Басты жаңалықтарМереке

Айдын Айымбетов ғарышта қалай құрт таратты?

12 сәуір — Ғарышкерлер күні

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Өткен аптада Ақтөбеге Халық қаһарманы, «Қазақстан Ғарыш сапары» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының вице-президенті, ұшқыш-ғарышкер Айдын Айымбетов келген болатын. Қазақтан шыққан үшінші ғарышкер бізге берген сұхбатында аспаннан жердің қалай көрінетіні, жұлдызды әлемге нақты қандай тағамдарды алып кеткені, жалпы айтулы сапардан кейінгі өзіне-өзі келу процесі және бүгінгі таңдағы жұмыстары жөнінде сыр бөлісті. Авиация полковнигі ғарышқа жасаған сапарынан бөлек, жер басып жүрген әр адам бастан кешіретін ғашықтық сезімі турасында қойылған пендауи сауалдарымызға да жауап берді…

 Ақиқатқа айналған арман

 Басқасын білмеймін, біздің бала кезімізде екінің бірі ғарышкер болуды армандайтын. Жұлдыздарды жақыннан көріп, сол кезде беймәлім көрінген әлемге сапар шегу — көпшіліктің тілегі еді. Олардың арасында мен де бармын. Бір жағынан, бұл қалауыма әкемнің де әсері бар… Бірде ол кісі маған аспан әлемінің құпияға толы сырлары туралы жан-жақты әңгімелеп, артынша Ай, түрлі жұлдыздар, жалпы ғаламшардың суреттерін көрсетті. Сол кезде көңілімде оянған қызығушылығымды сөзбен жеткізу қиын. Бір белгілісі, өзіме сонда «өскенде қалай да ғарышкер боламын!» деп мақсат қойған едім.

Сол арманның жетегімен жоғары оқу орнында оқыдым, жатпай-тұрмай іздендім, әйтеуір ойымнан бір ауытқығаным жоқ.

…Ғарышкер болу үшін алдымен табиғаттан берілген мықты денсаулық керек. Сосын оқу-жаттығу жұмыстарын бір күнге де үзбеуге тиіссің. Айталық, таңғы сағат 9-дан кешкі 6-ға дейін әр минуты жоспарланған жаттығулар. Ол жерде сен спорт шеберіне қойылатын талаптарды орындайсың, талап мықты. Жоғарыда аталған екі нәрсе де менде болғандықтан шығар, 6 жылғы қызу дайындықтан кейін ақыры ғарышқа ұштым. Өзіңіз білесіз, халықаралық экипаждың құрамында болдым, менімен қосқанда 6 елдің өкілі ұшты. Яғни бастан кешірген қызықтарымыз да, бір-бірімізден үйренгеніміз де көп…

 

«Айдын, құрт бар ма?» 

 

Әлгінде ғарышкерге қойылатын талап-тілектің күшті екенін айттым. Бір ғана мысал, бетіңе болар-болмас безеу шығып кетсе де, сапардан шеттетілуің бек мүмкін. Сондықтан өткен жылы ғарышқа ұшарда өзіме аса кірпияздықпен қарадым, жан-жағымдағылар да барынша жағдайымды жасады. Тіпті, кішкентай ғана масаның «көзіне түсіп» қалмауға тырысып, «сол шағып алмаса екен» деген оймен жүргенің… Әйтпесе, жағдай қиын ғой.

Экипажбен алып кететін азығымызды таңдағанда да ерекше мұқият болдық. Осы орайда «Айдын ғарышқа қазақтың қазы-қартасын алып кетіпті» деп атойлап жазған журналистер де ұшырасты. Бәлкім, бұл да ұлттық тағамымызға жасалған жарнама шығар, кім біліпті. Өз басым мұны әзіл ретінде қабылдадым. Өзімізбен нақтылы қандай тағам түрлерін алғанымды айтудың сәті енді түсіп тұр: арнайы мамандар ұзақ уақыт бойғы зерттеу жұмыстарынан кейін ірімшік пен құртты салып жіберді. Сондай-ақ, біз үшін сорпа дайындалды. Бұның барлығы жоғары технологиямен жасалған, дәрумендер қосылған, өте құнарлы, жалпы алғанда адамның еңбекке қабілеттілігін арттыратын тағамдар екенін айта кеткен абзал.

Осындайда ғарыштағы бір қызық оқиғаның есіме түсіп отырғаны: экипаждағы жалғыз қазақ болған соң, шетелдік әріптестеріме өзіме деп апарған тағамдардан дәм ұсындым. Құрттың жасалу жолы жөнінде кеңінен әңгімелеп, кейіннен «ауыз тиіңіздер» дегендей ишара білдірдім. Қызық, алғашында өзге ұлттың тағамы болғасын әрі бұрын-соңды естіп-білмегесін бәрі үрке қарағандай кейіп танытты. Арада біраз уақыт өтті, құртты ерекше сүйсініп жегенімді көрген олар көп ұзамай: «Бізге де берші» деді. Біреу, екеу, үшеу… Тоқтайтын түрі жоқ (күліп). Ара-тұра өз тілдерінде: «Мынау қандай дәмді тағам, ә? Қанша жыл өмір сүріп, осының дәмін қалай татып көрмегенбіз?» дегендей сұрақ қоятындары бар. Сөйтіп жүргенде ауылдың дәмі деп апарған құртым да таусылуға жақын қалды. «Енді ешкімге бермеймін, жерге қонғанға дейін біраз уақыт бар». Қызық болғанда, қайдан үйренгенін білмеймін, бір күні шетелдік ғарышкердің жаныма қалықтап келіп, қазақшалап «Айдын, құрт бар ма?» — дегені бар. Сондағы таңғалғаным-ай. Әлгі жігітке біреуін ұстатпасқа амалым қалған жоқ (жымиып). Бұл сәт ешқашан есімнен кетпейді деп ойлаймын.

Тағы бір айтарым, бәріміз де ғарыштан түсірілген Жердің суретін талай көрдік. Жер жұп-жұмыр, дөңгелек екенін білеміз. Бірақ… ана жақта барлығы мүлде басқа екен. Көктен жер алақандағыдай көрінеді. Ол сондай нәзік, кішкентай, қорғансыз… Көзімнің жеткені, біз оны (Жерді айтады — А.Т.) аялауымыз керек. Оның қадірін әлі де сезіне бермейтініміз рас. Менің ғарыштан Жерге түскен соң, өмірге, қоршаған ортаға деген көзқарасым түбегейлі өзгерді. Және өзіміз мекендейтін ғаламшарды сақтай білуіміз керектігін жете түсінгендеймін. Өйткені біз — адамбыз, Құдай бізді саналы етіп жаратқан. Жан-жануарлардан басты айырмашылығымыз да сол.

«Ғарышта сіз не істедіңіз?» — дейсіз бе? Оның барлығын айту үшін ұзақ уақыт қажет әрі қарапайым адамдар ғылыми тілдегі сөздерімді түсінбеуі мүмкін. Одан да ғылыми-техникалық бағдарламаны іске асырып, түрлі зерттеу жұмыстарын  атқардық деп қысқа қайырайыншы. Біз, экипаждағылар, ортақ тапсырманы орындадық. Оның жемісін, бұйыртса, енді көреміз.

 

 Қалыпқа келуге бір жыл керек

 

Алла сәтін салып, баршасы да ойдағыдай жүзеге асты. Жерге аман-есен қондық. Халықтың ыстық ықыласына бөленіп, үлкендердің ақ батасын алдық, Мемлекет басшысы тарапынан айтулы марапаттарға ие болдым. Шүкір деймін. Бұл ретте бүгінгі менің бағындырған белесім — бүкіл қазақстандықтардың еңбегінің нәтижесі дегім келеді. Көптеген ғалым, инженер мамандардың, еліміздің сарабдал саясатының жемісі бұл. Бәрі менің арқам десем, өте ұят болады. Сол себепті, барша қазақ халқына мың алғыс!

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқасын былай қойғанда, ғарыш пен Жердегі уақыт белдеуі де әрқилы. Ауасы да басқа. Ұшып-қонудың өзі оңай емес. Сондықтан ғарыштан кейін толықтай қалыпқа келу үшін тұтастай бір жыл қажет. Осы уақыт аралығында мен дәрігерлердің ұдайы бақылауындамын. Ал экипажымыз жерге қонғаннан 30-40 минуттан соң ғана өз аяғыммен һәм күшіммен жүре алдым. Сіз бәрі теледидардан көрсетілгендей оп-оңай деп ойламаңыз…

Бәрінен бұрын, жерге оралғаннан кейінгі жауапкершіліктің жүгі орасан. Ғарышты бағындырған Айдынға көзқарас та, талап та басқа… Сол үдеден шығу үшін, өзгелердің үмітін ақтау жолында қолдан келгеннің бәрін жасап жүрген жайым бар.

Ғарышта көрген-білгенімді іске жарату — болашақтың еншісінде. Сол мақсатта қазіргі күні үлкен жұмыстар жасалып жатыр. Мәселен, Астанада ұлттық ғарыш орталығы салынуда. Құрастырмалы сынақ кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Одан бөлек, біздің мамандар Еуропаның жетекші жоғары оқу орындарында тәжірибесін ұштап келді. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан болашақта ғарыштық державаға айналу үшін ауқымды жұмыстарды жасауда.

Өзімнің де арманым бар. Бұған дейін белгілі бір топтардың Айға ұшқанынан дүйім жұртшылық хабардар. Әйткенмен, олардың баршасының сапары қысқа мерзімді болды. Мен енді ұзақ уақытқа барып, сонда зерттеу жұмыстарын жүргізсем деймін. Бұйыртса, бұл тілегім де жүзеге асар…

 

Байқоңырға бұрыннан қатысым бар…

 

Отбасым бар. Келіншегіммен танысқанда анау айтқандай ерекше ештеңе болған жоқ, сондықтан оны жыр қылып айтпай-ақ қояйын. Бір қызығы, ол — Байқоңырдың тумасы (күліп). Дос-жарандармен өзара басымыз қосылғанда олар: «Сен әдейі сол жақтың қызына қосылғансың ғой», — деп күледі. Бұйырмыс деген — осы. Әйтпесе, қызбен танысқанда туған жерін сұрамайсың ғой…

Біз де басқалар сияқты қиындықты бастан кешірдік. Алты айлап жалақы алмай, қосымша жұмыс істеген, қарызға батқан күндер де болды. Жастарға айтарым, адам жауапкершілікті толықтай сезініп, өзге біреумен де санасуға дайын болғанда, шаңырақ көтеруі керек. Ал оның белгілі бір жасы жоқ. Бұл адамның қалыптасуы, жалпы өсіп-жетілуіне байланысты деген ойдамын.

Жалпы, Ғарышқа ұшқаным болмаса, кәдімгі адаммын. Жасым — 43-те. Адамның жасы ұлғайған сайын әр нәрсеге қызығушылығы төмендей бастайды екен. Бірақ, бір «формада» болу үшін фитнес залдарына барып, темір-терсек көтеремін, бассейнге барамын. Өзімнің денсаулығыма баса назар аударамын.

Бүгінгі таңда «Қазақстан Ғарыш сапары» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының вице-президенті қызметін атқарып жүрмін.

 Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button