Спорт

Алғашқы жеңіс. Үш гол

Премьер-Лига

 4-турда «Ақтөбе» мен жаңа бапкер қолға алған «Қайрат» бірінші жеңістеріне қол жеткізді.  Ал «Ертіс» пен «Астана» төртінші жеңістерін тойлады. Рас, астаналықтар бұл жолы да өткен турдағыдай соңғы сәттерге дейін әбден терлеп-тепшіді. Олар жеңіс голын өткен турда 83-минутта соқса, үш ұпай әкелген допты қарсыластар қақпасына бұл жолы 81-минутта енгізді.

«Жетісуды» екі команда үшін де сырт алаң деуге боларлық «Астана Аренада» қабылдаған «Ақтөбе» бұл турда ең көп гол соқты, жеңіске жетті және қарсыластар қақпасына енген үш доп та жанкүйерлердің айызын қандырды.

Тәжірибелі ойыншылардан жинақталған, оның үстіне әбден қалыптасқан ұжымға айналған талдықорғандық команда бұған дейін жойқын шабуылдарымен көзге түсе қоймаған ақтөбеліктердің мығым қорғанысынан саңылау тауып, биылғы чемпионаттағы алғашқы жеңістеріне жетуді мақсат етіп келгені анық еді. Бірақ олай болмады.

15-минутта Самат Смақовтың қақпа алаңының сыртынан орындаған айып добы нағыз шеберліктің үлгісі болды. Жойқын соққыдан соң бірден биіктей зырлап ұшқан теңбіл доп жібек тордан бір-ақ шықты — 1:0.

Ал 25-минутта капитанға жас футболшы Никита Бочаров үн қосты. Оң қанаттағы ол, қапылыс сәтте тіпті де абыржымай, сол қанаттан Марат Ситдиков тастаған допты аяғымен қақшып түсіп, дереу оңтайына ыңғайлап алды да зырқырата тепті, «Жетісудың» қақпашысы Андрей Пасеченко тағы да қапы қалды — 2:0.

Бұған дейін де, бұдан соң да «Жетісу» футболшылары қаншама әрекеттенгендерімен бірінші таймда ақтөбеліктердің тас түйін қорғанысына қарсы ештеңе ойлап таба алмады. Тіпті олар тағы бір гол өткізіп ала жаздады, Илья Михалевтің қақпашының бойынан асыра тастаған добын талдықорғандық қорғаушы әзер қайтарып үлгерді.

Екінші таймда алма-кезек шабуылдар қайтадан басталды. Сондай сәттердің бірінде, 52-минутта Марко Джалович тастаған пасты Мартин Кляйн голға айналдырды — 2:1.

Бір гол артықшылығы тайғанақ басымдылық екені белгілі. Міне, сондай шақта Ақтөбе футболының жас түлегі, алаңға екінші таймда шыққан Тоқтар Жаңғылышбай көңілімізге берік сенім орнықтырды. 86-минутта тура қақпа алдына келе қалған ол Никита Бочаров әдемілеп тастаған допты көз ілеспес жылдамдықпен еш кідіртпестен сол аяғымен қайшылай теуіп жібек торды және бір бүлк еткізді — 3:1. Тоқтар бұның алдында дәл осындай тамаша мүмкіндікті пайдалана алмай қалғанын да еске сала кеткен жөн. Ал өзі де гол соққан Никитаның бұл жолы тағы бір голға ассистент болуы жанкүйерлерді ерекше сүйсіндірді.

89-минутта «Жетісу» футболшысы Душан Савич бір гол соғып, есепті қысқартты (3:2), бірақ тең ойын жасауға талдықорғандықтардың шамасы жетпеді.

Рас, кездесудің басым бөлігінде доп «Жетісу» футболшыларының аяғында жүрді, біздің қақпашымыз Самат Отарбаевқа бірнеше рет хас шеберлік көрсетуге тура келді, дегенмен негізгі нәтиже қақпаға енген доптың санымен есептелетіні белгілі, мұндайда тиімді сәтті кімнің қалай пайдаланатындығы басты роль атқарады. Бұл — бір.

Екіншіден, бұған дейін негізінен мығым қорғанысымен сүйсіндіретін жерлестеріміз шапшаң да нәтижелі шабуылдар ұйымдастыруды меңгеріп қалғандықтарын көрсетті. Сол шабуылдарға көбірек алаңдағандықтың салдары ма екен, қақпамызға екі гол еніп кетті. Қалай болғанда да, жігіттеріміздің бұл кездесуде жеңіске жеткісі келгендіктері де, сол жеңіске жетудің жолын іздеген бас бапкер Юрий Уткульбаевтың қолтаңбасы ажарлана бастағандығы да анық аңғарылды.

Кездесуден соң «Жетісудың» қорғаушысы, Чехия ұлттық құрамасында ойнаған 32 жастағы Мартин Кляйнның vesti. kz тілшісіне берген сұхбатындағы: «Енді 30 жастан асқан ойыншылар істі қолға алуы керек, команданы  көтеруіміз керек», — деуі негізінен жастардан жасақталған «Ақтөбе» командасынан жеңілудің оларға тым ауыр соққанын байқатады.

Өкінішке қарай, Ақтөбе футболының табысқа жетерліктей жолға түсе бастағанын атап өтушілермен қатар жаңарған жас командамыздың жалынды жігері мен жан аямас жас қайратын қайткенде де төмендете көрсетуге тырысып, әр оң қадамды терістеудің түрлі жолдарын іздейтіндер де табылмай қалып жатқан жоқ. Дегенмен футболдың көркі тіпті де даңғаза сөз емес, еңбекті талап ететін мағыналы іс екендігі мәлім.

Ең бастысы, «Ақтөбенің» жанкүйерлері сүйікті командасын қай уақытта да шын жанашырлықпен қолдайтындықтарын, биыл да сол үрдіс үзіліссіз жалғасып келе жатқанын күллі Қазақстан анық көріп отыр.

«Ақтөбе»-«Жетісу» — 3:2

Гол авторлары: Самат Смақов, 15-минут (1:0); Никита Бочаров, 25-минут (2:0); Мартин Кляйн, 52-минут (2:1); Тоқтар Жаңғылышбай, 87-минут (3:1); Душан Савич, 89-минут (3:2).

Ескерту қағазын алғандар: А.Кәкімов, К.Шестаков, М.Петролай, Ж.Жаңғылышбай, К.Куаджа (Ақтөбе») — Б.Демель («Жетісу»).

«Ақтөбе»: Самат Отарбаев, Марат Ситдиков, Егор Сорокин, Куасси Куаджа, Бағдат Қайыров, Михаил Петролай, Самат Смақов (капитан), Абылайхан Тотай (Сандро Цвейба, 75-минут), Ақжол Кәкімов (Кирилл Шестаков, 59-минут), Никита Бочаров, Илья Михалев (Тоқтар Жаңғылышбай, 47-минут).

«Жетісу»: Андрей Пасеченко (капитан), Марко Джалович, Дидие Борис Кадио (Григорий Мойсов, 84-минут), Мартин Кляйн, Серік Сағындыков, Душан Савич, Филипп Рудик (Марко Симоновски, 68-минут), Ильяс Әмірсейітов, Бауыржан Тұрысбек, Илья Калинин (Вадим Боровский, 38-минут), Боти Демель.

9 сәуір. Астана. «Астана-Арена» стадионы. 1000 адам.

Қазақстан чемпионаттарында бұл екі команда осымен 35 рет кездесті. «Ақтөбе» 16 рет  жеңіп, 7 рет «Жетісу» басым түсті, 12 кездесу тең есептермен аяқталды. Доп есебі — 52:26. Талдықорғандықтардың қақпасына «Ақтөбе» сапында ең көп гол соққан Самат Смақов — 4 доп.

*   *   *

 

Басқа кездесулер:

«Ақжайық»-«Оқжетпес» — 0:2

Гол авторлары: Әлібек Бөлешев, 25-минут (0:1); Ристо Ристович, 90+3 минут (0:2).

«Шахтер»-«Ертіс» — 0:2

Гол авторлары: Георгас Фрейдгеймас, 26-минут (0:1); Семир Керла, 58-минут (0:2).

«Атырау»-«Қайрат» — 0:1

Гол авторы: Жерар Гоу, 58-минут (0:1).

«Астана»-«Тараз» — 2:1

Гол авторлары: Таңат Нөсербаев, 21-минут (1:0) ; Игорь Зенькович, 48-минут (1:1); Дмитрий Шомко, 81-минут (2:1).

«Ордабасы»-«Тобыл» — 2:2

Гол авторлары: Мардан Төлебек, 5-минут (1:0); Томаш Шимкович, 22-минут (1:1); Абдулай Диакате, 66-минут (2:1); Нұрбол Жұмасқалиев, 90+3 минут (2:2).

37-минутта екінші рет ескерту қағазын алған Ғафуржан Сүйімбаев («Ордабасы») жасыл алаңнан қуылды.

*   *   *

 

4-турдың нәтижелері:

Бұл турда дәл өткен турдағыдай 17 гол соғылды. Алаң иелері 7 гол соқса, қонақтар 10 доп өткізді.

Үш кездесуде қонақтар, ал екі ойында алаң иелері жеңді, бір кездесу тең есеппен аяқталды.

3:2; 2:2; 0:2 есептері чемпионат басталғалы бірінші рет, ал 2:1 есебі бесінші рет тіркелді.

Кездесулер барысында 20 футболшыға ескерту қағаздары көрсетілді, 1 футболшы жасыл алаңнан қуылды.

Ең шапшаң гол 5-минутта соғылды: Мардан Төлебек («Ордабасы»).

Әзірге ұтылмаған командалар — «Ертіс», «Астана», «Тобыл». Дегенмен «Тобыл» мен «Атыраудың» басқа командалардан бір ойындары кем.

Сонымен төрт турдан соң 12 ұпайдан жинаған «Ертіс» пен «Астана» көш бастап тұр.

3-5 орындардағы «Тобыл», «Оқжетпес» және «Ордабасы» командаларында 7 ұпайдан бар.

6-8 орындарға 4 ұпайдан жинаған «Қайрат», «Ақтөбе», «Тараз» орналасты.

9-орын иесі — «Ақжайық», 3 ұпай.

10-орында 2 ұпайы бар «Жетісу» тұр.

11-12 орындарда тұрған «Шахтер» мен «Атырауда» 1 ұпайдан бар.

Біздің мергендеріміз:

Самат Смақов — 2 гол (біреуі — он бір метрлік айып добы);

Бобир Давлатов — 1;

Никита Бочаров — 1;

Тоқтар Жаңғылышбай — 1.

*   *   *

 

5-турда 13 сәуір күні «Ақтөбе» Қостанайда «Тобылмен» кездеседі.

Басқа ойындар:

13 сәуір, сәрсенбі

«Жетісу» (Талдықорған) — «Астана»» (Астана)

«Ертіс» (Павлодар) — «Ордабасы» (Шымкент)

«Оқжетпес» (Көкшетау) — «Атырау» (Атырау)

«Қайрат» (Алматы) — «Шахтер» (Қарағанды)

«Тараз» (Тараз) — «Ақжайық» (Орал)

 

Рейтинг

 

ОСЫЛАЙ ЖОҒАРЫЛАДЫҚ

 

ФИФА жария еткен жаңа рейтинг бойынша Қазақстан тоғыз саты жоғарылады, яғни 125-орыннан 116-орынға көтерілді.

Әзербайжан құрамасын 1:0 есебімен ұтып, Грузиямен тең (1:1) ойнаған Қазақстанға ФИФА 24 ұпай берді.

Ал рейтингтегі алғашқы ондық былай түзілген: Аргентина, Бельгия, Чили, Колумбия, Германия, Испания, Бразилия, Португалия, Уругвай, Англия.

 Әзірлеген Ертай АШЫҚБАЕВ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button