Спорт

Мектептен тыс аула клубы

Тәрбие

 Мұндай клуб Байғанин ауданында бар. Оның аты — «Темірқазық». Ол аудан әкімінің қаулысымен 2012 жылы  ашылған. Клубтың мақсаты 6 жастан жоғары балалардың мектептен тыс уақытын тиімді өткізуді көздейді. Әсіресе аз қамтылған отбасы балаларын, жағдайы жоқ жетім, тәртібі қиын оқушыларды назарда ұстайды. Осындай оқушыларды, өзге де ауыл жастарын әртүрлі үйірмелерге тартып, қызығушылығын оятып, қоғам өміріне араластыру — мектептен тыс аула клубының басты ұстанымы.

Аула клубының директоры Тұраш Дәрібайұлының  айтуынша, жаңа мекемеде қазір 21 штаттық бірлікпен 23 адам жұмыс істейді. Олардың сегізінің жоғары, он бірінің арнаулы орта, үшеуінің орта білімі бар. Осының ішінен 16 ұстаз оқушыларға қосымша білім берумен айналысады. Қалған 12-сі спорт үйірмелерінің, 4-еуі алғашқы техникалық үлгілеу, ағылшын тілі, сурет және бейнелеу, қолданбалы өнер үйірмелерінің жетекшілері.ТОсылардың 13-і жас маман. Бүгінде жалпы ауданда құрылған үйірмелердегі  39 топқа тартылған оқушылардың  саны 731-ге жетті. Үйірмелерге қатысушылардың 33 пайызын қыз балалар құрайды. Бос уақыттарын тиімді пайдалануға ұмтылып, 207 жас «Темірқазықпен» тығыз байланыс орнатып отыр.

Аудан орталығы Қарауылкелдіден бөлек, Миялы, Сартоғай, Жаңажол,  Жарқамыс, Ащы, Көлтабан, Қызылбұлақ ауылдық округтерінде аталған клубтың өкілдіктері жұмыс жасайды.

Біз ауданда іссапарда болған кезде Көлтабан ауылдық округінің орталығындағы ұйымдастырылған үйірмелердің жұмысымен таныстық. Бұрын Жарлы аталған ауыл қазір Көлтабан есімін алыпты. Осындағы өткен жылдары күрделі жөнделген Мәдениет үйінің залына боз кілем жайылып, күрестің бірнеше түрін үйрететін үйірме жұмыс үстінде екен. Спорт жаттықтырушысы Мейірбек Үркімбаевтың есімі ақтөбеліктерге кеңінен таныс болса керек. Ол бірнеше дүркін облыстың түйе палуаны атанды. 2014 жылы самбо шеберлері арасында Грекияда өткен әлем чемпионатына қатысып, әлемнің үздік бестігіне енген палуан. Мұндағы екінші жаттықтырушы  Беркімбай Мәжиев те жақсы спортшы.

— Күрес үйірмесі бойынша екі жаттықтырушы жұмыс істейміз. Қазір 100-дің үстінде бала бар. Еркін күрес, қазақ күресі, дзюдо, самбо бойынша жаттығады. Жұмысымыз нәтижесіз емес. Екі оқушымыз облыс құрамасына енді. Бір оқушымыз биыл күрестің дзюдо түрінен Қазақстанның біріншілігіне қатысты. Былтыр шәкірттеріміз Ерқосай мен Шопыр Ақтөбе қаласында өткен  «Жас барыс» Қазақстан біріншілігіндегі жүлделі орындарды иеленді. Жеңісті жолды Ерқосай Орал қаласында өткен «Жас барыс»  Қазақстан біріншілігінде жалғастырды. Ауыл жастарынан мықты палуан шығарамыз деп тырысып-ақ жатырмыз. Өзім қазақ және самбо күрестерінің спорт шеберімін. Жаттықтырушылық жолда балалармен жұмыс істеп жүргеніме 30 жыл болды, — дейді Мейірбек палуан.

«Темірқазық» мектептен тыс аула клубының  үйірмелері тегін. Әсіресе бұ  әлеуметтік аз қамтылған отбасылары үшін тиімді. Сондықтан да мұнда оқушылар жылдан-жылға көбейіп келеді. Бір сүйсінерлігі, кейбір үйірмелердің оқу үлгерімін нығайтуға да қосатын үлесі мол екен. Мысалы, қазір мектептерде 1 сыныптан бастап ағылшын тілі оқытылады. Оны жақсы меңгеру үшін қосымша сабақ алуға ниет білдіретін оқушылар көп. Осыны ескеріп ағылшын тілін үйрететін 4 топ ұйымдастырылып, жұмыс істеуде. Соның өзінде де тілек білдірушілер азаймай отыр. Заманауи үлгідегі жаңа тігін машиналары бар қолданбалы өнер үйірмелерінің де оқушыларды қызықтыратыны белгілі болды.

Мектептен тыс аула клубы — балаларға жасалған қамқорлық. Оған тартылған шәкірт бос уақытын тиімді пайдаланып, қосымша білім алады, спортпен шұғылданады. Бұл шара бір жағынан қоғамда балаларды қадағалаусыз қалдырмауға жағдай жасайды. Сол арқылы жалпы жастарды түрлі қылымыстық іс-әрекеттерден сақтайды. Осы жаңа мекеме ашылғаннан бергі төрт жылдың ішінде ауданда жасөсіпірімдер арасындағы тәртіптің нығаюы осыны көрсетсе керек.

 

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Байғанин ауданы.

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button