Әлеумет

Аралды құтқаруға болады!..

Ұсыныс

Арал теңізінің адамзатты түгелдей алаңдатып отырған қасіреті, біздің бойымыз үйреніп кеткені болмаса, әлі де тоқтап, тоқырай қойған жоқ. Рас, қазақша айтқанда «өлместің амалын жасап» Аралды бөліп тастап, Кіші Аралды едәуір толтырғанымыз белгілі, бірақ мәселе түбегейлі шешімін таппай, Аралдың проблемасы экологиялық апат күйінде қалып отыр. Осыған байланысты жасалған ізденіс-талпыныста есеп жоқ. Аралдың проблемасымен күллі әлем ғалымдары айналысты, қыруар ұсыныстар жасалды. Сексенінші жылдардың орта шенінде Сібір өзендерін Қазақстанға бұру идеясы айтылып, қоғамдық сананы едәуір дүрліктірді. АҚШ ғалымдары Арал экологиялық апатын жою үшін 4 миллиард доллар қаржы керегін айтты, үлкенді-кішілі жобалар да жасалды, бірақ проблема сол күйі қалып отыр.

Ал осы проблеманы аймақтық табиғи су көздерін пайдалану арқылы, дәлірек айтсақ, Ор, Жайық өзендерінің суын Ырғызға қосып ағызу арқылы шешуге болады. Бұл – қиял емес, нешеме жыл бойы өз бетімше зерттеп-зерделеп, Аралға қатысты барлық материалдарды жинақтап, қорытындылау арқылы жасалып отырған пайым.

Осы бағытта жинақталған деректерді, анықтамаларды тізбелеп жатпай-ақ, өз ұсынысымның нақты тұстарын баяндап көрейін.

Барлық деректер бойынша Ырғыз өзенінің ұзындығы 593 километр (салаларын қосқанда – 850 км), су бассейнінің көлемі 32 000 шаршы километр. Мұғалжар тауларының сілемдерінен бастау алады делінеді.

Ал шын мәнінде Мұғалжар тауынан Ырғыздың Шетырғыз, Қайрақты, Ұлы Талдық, кіші Талдық, Қарабұтақ салалары бастау алады. Ал Ырғыздың өз бастауы Ресейдің Домбаровка елді мекенінің шығысынан басталады. Комсомол, Қарабұтақ елді мекендерінің жанынан өтіп, Аралтоғай, Ұлғайсын, Құрылыс арқылы Ырғыз селосына жетеді. Ырғыздың бастауы Ресейдің Орск, (Жаманқала) қаласынан 30 шақырым ғана жерде. Осы жақтағы Жайық (Урал), Ор өзендері жазғытұрым тасыған кездерінде Шідер өзені арқылы Комсомол елді мекенінің жанында Ырғыз өзенімен қосылып ағады. Бұл — осы қос өзенді — Жайық пен Орды Ырғыз өзеніне қосып ағызуға мүмкіндік жасауға болады деген сөз. Осы айтып отырған өзендердің ішінде Ырғыз өзені жаз шыға бірінші болып тасиды. Тасыған Ырғыз Телқара саласы арқылы Торғай өзеніне құяды. Бір ай шамасында Торғай өзенінің өзі тасып, құйылған Ырғыз суын сол Телқара арқылы Ырғызға құяды. Бұл жағдай Ырғыз, Торғай суларының көпке дейін тұщы күйінде сақталуына мүмкіндік жасайтын еді. Бірақ бұлай етуге жол берілмей, сонау заманда, Ырғыз бөгетпен бітелді. Тасыған Торғай, Ырғыз сулары бұрын Тәуіп совхозының орталығы болған Құйылыс елді мекенінде тоғысып, Жайсаңбай мекенінің жанынан ағып өтіп, ғасырлар бойы Құрдымға (Шалқар теңіз) құйып, жоқ болып кететін. Аты айтып тұрғандай, түпсіз Құрдымға кезінде жан-жануарлар да жақындай алмайтын. Бір қызығы, Құрдымға 30-40 шақырым жақындағанда суда қаптап жүретін балықтың шабақтары да көзден таса болып көрінбей кететін. Оның себебін ешкім түсіндіріп бере алған емес. Қорыта айтсақ, Жайық (Урал), Ор, Торғай өзендері бір кездері Ырғыз өзеніне құйып тұрған. Демек, сол өзендердің бәрінің басын қосып, міндетті түрде Ырғызға құйдыру қажеттігі туып отыр. Барлық баспа беттерінде бір кездері Торғай өзені Құрдым арқылы Арал теңізіне құйған деп жазулы. Сол жазылған жағдаятты шындыққа айналдыру, табиғатты бастапқы қалыпқа келтіріп, Аралды дала өзендері арқылы қалпына келтіру — біздің міндетіміз. Ұсынысқа негіз етіп ұстап отырмын. Сол деректер бойынша Аралды құтқару пәленбай жылдарға созылып, миллиардтаған долларға бағаланып, қол жетпес қиялға айналды. Ал біз ұсынып отырған төмендегі дәйектерді тыңдап, ақылға салсаңыз, қол жетпейтін қиял емес, миллиард долларды қажетсінбей-ақ, екі кезеңмен, екі-үш жылда Аралды біршама қалыпқа келтіріп, оның келешегін түбегейлі шешуге жақын жылдары қол жеткізуге мүмкіндік туар еді.

Арал Гринвич бойынша 43°30´46″ солтүстік ендікте 58°13´65″ оңтүстік бойлықта жатыр, теңіз аумағы 67 962 км², ұзындығы 424 км, ені 292 км, орташа тереңдігі 16,1 м, тұздылығы 10-11%, өзен суларынан алатын суы 52 км³, жауын-шашын суларынан 5,3 км³. Теңіз деңгейінен абсолют биіктігі 53,4 метр, ең терең жері 69 м. Қазіргі жағдайы кейбір баспаларда 40 мың км², кейбір деректе 15-20 мың км².

Деңгейі 13 метрге төмендеген, 70-80 км шегінген Арал теңізінің айдын беті мұхит деңгейінен 48 м биік, аралдың ең төменгі терең жері мұхит бетінен 20 м төмен. (академик Берг Л.С. 40-бет, Арал тағдыры Алматы, 1989 жыл.)

Ырғыз, Торғай өзендері Ырғыз қаласының түбіндегі Сабынкөлде тоғысады. Сабынкөл айдыны 118 гектар, көлденеңі – 0,8 км, тереңдігі 1,2 метр, теңіз бетінен Сабынкөл деңгейі 96-97 м құрайды. Бұл мұхит бетінен ең төменгі терең  жері 20 м Арал теңізіне бұл өзендерді құйдыруға болатынын дәлелдейді. Торғай мен Ырғыз Сабынкөлден Аралға қарай Ырғыз, Коминтерн, Хамза, Жаңарық нүктелерінен ағып өтіп, Шынар-Құтикөл бөгетіне тіреледі. Бұл бөгет Ырғыз селосынан 40 шақырымдай жерде. Егер осы бөгетті ашып жіберсеңіз, Ырғыз өзені ағып отырып Ырғыздан 100 шақырымдай жердегі, Аралмен екі ортадағы Жалаулы көліне өз ағыс күшімен жеткен болар еді. Жалаулы көлінің трасса бойына салынған көпірі Батыс Қытай — Батыс Еуропа тасжолын Ырғыз өзенінің кедергісіз, қосымша шығынсыз Арал өзені бағытына өтуіне жағдай жасайды. Осы бағытта Ырғыз өзенін Арал теңізіне ағызсақ, ең жақын нүкте — Сексеуіл қаласының іргесіндегі Ақеспе елді мекені. Сол Ақеспеден Ырғыз өзені Арал теңізіне құя алады. Ақеспе мен Жалаулының арасы түзу сызықпен 100 шақырымға жетпейді. Сол аралықта көзге көрініп тұрған тау не шың кездеспейді. Жоғарылы-төменді ауытқулар болуы әбден мүмкін. Адам қолынан келмейтін қиыншылықтар бұл аралықта кездеспейтіні анық. Әрине, бұл айтылып отырған аймақты тез арада, көп уақыт алмай-ақ, геодезиялық зерттеуден өткізуге болады. Торғай, Ырғыз өзендері Сабынкөлге тоғысқаннан кейін бұл өзендерді бір өзен — Ырғыз не Торғай деп қарастыруға болады. Енді осы өзенге қосылуға тиісті (қосуға тиіспіз) Ор, Жайық өзендерінің тоғысуы Ресейдің Орск қаласының түбінде. Осы екі өзен тоғысқандағы өзендер сағасы мұхит бетінен 186 м деңгейді құрайды. Бұлардың Ырғызбен қосылуы мүмкіндіктерін жоғарыда баяндадық. Жайық бассейнінің көлемі — 231 мың км². Ор өзені бассейнінің көлемі — 18,6 мың км², Торғай өзені бассейнінің көлемі — 157 мың км², барлығы Арал өзеніне 231 000+18 600+32 000+157 000=438 600км² (төрт жүз отыз сегіз мың алты жүз шаршы км) су бассейнін жеткізе алады. 13 метр төмендеп, 40 мың км² су жоғалтқан Арал теңізіне бұл жеткізілетін су көлемі аз су емес екенін көруге болады. Бірінші кезеңде біз Арал өзеніне бағыттағалы отырған Ор, Ырғыз, Торғай өзендері сәуір, мамыр, маусым айларына дейін ағады да, қар суы ағып түгесілгеннен кейін тоқтайды. Жайық өзені су бассейнінің біз Аралға бағыттағалы отырған 231 км² су көлемі Жайық өзені су мөлшерінің 40 пайызын құрайды. Бұл бөліп алынған су мөлшері біздің Ырғыз, Ор өзендеріндей тоқтап қалмай, белгіленген су көлемін күні-түні, қысы-жазы тұрақты түрде Арал өзеніне құйып тұра алады. Жайықтың қалған 60 пайыз су көлемі сол су ағып өтетін аймақтың суға қажеттілігін қамтемелеп, барлық суға байланысты шаруашылығына зиянын тигізбейді. Бұл айтып оырған су мөлшері Каспий теңізіне тіпті де қажет емес. Соңғы жылдары Каспий теңіз деңгейі 29 метрге көтеріліп, жағалауындағы елді мекендерге су басу қаупін туғызып, басқа шаруашылықтарға үлкен зиян тигізіп отыр. Сондықтан Қазақстан территориясымен Жайықтың қалған 60% суын Каспийге құйдырмай-ақ, Арал теңізіне бағыттау жоспардың екінші кезеңі болып саналады. Бұл жағдай Ресейдің басқа өлкесінен су сұрамай-ақ, Арал теңізі мәселесін толық шешуге мүмкіндік жасайды. Ырғыздың Шынар бөгетінен Сексеуілдің Ақеспесіне дейін судың шашау шығармай ағуын қамтемесіз ету үшін тереңдігі бір метр, ені 10-15 метр, яғни бір мезгілде 10-15 м³ су ағып өте алатындай, ұзындығы 140-160 км арна жасалуы керек. Бұл арна салынар аралықта тас сияқты қатты материалдар кездеспейді, құмдауыт жерде салынатындықтан, арнаны су ағып өткеннен кейін судың өзі қалыптастыра алады. Орск қаласынан бастап ағатын өзен салаларының Ырғыз бойының бірсыпыра жағалауларының су өткізу мүмкіндігін ұлғайтып бейімдеу жұмыстарын, әрине, жасау керек болады. Бұл жасалатын шаралар көп уақытты, көп қаражатты қажетсінбесі анық, ал судың жүрісін, бағытын реттеу үшін Жайық, Ор, Торғай, Ырғыз өзендеріне бір-бір тоғаннан тоғандар орналастыру қажет. Бұл тоғандар өзен сағасына, жер бедеріне, басқа да түрліше жағдайларға кедерге болмайтындай жеңіл де жылдам жасалып, орналастыруды қамтемесіз етуі тиіс. Су ағатын реттеуіштерді кәсіби жасақталған, қалың, мықты, жеңіл материалдан талапқа сай етіп жасау керек. Әншейінде жер қопарып, топырақ үйіп, темір-бетон қоршаулар жасап, жанар-жағармай жұмсамай, инженерлік әдіспен жасалуға тиісті бұл қондырғылар тез әрі ыңғайлы, әрі мықты, айналаға зиянсыз, алмалы-салмалы болып жасалғаны дұрыс.

Арал — бүкіл планетаның жанды жарасы, №1 экологиялық апат болып саналады. Бұл ұсынылып отырған шаруа (программа минимум) бірді-екілі адамның, не болмаса аудан-облыстың қолынан келе салатын шаруа емес. Бұл — бүкілдүниежүзін алаңдатып отырған мәселенің бірі. Сондықтан «жұмыла көтерген жүк жеңіл», айналамыздағы жақын орналасқан Қостанай, Қызылорда, Батыс Қазақстан өлкесі облыстарының, Ресейдің Орынбор облыстарының қолдауына ие болып, Елбасы, Қазақстан Республикасының Президенті, Халықаралық Аралды құтқару қорының президенті Н.Ә.Назарбаевтың ақ батасын алып, басталуға тиісті істі тез бітіре алатын жігерлі, білікті басшының қолынан келетін іс. Бұл — ел дәстүріне сәйкес  Ақсарбас шалып, Құдайтағаладан ісімізді қолдай көруін жалбарына тілеп, Құран бағыштап кірісетін шаруа. Құдай тілегімізді қабыл алып, бастауға тиісті ісіміздің сәтін салсын. Әумин!!!

Сәбит НАУРЫЗБАЕВ,

еңбек ардагері,

инженер.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button