Экономика

«Енді балалар кешенін ашқым келеді…»

Кәсіпкер

Өз кәсібін ұршықша үйіріп жүрген қандыағаштық кәсіпкер Мейрамгүл Көбегенова аудан орталығынан балаларға арналған шағын ойын-сауық кешені мен наубайхана ашпақшы. Тек «мойнындағы» несиесі кәсіпкерге қолбайлау болып отыр.

Мейрамгүл Көбегенова екі қабатты сауда үйін салу үшін өткен жылы қазан айында «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының көмегімен «Қазақстан Халық Банкінен» 4 пайыз жеңілдікпен 6 миллион теңге көлемінде несие алыпты. Аталған сауда орталығын биыл ақпан айында ашып, оған «Әсел» деп ат қояды. Қазір кәсіпкер бірнеше адамды жұмыспен қамтып, қала тұрғындарына азық-түліктің түр-түрін, көкөніс, жеміс-жидек түрлерін жеткізіп отыр. Мейрамгүлдің айтуынша, қала маңындағы елді мекендерден келетін адамдар осы дүкеннен қажеттерін тауып, ауылға қоржынын толтырып қайтады.

Биылғы жылы ашылған сауда орталығы — қаладағы екінші дүкенім. Бұған дейін 5-6 жыл бұрын қала шетіндегі «Самал» шағын ауданынан «Бейбарыс» азық-түлік дүкенін ашқан едім. Қазір екі сауда нүктесінде де жұмыс жасаймыз. Биыл ашқан сауда орталығының бірнеше бөлігін жалға беріп отырмын. Онда шаштараз, такси қызметі, тігін шеберханасы жұмыс жасайды. Жалпы халыққа қажет қызмет түрлерінің бәрін қамтуға тырысып жатырмыз. Өз кәсібін дөңгелетіп, еңбек етем деген адамға мүмкіндік мол, — дейді Мейрамгүл.

Кәсіпкер сөз арасында осы орталықтың бір бұрышынан дәріхана не шағын стоматология ашу ойында бар екенін де айтып қалды. Тек оған уақыт пен қолдау керек.

  • Бүгінде шағын және орта бизнес халықтың әл-ауқатын арттырып, қосымша жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізуде. Әсіресе аудан, ауылдарда кәсіпкерлік саласы күннен-күнге дамып келеді. Қазір кәсіпкерлердің көбі «Даму» қоры арқылы несие алып, өз кәсібін ашып отыр. Бұл бізге жасалған мемлекеттің үлкен қолдауы деп түсінемін, — дейді кәсіпкер.

Қазір Мейрамгүл 5 жыл мерзімге «Даму» қорынан алған несиесін уақытымен өтеп жатыр. 10 пайызын қор көтереді. Тек бір қиындығы — осы несиенің төлеу мерзімі аяқталғанға дейін кәсіпкер жаңа идеяларын жүзеге асыра алмайды.

Жуырда «Дамуға» барып қызымның атынан бизнес-жоспарымды тапсырған едім. Бірақ ешқандай хабар жоқ. Қордың қызметкерлері жүзеге асатын жоба болса, грант бөлінеді деген еді. Алайда әзірге ойымыздағыны іске асыра алмай отырмыз, — дейді кейіпкеріміз.

Өз ісін жетік білетін кәсіпкердің жаңа жобалары мемлекет тарапынан қолдау тапса, алдағы уақытта қала шетіндегі 400 тұрғыны бар «Болашақ», «Самал» шағын аудандарының маңайынан балаларға арналған шағын ойын-сауық кешені мен наубайхана ашпақшы. «Жоспар көп, тек қолдау болып, ісіміз алға басса дейміз», — дейді кәсіпкер.

Отбасында екі бала тәрбиелеп отырған Мейрамгүл жұбайы екеуі бүгінгі кәсібіне қол жеткізу үшін аз тер төккен жоқ. Енді кәсіпкер сол кәсібінің берекесін көруін тілейді.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button