Құқық

Әдеп жөніндегі уәкіл

Елбасының бастамасымен жасалып жатқан реформалардың негізгісі «Ұлт жоспары  100 нақты қадамның» алғашқы 15-і мемлекеттік аппаратты кәсібилендіруден басталуының өзі қазіргі таңда мемлекеттік қызметке аса көңіл бөлініп отырғанның айғағы. Осы іс-шаралар аясында, мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамаларға түбегейлі өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, жаңартылып жатқандығы  сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікке бағытталған мемлекеттік менеджменттің сапалы моделіне бірден-бір бастар дара жол.

834 мыңға жуық тұрғыны бар Ақтөбе облысында бүгінгі күні 4509 мемлекеттік қызметші, соның ішінде  жергілікті атқарушы органдарда 2490 мемлекеттік қызметші мемлекеттік міндеттерді атқаруға өз үлестерін қосуда. Осы орайда, олардың тарапынан мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама және қызметтік әдеп нормалары талаптарының сақталуына профилактикалық жұмыстар жүргізу заңнамаға жаңадан енгізіліп отырған Әдеп жөніндегі уәкілдің құзыретіне кіреді.

Облысымызда осы бағытта қызмет атқаратын облыс әкімі аппаратының құқық қорғау органдарымен жұмыс және жұмылдыру дайындығы бөлімінің басшысы Әбдухат Мырзалинге әдеп жөніндегі уәкіл қызметі жүктелді.

Әбдухат Қапанұлы 1992 жылдан бері Қазақстан Республикасының прокуратура органдарында басшылық қызметтер атқарды, 2008-2015 жылдар аралығында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысындағы Тәртіптік кеңесінің мүшесі, соңғы қызметке дейін Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Ақтөбе облысы бойынша басқармасы басшысының қызметін атқарып келді.

Айта кету керек, әдеп жөніндегі уәкілдің функциялары ұжымда қадірлі және құрметке ие болған мемлекеттік қызметшіге жүктелу қарастырылған. Әбдухат Қапанұлы «Қазақстан Республикасы Прокуратурасының құрметті қызметкері», Қазақстан Республикасының 1- дәрежелі «Прокуратура озаты» төсбелгілерімен, «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 20 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» «Қазақстан Республикасының прокуратурасына 20 жыл» медальдарымен марапатталған.

Әдеп жөніндегі уәкіл өз құзыреті шегінде мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайларда, оларды қорғауға және қалпына келтіруге бағытталған шараларды қабылдайды, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын сақтауын мониторингтеуді және бақылауды жүзеге асырады, мемлекеттік қызметтің оң бейнесін қалыптастыруға өз үлесін қосады, мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама және қызметтік әдеп нормалары талаптарын бұзу профилактикасын қамтамасыз етеді, мемлекеттік қызметшілер мен азаматтарға консультация береді, сонымен қатар, мемлекеттік органның оң имиджін және ұжымда жағымды ахуал қалыптастыруға елеулі үлес қосқан қызметшілерді көтермелеу туралы ұсыным білдіреді.

Әдеп жөніндегі уәкіл өз қызметін дербес атқара алады және жұмыс қорытындысы туралы мемлекеттік қызмет жөніндегі уәкілетті органға есеп беріп отырады.

Енді, мемлекеттік қызметшілер тарапынан құқықбұзушылықтар көрініс тапқан жағдайда кез келген тұлға әдеп жөніндегі уәкілге жүгіне алады. Сонымен қатар, облысымыздың әдеп жөніндегі уәкілі  Әбдухат Мырзалин әр аптаның жұма күні сағат 14.00-ден 17.00-ге дейін азаматтарды қабылдауды облыстық әкімдік ғимаратының 319-кабинетінде жүргізеді. Жұмыс телефоны: 93-20-53.

 Абылай НАУРЫЗБАЕВ,

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті Мемлекеттік қызмет саласын бақылау басқармасының бас маманы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button