Спорт

«Ақтөбе» «Ертістің» ентігін басты

Премьер-Лига

 6-турда «Ертістің» жеңісті жорығы тоқтады. «Астана»  алтыншы жеңісін тойлады. Ал «Оқжетпес» қатарынан төртінші рет, оның үшеуінде сырт алаңда жеңіске жетті. «Тараз» қатарынан төртінші рет ұтылса, «Жетісу» мен «Атырау» алғашқы жеңістеріне қол жеткізді. Осындай көрсеткіштеріне қарамастан жалпылай алғанда бұл тур голға сараңдық көрсетті, қақпаларға 10 доп қана енді.

17 сәуір күні бес тур бойы қарсыластарын бет қаратпай келе жатқан (1:0; 3:0; 3:0; 2:0; 2:0) «Ертісті» жерлестеріміз жерге түсіріп, ентігін басып берді. Ылғи тәжірибелі ойыншылардан құралған «Ертіс» әуелгіде, маусым басталар шақта көш соңында қалатындардың қатарына қосылуға кандидат есебінде қаралған «Ақтөбенің» бұған дейінгі екі жеңісі кездейсоқтық емес екендігін жан-тәндерімен сезінді. Сірә, ауылдарына бір ұпай олжалап оралғандарына шүкіршілік те айтқан шығар.

Рас, ойынның бастапқы кезеңінде доп «Ертіс» футболшыларының аяғында көбірек жүрді. Бірақ Қазбек Гетериевтің алыстан соққан добын Самат Отарбаевтың қағып түскенінен басқа «Ақтөбе» қақпасына айтарлықтай қауіптер төнген де жоқ. Тек 22-минутта Гогита Гогуа орындаған пенальти ғана «Ертісті» алға шығарды — 0:1.

Бұл голдан соң бұған дейін де тізгіннен айырыла қоймаған ақтөбеліктер ойынға біржола белсене кірісті. Егор Сорокин баспен соққан доп қақпаның маңдайшасынан кері серпілді. Бұдан соң павлодарлық қақпашы Давид Лория біздің футболшымыз Михаил Петролай алыстан бағыттаған допты қайтарды, Самат Смақовтың қитұрқы соққысына ем тапты. Екінші таймда Кирилл Шестаковтың орнына шыққан Дидар Жалмұқан да бірнеше қауіпті сәттер туғызды. Сондай шақтардың бірінде Пірәлі Әливтің допты қолмен қағып түскенін қалт жібермеген бас төреші Марат Ысқақов он бір метрлік айып нүктесін көрсетті. Тәжірибелі Самат Смақов қателескен жоқ — 1:1.

Кездесудің соңына таман «Ақтөбе» жеңіске жетуге сәл қалды. Қазбек Гетериевті алдап соққан Никита Бочаров қарсыластар қақпасының оң бұрышын дәл көздеді, бірақ Лория асқан шеберлікпен қайтарып үлгерді, сөйтсе де сол қайтқан допты әуелі Мұрат Тілешев, одан соң Тоқтар Жаңғылышбай қақпаға тоғытып жіберерліктей-ақ мүмкіндіктер болды, әттең, сәті түспеді.

Ойын қысқаша қайырғанда негізінен ақтөбеліктердің басымдығымен осылай тең аяқталды. Дегенмен бұл тең ойын үміт пен сенім отын маздата жақты.

Ең бастысы, бас бапкер Юрий Уткульбаевтың жеке-дара футболшыларға ғана сүйенбей, тұтас командалық ойын жүйесін қалыптастырып келе жатқаны анық аңғарылды. Алаң ортасында С.Смақов пен М.Петролай, К.Шестаков қалайша бір жұдырыққа айналса, қорғаныстағы Б.Қайыров пен К.Куаджа, Е.Сорокин мен М.Сытдиков бір-бірімен солайша терең түсінісіп үлгерген сыңайлы. Ал Н.Бочаров, А.Кәкімов, Т.Жаңғылышбай қарсыластар қақпасының құпияларына бойлай бастапты. Қақпашы Самат Отарбаевқа жанкүйерлердің ризашылығы екібастан мәлім. Қақпа демекші, чемпионат басталғалы 536 минут бойы қақпасын мінсіз қорғап келген Давид Лорияға ақтөбеліктер осы турда алғашқы голды «тарту» етті.

«Ақтөбе»-«Ертіс»» — 1:1

Гол авторлары: Гогита Гогуа, пенальти, 22-минут (0:1); Самат Смақов, пенальти, 87-минут (1:1).

Ескерту қағазын алғандар: К.Куаджа, 21-минут, М.Тілешев, 69-минут, Т.Жаңғылышбай, 89-минут («Ақтөбе») — Г.Гогуа, 37-минут, П.Әлиев, 65-минут («Ертіс»).

«Ақтөбе»: Самат Отарбаев, Куасси Куаджа, Михаил Петролай, Егор Сорокин, Марат Ситдиков, Никита Бочаров, Бағдат Қайыров (Виктор Крюков, 81-минут), Асланбек Кәкімов (Мұрат Тілешев, 64-минут), Самат Смақов (капитан), Кирилл Шестаков (Дидар Жалмұқан, 48-минут), Тоқтар Жаңғылышбай.

«Ертіс»: Давид Лория (капитан), Гогита Гогуа (Владимир Воменко, 69-минут), Томаш Йирсак, Карлуш Фонсека, Георгас Фрейдгеймас, Семир Керла, Усман Джаллоу (Бай Джиби Фалль, 90-минут), Қазбек Гетериев, Елдос Ахметов, Роман Муртазаев (Пірәлі Әлиев, 63-минут), Сергей Малый.

17 сәуір. Ақтөбе. Қобыланды батыр атындағы орталық стадион. 9000 адам. 

Қазақстан чемпионаттарында бұл екі команда осымен 53 рет кездесті. «Ақтөбе» 21 рет  жеңіп, 22 рет «Ертіс» басым түсті, 10 кездесу тең есептермен аяқталды.

 

Бапкерлердің бағасы

 

Кездесуден кейінгі сұхбатта биылғы чемпионатта бірінші рет сүрінген «Ертістің» бас бапкері Димитар Димитров сабырлы қалпын жоғалтқан жоқ. Сәтсіздікке қатысты әлдекімдер тәрізді сылтау іздеуге де тырыспады.

Мысалы, бұған дейін футболшылары жасанды жасыл алаңда ойнап келген ол Ақтөбе стадионының табиғи алаңына еш кінә таққан жоқ. «Алаң тіпті де жаман емес, жап-жақсы алаң. Енді аздап өңдеп жіберсе, тамаша алаң болғалы тұр», — деді ол.

Сондай-ақ журналистер қауымының «Ақтөбе» командасының бұрынғы құрамы мен қазіргі құрамына қатысты сауалына да іркілмей жауап қайтарды. «Бұрынғы команда ойыншыларының деңгейі жоғары болды, бірақ маған қазіргі команда көбірек ұнайды. Қазір командалық ойынды көріп отырмыз, бұлар қуатты, мығым, жинақы ойнайды, маған осы командамен ойнағанымыз көбірек ұнады», — деді ол.

Д.Димитров өз командасының ойыны туралы былай деді: «Жақсы-ақ бастадық. Алғашқы 20-25 минутта ойын барысын бақылауда ұстадық, гол соқтық. Оңай жеңіске жетеміз деген ой болды. Бірақ тізгінді «Ақтөбе» тартып алып кетті. Олар сезіммен, мінезбен, жанкештілікпен ойнады. Бізге мінез, жанкештілік жетіспеді. «Ақтөбе» командасы алаңда көбірек тер төкті, аянбай арпалысты, сөйтіп, олардың есепті теңестіруі заңдылық болды».

Ал «Ақтөбенің» бас бапкері Юрий Уткульбаев жанкүйерлерді үнемі есте ұстайтынын аңғартты.

«Ең әуелі бізді қолдаған жанкүйерлерге зор рақмет, — деді ол. — Жанкүйерлердің құлшынысы біздің жігіттердің бойына құйылып, соның арқасында есепті теңестіріп, лайықты нәтижеге жеттік деп ойлаймын».

Одан әрі бас бапкер бүгін, еңбекпен келген тең есеп өз алдына, ең әуелі ойынға риза болғанын айтты. «Егер біз алдағы уақытта да осындай құлшыныспен, осындай шеберлікпен жан аямай ойнай беретін болсақ, жанкүйерлеріміз де көбейе түседі, нәтиже де келеді», — деді ол.

 

Тағы бір сөз

 

Қымбат легионерлерден құтылғаны үшін бе, әлде жас таланттарға, соның ішінде жергілікті жас футболшыларға бүйрек бұрғаны үшін бе, әйтпесе өте қабілетті бас бапкер тауып алғандығы үшін бе, әйтеуір, әр ойынның алдында «Ақтөбенің» дәрменсіз кездесу өткізетіндігін алдын ала болжайтындар тіпті де жоқ емес. «Ертіспен» өтетін кездесудің алдында да сондай бірер пікірлерге көзіміз түскен еді. Оқып көріңіз: «Ертіс» әйтеуір бір сүрінетіні рас, бірақ ол күн әзір келген жоқ». Немесе: «Өз қаласында ақтөбелік жанкүйерлер «Ақтөбеден» тек жеңісті талап ететіні белгілі. Бұл бірақ алаң қожайындарына абырой әпермеуі мүмкін. Ертістіктердің алдында алшаңдауға тіпті де болмайды — бірден жаза дайын тұрады». Сондай-ақ букмекерлердің де тек «Ертіске» ғана басымдық бергені және белгілі. Ал командамыздың жағдайы, куә болып жүргеніміздей, тіпті де ондай емес, мүлде басқаша.

Бірінші кезеңнің бірінші айналымының шамамен енді жартысы қалды. Жаңадан жасақталған деуге боларлық «Ақтөбенің» қандай команда екеніне көпшіліктің көзі енді анық жете бастады.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың өткен жылы өңірдегі спорттың жай-жапсарын талқылаған жиында ерекше көңіл бөлген бір тұсы сол кезде қымбат легионерлерге иек артқан осы «Ақтөбе» командасының ертеңі, өз өлкемізден шығуға тиіс жас футболшылардың болашағы туралы мәселе еді. Солайша тұтасымен деуге боларлық өзгерген жас команда мен оның басшылығы, бас бапкер Юрий Уткульбаев, міне, жанкүйерлердің сенімін қайта орнықтырып отыр. Бұған қазір аудандар мен ауылдарда футболға қатысты қолға алынып жатқан көптеген игі жаңа шаруаларды және қоссақ, әңгімеміз тым ұзарып кетеді. Сондықтан бұл әңгімені жеңісті күндерде жолыққан сайын там-тұмдап жалғастыра бергеніміз мақұл болар.

*   *   *

 

Басқа кездесулер:

«Ордабасы»-«Қайрат» — 1:0

Гол авторы: Филип Касалица, 54-минут (1:0).

«Астана»-«Тобыл» — 1:0

Гол авторы: Аруна Лукман, 32-минут (1:0).

«Шахтер»-«Оқжетпес» — 0:1

Гол авторы: Александр Чижов, 31-минут (0:1).

«Жетісу»-«Тараз» — 2:1

Гол авторлары: Душан Савич, 47-минут (1:0); Марко Симоновски, 58-минут (2:0); Малик Мане, 65-минут (2:1).

«Атырау»-«Ақжайық» — 2:0

Гол авторлары: Павел Шабалин, 4-минут (1:0); Пшемыслав Трытко, 19-минут (2:0).

*   *   *

 

6-турдың нәтижелері:

Бұл турда 10 гол соғылды. Алаң иелері 7 гол соқса, қонақтар 3 доп өткізді. 1:0 есебі үш рет қайталанды.

4 кездесуде қонақтар, 1 ойында алаң иелері жеңді, 1 кездесу тең есеппен аяқталды.

Ең шапшаң гол 4-минутта соғылды: Павел Шабалин («Атырау»).

«Ертістің» қақпасына алғашқы доп енді.

Кездесулер барысында 25 футболшыға ескерту қағаздары көрсетілді, жасыл алаңнан қуылғандар жоқ. Екі пенальти белгіленіп, орындалды.

Бұл турды 23 400 жанкүйер тамашалады, оның 9 мыңы — Ақтөбенің орталық стадионына келгендер.

Мергендер көшінің басында 3 голдан соққан жеті футболшы тұр, біреуі — Самат Смақов («Ақтөбе»).

Біздің мергендеріміз:

Самат Смақов — 3 гол (екеуі — он бір метрлік айып добы);

Никита Бочаров — 2;

Бобир Давлатов — 1;

Тоқтар Жаңғылышбай — 1;

Асланбек Кәкімов — 1.

 

ТУРНИР КЕСТЕСІ

 

Команда          О     Ж    Т    Ұт    Д       Ұп

1.Астана           6      6      0     0     10-3     18

2.Ертіс              6      5      1     0      12-1    16

3.Оқжетпес      6      4      1     1      9-3      13

4.Ордабасы      6      3      1     2      9-9      10

5.Ақтөбе           6     2      2      2      8-9      8

6.Тобыл            5     2      1      2      7-5      7

7.Ақжайық       6     2      0      4      3-9      6

8.Қайрат           6     1      2      3      4-6      5

9.Жетісу           6     1      2      3      6-8      5

10.Атырау        5     1      1      3      3-7      4

11.Тараз           6      1     1      4      6-10     4

12.Шахтер       6      0     2      4       1-8      2

 

*О — ойын, Ж — жеңіс, Т — тең, Ұт — ұтылыс, Д — доп айырмашылығы, Ұп — ұпай.         

*   *   *

 

6-турда 23 сәуір күні «Ақтөбе» Алматыда «Қайратпен» кездеседі.

Басқа ойындар:

23 сәуір, сенбі

«Тараз» (Тараз) — «Атырау» (Атырау)
«Ақжайық» (Орал) — «Шахтер» (Қарағанды)
«Оқжетпес» (Көкшетау) — «Ордабасы» (Шымкент)

«Ертіс» (Павлодар) — «Астана» (Астана)
«Тобыл» (Қостанай) — «Жетісу» (Талдықорған)

 Ертай АШЫҚБАЕВ.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button