Құқық

Әдеп жөніндегі кеңес туралы не білесіз?

Мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілгін арттыру мақсатында олардың тарапынан қандай да бір құқықбұзушылықтар орын алған жағдайда қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Бұл туралы ҚР Президентінің  «Әдеп жөніндегі кеңес туралы ережесінде» көрсетілген.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 5-бабына сәйкес Елбасының қаулысы қабылданды. Қаулы 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Осы Заң ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы, Астанадағы әдеп жөніндегі кеңестерінің мәртебесін, өкілеттіктерін және қызметін айқындайды. Бұрынғы ҚР-ның мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, қазіргі таңда ҚР-ның Мемлекеттік қызмет істері министрлігі болып өзгертілді. Осы министрлік ішіндегі мемлекеттік қызмет саласын бақылау басқармасына қарасты «Тәртіптік кеңесі» бұдан әрі «Әдеп жөніндегі кеңес» болып танылды.

Әдеп жөніндегі кеңестің негізгі міндеттері:

— сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және қызметтік әдеп нормаларын бұзушылықтардың, оның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтардың профилактикасына бағытталған іс-шаралар әзірлеу;

— қызметтік әдеп нормаларын бұзуға, оның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарға жол берген облыстардың әкімшілік орталықтары болып табылатын қалалардың әкімдеріне, облыстардың, астананың, республикалық маңызы бар қалалардың тексеру комиссияларының мүшелеріне, облыстық маңызы бар қалалардың, облыстар аудандарының және қалалардағы аудандардың әкімдеріне, С-О-1, С-О-2, С-R-1, С-R-2, D-1, D-2, D-О-1, D-0-2, Е-1, Е-2, Е-R-1, Е-R-2 санаттарындағы мемлекеттік қызметшілерге (бұдан әрі – қызметшілер) қатысты тәртіптік істерді қарау;

— қызметшілерді лауазымға тағайындау және лауазымнан босату құқығы берілген лауазымды адамдарға қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын бұзу, оның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық фактілері бойынша қызметтік тергеп-тексеру жүргізу туралы ұсыныстар енгізуге;

— сарапшылар мен мамандарды, мемлекеттік органдардың жұмыскерлерін қорытындылар беру үшін тартуға құқылы.

Әдеп жөніндегі кеңес тәртіптік ісі қаралып жатқан қызметшілердің іс-әрекетінде қылмыстық немесе әкімшілік құқықбұзушылық белгілері болған жағдайда, аталған адамды белгіленген тәртіппен қылмыстық немесе әкімшілік жауаптылыққа тарту туралы мәселелерді шешу үшін тиісті құжаттар мен материалдарды үш жұмыс күні ішінде құқық қорғау немесе өзге де уәкілетті мемлекеттік органдарға жібереді.

Сонымен қатар, күн тәртібіндегі мәселені талқылауға әдеп жөніндегі кеңес мүшелері толықтай қатысуы немесе кеңес мүшелерінің тең жарымы болуы тиіс.

Егер Әдеп жөніндегі кеңестің мүшесі мәселесі талқылауға түскен қызметшінің туысы, не онымен басқа да байланыста немесе қызметтік не өзге де тәуелділікте болса, тәртіптік іс бойынша талқылауға және дауыс беруге қатыса алмайды.

Бүгінгі таңда заңға өзгерістер әкелген әдеп жөніндегі кеңес туралы еліміздің әр азаматы құлағдар болуы маңызды. Сол арқылы келешекте ішкі рухани тазалығымызды, мәдениетіміз бен әдептілігімізді күшейтеміз.

 Қайрат АКИЕВ,

Қазақстан Республикасының

Мемлекеттік қызмет істері министрлігі

Ақтөбе облысы бойынша департаментінің

Мемлекеттік қызмет саласын бақылау

басқармасының бас маманы.                                                                          

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button