Құқық

Тілсіз жауды техника бұғалықтайды

«Өрт — тілсіз жау» деп жатамыз. Бірақ осы сөзге мән беріп, үңіле қарасақ, тұла бойымыз түршігеді. Алаулап жанған оттың қаншама адамға материалдық шығын келтіріп қана қоймай, кейде адам өміріне қауіп төндіретінін көріп жүрміз. Жаз айларындағы аптап кезінде қаншама халық игілігіндегі алқаптар мен жайылымдар өртеніп жатады. Ауылдық жерлердегі осындай кесапатқа ауылдықтар қарсы тұра ала ма? Аудан орталығынан негізгі күш жеткенше өз беттерінше әрекет ету мүкіндіктері бар ма? Осындай сұрақтардың жауабын Хромтау ауданында өткен дала және орман өрттерін сөндіруге арналған оқу-жаттығу жиынынан алғандай болдық.

Даладағы өрт сөндіруге байланысты оқу-жаттығу жиынына ауылдық округтердің өрт сөндіру техникалары, құтқарушылар жиналды. Жазық даланы қапелімде өрт шалды. Ауылдардан келген ерікті өрт сөндіру жасақтары асып-саспады. Тракторлары мен машиналарын оталдырып, су жағалауына жеткен өрт сөндірушілер шағын цистерналарын суға толтыра бастады. Ал мамандандырылған өрт сөндіру мекемелерінің қызметкерлерінен тұратын байқаушылар әрбір ауылдан келген жасақтардың құрамының дайындығын, суды қанша уақытта толтырып үлгергендігін, өртке қарсы құрал-жабдықтармен жабдықталуын қадағалап тұрды.

Сонымен, өрт сөндіруге алғашқы кезекті алған Дөң ауылдық округінің техникасы суын толтырып алып, өртке қарай беттеді. Тажалға уақытында тежеу салды.

Мұндай шараны өткізуді облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент қолға алғанымен, ұсыныс аудан әкімі Жеткерген Оралмағамбетовтен түсіпті. Оның себебі былай екен.

Жеткерген Оралмағамбетов облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығы болып жүрген жылдары ауылдардағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, «тілсіз жауға» қарсы күресу жұмыстарын ойластырыпты. Неге шағын өрт сөндіру қондырғыларын жасамасқа деген ойын алғаш 2005 жылы Ойыл ауданында жүзеге асырған. Сынақ сәтті өткен. Сонымен бұл не қылған техника? Өте қарапайым. Мөлшері 2-3 текше метрлік сиымдылық және су сорып, айдайтын насос қана. Оны сүйреп жүретін трактор немесе автокөлік керек. Қазіргі кезде осындай өрт сөндіру құралдарымен Хромтау ауданының 14 ауылдық және қалалық округтері қамтамасыз етілген.

Барлық ауылдық округтердің ерікті өрт сөндірушілерінің оқу-жаттығу жиынын өткізудің себебі бар. Мақсат — осы қондырғылардың қалай жұмыс істейтінін, өрт сөндіру жасақтарының техникаларды қалай меңгергендігін, жұмыс істеу шеберліктерін байқау. Даланы, орманды, халық игілігіндегі ғимараттарды, қора-қопсыны, өндірістік нысандарды қалай аман алып қалу керектігін сынау.

Бұл күні алыс елді мекендердегі әкімдер мен ауыл тұрғындары өздерінің күшімен-ақ қатерге қарсы қызмет атқара алатынын көрсетті.

— Бұл қондырғының тиімділігін айтайын, — деді аудан әкімі Жеткерген Оралмағамбетов. — Өрт сөндіруге арналған арнайы машина сатып алуға ауылдықтардың қаражаты жетпейді. Ал мына қондырғының сол машиналардан кем түспейтінін көріп отырмыз. Бір өрт сөндіру машинасын сатып алу үшін кемінде 10 миллион теңге ақша керек. Ал осындай қарапайым 15 техника үшін не бары 600 мың теңге жұмсалды. Осы ойымды бұрын Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің алқа мәжілісінде айтып, ұсынған болатынмын. Халық мүддесін қорғаудағы ойымды іске асырып, нәтижесін көріп отырмыз. Мұның тағы бір пайдаға қажет жақтары бар. Мәселен, бұл қондырғыларды құрылысқа, ауыл көшелеріне көшет отырғызуға, ағаштарды суаруға пайдалануға болады. Ауылдықтар пайдаланып та жүр.

Оқу-жаттығу жиынына 14 ауылдық, 1 қалалық округ, аудандық өрт сөндіру мекемесі және «Таукен» құтқару қызметі — барлығы 17 құрылым қатысты.

Асылбек Айтқожин, Хромтау аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі бөлім бастығы:

— Бұл оқу-жаттығу жиынының мәні зор болды. Жиын барысында ауылдардағы жасақтардың өртке дайындығының деңгейі көрініп тұрды. Жалпы мұндай өртке қарсы күрес қондырғылары жаз айларында сынақтан өтті деуге болады. Мәселен, Бөгетсай ауылдық округінде Талдыбұлақ деген ауыл бар. Сол жерде тамыздың ортасында жеке адамның шөбі өртенді. Сол кезде ауылдық округтегі осы қондырғы өрт сөндіруге қатысты. Жедел қимылдаған жасақ су толы цистернаны шұғыл өрт болып жатқан жерге әкеліп, сөндіру жұмыстарына кірісіп кетті. Өртті сөндіргенін көзімізбен көрдік. Сөйтіп, өрттің беті дер кезінде қайтарылды. Көршілер де зардап шекпеді.

Биыл аудан бойынша өрт жағдайы төмендеді. Оның себебі, төтенше жағдайлардың алдын алғандық қой деп ойлаймын. Мәселен, жазғы шөп шабу, егін орағы секілді науқандық жұмыстар кезінде ауылдардағы техникалардың қауіпсіздігі тексерілді. Алқаптарды трактормен жырту, шабындықтарды өрттен қорғау жұмыстары жүргізілді. Тракторлардың ұшқын шығаратын мұржаларының жарақтылығы, әрбір техникадағы өртке қарсы күрес құралдарының қамтылуы қатаң қадағаланды. Барлық талаптар тексерілгеннен кейін, жарақты деген құжаттар берілді.

Қазіргі кезде өрт сөндіру бөлімінде 23 адам, төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімде 4 адам аудан көлемінде суыт оқиғаларды болдырмау, алдын алу шараларын ұйымдастыруда. Жауынгерлер Ақтөбеде білімдері мен шеберліктерін жетілдіру оқуларына белгіленген кесте бойынша барып тұрады. Ал бүгінгі оқу-жаттығу жиыны пайдалы болды деп айта аламын.

Сағдат Школов, Тасөткел ауылдық округі аппаратының бас маманы:

— Біздің ауыл аудан орталығынан шалғайда орналасқан. 130 шақырым жерден келіп, оқу-жаттығу жиынына қатыстық. Басқа ауылдардағы өрт сөндіру жұмыстарының жағдайын көрдік. Құрамымызда сегіз адам бар. Бір трактор, су соратын насосты дұрыс пайдаланып, өзіміздің дайындығымызды ойдағыдай көрсеттік. Біз өртке қарсы қондырғыны ауылда әлсін-әлсін тексеріп, жұмысқа жарақтылығын анықтап отырамыз. Өйткені қай уақытта да қатерге әзір болуымыз керек.

Дәурен Төртбаев, Дөң ауылдық округінің әкімі:

— 2000 жылдан бері ауылда әкім болып жұмыс істеп жатырмын. Осы жылдар ішінде табиғаттың апатына талай рет қарсы тұруға тура келді. Өрт сөндіру оңай емес, сондықтан оның алдын алған жөн. Ол үшін ауыл тұрғындары арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп тұрады. Кішкентай балалардың сіріңке және басқа тұтанғыш заттарды ұстамауы туралы мектепте, ата-аналар арасында жиі әңгіме қозғалады. Округте екі ауыл бар: Дөң және Оңғар. Екі ауылда да ерікті өрт сөндірушілер жасағы жасақталған. Бүгін, міне, олар өздерінің өртке қарсы қимылдай алатындарын көрсетті. Мәселен, 3 текше метрлік цистерна 3 минут 50 секундта толтырылды. Бұл уақыт жағынан басқалармен салыстырғанда ең үздік көрсеткіш болып шықты. Өрт те тез сөндірілді. Өздеріңіз көргендей, жауынгерлеріміз арнаулы киімдермен қамтылған. Осы жерде Дөң кенішінде еңбек етіп жатқан кәсіпорын — «Восход-Ориел» ЖШС-ның алып бергенін айта кеткім келеді. Сонымен қатар, округтегі шаруа қожалықтары да қажет жағдайда техникамен қамтамасыз етіп, көпшілік істен тыс қалмайды. Биыл Дөң ауылының сыртында, далалықта, өрт болды. Соған жұмыла кірістік. Бүгінгі қондырғының қажет екендігін сол күні сезіндік.

Оқу-жаттығу жиындары аяқталғаннан кейін қорытындысы шығарылды. Облыстық өрт сөндіру және апаттан қорғау жұмыстары басқармасының бөлім бастығы Құспан Хамзин жиындағы жетістіктермен қатар, кемшіліктерге де тоқталды.

Ал аудан әкімі Жеткерген Оралмағамбетов өрт сөндіруге барлық мүмкіндіктердің бар екенін айта келіп, енді тек сол қондырғыларды күтіп ұстаумен бірге, жасақтардың шеберлігін шыңдау қажеттігін баса айтты.

Оқу-жаттығу жиыны қорытындысында Никельтау ауылдық округінің жасағы бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынды Аққұдық, екі үшінші орынды Дөң және Көктөбе ауылдық округтері иеленді.

Өкінішке қарай, сол күні Хромтау қаласында жеке адамның гаражы және телемұнара ауласындағы жылу трассасы өртенді. Осы өрттерді сөндіріп бола бергенде, Дөң ауылынан дала өрті туралы хабар түсті. Жиынға жиналған техникалар осы өрттерді сөндіруге жұмылдырылды.

Бір сөзбен айта келгенде, жаңа өмірге келген өрт сөндіру қондырғысының тиімділігі оқу-жаттығу жиынында дәлелденді. Айта кету керек, өртке қарсы техникамен бүкіл ауылдық округі жабдықталған жалғыз аудан — Хромтау екенін баса айтқан жөн.

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button