Басты жаңалықтар

Айдын Айымбетов Ақтөбеге келді

Сейсенбі күні Ақтөбеге жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасының Халық қаһарманы, ұшқыш-ғарышкер Айдын Айымбетов келді. Құрметті мейманды облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған топ әуежайдан күтіп алды.

Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, қазақтан шыққан үшінші ғарышкерді көруге асық жастардың қарасы қалың болды. Құшақ-құшақ гүл мен мемлекеттің Туын ұстаған қыз-жігіттер жан-жақтан «Қазақстан, алға!» деп ұрандатып, осылайша, жиналғандарды мерекелік көңіл күйге бөледі. Ғарышкер мінген ұшақ жерге қонған соң толассыз жауып тұрған жаңбыр да сап тыйылды. Өңір басшысы мұны жақсылыққа балады:

— Сіз келердің алдында жаңбыр жауып тұр еді. Енді, міне, жауын тоқтап, күн шығып жатыр. Қазақ мұндайда «Нұр жауып тұр», — дейді.

Сіз Қазақстанның атын әлемге шығарған азаматсыз. Бүгінде еліміздің космонавтика саласын дамыту жолында жұмыс істеп жатырсыз. Жұмысыңызға табыс тілейміз! Арнайы уақыт бөліп, біздің өңірге келгеніңіз үшін рақметімізді айтамыз. Біздің елге қош келдіңіз! — деді Бердібек Сапарбаев.

«Қазақстан Ғарыш сапары» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының вице-президенті, авиация полковнигі Айдын Ақанұлы да құрмет-қошемет көрсеткен ақтөбеліктерге алғысын айтып, Виктор Пацаевтың жерлестерімен қауышып отырғанына қуанышты екенін білдірді.

***

Артынша Айдын Айымбетов Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері әскери институтының курсанттарымен кездесті. Шараға облыс әкімінің орынбасары Асқар Шериязданов қатысты.

Басқосуда болашақ ұшқыштар ғарышкерге айтулы сапары, өмірі мен қызмет жолына қатысты түрлі сұрақтар қойып, тұшымды жауаптарын алды. Өз кезегінде Айдын Ақанұлы жастарды талмай еңбек етуге шақырып, қай кезде де төгілген тердің ескерусіз қалмайтынын жеткізді.

Кездесу соңында оқу ордасының басшылығы Айдын Айымбетовке «Әуе қорғаныс күштері әскери институтының құрметті профессоры» атағын айғақтайтын аттестатты салтанатты түрде табыс етті. 

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Ғарышкерді ғылыми жұмыстар қызықтырды

Ақтөбеге жасаған сапары кезінде ғарышкер Айдын Айымбетов Назарбаев зияткерлік мектебінде болып, оқушылармен кездесті. Кездесуге облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты.

Ғарышкер физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің ішін аралап, оқушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарымен танысты. Мектеп директоры Сәуле Өмірбекованың айтуынша, қаладан өскен балалармен салыстырғанда ауыл балаларының арасында дарындылар көп әрі олар еңбекқор болып келеді. «Кішкентайынан еңбекке араласып өскен балалар қиыншылыққа да төзе біледі», — дейді мектеп директоры.

Қазір бұл мектепте білім алып жатқан оқушылардың 120-сы — ауыл балалары. Жас дарын Әли Ақтуриннің ойлап тапқан жоғарғы өткізгіштік элементтер арқылы жел генераторының іске қосылуы, «Ақылды үй» жобасы, сондай-ақ көкөністі өсіру және өсімін молайтудағы вермикулиттің әсері негізінде қияр өсіріп шығарған оқушылардың ғылыми жұмыстарына ғарышкер қызығушылық танытты. Облыс басшысынан бастап көпшілікті қызықтырған тағы бір ғылыми-зерттеу жұмыс — Ақтөбе хром қосындылары зауытының қалдықтары және өзге де химиялық қоспалар негізінде жасалған асфальт жамылғысы. Оқушылар көптеген сынақтар жасағанмен, суға шыдас танытатын асфальт жамылғысының тиімділігін ерекше атады.

— Мені Назарбаев зияткерлік мектебі оқушылары өз білімдерімен таңғалдырды. Олар ғылыми-зерттеу жұмыстарын көрсету арқылы өздерінің білімге құштарлығын байқатты. Мемлекеттің болашағы жастардың қолында. Осындай білімге құштар жастары бар Қазақстанның экономикасы ары қарай дамитын болады, — деді Айдын Айымбетов.

Бұдан кейін ғарышкер мектептің акт залында 300-ге жуық оқушымен кездесті. Олардың қатарында Ақтөбедегі Виктор Пацаев атындағы жас ұшқыштар мектебінің білім алушылары мен сервистік-техникалық колледж оқушылары да болды. Кездесу «Ересектерге 100 сауал» жобасы аясында жүргізілді. Кездесу кезінде Бердібек Машбекұлы бүгінде ел мақтанышына айналған ғарышкердің  осыдан екі жыл бұрын осы мектепте болғанын, Айдын Айымбетовтің космонавтика саласындағы жетістіктері жайында айтып: «Қазір ең бір керек, дамып жатқан саланың бірі — космонавтика. Бүгінде Байқоңырдың арқасында тек Қазақстан мен Ресейдің емес, әлемнің көптеген мемлекеттерінің азаматтары космосқа ұшып, үлкен дәрежеге жетіп жатыр. Бұл — біз үшін үлкен мақтаныш. Біріншіден — ғарышқа Қазақстан жерінен ұшса, екіншіден — солардың арқасында Қазақстанның өз космонавтар отряды пайда болды», — деді.

Кеш қонағы оқушылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Кездесу соңында А.Айымбетов «Ересектерге 100 сауал» жобасы аясында өзіне ұнаған екі сауалды жариялауы тиіс болатын. «Мені сіздердің тараптарыңыздан қойылған барлық сауал қызықтырды. Сіздер тек жеке бастың емес, әлемдік деңгейдегі мәселелерді де көтердіңіздер. Әсіресе, Байқоңыр ғарыш айлағының болашағына қатысты, сондай-ақ философиялық негізде қойылған сауалдарға өз басым шынымен риза болдым», — деді.

Кездесу соңында ғарышкер мектептің естелік кітабына қолтаңбасын қалдырып, үздік сауал иелерімен суретке түсті.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

Алғалықтармен кездесті

 Кеше Айдын Айымбетов Алға ауданына барды.

Ғарышкер мінген көлік әуелі Алға қаласындағы ұшқыш-ғарышкер Виктор Пацаев атындағы №2 орта мектепке табан тіреді. Қабырғаны бойлай сап түзеген мектеп оқушыларының арнайы дәлізі қазақ ғарышкерін ыстық ықыласпен қарсы алды. Аталған мектептің директоры Динара Көбесінова ғарышкерге мектептің музейін таныстырып өтті. Ал 11-сынып оқушыларымен кездесуде Айдын Айымбетов бала кезден Юрий Гагарин секілді ғарышкер болуды армандағанын, соған ұқсауға тырысқанын, сол үшін де жақсы оқып, мектепті алтын медальмен бітіргенін әңгімелеп берді. Сосын оқушылармен бірге естелік суретке түсті.

Одан соң кең көлемдегі кездесу Алға аудандық Мәдениет үйінде жалғасты. Кездесуге облыс әкімінің орынбасары Асқар Шериязданов, облыстық планетарийдің директоры Қорлан Бөлеков және аудандық мекемелердің басшылары, алғалық жастар қатысты.

— Көпшілігіңізді ғарышкерлердің ғарышта не істейтіні қызықтырары анық. Мысалы, еліміздегі жеңіл өнеркәсіптің дамуына тиімді саналатын «Дастарқан 6» сынағы жасалды. Мұнда Қазақ тағамтану академиясының ұзақ жылғы зерттеулерінің нәтижесінде дайындалған жоғары технологиялық өнімдерін өзімізбен алып кеттік. Су қосылмаған құрғақ тағамдардың дені қазақтың ұлттық тағамдарынан тұрды. Атап айтсам, біз ішкен харчо сорпасында ұсақталған кептірілген, яғни сүрленген жылқы еті бар. Алғашында еуропалықтар голландиялық, швейцариялық ірімшіктерді мақтап жатты, содан тіл үйірер, дәмі ерекше қазақ ірімшігінің дәмін көрген соң, тамсанып жеді. Сондай-ақ, құрғақ қымыз. Қымыздың емдік қасиеті туралы қазір шетелдіктер де жақсы біледі. Ал қазақтың құты болған — құрттың көнермейтінін ата-бабаларымыз жақсы білген. Оны шөлдегенде де, қарын ашқанда да қолданамыз. Қазіргі заманғы құрт дәрумендер қосылып жасалған. Шетелдік бір әріптесім құртқа ерекше тәбеті тартып, менен қайта-қайта сұрады. Менде бітіп қалды десем, әдейі бермегендей болады екенсің. Содан ол әлдекімдер арқылы қазақша құрт сұрауды біліп алып, маған жақындап: «Құрт бар ма?» деп сұрады, — дейді Айдын Айымбетов.

Ғарышкермен кездескен тарихи сәтте кешке қатысушылар көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауап алды. Жастар қолтаңба алып, суретке түсті.

Кездесу соңында Алға ауданының әкімі Мавр Абдуллин  ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына  және Ғарышкерлер күніне орай болып жатқан тарихи кездесу сәті алғалықтардың есінде қалатынын айтып, қазақ ғарышкері Айдын Айымбетовтің иығына шапан жауып, Есет батыр бейнеленген картинаны сыйлады.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ. 

Жас талаптармен жүздесті

 Облыс әкімінің орынбасары Асқар Шериязданов пен Айдын Айымбетов «Балалар — ғарышқа» шығармашылық ашық байқауының марапаттау кешіне қатысып, сондай-ақ, студенттер мен оқушылармен сұхбаттасты. 

Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры ғимаратында өткізілген шара барысында ғарышкер алдымен жастардың сайысқа ұсынған жұмыстарымен танысты. Аталмыш байқаудың өтуіне мұрындық болған облыстық планетарий директоры Қорлан Бөлеков үздік жұмыстарды қадірлі мейманға жеке-жеке көрсетіп, ғарыш әлеміне қызығатын кішкентай ақтөбеліктердің көптігін айтты. Оңтайлы сәтті пайдаланып, аты аңызға айналған адаммен суретке түсіп, қолтаңба алушылар да көп болды.

Шараның екінші бөлімінде алғаш боп сөз алған облыс әкімінің орынбасары Асқар Шериязданов:

— Бүгін — Ақтөбе облысының тарихында ерекше оқиға. Біздің өңірге еліміздің мақтанышы, Тәуелсіз Қазақстанның ғарышкері Айдын Айымбетов келіп отыр. Екі күндік жұмыс сапары кезінде Айдын Ақанұлы бірқатар кездесулерге қатысып, талапты жастармен сөйлесті.

Осы шара арқылы біздің балалардың осал емес екенін анық аңғаруға болады. Айдын ағасының жолын жалғастырар жастар өздерінің жұмыстарын көрсетіп, қаншалықты алғыр екенін байқатып жатыр, — деді.

Бес аталым бойынша өткен облыстық байқауға ұзын саны 65 мектептен 800 оқушы қатысқан. Солардың арасынан ең үздік шыққандарды Айдын Айымбетов I, II, III дәрежелі дипломдар мен бағалы сыйлықтармен марапаттап, олармен естелік суретке түсті.

Сонымен бірге, кеш барысында бас кейіпкердің ғарыштық сапары жайлы арнайы дайындалған фильм көрсетіліп, жиналғандарды толғандырған сұрақтарға жауап берілді.

****

Айдын Айымбетов жұмыс сапары барысында Ақтөбе қаласындағы Кеңес Одағының Батыры, ұшқыш-ғарышкер Виктор Пацаевтың ескерткішіне арнайы барып, гүл шоқтарын қойды. 2015 жылы жұлдызды әлемді бағындырған ол: «Ақтөбеге келген сайын Пацаевтың рухына осылай тәу етемін. Құрмет-қошемет көрсеткен баршаларыңызға үлкен рақмет!» — деп жүрекжарды лебізін білдірді.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button