Экономика

Екінші кемпингтің ертеңі

Кәсіпкерлік

 Биыл Қобдада екінші кемпинг пайдалануға беріледі. Самара-Шымкент тасжолы мен Ойыл ауданына барар жолдың тоғысқан тұсынан салынып жатқан жаңа  ғимарат қобдалық кәсіпкер Роза Жаманқұлованың иелігінде.

Газ тартылмай жатыр…

Осыдан екі жыл бұрын ол Самара-Шымкент тасжолының 613-ші шақырымында сервистік қызмет көрсету орталығын салу үшін «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасына қатысып, 20 миллион теңге көлемінде несие алған еді. Үстемеақысы 6 пайызбен берілген несие қаражатының іргелі іс бастауға тиімді болғанын айтып отырған Роза Жаманқұлова бүгінде ғимараттың қабырғаларын тұрғызып, төбесін жауып қойыпты.

Мемлекеттік бағдарламаға 2014 жылдың қараша айында қатыстым. Несие қаражаты қолыма тигенмен, ауа райы салқындап, құрылысты жүргізуді жазға қалдырған едім. Былтыр маусымда құрылыс компанияларының бірімен келісімшартқа отырып, істі бастадым. Құрылысқа жеті адам тартылды. Барлығы — өзбек азаматтары. Бизнес жоба әзірлеу барысында ғимаратты екі қабатты етіп салуды ұсынған едім. Сөйтіп, аз уақыттың ішінде құрылысшылар бұл істі ойымдағыдай атқарып берді. Әрине, құрылыс жүрген кезде өзбектерді тиісті органдар тарапынан тексеру көп болды, — дейді Роза.

Былтыр шілдеде кәсіпкер өңірлік үйлестіру кеңесіне мемлекеттік қолдау арқылы әлеуметтік нысанға инфрақұрылым өткізуге өтініш берген еді. Алайда бұл жобаны қаржыландыру үшін бюджетте қаражаттың жоқтығы туралы жауап алды. Енді биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» бағдарламасының екінші бағыты бойынша жергілікті бюджеттен кемпингке газ тартуға 3 миллион теңге қарастырылыпты. Әзірге бұл іс басталған жоқ. Ғимарат жылумен қамтылмағасын, қыс бойы жүргізілуге тиіс ішкі әрлеу жұмыстары да кейінге шегерілген.

Стандарт немесе кемпингтің көлемі

Халықаралық көлік жүйесі бойындағы сервистік қызметтер халықаралық стандартқа сәйкес келуі керек. Оның ішінде мұндай кемпингтерге қойылатын талап мықты. Розаға стандартқа сәйкес құрылыс жүргізуді әу баста ешкім ескертпесе де, кәсіпкер өздігінен бұл талаптарды сақтауға тырысыпты. «Самара-Шымкент — халықаралық маңызға ие тас жол. Өзім жолда көп жүргесін, мұндай талаптардың сақталуға тиіс екенін білемін. Әлемдік стандарт бойынша А,В санатына жататын сервистік қызмет көрсету орталықтары болады. Кемпингтің жуынатын және жатын бөлмелері көлемі жағынан аздап стандартқа сәйкес келмей қалды. Бірақ маған мұндай талаптарды сақтау қажеттігі басында айтылмады. Егер айтылғанда, сәйкестендіруге болар еді. Әрбір жатын бөлмесінде жуынатын орын болу керек. Кемпингте бұл талаптар сақталған», — дейді кәсіпкер.

Биыл қарашада кемпингті пайдалануға беруді жоспарлап отырған Р.Жаманқұлова мұнда бір мезгілде қырық жолаушыға жағдай жасалатынын айтады.

Ғимарат құрылысына пайдаланылған материалдардың бәрі — отандық өнімдер. Құрылысқа 16 миллион теңге жұмсалған. Енді Роза өз қаражатына 800 метр қашықтықтан су, жарық жүйесін тартуды жоспарлап отыр.

Кәсіпкердің иелігіндегі 1 гектардан астам жерге салынған кемпингтің жалпы аумағы — 1000 шаршы метр. Бос жатқан алаңқайдың қоршалатынын айтқан Роза бұл жерді алдағы уақытта фура секілді көлемі үлкен көліктер үшін автотұрақ етпек. Әлеуметтік нысан іске қосылған кезде он адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

P.S. Бұған дейін Алматы, Бішкек қалаларынан тауар тасып, саудамен айналысқан Роза Жаманқұлова кемпинг салуға жұмыссыздықтың түрткі болғанын айтты. «Жол үстінде әрлі-берлі зат толы сөмке тасып шаршайсың. Шынымды айтсам, саудадан  әбден қажыдым. Сөйтіп, өз алдыма кәсіп ашып, іс жүргізу үшін тәуекелге бел будым», — дейді ол.

**

Қазір Қобда ауданында осымен екінші кемпинг бой көтеріп жатыр. Аудан аймағында қыстың күндері жолда қалған жолаушыларды биліктегілер осындай  кемпингке орналастырады.

 Арайлым НҰРБАЕВА,

Қобда ауданы. 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button