Спорт

Есеттің жеңісі

Халықаралық турнир

Ресей елінің астанасы Мәскеу қаласында самбо күресінің негізін қалаушылардың бірі Анатолий Харлампиевті еске алуға арналған Әлем кубогы турнирі өтті.

Аталған жарыс —  танымалдылығы және спортшылардың қатысуы жөнінен әлем чемпионатымен тең түсетін халықаралық турнир. Оған әлемнің 30 елінен самбошылар келіп қатысып, бақтарын сынады.

— Біздің елдің самбошылар командасында Ақтөбеден үш палуан болды. Жарыс қызу өтті. Абырой болғанда, қанжығамыз бос қайтқан жоқ. Атап айтсам, 62 келі салмақта белдескен «Өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметі» мемлекеттік мекемесінің маманы Есет Қуанов І орынды жеңіп алып, алтын медаль тақты. 100 келі салмақта күрескен Ақтөбе облысының ішкі істер департаментінің қызметкері Шыңғыс Шоқпытов ІІІ орынды місе тұтты. Өкінішке қарай, 82 келіде бақ сынаған Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің студенті Еламан Қойшыбаевтың жолы болмады, қарсыластары әлдеқайда мықты боп шықты, — дейді палуандардың бапкері, Ақтөбе облысындағы самбодан аға жаттықтырушы Сәтжан Тойлыбаев.

Самбошылар енді мамырда Түркіменстанның Ашхабад қаласында өтетін Азия чемпионатына әзірліктерін бастап кетті. Одан соң палуандар қарашада Болгарияда өтетін Әлем чемпионатына бармақшы.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button