үшін жұмыс жасай алатын болады.
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің қажеттілігі жыл сайын артып келеді. Соның нәтижесінде оларды заңнамалық деңгейде реттеу қажеттілігі туындады. Мемлекеттік қызмет көрсетудің негізгі ұғымын, сонымен бірге қызмет алушының құқығын және қызмет алушының құқығы мен міндеттерін анықтайтын Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңында жеке тұлғаларға және үкіметтік емес ұйымдарға басқарушы шешімдерді қабылдау кезінде белсенді қатысуға мүмкіншілік беретін, мемлекеттік қызмет көрсету саласын жетілдіру мен дамытудағы қоғамның рөлін арттыратын жаңа әдістер енгізілді.
Осындай әдістерінің бірі — мемлекеттік қызметті көрсету процедураларын жетілдіру бойынша әрбір азаматқа өз ұсынысын беруге мүмкіншілік беретін, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарының жобаларын жария талқылау.
Тағы бір маңызды және түйінді механизмдерінің бірі — жеке тұлғалар, коммерциялық емес ұйымдар өз бастамасы бойынша және өз есебінен іске асыратын, сонымен бірге мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның, яғни Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі министрлігінің қоғамдық мониторингті қалыптастыруға және іске асыруға бағытталған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша мемлекеттік қызметтер көрсету сапасының қоғамдық мониторингін жүргізу.
Қоғамдық мониторинг қорытындысы бойынша мемлекеттік қызмет көрсету сапасының деңгейі туралы ақпараттарды жинақтау және талдау жұмыстары жүргізіледі, қызмет берушілерге заң талаптарының сақталмауы фактілерін жою туралы және мемлекеттік қызмет көрсету үдерісінің сапасын және оңтайландыруын арттыру бойынша ұсыныстар әзірленеді. Қызметті көрсету кезіндегі әкімшілік кедергілер және мемлекеттік қызметші тарапынан жіберілген рәсімділік пен субъективтік бұзылушылықтар анықталады.
Аталған мониторинг қандай да бір саладағы мемлекеттік көрсетілетін қызмет сапасына азаматтардың қанағаттанушылығы туралы ақпаратының қажетті нәтижесін алуға көмек береді. Сонымен қатар бұл жұмыс мемлекеттік деңгейдегі халыққа қызмет көрсету рәсімдерін жақсарту бойынша өткізіліп жатқан өзгерістерге азаматтардың сенім деңгейін анықтауға мүмкіндік береді.
Қоғамдық мониторинг жүргізу кезінде халықпен жұмыс жасаудың түрлі формалары пайданылады: сауалнамалар, фокус-топтар және сұхбат жүргізу, «құпия сатып алушы», мемлекеттік қызмет көрсету үдерісіне бақылау жүргізу.
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасына қоғамдық мониторинг жүргізудің рейтингі бекітіліп, азаматтардың қанағаттанушылық деңгейін анықтау бойынша қызмет алушылар арасында сұрақ қою арқылы жүргізіледі және келесі критерийлер бойынша бағаланады: ақпаратқа қолжетімділік, қызмет сапасы, оны көрсету үдерісі, қызметтер туралы ақпарат, қызметтің нәтижесі мен оларды электронды түрде көрсету.
Еліміздегі 2015 жылы жүргізілген қоғамдық мониторингтің қорытындысы бойынша, 39 мемлекеттік көрсетілетін қызметтер түрлері бойынша 8327 азаматтың (заңды немесе жеке тұлғалар, жеке кәсіпкерлер) жауаптары алынды.
Әлеуметтік зерттеулерде мемлекеттік көрсетілетін қызметтермен жалпы қанағаттанушылық көрсеткіші 10 балдық шәкілік арқылы анықталып: ақпаратқа қолжетімділік 7,6, қызмет сапасы 7,8, үдеріс 8,0 (қағаз құжаттарын алған кезде), ақпарат 7,9, қызмет нәтижесі 7,9 және электрондық түрде көрсету (электрондық түрде алуға болатын қызметтер бағаланды) 8,3 балды құрады. Барлық қызметтермен қанағаттанушылық көрсеткіші орташа есеппен 7,9 балды құрады.
Ақтөбе облысындағы зерттеулер қорытындысы бойынша бағалау рейтингтері: ақпаратқа қолжетімділік 7,4, қызмет сапасы 7,5, үдеріс 8,1 (қағаз құжаттарын алған кезде), ақпарат 8,5, қызмет нәтижесі 7,4 және электрондық түрде көрсету (электрондық түрде алуға болатын қызметтер бағаланды) 7,8 балды құрай отырып, қызмет алушылар тарапынан берілген жиынтықтың орташа бағасы негізіндегі анықталған жалпы қанағаттанушылық көрсеткіші 7,7 балды құрады. Бұл — республика бойынша орташа көрсеткіш.
Жүргізілген қоғамдық мониторинг нәтижесінде мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру және жақсарту бойынша нақты шаралар қабылданады, мемлекеттік органдарда мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы заң талаптарының сақталуы бойынша тексерістер жүргізіледі. Аталған тексерістердің негіздемесі ретінде таңдамалы тексеріс жоспарлары, қызмет алушылардың шағымдары және мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бұзылуы туралы басқа да ақпараттар қолданылды.
2016 жылғы 18 ақпандағы Ақтөбе облыстық мәслихаты сессиясының №387 шешіміне сәйкес, 2016 жылы «Облыс тұрғындарының мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қанағаттану деңгейі» тақырыбы бойынша әлеуметтік зерттеулер жүргізуге қаржы бөлініп, аталған зерттеулерді жүргізу мерзімі ағымдағы жылдың қазан айына жоспарланып отыр.
Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттырудағы маңызды мәселелердің бірі — халықтың мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы хабардарлығын және құқықтық сауаттылығын арттыру, заң бұзылушылықтарын ескерту және сыбайлас жемқорлықтар көріністері мен іс-қимылдарын жою.
Мемлекеттік органға қызмет алуға барған әрбір азамат оны көрсету стандартымен танысуы қажет. Онда қызмет алушыға арналған барлық ақпараттар көрсетілген: қызметті көрсету тәртібі, мерзімі, нысаны, нәтижесі, мемлекеттік қызмет көрсетудің төлем ақысы, оны төлеу әдістері, қызмет берушінің жұмыс регламенті, қызмет көрсетуге қажетті құжаттар тізілімі, шағымдану тәртібі және т.б.
Халықты ақпараттандыру мақсатында мемлекеттік қызмет көрсететін барлық мемлекеттік мекемелерде ақпараттық стендтер орнатылған, ресми сайттарында қажетті мәліметтер берілген. Мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы заң нормалары бойынша мемлекеттік қызметшілерді оқыту және халықты ақпараттандыру бағытында шаралар өткізілуде.
Мемлекеттік қызмет көрсету процесінде құқығыңыз бұзылған жағдайда ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі министрлігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментіне барып (мекенжайы: Ақтөбе қаласы, Маресьев көшесі, 93) немесе 8-7132-72-83-01 байланыс телефоны арқылы хабарласуыңызға болады.
Қайыржан ТОҚЫШЕВ,
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік
қызмет істері министрлігі
Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы,
әдеп жөніндегі кеңес төрағасы.



